• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2011

Әлем назарындағы Қазақстан

2903 рет
көрсетілді

Кеңес Одағының ыдырауы нәтиже­сінде Қазақ­станның өз алдына отау тігуі әлем жұрт­шылығын елең еткізіп, мұнай мен газға, басқа да минералдық ресурстарға бай, ядро­лық қаруы бар ел жөнінде түрлі мемлекеттер өз сая­сатын қалыптастыруға кірісті. Өйт­кені, тәуелсіздікке қол жеткізген Орта­лық Азия халықтарының шешімі «тек осы өңір үшін ғана емес, олардың көршілері мен бүкіл дүние жүзі үшін маңызды» екендігі белгілі. Әсіресе, Америка Құрама Штаттары жедел қимылдап, аз ғана уақыттың ішінде бұрыннан келе жатқан советологиялық орталықтардың жұ­мысын жаңа талаптарға сай бейімдеп, олар­ға жаңа бағыт берді. Индиана университетінің Орталық Азия зерттеулері факультеті Орталық Азия зерттеулер орталығы болып қайта құ­рыл­ды. Оған Қазақстандағы және онымен көршілес бұрынғы Қенес одағы республика­­ларындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгеріс­тер­ді зерттеу міндеті жүктелді. Сонымен бірге университет «Орал-Алтай зерттеулері» жобасы шеңберінде Орталық Азия өңірі мемлекеттерінің саяси және әскери жағдайын талдаумен айналысса, Колумбия университетіндегі шығыс тілдері мен өркениеттері факультетінде 1991 жылдан қазақ тілінің жазғы курстары ұйымдастырылғанын да айта кетсек дейміз. Әрине, бір мақала аясында мұндай құрылымдардың бәрін қамту мүмкін емес. Сондықтан біз олардың қайсыбіріне ғана тоқта­лып өтуді жөн көрдік десек, Вашингтондағы сая­си және стратегиялық зерттеулер орталығы Қазақстан және басқа да Орта Азия респуб­ликаларының даму болашағы туралы көптом­дық зерттеулер жобасын жүзеге асыруға кірісті. Жоба авторлары Қазақстан және посткеңестік басқа да мемлекеттер қоғамдық дамудың қандай моделін таңдап алады, оның өңірдегі қауіпсіз­дікке ықпалы, батыс елдерімен қарым-қатына­сы секілді мәселелерге жауап беруі керек болды. Осыған орай 1999 жылдың маусым айында Вашингтонда бұл өңірде исламның даму үрдісте­ріне арналған конференция ұйымдастырды. Колгейт университетінде (Гамильтон қ.) жұмыс істеп жүрген профессор Марта Брил Олкот­тың Карнеги қорына (Вашингтонға) ауысуына байланысты бұл құрылым да Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға ерекше көңіл бөле бастады. Қордың қызметі арнайы зерттеулер бағдарламасын жүзеге асыруға, пікірталастар ұйымдастыру, тақырыптық басылымдарды дайындау, сыртқы саясат пен халықаралық қа­ты­настар мәселелері бойынша көпшілік қауым­ға ақпарат беруге бағытталған. Қор – үкіметтік емес ұйым, сол себепті ол қандай да бір идеологиялық және саяси ұстанымды білдіреді деуге келмейді. Қордың зерттеулерінен батыс әлеміне тән сан алуан көзқарастар жиынтығын ұшырастыруға болады. Оның бір мысалы ретінде М.Б. Олкоттың «Орталық Азияның империядан кейінгі саясаты» (1992), «Қазақстанның жа­һандық ықпалы»(1992), «Құрама Штаттар­дың Орталық Азия жөніндегі саясаты»(1993),  «Орталық Азия» туралы миф» (1994), «Нұрсұл­тан Назарбаев және Қазақстандағы мемлекеттік құрылыс ісін байсалдылықпен жүргізу» (1995), «Қазақстан: аз ұлттар республикасы», «Орталық Азиядағы демографиялық өзгерістер» (1996), «Орталық Азиядағы жаңа мемлекеттер: тәуел­сіздік, сыртқы саясат және өңірлік қауіпсіздік» (1996), «Қазақстан: Нұрсұлтан Назарбаев мық­ты президент ретінде» (1997), «Қазақстандағы демократияландыру мен саяси белсенділіктің артуы» (1997), «Қазақстан: Еуразиялық одаққа енуге мәжбүрленуі» (1999), «Орталық Азиядағы демократия мәселелері» (2002), «Қазақстан: орындалмаған уәде»(2002), «Қазақстанның халық­аралық қауымдастықтағы имиджі: ішкі саясатының халықаралық қатынастарға әсері» (2004) сияқты  ірілі-ұсақты еңбектерді атауға болады. Калифорния штатының Санта-Моника қа­ласында орналасқан «РЭНД Корпорейшн» ұйы­мы АҚШ үкіметінің тапсырмаларын орындай­ды, оның 1600-ге тарта қызметкерлерінің ішіндегі саясаттанушылар, социологтар, экономис­тер және басқа да мамандық иелері Орталық Азиядағы қауіпсіздік, бұл өңір елдерінің күш-қуаты, мемлекет басшылары, билік үшін талас-тартыстар секілді мәселелер бойынша зерттеулер жүргізеді. Американың ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің, Сыртқы саясат жөніндегі кеңестің Орталық Азияға байланысты стратегиялық сұраныстарын қанағаттандырумен Мэриленд университетінің Еуразиялық зерттеулер бағдарламасы, Ницше атындағы халықаралық зерттеулер мектебі жа­нындағы Орталық Азия мен Кавказ институты, Гарвард университеті жанындағы Каспий зерттеулері орталығы айналысады. 1996 жылдың күзінде Дж. Гопкинс атындағы университеттің Әлемдік саясат институты жа­нынан (Вашингтон қ.) Орталық Азия зерттеулері институты іске кіріскен болатын. Инсти­туттың ғылыми зерттеулерінің басты бағыт­тары: Орталық Азиядағы білім және азаматтық қоғам, сыртқы саясат, этностық жанжалдар және ұлттық қауіпсіздік мәселелері, экономи­калық ынтымақтастық секілді тақырыптарды қамтиды. Институт директорының орынбасары доктор Роджер Кангас бұл құрылым Орталық Азияны зерттеудің интеллектуалдық орталы­ғына айналуы тиіс, ол әкімшілікті, Конгресті және бұқаралық ақпарат құралдарын, корпора­цияларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуді көздейді деп мәлімдеді. Институт «Орталық Азия» атты журнал шығарады, сонымен бірге осы өңір бойынша мағлұматтар банкін қалып­тастырумен шұғылданады. Соңғы кезеңде Құрама Штаттарда Орта­лық Азия өңірін кешенді түрде зерттеуге бай­ланысты бірнеше институт ғалымдарының күш-жігері топтастырылған ұжымдық бағдарла­маларға басымдық берілуде. Солардың бірі – Карен Давиш (Мэриленд университеті) пен Брюс Пэрротт (Вашингтондағы Дж. Гопкинс атын­дағы университеті) басқаруымен жүзеге асы­рылып жатқан «Еуразиядағы халықаралық саясат» топ­тамасы. Жоба кеңестік кеңістіктен кейінгі кезеңде орын алып отырған геосаяси мәселе­лерді, жаңадан құрылған мемлекеттердің ішкі-сыртқы саясаты, түрлі күштердің Еура­зияның өз ішінде және одан тыс жерлердегі қақтығысын саралауға арналған. Америкалық ғалымдар Қазақстанның стра­тегиялық жағдайы және оның тәуелсіз ел ретінде дамуына қатер тудыратын факторларды саралауда. Олардың ішінде Э.Уимбуш Ресейдің шовинистік топтарының Қазақстанға аумақтық талап­тары, Қытай экономикасының жедел дамуы және «өмір сүру кеңістігін» іздестіруі секілді мәселе­лерді атайды. Профессор Г.