• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Ақпан, 2018

«Ақбақай» қалай ашылды?

2189 рет
көрсетілді

«Ақбақайдың» алтыны мен оны ашқан адам туралы жазатын болған соң алды­мен википедияны ақтарып көрдік. 

Ақ­парат­тың ең алғашқы сөйлемі былай бас­талады: «Ақбақай – Жамбыл облысы Мойын­құм ауданы Мойынқұм ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 60 км жерде орналасқан. 1968 жылы геолог Дубек Дүйсенбеков ашқан». Кеңес Одағы заманынан бері алтын өндіру бойынша алдыңғы қатарда болған, алтынның төрт бірдей түрі өндірілетін, жыл сайын 1 тоннаға жуық таза алтын беретін әйгілі «Ақбақай» кенішінің авторы, гео­лог-қазақ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дубек Дүйсенбеков туралы сөз қозғамас бұрын, осы мәліметті көлденең тартсақ, даңқ иесінің ұлтының алдындағы еңбегі мен дара болмысы ашыла түсер дедік.

«Ақбақайдың» ашылғанына, биыл елу жыл толады. Елу жылдан бері елдің ең ірі алтын кенішіндегі металдың мөл­шері бір мысқал кеміместен, мемлекеттің басты байлығын өндірумен айналысып ке­леді. Көзі тірісінде Дубек ағамыз «Ақ­бақайдың» астында кемі бес ғасырға жете­тін алтын бар» деген екен. «Алтын-алмас» АҚ-тың құрамындағы атағы алысқа кеткен Ақбақай бөлімшесі жыл сайын 1 млн-нан артық құрамында алтыны бар кен өндіріп, бюджетке 1 млрд теңгеден артық салық құяды. Жер­дің бетінде жатқан, оңай жолмен алынатын алтынның бәрі ертең түге­сіледі, ал мамандардың айтуынша, Ақ­бақайдың бауырына басқан алтыны алтын өндіру жағынан әлемде алдыңғы орын алатын ең ірі Оңтүстік Африканың Вит­ватерсрандынан артық болмаса, кем емес. Африкалық кеншілер екі ғасырдан бері жерді үңгіп келеді, қазір 5 шақырым тереңдіктен алтын алып жатыр.  Ал «Ақбақай» елу жылды енді ғана еңсеріп, бес жүз метр тереңдікке енді ғана бойлап келеді. Дүйсенбековтердің алтыны тауып ала қоятындай баяғының бай­ларының қашып бара жатып, тау-тастың жықпылына тығып кеткен ал­тыны емес. Ол тонналаған құмның іші­нен граммен ғана табылатын кен. Оң­түстік Қазақстан экспедициясының бас геологы осы байлыққа ашқұрсақ күй­де, қойнындағы тас боп қатқан нанын қара суға жібітіп жеп, қарғаның миы қайнайтын аптап ыстық, аңқаны кептірген аңызақ желдің өтінде, жауын-шашын, боранды күндерде ұшы-қиыры жоқ Бетпақдаланы жаяулап-жалпылап ке­зіп жүріп кездескен еді. Алғашқы алтын­ды алып,  сынамасын зертханаға жі­бергенде күтпеген нәтиже берді – бір­ден 120 грамм таза алтын алақанда жар­қырап тұрды. 

