• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2011

Өткенге қарап, ертеңімізді кемелдендірейік

347 рет
көрсетілді

Тәуелсіздікті аңсап, азаттық жолында қан төгіп, жанын қиған боздақтар арманы ақыры орындалып, көк түркінің ұрпағы еркіндік ауасымен тыныстағалы да 20 жыл. Осы аз мезгілде сан ғасыр әлемге әмірін жүргізген алып мемлекеттермен бой та­лас­тырып, биік мақсаттарға ұмтылуымыздың өзі әрине қызығарлық, әрі қызғанарлық. Демек, қазақ халқының тарихы өзіне ғана тән басқа ешбір ұлтқа ұқсамайды. Кү­ні кеше әлем жұрты бізді «көш­пен­ділер» деп келді. Ал бүгінгі зерттеулер бұл тұжы­­­рымнан бас тартуға мәжбүрледі. Ұлан-ғайыр жеріміздің әр шалғайынан табылған көне қалалардың орны, шет елдердің мұрағаттарынан қолымызға тиіп отырған даламыз жайлы дерек пен дәйек осылай деуімізге мүмкіндік береді. Елбасының даналығымен бірге оның өткенді, бүгінді, болашақты болжай білетін көріпкелдігі мен сарабдал саясатына үнемі тәнті болып келеміз. Мәселен, Тәуелсіз­дігіміздің алғашқы жылдарындағы халық­­қа арнаған Жолдауын «Ұрпақтар сабақ­­тас­тығы» деп атады. Ол кезде әлі шекарамыз шегенделмеген, экономикамыздың не бо­­ла­ры түсініксіз, кіммен қандай қарым-қатынас орнатарымыз да беймәлім шақ еді ғой. Соған қарамастан Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев ұрпақтар сабақтастығын ұран етіп көтерді. Сол арқылы бабалар арманы асқақтатылып, бүгініміз бен бо­ла­шағымызды бағамдадық. Өткеніміздің ру­хы мен қасиетін қазіргі ұрпақтың бойына сіңіру сол кезде-ақ қолға алынған болатын. Елбасы көп кешіктірмей халыққа «Қа­зақстан – 2030» ұзақ мерзімдік Стратегия­лық бағдарламасын ұсынды. Кеңес өкі­­­ме­тінің бесжылдық бағдарламаларының ор­ындалмағанын білетіндіктен ұзақ мерзімге арналған бұл құжатқа күмәнмен қара­ған­дар болғанын несіне жасырайық. Ертеңгі күні бұлыңғыр болып тұрғанда 30 жылды болжау, оған жоспар құру көпшілік үшін шын мәнінде түсініксіз жай еді. Кейін ұқтық, бұл жерде де Елбасы аса көрегендік танытыпты. Тұйықтан шығар жол іздеп шет елдерге барғанда Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан деген мемлекетті естімеген бизнесмендерге «Қазақстан-2030» бағдарла­ма­сын таныстырып, кез келген инвестор­дың мүддесін қорғайтын Конституция бар екенін, олардың елімізге жасқанбай келуіне жағдай жасады. Осылайша бүкіл әлем­нің бизнес элитасының елімізге қаржы әке­луіне, Қазақстан экономикасының аяғынан тік тұруына ықпал етті. Сол кездегі қазақ қоғамының дамуына әсер еткен екі дүние болса, оның бірі – Конституция, екіншісі – «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдар­ла­масы деп сеніммен айта аламыз. Содан кейін өз валютамыз шықты, банк жүйесі қалыптасты, алыс-берісіміз нығайды. Қазақстан халқының құдіреті – оның байыптылығы мен байсалдылығында. Қа­­­зақ­­стандықтар өздері сайлаған Президентіне сенді, оған үнемі қолдау көрсетті. Кездескен қиындықтарға шыдап, Елбасының айтқанына тоқтам жасады. Халықтың ақ­ыл-ойы, жан-дүниесі, сабырлылығы