Фуллер «Орталық Азия: жаңа геосаясат» еңбегінде 1992 жылдың өзінде Қытайдың қандай «мінез» көрсететінін болжау қиын, ал Ресейдің өңірдегі әскери және экономи­калық қысымшылығы айдан анық деп жазды. Батыс авторлары Ресейдің жаңа империялық үміттері «интеграцияны ары қарай тереңдетудің объективтік қажеттілігі және өзара тиімділігі» секілді ұрандармен, түрлі «одақтар», бірлескен қар­жылық-өнеркәсіптік корпорациялар, тіпті, ортақ атқару құрылымдарын құрумен бүркемеленуде дейді. Америкалық ғалым Д. Файл Ресей, әсіресе, Қазақстанды «өз уысында» ұстауға тырысады, себебі оны бұрынғыша бай шикізат көзі ретінде қарастырады деген пікір білдіреді. Тафт университеті дайындаған «Заманауи Орталық Азияның тарихи болашағы» (1994), «Уолл Стрит джор­нэлда» жарияланған «Джеймстаун фаундейшн» қорының сарапшысы В. Сокордың мақаласы (2001) да ұлы державалар арасындағы бәсеке­лестіктің көрінісі болып табылады. Олар Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын Қытай мен Ресейдің батыс елдерін ортаазиялық өңірге жібермеу сая­са­тының құралы ретінде есептейді және Қазақ­станның әлемдік рынокқа Қытай мен Ресейдің «жетектеуінсіз» шығуының маңызды­лығын атап көрсетеді. Қазақстан туралы америкалық ғалымдар мен сарапшылардың тұжырымдарын Збигнев Бже­зинс­кийдің еңбектерінен, әсіресе Кеңес Одағы­ның ыдырауы және бұл құбылыстың себептері, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің экономикалық жә­не саяси дамуы, Ресейдің Қазақстанға байланыс­ты саясаты жөніндегі тұжырымдарынан бөліп алып қарауға болмайды. «Кремль, ТМД-ға қаржы және экономикалық қысым жасау арқылы, бұ­рын­ғы империялық статусын сақтап қалуға, бұрынғы кеңес республикалары жерінде өз әскерлері мен әскери базалар ұстауға ұмтылуда. Орыс саясаткерлері арасында, тіпті Украинаның тәуелсіздігін де «шартты ұғым» ретінде есептейтіндер баршылық», – деп жазады ол. Қазақстандағы саяси және экономикалық ахуал­мен әлем елдерін хабардар етуде «Азаттық» радиостансасының, оның зерттеу орталығының рөлін аттап өтуге болмайды. Оның қызметкері Бэсс Браунның «Тәуелсіздіктен кейінгі Қазақ­стан» (1991), «Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: өмір жолы» (1991), «Қазақстанның эко­номикалық реформалары бағдарламасы» (1991), «Қазақстан мен Қырғызстан демократия жолын­да» (1992), «Ортаазиялық мемлекеттер экономи­калық одақ құруда», т.б. мақалалары Қазақстан туралы қоғамдық пікірді қалыптастыруға атсалысты. Өткен ғасырдың 90-жылдарының бас кезінен Орталық Азияда қалыптасқан геосаяси ахуал­ға Ұлыбритания бұрыннан келе жатқан зерттеу орталықтарында жаңа жобалар мен бағдар­ла­малар қабылдаумен жауап берді. Халық­аралық қатынастар корольдік институтының жобалары шеңберінде Адам Диксонның «Қазақ­стан: саяси реформалар және экономикалық даму» (1994),   Р.Роу­ландтың «Орталық Азия: қақ­тығыстар, тұрақтылық және даму», «1990 жылдары Қазақ­станның қала тұрғындары құра­мындағы өзге­рістер» (1999) атты және басқа да авторлардың еңбектері жарық көрді. Лондонның Стратегиялық зерттеулер халық­аралық институты ғылыми зерттеулерге бақылау жүргізу, оларды реттеу, талдау ісімен және жүйелі түрде өтіп отыратын конференцияларда пікір алмасумен айналысады. Институт қызметкерлерінің Қазақстанға қатысты еңбектері қатарында Д. Данройтердің «Орталық Азияда жаңа мемлекет­тердің құрылуы. Орталық Азияда кеңес билігі құлауының маңызы» (1994) атты еңбегін бөліп айтуға болады. Онда автор бұл өңірдің геосаяси жағдайы, көпэтностық құрамы, экономикалық қиыншылықтар тәріздес нақтылы факторларды талдауға баса назар аударады. Қазақстан тақырыбы Глазго университетінің, Кембридж университетінің шығыстану факульте­тінің, Абердин университетінің кеңестен кейінгі зерттеу орталығында, әсіресе Оксфорд универси­тетінің Орталық Азия зерттеулері қоғамының ғылыми жобаларынан берік орын алып келеді. Бұл құрылымдардың қабырғасында М. Кайзердің (С. Мехротрамен бірге) «Тәуелсіз Орта Азия елдерінің экономикасы» (1992), «Өзбекстан мен Қазақстанның экономикасы» (1994), М.Уэббер­дің «ТМД-дағы интеграциялық үрдістер: Ресей және бұрынғы кеңестік Оңтүстік», П.Фердинандтың «Жаңа Орталық Азия және оның көршілері» (1994), Салли Каммингстің «Қазақстанның парламент сайлаулары», «Қазақтар: демография, диаспоралар және «оралмандар» (1998), «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстандағы президенттік билік» (1999), «Қазақстан: орталық – периферия қарым-қатынастары» (2000), «Қазақстандағы легитимация және бірегейлік» (2006) атты еңбектер дайындалды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Лондон университеті Шығыстану және африкалық зерттеу мектебінде бұрынғы ортаазиялық республикалар­дың тарихы мен саяси дамуын зерттейтін Орта­лық Азиялық зерттеу форумы ұйымдас­тырылды. Оның директоры Ширин Акинердің басшылы­ғымен «Орталық Азиядағы мәдени өзгерістер және дәстүрлер» (1991) кітабы жарияланды. Автор­дың «Қазақстандағы кеңес әскери мұрасы» (1994), «Орталық Азиядағы саяси және экономи­калық даму бағыттары» (1994) деген еңбектері оқырмандарға жақсы танымал. «Қазақ бірегей­лігінің қалыптасуы: тайпалық бірлестіктен ұлт­тық мемлекетке дейін» атты еңбегінде қазақ халқының кеңестік дәуірден кейінгі бірегейлігіне төрт фактор жатуы керек деп есептейді. Олар: а) «қазақылық» («kazakhness»), яғни тарихи мәдени мұра; ә) қазақтардың өздерінің жалпытүріктік бірлікке жататындығын мойындау; б) көшпелі кезеңнің мұрасы; в) қазақтардың өз туған жерін жақын қабылдауы (Қазақылық концепциясын алғашқы рет А. Байтұрсыновтың ұсынғаны белгілі). Ұлыбританияда да, Құрама Штаттар секілді бірнеше елдердің ғалымдары қатысатын ірі ғылыми жобалар қолға алынуда. Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында бұрынғы кеңестік Оңтүстік бойынша ауқымды жоба әзірленіп, оны жүзеге асыруға жетекші британ ғалымдары, сонымен бірге америкалық және ресейлік автор­лар тартылды. Дегенмен, бұл топтама халық­аралық қатынастар корольдік институты сарап­шы­ларының ғылыми ұстанымдары ықпалында қалды. Институттың Ресей-Еуразия бағдарла­масына Рой Аллисон басшылық жасайды. Ортаазиялық өңірді көптен бері зерттеп келе жатқан құрылымдардың қатарына Оксфорд университеті жанындағы Қасиетті Антоний колледжі де жатады. Мұнда ортаазиялық халықтардың тілдерінде жарық көрген бай әдебиет қоры шоғырланған. 1998 жылы Кембридж университеті Шығыс­тану факультетінің ғалымдары «Посткеңестік мемлекеттердегі ұлттық құрылыс: ұлттық бірегейлілік сая­саты» атты ұжымдық еңбек ұсынды. Бұл тақы­рыпты Орта Азиялық зерттеулер қоғамы жалғас­тыруда. Поль Колстойдың «Демография­лық басым­дықты күту: интеграция және ұлттық бірлік туралы қазақтардың ой-пікірі» (1998), «Ұлттық құрылыс және Қазақстандағы тіл мәселесі» (2003), «Кеңес­тен кейінгі қоғамдардағы ұлттық құрылыс және этностық интеграция: Латвия мен Қазақстан туралы зерттеу» (1999) еңбектері – осының дәлелі. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап Германияда да ортаазиялық өңірді зерттеуге байла­нысты ауқымды шаралар қолға алынып, бұрынғы советологиялық орталықтардың қызметіне құры­лымдық және мазмұндық өзгерістер енгізілді. Гуттенберг университеті және Майндағы Франкфурт университеті жанында шығыстану семинар­лары, Гумбольдт университеті жанында шығыс­тану факультеті, Гессенде жеке Шығыстану институты ұйымдастырылды. Кёльн университетінде Орта Азия семинары, Райнише Фридрих университетінде Орта Азия халықтарының тари­хын, мәдениеті мен тілін зерттеумен айналы­сатын семинар бар. Гёте атындағы Франкфурт университетінің Шығыс филологиясын зерттеу институтында қазақ тілі мен әдебиетін зерттеу жолға қойылған. Жалпы неміс ғалымдары Қазақстан Респуб­ликасының саясаты мен экономикасына байла­ныс­ты мәселелерді «үшінші дүние» елдеріне тән немесе постотаршылық концепция тұрғысынан зерттеуде. Мюнхен университетінің қызметкері Вернер Гумпел отарлық кезеңге оралмас үшін ел эко­номикасын дамытып, тәуелсіз саясат жүргізу­дің ма­ңыздылығына тоқталады. Сонымен бірге ТМД, Кедендік одақ секілді ұйымдарды құрудың пай­далы екендігін, бірақ ондай ұйымдардың Ресей өзі­нің империялық мақсат-міндеттерінен бас тарт­қан кезде ғана өзара тиімді болатындығын ескертеді. Қазақстандағы ұлттық құрылыс тақырыбы Катрин Вернер еңбектерінен де орын алған. Бас­қаша сөзбен айтқанда, қазіргі кезеңдегі орталық­азиятану неміс мектебінің ерекшелігі – Қазақстан экономикасы мен саясатының заманауи мәселеле­ріне басты назар аударуында. Францияда сонау XVIII ғасырдан бастап қа­лыптасқан ориенталистикалық дәстүр барлы­ғына (Париж саяси зерттеулер институты, Француз колледжінің Орталық Азияны зерттеу орталығы, Шығыс тілдері мен өркениеттерін зерттеу ұлттық институты, т.б.) қарамастан өткен ғасырдың 90- жылдарының бас кезінде Ташкентте Орталық Азия­­ны зерттеу бойынша француз институты құрылды. Оның алдына қойған мақсат-міндет­тері: француз және басқа да еуропалық автор­ларға Орталық Азияны зерттеуге жағдай жасау, Орталық Азия туралы француз қоғамдық ой-пікірін дамыту, жергілікті ғалымдарды жаңа қоғамдық-саяси ағымдармен таныстыру. Институттың қазақстандық филиалы Алма­тыда да ұйымдастырылды. 1994 жылы Парижде Орталық Азия­­ны зерттеушілер ассоциациясы (ARIAC) құрылды. 1990 жылдың орта кезіне дейін Скандинавия елдерінде Қазақстанды зерттеуге шағын топтар ғана мүдделілік танытып келсе, кейінгі уақытта Орта Азия өңірі туралы Утрехт университетінің шығыс факультеті (Нидерланды), Упсала университеті мен Стокгольм университеті (Швеция), Азия зерттеулері Скандинавия университеті (Финляндия) ғалымдарының еңбектері жарық көруде. Олар Қазақстанның түрлі аудандарын­дағы экологиялық дағдарыс мәселелері бойынша бірқатар еңбектер ұсынып үлгерді. Швед ғалымы С. Клотцли Орталық Азияда су көздерінің жетіспеушілігі және топырақтың ластануы дағда­рысынан шығудың жолдарын және болашақта оның жанжал көзіне айналмауын іздестірумен шұғылданса, Упсала университетінің профессоры Ингвар Сванберг Түркия мен