Жарық дүниеге перзент сыйлаған жұ­мыр басты әрбір ата-ана сияқты, геология ғылымының заңы бойынша әр маман өзі ашқан кен орнына өзі ат қоюға құқылы. Аспандатып, асқақтатып салатын халық әндерін жақсы көретін Дубек өзі ашқан кен орындарының бәріне ән атауын бер­ді. «Ақбақай», «Бурылтай», «Япур-ай», «Ләйлім», «Мақпал», «Қаракесек», «Қа­ра­торғайым», «Ақмаңдайлым», «Ақтамақ» – Д.Дүйсенбеков өзі аш­қан­ алпысқа жуық алтын кенішін ха­лық әндерінің атымен атады. Өзі де өнер­ден қара жаяу емес еді, бір ән­ші­дей-ақ шырқайтын бас дауысы тың­даушысының басын шайқатып, әудем жерге дейін қалықтайтын кең диапазоны таңырқатып-ақ тастайтын. Алғаш 3-курста оқып жүргенінде Ақшатауға жас геолог болып тәжірибеден өтуге бар­ғанда, ойламаған жерден бейтаныс біреудің тойына қонақ болып қа­тысудың реті келіп, қонақкәде сұрап кеу-кеулегендердің алдында тамағын бір ке­неп алып «Қаракесекті» шырқайды. Ду­бектің көмейінен күркірей шығатын қою-қоңыр барқыт дауысы үлкен-кішіні түгел естен тандырып, «Қаракесектің» құді­ретімен Ақшатаудан аттанғанша сол жердегі тұрғындардың үйіне кезек-кезек қонақ болу құрметі бұйырады.  

Ашқан кеніштерінің бәріне оңды-солды әннің атын үлестіретіндей, то­пы­рақ­ты белден қазып алтын-күміс із­деген Дубек Дүйсенбековтің  өмірлік мұ­раты мен ән өнерінің арасында қан­дай байланыс болуы мүмкін? Бақсақ, Ду­бек ағамыз жасынан жетім қалып, Тал­ды­қорған қаласының түбіндегі Шұбар ауылындағы интернатта тәрбиеленіпті. Сол уақыттың тәртібіне сәйкес, барлық интернаттағыдай бұл жердің директоры да балаларға темекі түстес сарғыш ма­тадан  бірдей етіп киім тіккізеді. Бірақ сапасыз арзан матадан тігілген киім­нің бір жуғанда-ақ балақ-жеңі бір қарысқа  қысқарып, отырып қалады. Бір­де онсыз да жүдеу жүзді балалар си­рақтары серейіп шолтиған шалбарды киіп жүргенде, интернат директоры ине-жіптен жаңа шыққан су жаңа кос­тюм-шалбар киіп, шырттай болып жұ­мысқа келеді. Жетім болса да, бойын­да жасықтығы жоқ Дубек мынандай жо­сық­сыз іске жаны күйіп кетіп, ашуы ал­қымына тығылып, директордың ке­ңір­дегінен ала түседі. Бала болса да, дирек­тордың ісінің дұрыс емес еке­нін өзінше дәлелдеп, көгенкөздердің несі­бесін жырып жегенін бетіне басады. Ал­пыс екі тамырындағы қаны басына аттан­дай шауып, ашудан дірілдеп кеткен ди­ректор Дубектің бетінен шапалақпен салып қалады, Дубек те қарап қалмай ин­тернаттың қожасын кеудесінен ите­ріп жібереді. Іс насырға шауып, Ду­бек мектептен де, интернаттан да қуылады. Облыстық білім басқармасы бұл оқиғадан құлағдар болып, тексере кел­генде, директордың бірталай былығы ашы­лып, жұмысынан босатылады да, орнына Сейілбек Нұрпейісов директор болып келеді. Ол кісі Дубекті мектеп­ке ­қайтадан алып, оқу комитетінің же­тек­шісі, мектеп старостасы етеді. Ду­бек интернатқа келісімен асханада, оқу бөлмесінде тәртіп орнатады. Бала­лардың өлшеулі тамағын ұрлайтын ас­паз­дар Дубекті көрсе, тайсақтап, жаман әдетін жасаудан жасқанып тұрады екен. Тамағы түгелденген балалардың ара­сындағы бұзықтық та біртіндеп тыйыла бастайды.

