Астанадағы алғашқы білім ошақтарының қарлығашы іспетті №38 мектеп-лицейдің кілтін Елбасынан салтанатты түрде қабылдап алғаннан бері елордамен бірге түлеген шәкірттерін қанаттандырып, білім көкжиегіне самғатып келе жатқан Жамал Базарқұлқызының ұстаздық еңбегі ерен.
Жаңа мектептің іргетасы қаланып жатқан кезде құрылысшы киімін киіп, әр кірпішінің кетігін тауып дұрыс қалануын жіті қадағалаған ол білім ордасының жанкүйер басшысы да, табанды тасшысы да бола білді. Әрине, бастапқыда Астананың ақшаңқан мектеп-лицейінің қай тілде оқытатыны жайында да дау-дамай болмай қалған жоқ. Ұлт пен тіл тағдыры ажырағысыз түйіншек болып таласқа түскен сындарлы сәтте Ж.Базарқұлқызының табанды ерік-жігерімен елорданың тұңғыш қазақ мектеп-лицейінің ашылуы ерлікке барабар еңбек еді.
1923 жылы қазақтың сол уақыттағы астанасы Орынборда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасқа толған мерейтойында Мұхтар Әуезов «Ахаң түрлеген қазақ мектебі, Ахаң түрлеген қазақ тілі – біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын нәрселер» деген екен. Яғни ұстаздың ұлы мұратын ұрпақ ұмытпайды. Бұл ретте Лондон қаласындағы тәуелсіз білім сарапшылары айқындайтын «Үздік мектеп» халықаралық байқауында «Білімнің алтын тәжі» атты марапатқа ие болған алқалы жиында айтқан сөзі әріптестерін қатты тебіренткені есте. Яғни елордалық педагогтің «Бұл – Астана қаласы білім беру жүйесінің жеңісі» деуі тәуелсіз елдің білім беру жүйесінің жеткен жетістігін мақтан еткені еді.
Бүгінде Ж.Базарқұлқызы жетекшілік ететін дарынды балаларға арналған №82 мектеп оқытудың жаңа технологиялары мен әдіс-тәсілдерін енгізуде, жаңартылған білім мазмұны бағдарламаларын жүзеге асыруда республика мектептерінің алдыңғы сапында келеді. Мектепте жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқытудың әдіс-тәсілдері барлық пәндерді оқыту қағидасына сай жүргізіледі. Оқу материалдары оқушының саналы түрде меңгеруін, функциялық сауаттылығын, сондай-ақ алған білімдерін жеке өмірінде кәдеге асыра алатындай етіп үйретуді мақсат тұтады. Мәселен, кейіпкеріміздің айтуынша, биология пәнінің өзіндік ерекшеліктері мен тәрбиелік мәні ұштастыру арқылы оқушыларға экологиялық мәдениетті сіңіруге болады. Өйткені қоршаған орта мен адамның саламаттылығы өзара тығыз байланысты. Табиғат тазалығы – жан мен тән тазалығы. Сондықтан биологиялық білім оқушыларды өмірге бейімдеп отырады. Биология пәнін оқыту әдістемесі оқушылардың жас ерекшелігіне де байланысты. Ол ұзақ жылғы педагогикалық тәжірибесінде оқушыны жеке тұлға, ой-пікірін жеткізе алатын жан ретінде тәрбиелеуге тырысады. Биологиялық ортаның сақталуы жайында айтқан сындарлы пікірлері назар аударарлық.
Оқушылардың биологиялық білімдері кеңейіп, қоршаған орта туралы танымдарының жетілуінде мұғалімнің әдістемелік және зертханалық жұмыстарының маңызы зор дейді білікті педагог. Өз әдіс-тәсілдерінің өзекті мәселелерді шешудегі рөлін сараптау және зертханалық тәжірибелер жасау жолымен жүзеге асырылатындығын жеткізген мұғалімнің айтуынша, әдістеме – ұзақ жылдың жемісі, талмай ізденбей нәтижеге жету мүмкін емес. Биология пәнін оқытудың өзекті мәселелерін анықтап алып, жоспарлы түрде мақсатты жұмыс жүргізуді, болжам мен күмәндардарға зертханада сараптама жасауды, эксперимент-сараптамалық жұмыстардың қорытындысы мен оқушылардың бақылау жұмыстарының нәтижесін салыстыра отырып теориялық байлам жасау мен оны дәлелдеуді жолға қойған. Өз пәнінің білгір маманы сабақ барысында теориямен шектелмей, сараптама-талдау бағытындағы жұмыстарды да жүргізеді. Химия-биология пәндерін жаңаша әдіс-тәсілдермен оқытуға зер салып отырады.
Диалогтық оқыту арқылы оқушылардың өзара білім беретінін, топтық жұмыста өз ойларын еркін айтып, дағдыланатындығын құптайды. Мұның бәрі ой елегінен өткізіліп, сабақ нәтижесіне қарай белгілі болады. Яғни білім беруде диалогтың маңызы зор. Диалог кезінде оқушылардың өз арасында және оқушы мен ұстаз арасында қарым-қатынас жүреді. Бұл қарым-қатынас негізінде білім алу үрдісі де жүріп жатады. Мұғалім сабақта оқушыларды топтастыру үшін «жануарлар мен құстарды» түрлі-түсті етіп пайдаланатынын және «үй құстары мен түз құстары» сияқты атаулармен оқушыларды қызықтыра отырып топтастыруға болатынын айтады. Осылайша, топтық жұмыста оқушылар түрлі идеялар мен көзқарастарын ортаға салады.
Талқылау барысында пікір алуандығы мен көзқарас айырмашылығы да орын алады. Осындай алуан түрлі пікірдің қорытындысы арқылы шынайы білім алуға болады. Үндемей отыратын оқушының өзі диалог арқылы белсенділік танытады. Қазіргі білім мазмұнын жаңартудың негізіне осы үдеріс басшылыққа алынып отыр, дейді майталман мұғалім. Бұл сабақта оқушылардың өз бетімен білім алуына жағдай туғызады. Мұғалім барлық процесті бағыттап, қадағалап отырады. Ж.Базарқұлқызы диалогтық әдісті биология сабағында қажетті әдістердің бірі деп санайды. Осы іспетті белсенді жұмыс жүргізілгенде оқушылардың бірлескен шешім қабылдауы мен сөйлеу мәдениеттері қалыптасады, өзіне деген сенімдері арта түседі.
Ж.Базарқұлқызының химия-биология пәндерінің әдістемесі турасында жазған әдістемелік мақалалары бірқатар республикалық баспасөзде жарық көрді. Шәкірттері аудандық, қалалық, республикалық пән олимпиадалары мен халықаралық ғылыми жобаларда үнемі жүлделі орындарды иеленіп келеді. Тәлім-тәрбие алған түлектері әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерін тәмамдап, ел экономикасын, білімі мен ғылымын, мәдениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосып жатыр. Ал ұстаз еңбегі көптеген құрметті марапаттармен бағаланды. Айталық қазақстандық мұғалімдер арасында тұңғыш рет шетелдік білімді сараптау орталығының рейтингі бойынша «Үздік білім беруші мұғалім» құрметті атағына ие болды. Биыл Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы. Арқаға қоныс аударғанда Алатау баурайынан келген алғашқы лектің қатарында болғандықтан, майталман мұғалім һәм мектеп менеджері ретінде елорданың білім саласын алға жылжытуда Жамал Базарқұлқызының да елеулі еңбегі бар деуге толық негіз бар. Маулетқали РАХЫМБАЕВ, Білім беру ісінің үздігі