Қытайдағы қазақ диаспорасының тарихын зерттеді. Этностық қатынастар қорының директоры (Нидерланд) Макс Ван дер Стул, Швеция халықаралық қа­тынастар институтының (Стокгольм) қызметкері Лена Ионсон Қазақстан халқының көпэтностық сипаты және оған байланысты ұлтаралық қаты­настардың дамуы, Ресей мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастар, Арал дағда­рысы төңірегінде зерттеулер жүргізді. Австралияда (Мельбурн университетінде) Қазақстанға соңғы кезде ғана көңіл бөліне бастады. Мұнда философия докторы Ш. Акбарад­зе Орталық Азия өңірінің саяси дамуын және оның тұрғындарының қоғамдық өмірінде ислам­ның алатын орнын анықтауға ұмтылуда. 90-жылдары орын алған геосаяси өзгерістерді ескерген Израиль Тель-Авив университеті жа­нын­дағы Кеңес және шығыс еуропа зерттеулер орталығын Ресей және шығыс еуропа зерттеулері орталығы ретінде қайта құрды. Мұндағы Яков Ландау бастаған ғалымдар тобы түркішілдік және исламдық қозғалыстар тарихына, посткеңестік елдердегі тіл саясатына арналған еңбектер жариялады. Хайфа университетінің профессоры Изабель Крайндлердің Қазақстанда және басқа да Орта Азиялық республикалардағы ұлттық тілдердің әлеу­меттік-лингвистикалық болашағы туралы еңбегі Нью-Йоркте, Берлинде және Амстердамда жарық көрді. Тель-Авив университеті жанындағы Ресей және шығысеуропалық зерттеулер орталы­ғының ғылыми қызметкері В.Бабак түрік мемлекеттерінің бірлігі, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарам-қатынастардың дамуындағы энергетикалық ресурстардың рөлі туралы пікірлерін білдірді. Қытайда Қазақстанды кешенді түрде зерттеумен Шанхай әлеуметтік ғылымдар академия­сының тарих институты, Шыңжаң университеті, Пекин университетінің шығыстану факультеті, Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясының Ұлттар институты және басқа да құрылымдар шұғылданады. Орталық Азиямен, оның ішінде Қазақстанға қатысты күрделі проблемалармен айналысатын стратегиялық институттар қатарына Шанхай халықаралық зерттеулер институты, Қы­тай заманауи халықаралық қатынастар институты жатады. Ғылыми қызметінің негізгі бағыттары: Орталық Азия халықтарының Қытаймен қарым-қатынастары, Қазақстанның орта ғасырлардан бүгінгі күнге дейінгі тарихы, мұнда Ресей ық­палының артуы. Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясы тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын егжей-тегжейлі зерттеп, бірнеше еңбектер жариялады. Шығыс Еуропа және Ресей институтында да Орталық Азияны зерттеу басты ғылыми бағыттардың бірін кұрайды. Институттың 1999 жылы жарық көрген «Қытай Орталық Азия туралы» атты еңбегінде бұл өңірдегі мемлекеттердің Қытаймен эконо­микалық, мәдени және дипломатиялық қатынас­тары мазмұнымен, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерімен таныстырылады. Жапонияның Қазақстан тарихы және мәде­ниетімен таныстығы Кацуо Эноки, Набуаки Снокава және басқа да ғалымдардың зерттеулерінен айқын көрінеді. Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстан Республикасының көне заманнан бү­гінгі күнге дейінгі тарихына байланысты тақы­рыптар Токио сыртқы саясат зерттеулері университеті (Х.Комацу, Т.Моркасу, М.Ямаучи), шығыс­тану институты (Тойо Бунко), Сока университеті (Т.Хаяси), Киото университетінің (Э.Мано) ғылыми жобаларында ұшырасады. Қазақстан тарихы, ішкі және сыртқы саясатын зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 90-жыл­дарынан бастап халықаралық сипат алуда. 1991 жылы мамыр айында Кортона қаласында (Италия) Кеңес Одағының ыдырай бастауына арнал­ған конференцияға Ресей, Ұлыбритания, Франция, Италия, АҚШ және басқа да елдерден 33 маман қатысты. Форумға қатысқан америкалық профессор Кемал Карнат өз баяндамасында Кеңес Одағындағы басқа мұсылман республика­лары­ның тұрғындарынан қазақ ұлтшылдығының «өзгешелігі» оның көшпелі өмір салты, ислам дінінің қазақ қоғамындағы рөлі, қазақ халқының басынан өткен қасіретті оқиғалардың салдары секілді факторлар негізінде қалыптасқандығы туралы концепция ұсынды. Соңғы 10-15 жыл шамасында шетелдік ғалымдар қатары Қазақстанды арнайы зерттеп, ғылыми дәрежелер алған жас кадрлармен то­лығуда. Бұл бағытта Бавна Дэйвтің «Тілді өркендету саясаты: Қазақстандағы ұлттық бірегейлік және мемлекеттік құрылыс» (Сиракуз университеті), Йорн Холм-Хансеннің «Қазақ­стан­ның мемлекеттік құрылысындағы аумақтық және этностық-мәдени өзін-өзі билеу жүйесі» (Норвегия қалалық және жергілікті тұрғын­дарды зерттеу институты), Брюс Приватскидің «Түркістан: қазақ діні және ұжымдық жады» (Теннеси университеті), Стивэн Соболдың «Оян, қазақ!»: Орталық Азиядағы орыс отар­шылдығы және қазақ ұлттық сана-сезімінің генезисі, 1868-1920 ж.ж.», Майкл Рохлдың «Тың жерлер есте ұстау мен ұмытушылықтың ара­сында», Барри Салливанның «Қазақстан: ұлт­тық құрылыс саясатын талдау», т.б. философия докторы дәрежесін алу үшін жазылған еңбек­терді атаған жөн. Қазақстан әлемдік баспасөз беттерінен де түспей келеді. Оларды былай қойғанның өзінде, Қазақстан туралы материалдар бұрыннан мәлім «Орталық Азия шолуы», «Остойропа», «Өрке­ниеттер», «Каррент Хистори», «Орта Азия журналы» басылымдарында, жаңадан ұйымдас­тырылған «Сентрал Эйша Файл» сияқты елу-алпыс журналдарда жариялануда. 1994 жылдан Швецияның Лудеа қаласында ағылшын және орыс тілдерінде «Орталық Азия және Кавказ» журналы шыға бастаса, 90-жыл­дардың аяқ кезінен бастап Иранда Орталық Азияны зерттеуді мақсат тұтқан «Амудария» журналының алғашқы саны оқырмандар қолына тиді. Түркиядағы «Евразия этюды» журналында да түркі тілдес мемлекеттерге арналған материалдарда Қазақстанға кеңінен орын берілген. Әрине, айта берсе, Орталық Азия елдерінің, оның ішінде Қазақстанның тарихы, мәдениеті және саясатын зерттеуге арналған басылымдар қатары да біршама. Оның бәріне тоқталып өту де бір мақала аясында мүмкін емес. Сондықтан да түйіп айтсақ, Қазақстан тәуел­сіздігінің 20 жылдығы ішінде еліміздің геосаяси жағдайы, экономикалық реформалар барысы, жекешелендіру, нарықтық экономикаға өту, инвестициялық саясат деңгейі, ұлттық құрылыс және этностық және азаматтық бірегейлік, қоғамдық өмірді бірегейлендіру, ұлтаралық келісімге қол жеткізу, тіл саясаты, білім мен мәдениетті дамыту, ел экономикасын әртарап­тандыру қадамдары, АҚШ, Қытай, Ресей, Батыс Еуропа және т.б. елдермен қарым-қаты­насы, билік жүйесі, саяси партиялар, адам құқығының сақталуы мәселелері бойынша сан алуан ең­бектер дүниеге келді. Әлемнің ірі-ірі елдерінің мемлекеттік мүдделері тоғысқан Қазақстан туралы ғылыми зерттеулер мен баспасөз беттеріндегі мақалаларда көрініс тапқан пікірлерде Қазақстан мен Н.