Осының бәрін байқап жүрген жаңа директор Дубекті жаз болса арбакеш етіп, қыс болса шана айдатып, жанынан тастамай алып жүреді. Өз заманының оқыған зиялысы Сейілбек Нұрпейісов қыз­мет бабымен Жетісу жерінде жүргені бол­маса, ата тегі Арқа жұртынан тарайтын қазақтың ұрпағы. Екеуі ауылдан арқан бойы ұзап шығысымен-ақ жазылып жатқан мидай жазық жазиралы ал­қап секілді Ақанның, Біржанның, Сегіз серінің кең тынысты әндерін кө­сіле шырқап, онысымен қоймай, «се­нің дауысың тіпті жақсы екен» деп Ду­бек­ке де үйретеді. Жастайынан ішкі әле­мін, көкірек-кеудесін әннің інжу-мар­жанымен толтырып алған Дубек кен із­дейтін кәсіптің иесі бола тұра, дала кезіп, қазынаға кенелген сайын әр кеніш­тің бәсіресіне бір әннің атауын бай­лап отыруы сол себептен болса керек. Ұлтының асыл мұрасын дәл осындай жолмен ұлықтап, тозбас ескерткіш со­ғып кеткенін өзі де сезбеген болар, бірақ мұндай ұлы һәм текті іс өз елін шексіз сүйген ердің ғана қолынан келетіні хақ.  

Кен іздестіру жаны қалап істейтін, керемет жақсы көрген сүйікті ісі болыпты. Өмірінің соңғы жылдарында жер қойнауының бүлкілін, алтын жатқан жер­ді жүрегінің, түйсігінің әрбір тамыр-тал­шығымен қапысыз сезетін халге жет­кен. Бұл қасиетін өзі де түсіндіріп бере алмайтын көрінеді. Кейде жел тер­беп тұрған жусан сыбырлайды, кейде бас изеп діріл қаққан изен иек қағады, кей­де тым-тырыс жатқан тас, кейде то­пырақтың түсі тұспалдап, үмітін қозғап, «үңгі» дегендей болады. Қазса, алтын шы­ғады. Геолог бола тұра, өмірінде бірде-бір кен орнын аша алмай кеткен адамдар да бар. Әйтсе де Дубек «Бес­кемпірді» үлкен қиындықпен ашты. Қай­та-қайта алтын жатқан жерді тауып ала беретін Дубекті айналасындағылар «осы­ның-ақ жолы бола береді екен» деп ұнатпаған. «Бескемпір» ашылмай тұ­рып, жоғарыдан нұсқау беретін басшылар жаңадан жасақталып жатқан экс­педицияға мұны тіпті жолатқысы да келмеген. Топырақтың төбесін тесіп тұ­рып, түбіне қанша бұрғы түсіріп, барлау жасаса да, ақыры таппаған соң экспедиция тобы «алтын жоқ» деп жауып кетеді. Бірақ Дубек тап сол жерде ал­тынның жатқанын сезеді. «Қазбаса бол­майды» деп қалың жұртты тағы да көтереді. Екінші рет қазуға рұқсат ал­ғанымен, топ құрамына Дубекті тағы да қоспайды. Алтын табылмайды. Экс­педиция құрамына алынбаса да, бар бола тұрып, табылмай жатқан алтынға іші ашыған Дубек үшінші рет рұқсат сұ­райды. Амалы қалмаған басшылар Ду­бекті араластыруға мәжбүр болады. Іске  кіріскен бетте бұрғыны олар сияқты тігі­нен емес, көлбей түсіргеннен-ақ құм аралас ұсақ сарғыш түйіршіктер көріне бас­тайды. «Алтын жердің астында жай жат­пайды, тамырланып жатады.  Бірден кесіп өту керек» деген екен. Расында да, ерекше қабілет. Жүре келе, нағыз ма­манның бойын кәсіби әдет жайлай бас­тайды. Дубек ағамыз да асығыс жүруді ешқашан дағды қылмаған. Міндетті түр­де аялдап, асықпай көз тоқтатып қа­рап, тас болса, топырақ болса да, ала­қанына салып, сипалап көріп, ұнаса, ауыр­лығына қарамастан арқалап алатын болған.  

