• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2011

Бақыттың бір кілті – шығармашылық

421 рет
көрсетілді

Жиырма жылдың бедерінде тәуелсіз елдің ақпарат айдынында бір кездері өзіміз көксеген қазақ тіліндегі тамаша басылымдар пайда болды. Енді олардың санын емес, сапасын ойлайтын кезеңге де келдік. Мемлекеттік тілде дүниеге келген басылымдардың ішінде оқырманға тұрақты жол тартып келе жатқаны – ер-азаматтарға арналған «Сұл­тан» журналы. Бір қызығы, бұл журналды ерлердің өзі емес, айдай сұлу қыз-келіншектер шығарып отыр. Аталмыш журналдың бас редакторы Әсия НҰРАЛЫҚЫ­ЗЫ­МЕН әңгімеміз де осы журнал жайында өрбіген. – ...Журналдың редакция ал­қасы түгелдей дерлік қыздар. Неге десеңіз, сәл шегініс жасайық. 2001 жылы «Қазақстан» телеарна­сының біраз журналистері «қыс­қартылып», қолында билеті бар, бірақ пойызы кетіп қалған жо­лаушыдай өмір-перронда аңтары­лып қалдық. Қазақ «Қатын ашуланса, қазан қайнатады» дейді ғой. Сол айтпақшы, жанталасып біреуіміз бала тудық, біреуіміз күйеуге тидік, біреуіміз үй сал­дық, біреуіміз бизнеске кеттік. Әйтеуір, қарап отырмадық. Қолы­мыздан келгенді жасадық. Ал кейбіреулері... Сатирик Көпен Әмірбек бірде: «Мен өмірде Құдайдан қорқамын, содан кейін көшеде өзі­мен өзі сөйлесіп келе жатқан әйелден қорқа­мын», деген еді. Арамызда Көпенді сөйтіп қор­қытуға жақындап қалғандар да болды. Сонда да ақиық ақын Жұбан ағамызды қайран қалдырған қазақ қыздары емеспіз бе?! Анда барып, мұнда барып, тиіп-қашып мақала жазғаннан түк шықпайтынын білдік. Әрі өзім де қазақтың ер-азаматтарына арналған қазақ тіліндегі сапалы да мазмұнды журнал шығаруды көксеп жүретін едім. Бәріміз жиналып журнал шығаруды ұйғардық. Мақсатымыз – ел азамат­тарының дарындыларын, ақылдыларын, та­лант­тыларын, қысқаша айтқанда жігіттің сұл­танын қазаққа таныстыру болды. Жігіттің сұл­тандарын бүгінгі бала – ертең ел тізгінін ұс­тайтын жастарға үлгі ету еді. Сөйтіп, жур­на­лымыздың атын «Сұлтан» деп қоюға ұйғардық. – «Сұлтан» сияқты сапалы қағазға басылған 100 беттік журналды шығару оңай еместігі айтпасаңыз да аян. Десек те, журнал қалай дүниеге келді? – Бастапқыда қалталы ұлтшыл азаматтарға айтсақ, осы бастамамызға қолдау көрсетер еді деп ойлаушы едім. Мұның бәрі бекер екен. Мүмкін адамына жолыға алмадық па? Әрине, бұл бөлек әңгіме. Сонымен не керек, қарызға баттық, несие алдық, сөйтіп жүріп осы журналды жарыққа шығардық. – Ол өзін өзі ақтап жатыр ма? Өйткені, соңғы он жылдың бедерінде талай журнал ашылып, талайы жабылып қалды. – Мен әлі журнал шығарып, байыған қазақты көрген жоқпын. Бастапқыда барыңнан айырыла­сың. Бірақ, өзіміз қазақ болғаннан кейін қазақ тіліндегі тамаша басы­лым шығаруды көп жылдар көк­сеген едім. Оның үстіне біздер Петропавл жақтың қазағымыз. Тілі­міз­дің де, діліміздің де әбден теперіш тартқанын көріп өстік. На­мыстандық, қор­ландық... Жұрт­тың қазақша да сөйлейтінін Алма­тыға келгенде көргенбіз. Одан бері де талай заман өтті. Әлі де ана тіліміз төрт аяғына тең тұрған жоқ. Біздің тірлік «Сұлтан журналы» өз тілімізді өркендетуге септігін тигізуден туды десем де болады. – Өтпелі кезеңде байырғы басылым­дар­дың да тұралаған, тиражы құлдырап, қинал­ған кездері болды. Сіздің де энтузиазмға толы тірлігіңіз пессимистік ойларға жетелеген кездері болған