Ә.Назарбаев есімінің біртұтас ұғым ретінде қарастыры­ла­тындығын орайы келгенде айтпай кету де ақиқаттан аттау болмақ. Ендеше, солардың кейбіріне тоқтала кетейік. «Г.Колбин орнынан алынғаннан кейін ел тізгінін қолына ұстаған қазақ Нұрсұлтан Назарбаев парасатты да шебер саясаткер ретінде тез арада республика халқының барлық жіктері тарапы­нан құрмет пен сенімге ие болды» (Поль Колстой, Лондон университетінің про­фессоры. 1995 ж.) «Ұлттық құрылыс мүдделері қоғамды демократияландыру талаптарынан алда тұрса да, бұл жағдай сол ретте қимылдау керектігін білдірмейді. Шындығына келгенде Президент Н.Ә.Назарбаев елдің демократиялық дамуын қалағандар жағында болды. Ол көпұлтты тұрақ­ты мемлекет құруға тырысты... қазақ ұлттық бірегейлігін және ұлтаралық келісімді қолдау арқылы елінің қуатын арттыруды көздеді» (Ян Бреммер, Стэнфорд университеті жанындағы Гувер институтының профессоры. 1995). «Қазақстанның халықаралық аренаға шығуы өзінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ұлан-ғайыр энергетикалық және стратегиялық әлеуетіне байланысты» (Катрин Пужоль, Шы­ғыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институты. Франция. 2000). «Қазақстанның өзінің мемлекеттік дербестігін сақтауы аса маңызды фактор болып табы­лады... Бұл елдің өз тәуелсіздігін жоғалтуы­ның салдарын айтып жеткізу қиын» (Джессика Мэтьюз, Карнеги қорының президенті. 2001). Француз ғалымы Пьер-Люк Сегийонның былтыр Парижде жарық көрген «Қазақстан – Еуразия жүрегі» кітабында бұрынғы кеңес республикасы болған Қазақстанның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен бақуатты да беделді тәуелсіз елге айналғанын баяндайды. Француз сарапшылары Байрам Балчи мен А.Фов жақында ғана Парижде жарияланған «Қазақстан жаhандану үрдісінде: тәуелсіздігінің 20 жылдығының қорытындылары мен даму болашағы» деген мақаласында елдің саяси, әлеуметтік және білім беру саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізгендігін, мұнда ұлтаралық келісім мен тұрақтылық орын алып отырған­дығын айтады. Халықаралық сарапшылар Ролан Данройтер мен Грэхем Фуллер Қазақстан Президентін «Ха­лықаралық беделі жоғары», «дарынды» тұлға ретінде сипаттаса, баспасөз беттерінде оның «стратегиялық болжампаздығын, «көш­басшы­лық қабілетін», 2010 жылы Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға тиімді төрағалық еткендігін, 2011 жылы маусым айында Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымындағы төрағалық міндетіне кіріскендігін атап көрсетеді. Елінің ішкі бірлігін, жерінің тұтастығын қамтамасыз етіп, оны әлемдік сах­наға алып шыққан Н.­Ә.На­зар­баевтың қай­рат­­керлік болмысы сан алуан арнайы еңбек­тердің өзегіне айналды» (Бэс Браун, Джемс Кричлоу, Марта Олкотт, Джонатан Айткен, т.б.). «Н.Ә.Назарбаев кезінде ядролық қарудан бас тартуы арқылы өз елінің тұрақты да­муына берік негіз қалап, әлем жұртшы­лығы­ның сенімі мен құрметіне бөленді, жаңа қазақ ұлтының әле­уетті де жарқын бола­шағы бар» (Nationalities Papers. NewYork. 1998. Vol.26.№3.РР.391-587) деп түйін­дейді өз ойларын батыс ғалымдары мен сарапшылары. Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.