Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммедті Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі етіп сайлады. Сондай-ақ осы күнгі жиын аясында депутаттардың үштен бірі сауалдарын жария етті. Яғни қоғам өміріндегі маңызды мәселелер қамтылған 17 депутаттық сауал Премьер-Министр мен Бас прокурорға және Ұлттық банк төрағасының атына жолданды.
Алдымен сенаторлар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Солтүстік және Орталық Азия үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты келісімді ратификациялады. Келісім Алматы қаласында 2013 жылғы қарашада ресми түрде ашылған Солтүстік және Орталық Азияға арналған Субөңірлік бөлімшенің жұмысын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Бұл құжат транзиттік сауда, су және энергетика салаларындағы біріккен жобалар бойынша Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясымен (ЭСКАТО) ықпалдастығын нығайта түседі. Сондай-ақ Қазақстан тарапына Бөлімшенің жұмысына және кейбір бағдарламаларды іске асыруға бөлінетін ерікті жарна бойынша Бөлімшеден жыл сайын есеп алуға мүмкіндік береді. Осы заң жобасы бойынша баяндама жасаған Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов аталған келісімнің 8-бабына сәйкес, Субөңірлік бөлімшенің әкімшілік және қаржылық рәсімдеріне қатысты қосымша халықаралық шарт жасау көзделгенін айтты. «Әкімшілік және қаржылық келісімге сәйкес, қазақстандық тарап ЭСКАТО-ға жыл сайын 100 мың АҚШ долларын, кеңселік үй-жайды және бағдарламалық іскерлік іс-әрекет шараларын жабуға бөледі. Сонымен қатар кеңселік үй-жай береді. Осы заңды қабылдау республикалық бюджеттен келісімде қарастырылған сомадан басқа қосымша қаражат бөлуді қажет етпейді», деді ол. Министр сонымен бірге қарастырылып жатқан мәселенің саяси маңыздылығын да атап өтті. «Келісімнің ратификациясы Қазақстанның ЭСКАТО-ның мақсаттары мен міндеттеріне бейімделуге, Азия және Тынық мұхит өңірлерімен байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Субөңірлік бөлімше Елбасының бастамасына сәйкес, Алматы қаласындағы көпжақты дипломатия жөніндегі халықаралық хабын құру тұжырымдамасына сай келіп отыр. БҰҰ хабы халықаралық ұйымның Орталық Азиядағы ұйымдарының тиімділігін арттыруға бағытталған», деді Қ.Әбдірахманов.
Отырыста 1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы үкіметаралық хаттама ратификацияланды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов таныстырған заң жобасында қолданыстағы заңнамаға сәйкес, конвенция қолданылатын Қазақстан мен Әзербайжан салықтарының атаулары нақтыланған. «Жаңа мәтінде уағдаласушы мемлекеттерде резиденттікті айқындау және тұрақты мекеме құру тәртібін реттейтін баптардың ережелері де нақтылана түсті», деді баяндамашы.
Осы күнгі отырыс аясында Сенат депутаттары Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялады. Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин таныстырған заң жобасы екі ел арасында ұстап беру және ұстап беруден бас тарту негіздерін реттейді. Сондай-ақ 2017 жылғы 15 маусымда Ханойда жасалған Шарт әрбір уағдаласушы мемлекеттің өз аумағында болатын, ұстап беруге алып келетін қылмыстар үшін қылмыстық қудалау немесе сұрау салушы тараптың аумағында соттың үкімін орындау мақсатында іздестіріліп жатқан адамды ұстап беруіне бағытталған.
