• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2011

Тауым мен даламды бірдей сүйемін

374 рет
көрсетілді

Желтоқсанда елімізге Алладан нұр тө­гіліп, Тәуелсіздік алдық. Сан ғасырлар бой­ғы армандаған бабалар арманын баянды ету жолында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастап, елі қош­тап, шека­ра­мызды ше­­ген­деп, әле­уеті­міз­­­ді ар­т­ты­рып, мә­де­ние­ті­міз­ді жетілдіріп, әлем­дегі өрке­ниетке ұм­тыл­ған ел­дердің кө­ші­нен қал­мауға кірістік. Тәуелсіздіктің әр жылы – бұл жаңа Қазақстан тарихын­дағы тұтас дәуір. Та­рихқа шегініс жаса­сақ, Қазақстан үшін өз тәуелсіздігін алар тұстағы халықаралық аренадағы алғашқы елеулі оқиға Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қару-жарақтан бас тарту болды. Бұл жаппай қарулануға жанталасып жат­қан заманда ешбір мемлекет басшысының ойына келмеген теңдесі жоқ айрықша шешім еді. Мұндай нар­тәуекелге бір басы­ның бақытын елінің бақытымен байла­ныстырған кемеңгер тұлға ғана бара алатыны сөзсіз еді. Жас тәуелсіз мемлекеттің басшысы осылайша әлемге адамзаттың жаңа ұр­пағы, мүлдем жаңаша ойлау жүйесі келгенін паш етті. Сөйтіп, Н.Назарбаев дау-жанжалсыз әлем құру, Батыс пен Шығыс арасында жылы қарым-қатынас орнату, келісімге шақыру идеясын ұсынды. Мұн­дай құнды идеяның әлемдік қоғамдас­тықтан қолдау табуы заңды еді. Содан бері бүгінгі күнге дейін Қазақ­стан адамзат тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш әрі жалғыз ел болып келеді. Мұны халқының бола­шағы үшін қандай да тәуекелге барып, алтын басын бәйгеге тігіп жүрген Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайта­ланбас ерлігі десе болады. Жер бетіндегі Біріккен Ұлттар Ұйы­мынан кейінгі үлкен құрылым – 56 елдің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының үшінші мыңжылдықтағы, ХХІ ғасырдағы Саммиті Қазақстанның төрағалығымен Астанада өтті. Қазақстан әрі төраға, әрі саммит шақырушы ел мәртебесіне ЕҚЫҰ тари­хында тұңғыш рет қатар қол жеткізген мемлекет болды. Осындай елде өмір сүргенімізге шү­кір­шілік етейік. Демократия деген мынау деп, билікке қарсы шығып тұру керек екен деп, ауызға келгенді сөйлей берген дұрыс емес. “Көрмес түйені де көрмес” дегендей, кейбіреулер Қазақстанда болып жатқан жақсы жағдайларды көрсе де көрмегендей, естісе де естімегендей бо­лады. Ондайлардың қолынан келетіні – елді шатастыру, шындықтан адастыру. Елдің жақсылығына қуана алмайтын жандардың да арамызда бар екеніне қайран қаласың. “Бар деген оңалады, жоқ деген жоғалады” деген бабалар сөзін де естен шығармаған жөн. Бір күн аш, бір күн тоқ болсаң да, туған жеріңде кеудеңді кере дем алып жүргенге ештеңе жетпейді. Төрткүл дүниеде бір ұлттан тұратын мемлекетті табу мүмкін емес. Әлемде барлық мемлекет көпқұрамды. Бүгінде Қазақстанда қанша этнос болса, соның бәріне өз орталықтарын ашып беріп, тілін, дінін сақтап, дамытуға толық мүм­кіндік жасалған. Бұл жетістікке қазақтың пейілінің кеңдігі мен даналығының арқа­сында қол жеткізіп отырмыз. Мәселен, Еуропадағы ең демократиялық мемлекет саналатын Францияда ол елге басқа бір ұлттың азаматы көшіп барып, сол елдің азаматтығын алса, сол күні француз болып шыға келеді. Төлқұжатыңда солай жазылады. Яғни, сенің ұлтыңа, дініңе, тіліңе мән беріп жатпайды. Ал бізде ше? Елбасының салиқалы саясатының арқа­сында Қазақстан халқының татулығымен әлемге үлгі көрсетіп отыр. Сабырға са­лып, Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкі­лінің жағдайымен, салт-дәстүрімен сана­сып, сыйластықта ғұмыр кешіп келеміз. Қазақстанның басты құндылығы осында деп ойлаймын. Алтынды қолда тұрғанда барымыз бен бағымызды бағалай білгеніміз, жақсы менен жаманды саралай