болар? – Әрине, болды. Дегенмен, осы істі әйтеуір бір адам бастауы керек емес пе? Қолды қусырып қарап отырсақ, қалай алға жылжимыз? Мен осы шаруаны қолға алып, бастап көрейін деп ойладым. Әлі күнге дейін жүрегім ауыратын жәйт, «осындай-осындай ер-азаматтарға арналған жур­нал шығарып жатырмыз» деп, ісі алға дөң­гелеп тұрған компанияларға, жарнама беруге мүдделі жандарға барғанымызда журналы­мызды көрмей тұрып-ақ ат-тондарын ала қашатын. – Қалай десек те, мазмұны жағынан да, сапасы жағынан да сіз шығарып отырған журнал талғамы биік, өресі жоғары, сөздің парқын білетін оқырманға арналған. Алайда, қазірге бізге салыстырмалы түрде қымбаттау көрініп отырған «Сұлтанды» қалың көпші­лікке қолжетімді етудің тетіктерін ойлас­тырып көрдіңіз бе? – Иә, біздің журналдың әр нөмірі 650 теңге тұрады. Одан әлдеқайда қымбат журналдардың да өз оқырманы бар. Бір кездері біздің оқыр­мандар жілігі татымайтын арзаннан, ұсақт­ық­тан жалығатын болады. Қазір 650 теңгеге неге үш журнал алмаймын деп ойлатындар бар. Бірақ, бүгінде сол үш журналдың жабылып жү­ріп айта алмағанын, жаза алмағанын бір ғана журналдан табуға болатынын түсінген оқыр­мандар қатары пайда болуда. Бізде көпірме сөз жоқ, артық мадаққа бармаймыз. Қолымыздан келгенше шынайы мақалалар мен сұхбаттар жасауға ұмтылып келеміз. Әлемдегі алдыңғы қатарлы басылымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, ер-азаматтарға қай жағынан болса да пайдасы тиетін айдарлар аштық. Қаражат жа­ғы­нан қиналып, журналымызды шығаруды тоқ­татқан кездері іздеген оқырмандар да болды. – Ерлер үшін билік пен мансапқа жетудің құпиясы мен кілтін ашатын Роберт Гриннің нөмір сайын тұрақты аударылып келе жатқан кітабы да кез келгеннің қолына түсе бермейді. Тағы қандай айдарлар сұранысқа ие? – Өмірдің өзінен алынған айдарлар әбден екшеліп, керегі оқырманға жол тартып отыр. Ал Роберт Гриннің сіз айтқан кітабын қазақ тілінде сөйлеткен тәжірибелі журналист Гүлмә­рия Барманбекова. Аудармашы тілінің қаза­қы ұғымға жақын әрі шұрайлы екенін оқыр­мандарымыз орынды бағалады. Ең бастысы, өз журналымыз арқылы азаматтарды сатқындық жасаудан сақтандырып, жалған сөйлеуден сақ­тануға, шыншыл болуға үндейміз. Екі жүзділік ешкімге опа бермейтінін айтамыз. Журналда дәстүр де, психологиялық кеңестер, денсаулық мәселесі де, ер азаматтың пырағы – атбегілік, бәрі-бәрі бар. – Осы журналды дүниеге әкелгеніңіз үшін қуанған сәтіңізді еске алыңызшы. – 2006 жылдың қазанында журналдың тұңғыш нөмірін жарыққа шығардық. Өзім армандаған, өзім көзіме елестеткен журналдың алғашқы нөмірінің мұқабасында Мейрамбек Беспаевтың суреті бар. Бұл нөмір бізге ыстық. Бір қызығы, осыған дейін біз журнал шығарып көрмегенбіз. Телевизия саласында қызмет атқардық. – Жуырда ғана «Ханым» деген жаңа журналдың тұсауын кестіңіздер. Қазір қыз-келіншектерге арналған басылымдар кө­бейді. Бәсекелі орта қалыптасып келеді. Қиын болмай ма? – Бір қуантқаны, журналдың алғашқы нө­мірін көргендердің бірқатары жаңа журналдың индексін сұрап, қайда жазылуға болатындығын білгісі келеді. Осыған қарағанда, бағытымыз дұрыс деп есептеймін. Ең бастысы, ештеңеден қорықпау керек екен. Алдымызға үлкен мақсаттар қойып, армандауды және соған жетуді үйренуді өмірдің өзі оқытып жатыр. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.