• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Ақпан, 2018

Талдықорған «ақылды қалаға» айнала ма?

992 рет
көрсетілді

Алматы облысының орталығын мекендейтін тұрғындардың ресми саны бүгінде 172 мың адамнан асады. Бұл шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ілгерлеуді білдіретін жетістікпен қатар, атқарушы билікке қосымша жауапкершілік жүктейтін салмақты сын болып отыр.

Әсілі, қала жағалаған елдің қатары кө­бей­геніне қарап, аймақтағы орта­лық­тың қалыпты даму жолында екендігін бағамдауға болады. Деректер де осыны әйгілейді. Мысалға, 2017 жыл­дың қо­ры­тындысы бойынша Талды­қор­ған­дағы өнеркәсіп өндірісінің өнім көлемі 67 млрд теңгеден асып жығылған. Сөй­тіп бұрнағы жылмен салыстырғанда 15 пай­ызға артқан. Жыл ішінде 7 кәсіп­орын іске қосылса, қалыпты жұмыс істеп тұр­ған 2 өнеркәсіп кеңейтіліп, жаңғыр­тыл­ған екен.

«Талдықорған» арнайы индустриялық аймағының жұмысына да жан біте бас­таған. Қазір мұнда 2 кәсіпорын жұ­мыс істеп тұр. Нәтижесінде 237 адамға тыңнан жұмыс табылып, еңбекпен қам­тылған. Шаһарда өндіріспен қатар ауыл­шаруашылық өнімдерін дайындау да жолға қойылып келе жатыр. Былтырғы жылы 16 млрд теңгенің өнімі алынғаны осыны көрсетеді. Тағы бір атап өтерлігі, қалаға қарасты 71 шаруа қожалық «Агробизнес - 2020» бағдарламасы шеңберінде 5 кооперативке бірігіп, шаруасын дөңгелетіп отыр.

Жалпы, еліміздегі облыс орталық­та­рының барлығына тән үрдіс қаладағы шағын және орта бизнестің дұрыс жолға қойылуы болса керек. Талдықорғанда да бұл бағытта айтуға тұрарлық іс бар. Дәл осы шағын және орта бизнес саласында 2017 жылы 58,1 млрд теңгенің өнімі шығарылып, 352 жаңа жұмыс орыны құрылыпты. Ресми дерек көзі қалада 26 мың адамның жеке бизнеспен шұғылданып, 9861 нысанның тұрақты жұмыс істеп тұрғандығын айтады. Ал қаланың даму индексіндегі басымдыққа ие сала құрылыстың қызу жүріп жатқандығы болып тұр. Соңғы жылдар ішінде қала аумағында 2 жаңа шағын аудан салынып, тұрғын үйлер саны көбейді. Қазір қала билігі көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысын көбейтумен қатар коттеджді қалашық салуға білек сыбанып кірісіп кетті. Би­ыл­ғы жылдың соңына дейін құны 2,4 млрд теңге болатын 202 пәтерлі 166 коттедждің құрылысын аяқтау мақсаты тұр. Ал бюджет қаражаты есебінен 520 пә­терлі 9 көп қабатты үй, жеке қаражат есе­бінен 195 пәтерлі 4 көп қабатты үй салып, пайдалануға беру жұмыстары өз ал­дына бөлек міндет. Мұның сыртында көшелерді жөндеп, аулаларды аббаттандыру сияқты жұмыстар да күн тәртібінде тұр. Дәл осы жерде жеке кәсіпкерлердің көмекке келіп жатқанын айту парыз. Талдықорғандық қалталылар биыл 100 ауланы жасақтап, жарқыратып бермекші екен.

Әрине, қалада әлеуметтік мәселе де аз емес. Мәселен, қаладағы қоғамдық кө­ліктердің қызмет көрсетуіне қатысты жиі дау шығады. Тасымалдаушы компа­ния­лар тарифті көтергенімен, қыз­мет сапа­сын жақсарта алмай отыр. Авто­бус­тардың техникалық талаптарға сай еместігі де жолаушылардың жүйке­сін түт­кен жайт. Әсіресе, қала маңындағы сая­­жай тұрғындарының қоғамдық кө­лікке қатысты өкпесі қара қазандай. Осы елді мекендердің ауыз сумен то­лық қам­тамасыз етілмеуі де қала бас­шы­лы­ғы­ның жұмысына сын болып отыр.

Қалада орталық жылу жүйесіне қосылмаған жеке тұрғын үйлердің саны көп. Қыс бойы қатты отын тұтынатын тұрғындар тал мен дарақ қоршаған жасыл қаланың «өкпесін» түтінмен ыстап шығады. Оның үстіне биыл саршұнақ аяз кәріне мінгенде, көмір тапшылғы болып, жұрт әбігерге түсіп қалды. Сүйінерлігі, облыс орталығына көгілдір отын жетті. Бір жыл бұрын басталған қаланы газдандыру жұмысы жалғасуда. Қазірге дейін табиғи газға 393 абонент қосылған. Тұрғын үйлерді толықтай газбен қамту аяқталғасын, қаланың экологиялық мәселесі де шешіледі деген үміт бар.

Айтпақшы, Талдықорғанның таяу болашақта «Smart sity» жобасы аясында жаңа сипатта дамуға толықтай мүмкіндігі бар. Еліміздегі цифрландыру бағдарламасының шеңберінде қаладағы бірқатар нысандардың жұмысын жандандырып, қызмет көрсетуді жаңа бағытта қолға алуға қадам жасалып жатыр. Қала қауіпсіздігін бейнеқұрылғылар арқылы қадағалау сәтімен жүзеге асты. Облыс орталығындағы бейсауыт жүрісті қалт жібермейтін 669 камера жұмыс істейді. Және аталған құрылығылардың бар­лығы ішкі істер органдарының басқару орта­лығана тікелей жалғанған, бұл тәртіп сақ­шыларының жедел дабыл беру мен жыл­дам әрекет ету мүмкіндігін еселеп арттырған. Еліміздегі ең алғашқы робот-полицей де осы Талдықорғанда жұ­мы­сын бастады. Жасанды интеллектіні да­мытуға арналған алғашқы қадамның нә­тижесі туралы «Егемен Қазақстанның» оқыр­мандарын бұған дейін құлағдар еткенбіз.

Діттеп келгенде, Талдықорғанның «Ақылды қалаға» айналуына толық негіз бар. Қазір жетісулық жас инженер Талғат Абылаев «Талдықорған Smart sity» жобасының тұжырымдамасын жа­сап жатыр. Ізденімпаз түлек бұған дей­ін қала тұрығындарының қажетін өтей­тін цифр­лы жоба – «Tinfo» мобильді қосым­ша­сын дайындап, іске қосқан болатын.

Тағы бір жаңалық, жақында қала әкімі Бағдат Қарасаев тұрғындарға есеп беру кезінде Талдықорған маңындағы Мойнақ аулында күннен қуат алатын станса салынатынын айтып қалды. Биыл құрылысы басталатын күн батереялары стансасы электр қуатын өндіруге қол жеткізсе, қала тұрғындары тұтынатын энергия құны да едәуір төмендейтін болады. Демек, келер күннен үміт мол.

 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы