Астанада медицина саласы цифрландыру жүйесіне біртіндеп көше бастамақ. Бұл туралы кеше қалалық әкімдікте өткен брифингте елорда денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, денсаулық сақтау саласын цифрландыру ең алдымен қағазбастылықтан арылуға көмектесіп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын электронды жүйе арқылы арттыруға септігін тигізбек. Жалпы биылдан бастап, ел аумағында электронды денсаулық паспортын кезең-кезеңімен енгізу жоспарланғаны белгілі. Осы жылы Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Қостанай облыстарының денсаулық ұйымдары іс-қағаздарын электронды форматта жүргізе бастаса, келесі жылдан бастап біртіндеп жаңа электронды төлқұжатқа көшеді. Бұл құжатта емханаға қаралған әр науқастың сырқат тарихы мен тапсырған анализдерінің қорытындысы, дәрігер тарапынан қойылған диагноздары мен қаралған ауруханаларының тізімі енгізіледі. Электронды денсаулық төлқұжатымен танысқысы келген азаматтың өзі де электронды үкімет порталына тіркеліп, жеке паролі мен логині арқылы құжатты көре алады. Осылайша астаналықтар 2019 жылдан бастап қағаз медициналық картадан біртіндеп бас тартатын болады. «Пайдаланушылардың электронды денсаулық паспортындағы дербес деректері пациенттің жеке кабинеті арқылы ұйымдастырылады. Медициналық ортақ дерекқор ретінде жасақталған жүйеге дәрігерлер науқастың жеке куәлігіндегі ЖСН арқылы кіріп, оның сырқатнамасымен таныса алады. Бұл денсаулық сақтау саласының сапасын арттырып қана қоймай, дәрігерлердің де жұмысын жеңілдетеді. Азаматтар да қағаз карточкасын арқалап жүрмейді. Олар туралы деректер сенімді әрі қауіпсіз сақталатын болады», дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ жиында астаналықтардың дәрігерлерге онлайн режімде жазылуы, халыққа арналған медициналық ұялы қосымшалардың пайда болуы да сөз болды. Келешекте әрбір елордалықтың ұялы телефонына денсаулығын қорғау, саламатты өмір салтын сақтауға қатысты хабарландырулар, ескертулер жолданып, жұртшылыққа пайдалы жақсы жаңалықтардан хабардар етілмек.
Бұған қоса, елордада 2025 жылға қарай бірнеше емхана ашылатыны да белгілі болды. Соның ішінде халық көп шоғырланған Жағалау, Айнакөл, «Мәңгілік ел» қақпасы аудандарында жаңа медициналық ұйымдар бой көтереді. К.Надыровтың айтуынша, емханалар салу міндеті мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында инвесторларға ұсынылмақ. Қазір «Мәңгілік ел» қақпасы ауданында емхана салуға ниет білдірген инвестор бар. Екіжақты келісімдерден кейін құрылыс құны анықталмақ. Сонымен қатар Астанада мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында хоспис салу да жоспарланып отыр. Қазіргі күні нысанның тұжырымдамасы әзірлену үстінде. Жаңа ғимарат «Көктал» тұрғын алабында бой көтереді.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»