Талантты адамның тағдыры да өзге­ше болады. Ол тағдырды ең алдымен мі­нез жасайды. Жалпы, Дубектің бала кү­ні­нен қалыптасқан әділетсіздік көрсе төз­бейтін, шындықтың туы жығылып ба­ра жатса шырқырап ара түсетін, ті­лін тек ақиқаттың алдаспаны етіп ұстай­тын өткір мінезі тағдыр жолына тарамыстай болып тартылды. Кімге де бол­са қасқайып қарсы тұра алатын, өз дегенінен қайтпайтын бірбеткей, қай­сар мінезі алдағы өмір жолында айнымас серігі болды. Оңтүстік Қазақ­стан геологиялық экспедициясы оны екі рет Одаққа еңбегі сіңген геолог ата­ғына, Социалистік Еңбек Ері атағына ұсын­ғанында, министрліктегілер табанды түр­де қарсылық танытқан. Олардың бағына қарай, Дубек ағамыз мұндай атақ-даңқтарды тіпті қажетсінбепті де. 

Қазақ жерінің топырағының ас­тында алтын жетеді. Бұл –  Дубек Дүй­сенбековтің жасаған түйіні. Қандай қиындықпен алынса да, алтын ешқашан құнын жоғалтпайды. Мұнайдың бағасы халықаралық нарық бағасына түбегейлі тәуел­ді, бағасы күн сайын құбылады. Ал мемлекеттің байлығы алтынмен есеп­теліп, қоры алтынмен салмақталады. Бі­рақ қазақ елін алтынға белшесінен ба­тырып, қамбасын қазынаға толтырып, көзін тапқан ұлдарын басынан ба­қайшағына дейін байлыққа бөлеп, бағ­лан жасаған батыр мінезді Дубек Дүй­сенбековтің өзі  адам айтса сенгісіз қарапайым өмір сүрген адам. Алтын ақ­қан дарияның жағасында отырып, бір жұтымын да ішпеді. Кейінгі бизнес тілімен айтқанда, акция түгілі, өзі тапқан мол алтыннан бір грамм алмай-ақ, қастерлеуге тұрарлық алып тұлғаға айналды. Әрине, мұны мойындайтындар ғана мойындай алады, білсе де мойындағысы келмейтіндер бар. Біздің министрліктегілер «көзі тірі адамның атын беруге болмайды» деп кергіп отырғанда, адал еңбекті ғана бағалайтын австралиялықтар алғаш «Ақбақайға» инвестор болып келісімен, аңызға айналған геологтың «географиясымен» танысқан соң-ақ алтын мен күмісті балқытуға арналған зауыттарына Д.Дүйсенбековтің есімін беріпті. Бүгінде «Ақбақайдағы» алтын өндіретін зауыт Дубек Дүйсен­бековтің атымен аталады. Дубек ағамыз «Ақбақайдың» ашылғанына 25 жыл» деп «Алматы ақшамына» мақала жаз­ған екен. Сонда: «Ақбақай – алтын бұлағым, Ел тәуелсіздігіне жаққан шы­рағым» деген жолдар бар. Бұл кісілер байлықты емес, білімді, арды, еңбекті ғана пір тұтып, елінің ешкімнен кем болмай, озық болуын ғана ойлады. Ең өкініштісі, тәуелсіздікті тәу етіп, ұлт үшін ұйқы мен күлкіні білмей ең­бек еткен ердің үш бөлмелі пәтері орна­ласқан үйге ескерткіш-тақта да қағылмапты. Қазақстан геологтары ардагерлер ұйымы Парламентке, Алматы қаласының әкімдігіне хат жазып, көше сұраған. Дубек ағамыздың ошағының отын өшірмей, түтінін түтетіп отырған жары Қантай апайдың айтуынша, бұл шаруа да кешеуілдеп жатқан көрінеді. Дубек Дүйсенбеков көлденеңінен келіп килігетін көк атты емес, көше атын иеленуге толық хақысы бар адам. Жүзге жуық кен орнын, оның ішінде мемлекеттің алтын қорын жасақтап отырған оншақты аса ірі кенішті, жалпы Қазақстанға алтын қоймасын ашып берген тұлғаға Алматы мен Астананың қай-қайсысынан да көше сыйлауға,  таршылық жасалмауы тиіс.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»   АЛМАТЫ