білгеніміз жөн. Этностық әртүрлілік қай ел үшін болса да оңай емес. Бірақ елді біріктіріп, «ырыс алды – ынтымақ» екенін ойлаған ел бас­шылығы 1992 жылы өткен Қазақ­стан халқының І форумында үлкен ұйым құру­ды ұсынған еді. 1995 жылғы 1 нау­рызда Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассам­блеясын құру туралы Жар­лыққа қол қойды. Жарлыққа қол қойылған сәттен бастап, оған елдегі түрлі ұлыс өкілдерінен мүшелікке алынып, ірі саяси әрі мәдени ошаққа айналды. Содан бері еліміздегі маңызды саяси мәселелерге бел­сене ара­ласып келеді. Бұл ұйымның ауқымы өте үлкен. Әр өңірден ұлттық мәдени орта­лықтар, салт-дәстүрін, тілін, өзіндік дүние­танымын жетілдіретін бірлестіктер ашы­лып, Қазақстанды Отаным деп танитын және сол үшін қызмет ететін жастар тәрбиелеуге атсалысуда. Бұл бірлестіктер өз тілдерін, салт-дәстүрін, мәде­ниетін нығайтумен бірге, қазақ тілін, оның та­рихын, салт-дәстүрін білуге һәм сый­лауға міндетті. Сол бағытта біраз жұмыс­тар атқарылып та жатыр. Әлемдік деңгейдегі саясаткерлер Біріккен Ұлттар Ұйымының қазақстандық үлгісі деп атап жүрген сол Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл өткен сайын өз жемісін беріп келеді. Әлемде баламасы жоқ бұл тәжірибені дүние жүзінің барлық мемлекеттері пайдалану керек деген тұ­жы­рымды Батыс пен Шығыстың көптеген саясаткерлері жарыса айтуда. Бүгінгідей ақпараттар тасқыны заманында бір мем­лекеттің халқы түгілі, бір әулетті ынты­мақта ұстап отыру оңай емес. Тілі басқа болғанмен тілегі бір, діні басқа болғанмен ниеті бір сан халықтың өкілдерін негізгі мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңа­й­ына топтастырып, ұйыған сүттей ынты­мақта ұстап отырғанын Елбасы Н.Назар­баевтың шын мәніндегі кең жүректі кемеңгерлігі деп әлем мойындап отыр. “Ауызбіршілік жоқ жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес, жау­лықтың ең үлкені, ең қиыны – ынтымақ үшін ымыраға бара алмау” деген сөзді Елбасы ата-бабалардың өсиетіне балап айтқанына ең қиын кезеңдерді еңсеріскен ел сенеді. Әу бастан-ақ, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: “Ұлт мәселелерін шешудің әмбебап әдістері болмайды”, деп кесіп айтқан бола­тын. Ұлттық мәселелерді ұлттарды сый­лау, құрметтеу, дәстүрі мен тарихын, тілі мен ділін қастерлеу арқылы ғана, адамгершілік жолымен шешуге бола­тынын көшбас­шысымен қосыла ұққан қазақтың, Қазақ­стан халқының көрер қы­зығы мұнан да кемел. «Әрбір адам бала кезінен Қазақ­стан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын» деген қара­пайым ой­ды бойына сіңіріп өсетіндей болғаны жөн», – деді бізге Қазақстан басшысы. Бір қарағанда, қоғамдық институт сияқты ғана көрінетін Ассамблеяның қыз­метінде сан мыңдаған адамның тағдыры, тілегі жатыр. Оған егемендіктің өне бо­йындағы келелі істер куә. Қазір Қа­зақстан халқы Ассамблеясына айналған іргелі ұйым отандастарымыздың үлкен мінбері болды. Ассамблеяның алқалы жиында­рында әрбір халықтың өз бола­шағын өзі таңдауға құқы барлығы, алайда, оны жүзеге асыруда басқа этностардың құқық­тары мен мүдделеріне нұқсан келтірілмеуі керектігі айқын көрініс тауып келеді. 1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясы шақырылды. Сессия жұмысына мемлекеттік құрылымдардың басшыларынан бөлек шығармашылық интеллигенция, қоғам мен мемлекет қайраткерлері және еліміздегі сан алуан ұлыс өкілдері қатысты. Аталған сессияда Ассамблея мүшелері Мемлекет басшысының өкі­лет­тілігін кеңейту туралы ұсыныс жа­сады. Сессияда баяндама жасаған Президент Н.Ә.Назарбаев: “Мен, еліміздің Президенті ретінде қоғамдық тұрақты­лықты және ұлтаралық келісімді қамта­масыз етуді өзімнің басты міндетім деп са­наймын”, – деп нақты атады. Осы жиын­да Елбасы ұлттық саясат мәсе­лелерін қорытындылай отырып, оның алдағы уақытта да айқын және әділетті принциптер негізінде жұмыс істейтінін айт­ты. Аталған принциптерді берік ұста­нудың арқасында Қазақстан тек этнос­тық, діни негіздегі қақтығыстардың ал­дын алып қана қоймай, мемлекеттік ұлттық саясат саласындағы реформа­ларды жүзеге асыра отырып, қарқынды даму жолына түсті. 2002 жылы оның тоғызыншы сессия­сында жаңа даму стратегиясы қабыл­данды. Ол негізінен үш мақсатқа ар­налды: ұлттық келісімнің негізі ретінде конфессиялық үн қатысу; елдің қауіп­сіздігін азаматтардың қауіпсіздігімен ай­қындау; ұлтаралық қатынастарды Қазақ­станның ерекшелігін ескере отырып құру. Ассамблея делегаттары осымен бірге ұлттық саясатта Қазақстанның өз мүд­десі бола алатынын мәлімдеді. Ұлт­аралық қа­тынастарды айқындаудың мүл­дем даусыз, барлық елдер үшін бірдей қолайлы үлгісі де, тәжірибесі де жоқ. Сондықтан бүгінде ешкім де басқа елдерге ұлттық саясаттың өзі таңдаған мүддесін ұсына алмайды. Әр мемлекет­тің тарихи-мәдени қалыптасу жолына үйлесімді ұлтаралық дара көз­қарасы болуға тиіс деп шешті. Алқалы жиында Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұл­тан Назарбаев сөз сөйлеп, көпұлтты қазақ мемлекетінің ұлтаралық татулық пен тыныштықты, діндер мен ділдер арасын­дағы түсіністікті нығайту бағытында ал­дағы атқарылар шараларды тағы бір мәрте нақтылап атап өтті. Ассамблеяның ХІІІ сессиясында: “Біз қоғамды басты ұлттық басымдықтар төңірегінде топтастыруға тиіспіз: олар – тыныштық, тұрақтылық және келісім” тақырыбы күн тәртібіне көтерілді. Сессия барысында Парламент Мәжілісіне Ассамблея атынан 9 депутат сайлау туралы шешім қабылданды. Ассамблея консультативті-кеңесші орган деңгейінен конституциялық орган мәртебесіне ие болды. Демократиялық үрдістерді одан әрі ырықтандыруға бағытталған конс­титуциялық реформалар нәтижесінде Ас­самблеяның саяси мәртебесі жаңа деңгейге көтерілді. Алдымен Ассамблея атауындағы бұрынғы “халықтары” сөзі “халқы” сөзімен алмастырылды. Бұл өзге­ріс елдегі ұлттық бірлік сипатын конституциялық деңгейде сәйкестендіру бағытындағы бетбұрысты кезең еді. «Барлық 140 этностың және 46 конфессияның төзімділігі, татулығы мен келісімі Қазақстан қоғамының берік іргетасы болды. Біз бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құр­дық», – деді Н.Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне қатысушылар алдында сөй­леген сөзінде. Тәуелсіз елдің жүріп өткен жолын көз алдыңнан өткізсең, уақыт жағынан алғанда соншалықты қыс­қа, ат­қарылған істер тұрғысынан қарағанда соншалықты ұзақ екенін аңғарасың. Биылғы 1 мамыр – Қазақстан хал­қының бірлігі күні қарсаңында Ассам­блеяның алқалы жиыны өтті. Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтерде болған бұл құрылтайдың өз ерекшелігі бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі бастамашы болып құрған, теңдессіз қоғам­дық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының қосқан үлесі айтылды. Ең бастысы, ол ел ішінде татулық пен түсіністік орнауына, барша халқымыз­дың ұлтаралық, дінаралық қайшылыққа бас қатырмай, ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында алаңсыз еңбек сіңіруіне негіз болғаны атап өтілді. Ассамблея мүшесі ретінде менің бү­гін­гі айтарым, мен қазақша таза сөй­леймін. Мемлекетімнің патриоты ретінде оның тілін құрметтеймін. Өйткені, бұл мемлекет – менің Отаным. Оның әрбір адамы, әрбір тасы қымбат. Тауым мен да­ламды бірдей сүйемін! Қазақтың «Ырыс түбі – ынтымақ» деген аталы сөзін әрбір ісімде басшылыққа алып отырамын. Людмила ХОЧИЕВА, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Астана.