осы­­­дан байқалады. Бұдан біз ұтпасақ, ұтылмадық. Тәуелсіздік жылдарында қоғам дамуын реттеп отыратын өркениетке сай заңдар дүниеге келді. Сонау ғасырлардан келе жат­қан қонақжайлығымыздың арқасында елде тыныштық пен түсіністік салтанат құрды. Былайша айтқанда, өткен 20 жылдың ішінде қазақ халқы ғасырлардан келе жатқан азаттық жолындағы арналы істерін сәтті жалғастырды. Жалпы, билік мәселесіне біржақты қа­рау­ға болмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. «Қандай мамандық ең қиын?» деген сауалға философтар: «Шешім қабыл­дай­тын мамандық», деп жауап береді екен. Мыса­лы, әскери адам өмір мен өлім ар­па­лысқа түскен, Отан үшін шешуші сәтте шешім қабылдайды. Дәрігер де солай. Оның қиын­­­дығы осында. Шешім қабылдау – өзіңе жауапкершілік алу деген сөз. Оның ішінде се­нің біліктілігің де, абыройың да, болашағың да сынға түсіп жатады. Қабыл­даған шеші­мің дұрыс болып шықса, алғыс аласың, абы­ройың артады. Ал сәтсіз болса, жоқ дегенде ренішке қаласың. Сон­дықтан Нұр­сұл­­­тан Әбішұлы Қазақ елінің болашағы үшін жауапкершілікті мойнына алғаннан кейін жа­нына іскер, ізгі мұратты азаматтарды топ­­­­тастырып, мемлекетті құр­дымнан алып шық­ты. Білгенге бұл аз шаруа болмаса керек. Адам ең алдымен өзін дайындап, Ота­нының бір қажетіне жарауға ұмтылмаса, ортаға, қоғамға қажеттілігіңді қалай сезі­не­сің. «Мен көп білемін», деп қарап отыр­саң, айналаңа еленбеуің де мүмкін. Мәсе­лен, алған біліміңді, білігіңді еліңнің қа­же­тіне жұмсауға өзің дайын болуың керек қой. Қазақ мемлекетінің қалыптасқаны айдай ақиқат. Біз бүгінде дамыған бәсекеге қа­бі­­летті 50 елдің қатарынан көрінуді мақ­сат етіп отырмыз. Индустриялық-иннова­ция­лық жоба, «Бизнестің жол картасы» сияқты көпте­­­­ген экономикалық бағдарла­ма­лар өрісін кеңге жайды. Алайда бұлар­дың ұлттық идея бола алмайтыны түсінік­ті. Оған ұлттық салт дәстүр тіл, дін, діл мәселелерін топтас­ты­рып, тәрбиеге баса назар аудару қажет. Демек, қазақтар өздері үшін де, түрлі этнос өкілдері үшін де, мемлекет үшін де жауапкершілікті өз мойнына алуға жауап­ты болып отыр. Өзгелерге: «Менімен қатар жүр, бірге бол. Қазақстан менің мемлекетім», деген ойды сіңіруіміз керек. Бұл Конс­­­титуцияға да, өркениет талаптарына да, адамгершілік ұғымға да қайшы келмейді. Елбасы Қазақстанның өркендеп-өрлеуі, ондағы ұлтаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыру жауапкершілігі қазақ халқының мойнына жүктелетінін жалықпай айтып келеді. Елдегі тыныштық пен бейбітшіліктің сақталуына шын мәнін­де біздің ұлттың ұлылығы, төзімділігі өзек болуда. Мемлекетімізде өмір сүретін өзге ұлт өкілдерін өзіміздің маңайымызға қалай топтастыруымыз керек деген мәселе күн тәртібінен әлі түскен жоқ және жақын арада түсе де қоймайтын шығар. Шетел сарапшылары Қазақстанды өз жолын тапқан мемлекет деп көрсетіп жүр. Біз ішкі реформаларымызды аса көп зар­дап­сыз жүргізіп алдық. Сыртқы саясаты­мыз да салмақты. Алыс-жақын