Газеттегі мақала депутаттық сауалға негіз болдыКүн тәртібіндегі мәселелер қаралып біткен соң, сенаторлар әдеттегідей депутаттық сауалдарын тиісті ведомство жетекшілерінің атына жолдады. Ең қызығы, бұл жолғы отырыста депутаттардың үштен бірі сауалдарын жария етіп, белсенділік танытты. Қоғам өміріндегі маңызды жайттарды қамтыған 17 депутаттық сауалдың біріне «Егемен Қазақстан» газетінің осы жылғы 26 қаңтардағы санында (№18 (29249) «Ақыл-ой көші ары асып бара ма?» деген тақырыппен жарияланған мақаладағы қозғалған өзекті мәселе негіз болған. Айта кетейік, басылымның Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Өмір Есқали мақалада соңғы жылдары теріскей өңірлердегі шекаралық елді мекендерде туып-өскен, білім алған балаларымыздың көрші елдің орта және жоғары оқу орындарына құжат тапсыруы жиі көрініс бере бастағанын баяндаған болатын.
Осы орайда сенаторлар Б.Әйтімова мен М.Бақтиярұлы өздерінің бірлескен депутаттық сауалдарын Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына жолдады. «Соңғы жылдары Ресейдің жоғары оқу орындары шекаралық облыстардағы елді мекендердегі мектеп оқушыларын іріктеп, дарындыларын өздеріне оқуға шақыру фактілері жиілеп кетті. Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстанның мектептерінде әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, білімділерін ерте бастан іріктеп алып, тегін оқуға мүмкіндік беретін сертификаттар табыстауда. Әрине жастардың таңдау еркіне, талап-тілектеріне шектеу қоя алмаймыз. Шетелде білімі мен біліктілігін жетілдіріп келгеннің еш айыбы жоқ. Бірақ олардың өзге елдерге жаппай кетуі бізді толғандырады. Сонда Қазақстан тарапы басқа мемлекеттің экономикасы мен әлеуметі үшін қаржы шығындап, орта білім берген болып шығады. Бұл – ақыл-ой көші, экономикаға пайдалы жастық қуаттың, жұмыс әлеуетінің кетуі. Он бір жыл мемлекеттен әр баланың білім алуына 3 млн 200 мың теңге қаржы бөлінетінін, бір тұлғаның қалыптасуына әлденеше адамның тер төгетінін, өзгелерге дайын еңбек күшін үлестіріп отырғанымызды еске алсақ, бұл ел үшін үлкен шығын, экономикалық, адами капитал, шашылған дарын екеніне көз жеткіземіз.
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, осы аталғандардың негізінде шекаралық елді мекендерде туып-өскен, білім алған мектеп түлектерінің көрші елдің орта және жоғары оқу орындарына ауысу себептерінің алдын алып, еліміздің келешегі ақыл-ой иелерінен көз жазып қалмау жолдарының кешенді іс-шарасын қарастыруыңызды сұраймыз», делінген депутаттық сауалда.
Сонымен қатар сенатор Сәуле Айтпаева кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірсе, Бірғаным Әйтімова құлағы ауыр балалардың білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету туралы айтты. Ал Динар Нөкетаева ұстаздар мәртебесін көтеруді ұсынды. Нариман Төреғалиев елді мекендерді, ауылдық жерлерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етудің ерекшеліктерін көтерді. Дархан Кәлетаевтың депутаттық сауалы қоршаған орта мен табиғи ресурстарға мониторинг жүргізудің Бірыңғай мемлекеттік жүйесінің қызмет етуі, сондай-ақ бірыңғай электрондық тұғырнамасын құру турасында өрбісе, Рашит Әкімовтің сауалы елді мекендердегі ауаның ластануы жөніндегі өзекті мәселелерді зерттеу үшін мекемеаралық комиссия құру қажеттігіне бағытталды. Ғұмар Дүйсембаевтың сауалы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы болды.
Ал Әли Бектаев «Қазақстан Республикасындағы гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» арнайы бағдарлама қабылдау мәселесін көтерді. Төлеубек Мұқашев өз сауалында жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға қатысты ой қозғады. Сол сияқты Серік Жақсыбеков Шымкент – Ташкент автомобиль жолының бойына орналасқан «Жібек жолы» телефон стансасының сатылуына Бас прокурордың назарын аударды. Сәрсенбай Еңсегенов мал ұрлығына жауапкершілікті қатайту қажет деп санайтынын білдірсе, Дулат Құсдәулетовтің сауалы криптовалютаны заңнамалық тұрғыда реттеуге бағытталды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»