Уақыт зымырап, ата-анамның бақилық өмірге аттанғандарына да ширек ғасыр болыпты. Бүгіндері өздері жанымда болмаса да, мейірімді жүздері көз алдыма сағым болып оралып, еркелеткен жылы сөздері кұлағымнан кетпей, жадымда сақталып қалды. Шіркін, қыстың қысқа күніндей жалған дүние-ай!..
Иә, ата-ана деген өмір сахнасындағы ешқандай қосалқы актерлермен алмастырылмайтын басты кейіпкерлер ғой! Әлі есімде, институттың соңғы курсында дипломдық жұмыс жазып жүрген кезім. Сонда маған қажетті бар әдебиетті марқұм Рза анам Республикалық техникалық кітапханадан тауып, үйіме әкеліп беруші еді. Бұл орайда басқа шаңыраққа келін болып түскен менің қамым, «кітапханаға барып, сарылып отырмай, өзінің ошағының басында, үйінде дайындалсын» деген ойы. Ал дайын болған дипломдық қолжазбамды әкем Жақан машинкаға басып берген (ол кезде компьютер болмаған). Осылай Құдай оңдап, ата-анамның қамқорлығының арқасында жоғары оқу орнын бітіріп шықтым. Бүгінде жеткен жетістіктерім мен табыстарым біріншіден, Алланың нығметі болса, содан кейін – ата-анамның қолдауы.
Арада талай жыл өтсе де, ата-ананың орны ешқашан толмайтынын біле тұрып, «келіп қалар» дегендей, қалың қауым арасынан оларды іздеймін. Әкем мен анам барда өмірдің ешбір қиындығын сезінбей, еркелеп жүре беруші едім...
Анам біздің майда тірліктерімізге дейін, тіпті аяқ киім жөндету, киім тазалату сияқты шаруаларымыздың бәріне жүгіруші еді. Анама қалжыңдап «ақын Рза Қунақова әлі күнге дейін балалы-шағалы балаларының айтқандарын жасап, солардың шаруасымен шапқылап жүр десе, ұят емес пе?» дейтінмін. Сонда анам «маған елдің сөзінің керегі жоқ, маған ең алдымен, балаларымның қиналмағаны, жағдайларының дұрыс болғаны керек», деуші еді. Қайран, анашым-ай!
Күнделікті жұмысқа барғанымда таңертеңгі сағат 9 бен 10-ның арасында телефонмен хабарласып, хал-жағдай мен амандығымды сұрап, дегбір таппайтын. «Мама, неге осыншама уайымдайсың, аман-есенбіз. Маған бірдеңе болса, бірінші саған хабар береді ғой» десем, «мен саған қанатыммен су сеуіп, үлгеруім керек» дейтін.
Түскі асқа мені жолдан көлігімен ала кетіп, әкем екеуі екі жағымнан айналып-толғанып, орталарына алып, жас балаша еркелетіп, бар «жылы-жұмсақтарын» алдыма тосатын еді.
Бұл орайда әкем Жақан туралы айта кеткенім орынды болар. Негізі мен әкемнің «жекеменшік» баласымын да, ағам Нұрлан – анамның сүйікті баласы болатын. Бала күнімнен әкеме ерекше жақын болдым, ол кісі барда анамды іздемейтінмін де.
Анамның қоғамдық жұмысқа белсене араласып, кәсіби журналист, танымал ақын болып қалыптасуына әкемнің қолдауы мен ықпалы зор еді. Әкем анамның бойына Алла берген ақындық қасиетінің дамуына, шығармашылығының жетілуіне жағдай жасап, түсіністікпен қарап, алақанына салып, аялай білді. Сонымен қатар анам жазған өлеңдердің де алғашқы оқырманы әкем болатын. Олай дейтінім, әкем анамның қолжазбаларын машинкамен басып шығарып, баспаға дайындауына атсалысатын. Ал анам іссапарларға кеткен кездері әкем бізбен қалып, мемлекеттік қызметпен қатар тұрмыстағы шаруаларды да атқарып жүрді. Әкем анамның бағын жандырып, шығармашылығына дем беріп, оны бағалай білген асыл жан болды. Асылында, әйел бақыты деген осы болса керек!
Әкемнің анам үшін қаншалықты қымбат екенін әкем өмірден өткенде айрықша сезілді. Анамның «мықты» болып, ештеңеге мойымай, емін-еркін, еркелеп жүруі әкемнің арқасы екен. Әкем қайтыс болғаннан кейін қуанғанда күлімдейтін, ашуланғанда от шашатын жанары мұңға толды. Бұрын түскі ас үстінде де бәрімен шүйіркелесіп отыратын анам, әкемнен айырылғаннан кейін тамағын тез арада ішкен болып, қонақ бөлмедегі диванға жатып, бір нүктеге қадалған бойы терең ойға батып, үнсіз қалатын... Анамның мұндай күйін мен ешқашан көрмеген едім. Кәкімбек ағамыздың өлеңіндегідей, «сыңарынан айырылып қалған күні, бұл өмірдің қызығы жартылайды», деген сол екен...
Отыз үш жылдан аса тынбай, үздіксіз қызмет етіп, еңбектерінің жемісін жейтін, бала-шаға мен немерелерінің қызығын көрер шақта сұм ажалдың торына шырмалып, жарық дүниемен қоштасып, әкем екеуі қайтпас сапарға аттанып кетті. Бір күн болса да құрметті демалысқа шығып, соның рахатын және ұрпақтарының қуаныштарын көруге Алла жазбаған екен...
Туған күндері де қатар болып, бір жылдың бір күнінде екеуі бірге зейнеткерлікке шығулары керек еді. Алайда Алладан бұйрық жетіп, киелі аққу құстарға ғана тән сезіммен небәрі он айдың ішінде бірінен соң бірі мәңгілік мекендеріне барып жайғасты. Анам әкемнің қайтқанына бір жыл болуына арнап ас беру белгілеген күнге өзінің қайтқанына қырық күн толды. Өмірге келулері де, бұл жалғаннан кетулері де қатар болды. Алла тағаланың құдіретінде шек жоқ қой!..
Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр кешсе де, анамның артында өлең-жырлары, оқырманы қалды. Өмір өзінің ұзақтығымен емес, мән-мағынасымен өлшенбей ме?! Бүгінде ата-анам жайлы айтылған жақсы пікір мен жылы лебіздер – олардың осы өмірде қалдырған өшпес іздері емес пе?!
Бәлкім анам шығармашылық өмірде талай биік шыңдарды бағындырар ма еді, алайда ол кісі үшін отбасы мен бала-шағасының мүддесі бәрінен артық болды. Ешқашан атақ қуып, марапат іздеп, қызғаныш пен күндестік танытқан емес. Ең алдымен, анам «аяулы жар», «ардақты ана» деген үлкен «мәртебелі» лауазым иесі бола білді. Сондай-ақ анам отбасының берекесі мен ұйытқысы, ағайын-туғанына, аға-апаларына мейірімді бауыр, жанашыр қарындас, қайын жұртына ізетті де инабатты келін, құрбы-құрдастарына адал дос еді.
Саналы ғұмырында анам марқұм талай адамға қолынан келген жақсылығын жасап жүретін. Әсіресе ағайындарының оқуға түсуге келетін балаларын, жиен-сіңлілерін емтиханға дайындауда жанын салатын. Үй-ішінің тірлігі, қызмет бабы, өзінің жеке шығармашылығы – осының бәріне уақыт тауып, бір мезгіл талапкерлерге диктант, шығарма мен мазмұндама жаздыратын. Сондай-ақ ауызша пәндерге көңіл бөліп, сұрақ қойып, жауаптарын тыңдайтын. Бұл орайда білімнің адам өміріндегі маңыздылығын, оқуға түсудің қаншалықты жауапты да қиын екенін білдіртетін. Дайындық барысында талапкерлерге қатаң талап қоя отырып, жалқаулығы мен білімсіздігі үшін туыстарының талай баласын жылататын да. Сол тәрбиелеген жігіттер мен қыздар бүгінде балалы-шағалы болып, өмірден өз орындарын тауып, түрлі салаларда қызмет атқарып жүр. Барлығы да ерекше сезіммен, ыстық ықыласпен анам марқұмның өздеріне жасаған қамқорлығын еске алып, ризашылықтарын білдіруде.
Енді міне, «осының бәрін айта жүрсін» дегендей, қазір тек еске түсіп, кеудеме өксік толтырып отырған жоқ па?! Кім ойлаған, іле-шала, қас пен көздің арасында ата-анамның екеуінен қатар айырылып, орындарының ойсырап қалатынын? Бар ағайын-туысқа жанашыр қамқор болған ата-анам енді арамызда жоқ... Ата-анамның қазасында «Жапырағы жайқалған Орман болсын ұрпағың. Өміріңнің жалғасы Аман болсын Нұрланың!» деп жоқтау айтқан едім...
Өкінішке қарай, әкем мен анамның қысқа ғұмырларын ұзартар деген жалғыз ағам Нұрлан 2015 жылдың 11 тамызында 54 жасында ауыр науқастан бақилық болды...
Бүгінде ата-анамның тіршіліктерінде жасаған игілікті де сауапты істерін өзіме үлгі тұтып, үміттерін ақтауға тырысып, өмір соқпағымен жүріп келе жатқан жайым бар. Олар менің жанымда болмаса да, әрдайым жадымда...
Ғалия ҚҰСАЙЫНОВА
АСТАНА