елдердің ешқайсы­мен де қырғиқабақ емеспіз. Ата-бабамыз­дан мұраға қалған кең-байтақ жеріміздің асты мен үстіндегі байлық иесі де, игілігін көру­­ші де өзіміз. Тек Жара­ту­шы ием осы ба­қы­тымызды ұзағынан сүйін­дірсін деп тілейік. Жалпы, әлемде қалыптасқан түсінік бой­ынша мемлекеттің толық егемендігін айқындайтын бес шартты белгісі болады. Олар халықаралық қоғамдастық тарапынан мемлекеттің жерін, шекарасын мойындау. Туды, Әнұранды және Елтаңбаны бекіту, дипло­матия­лық егемендік халықаралық саясатты тәу­елсіз жүргізу мүмкіншілігі, әс­кери егемен­­дік – агрессор шабуылын тойтару, өзіне және одақ­та­­сына қауіп­сіз­дікті қам­та­ма­сыз ету мүм­­­­­­кін­дігі, экономикалық егемендік – мем­­­­лекеттің өз күшімен өр­кендеуіне жеткілікті өндірісі және мәдени егемендігі болуы шарт. Ал бізде бүгіндері осы талаптардың барлығы да бар. Десе де, әлі көп еңбек сіңіру қажет екенін ұғы­нуымыз керек. Өткен 20 жылдың ішінде тіл тәуел­сіз­дігін толық қалыптастыра алмадық. Өйт­кені, 300 жыл бодандықта болған кезеңде қазақтың байырғы және бай тіліне деген қажеттілік төмендеді. Бүгінге дейін ана тіліміздің мүмкіндігіне күмәнмен қарап, оны күнделікті өмірде пайдалануға «на­мыс­танатын» ұрпақ өсті. Ал тіл мәселесі рух тәуелсіздігімен, сананың азаттығымен тікелей баланысты. Өз елімізде өмір сүре отырып, ана тілде сөйлемеуіміз, тәуелсіз­ді­гімізге көлеңке түсіретін жайт. 75 елде Қазақстанның елшіліктері мен өкілеттіктері орналасқан. Елі­міз был­тыр Еу­­ро­падағы қауіпсіздік жә­не ын­ты­мақ­­тас­тық ұйымына төрағалық етсе, биыл Ислам кон­­ференциясына басшы­лық жасап отыр. Осы айтылғандардан-ақ Қазақстанның әлем қау­ымдастығындағы орнын аңғаруға болады. Отто фон Бисмарк: «Әлжуаз заңдармен және жақсы шенеуніктермен мемлекетті басқаруға болады, ал жаман шенеуніктермен ешқандай да заң көмектесе алмайды», деген екен. Мемлекеттік қызметкер қашан­д­а өз орнын білуі керек. Біз, әскерилер си­яқ­ты Отан алдында ант қабылдаймыз. Бұл ең алдымен, өз мүмкіндігіңді, құқығыңды шектеу деген сөз. Әскерилер отбасынан жырақ­та казарма мен палаткаларда жатып, қажет болған жағдайда елі үшін ойланбастан жа­нын пида етуге дайын болуы керек болса, мемлекеттік қызметкер қызмет ба­бын пай­да­ланып, өзінің жеке басын күйіт­темеуге, парақорлыққа бармауға, жең ұшы­нан жал­ғасып, әлдекімдердің мүддесін қорғамауға міндетті. Яғни, кәсіби біліктіліктен кейін екінші орында оның тазалығы тұрады. Қазіргі кезде Елбасының сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргі­зу­інде де сол халық сенімінен айырылмау мә­селесі тұр. Мемлекеттік қызметкердің тұрмыс жағ­дайы, әлеуметтік деңгейі өзгеден төмен болмауы шарт. Олай болмаған жерде жемқорлық белең алатыны анық. Жетісу жері бүгіндері байырғы екі өл­ке­нің басын біріктірген үлкен облыс. Мұн­да бүгіндері 8,5 мың мемлекеттік қызмет­кер еңбек етеді. Соларды оқытып, кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында І. Жансү­гіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінен мемлекеттік қызметке арнал­ған мамандар дайындайтын бөлім ашылды. Оның жетекші профессоры да өзім және білімгерлерге сабақ беремін. Бүгіндері бұл бөлімде 150 білімгер оқып жатыр. Төрт жылдан кейін олар мемлекеттік үлгідегі диплом алып шығады. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет академиясымен келісім-шартқа отыру көз­­­­делген. Осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Болашақта Болон шартына сәйкес – бакалавриат, магистратура, докторантура жүйе­сінен өткен жас мемлекеттік қызмет­керлер даярланып шығатын болады. Азия бір заманда әлемдік саясатта ай­рықша ықпалды болған. Жер дүниені ба­ғын­дырған жаһангерлер де негізінен осы өлке­ден шығып отырған. Оған мысал ретінде Еу­ропада тұрақтап қалған Атилла жау­ын­герлерін, Шыңғыс ханның жеңілуді білмеген қолы мен Әмір Темірдің жо­рық­тарын айтсақ та жеткілікті. Ал тарихтың спираль сызығымен дамитынын ескерсек, қазақ да­ла­сының қайтадан дамып, дақ­пырты әлемге тарайтын уақыты келді. Міне, мен елімнің болашағына осындай үмітпен қараймын. Байлық жүрген жерде алакөздік қоса жү­реді. Мұнайым бар дегенше жауым бар деуге болады. Алайда, бүгінгі қазақ дип­ломатиясы алпауыт мемлекеттердің өкіл­де­рімен тең адам­дай сөйлесіп, ел мүддесін қорғауға мүмкі­н­дігі жетеді. Мұнда Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлының әлемдік деңгей­дегі абырой-беде­лі­нің ықпалын да айтпай кетуге болмайды. Мемлекеттік қызметке халықтың ішінен шыққан, ел мүддесін қара басынан жо­ғары қоятын ұл-қыздар келсе деймін. «Ха­лық пен партия – егіз ұғым» деген сияқты, тұрғындар шенеунік деген сөзден шо­шын­бай, қайта оларды өздеріне қамқоршы, қорғаушы деп қабылдаса, ұтарымыз мол. Біздің әрбір қате қадамымызды сырттан бақылап, адасуымызды күтіп отырғандар жоқ емес. Бүгіндері елімізде өріп жүрген түрлі діни ағымдар осының айғағы. Олар­дың бірде-біреуі Қазақ елінің мүддесін ойламайды. Керісінше, ту-талапайын шы­ға­р­ып, бөлшек­теп алуға әзір. Халықты билікке қарсы қой­ып, бүлік жасауға күш салатыны сондықтан. Ал біз оларға бірлігіміз бен даналығымызды қарсы қоюымыз керек. Міне, сонда ғана мемлекеттің тұтас­тығына сызат түспейді. Содан кейін жас ұрпақты білімді, мәде­ниетті, ұлтжанды етіп тәрбиелеуге ерекше мән берген жөн. Адамның бойында тектілік деген қасиет бар. Оны да дер кезінде оятпаса бұйығы қалпында қалуы мүмкін. Болашақ ұрпағымыз сол тектілігінен жазбаса деймін. Күн санап мерей шақ жақындап келеді. Ал, ұрпағымыз Алла жазса, 50-100 жыл­дық мерейлі мерекені салтанатпен атап өтіп жатса, әлем халқы осы қуанышымызға ортақтасып, бірге тойласа ғанибет емес пе. Бізден кейінгі ұрпақ осындай күнге жетсе деп армандаймын. Мұндай бақытты қазақ халқы сан ғасырлық тарихы ар­қы­лы жеңіп алғанын да ұмытпайық. Серікбай НҰРҒИСАЕВ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облыстық аумақтық басқармасының бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы.