• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2011

Жүрекке әжім түспегенімен, салмақ түседі

799 рет
көрсетілді

Жазушы Шерхан Мұртазаның «Жүрекке әжім түспейді» деген шығар­масын сүйсіне оқып, көңіл шіркіннің қартаймайтынын жақсы білгенімізбен, адамзат баласының лүпілдеген осы бір нәзік мүшесіне салмақ түсетінін, ол соның салда­рынан түрлі ауруларға ұшырайты­нын жақсы білеміз. Еліміздегі     А.Н.­Сыз­­ганов атындағы Ұлт­тық ғы­­лы­ми хирургия орталығы, Кардиология ғылыми-зерттеу инсти­туты, Ұлт­тық саламатты өмір сал­тын қалып­тастыру республикалық орта­лығының білікті дәрігерлері облысқа арнайы келіп, жүрек ау­рулары бо­йынша емдеу және алдын алу жөнінде өңір маман­дарына кеңестер беріп, дерті дендеген науқастарды қабылдады. Мақ­сат – еліміздің 2011-2015 жылдарға ар­налған «Саламатты Қазақстан» бағ­дарламасын іске асыру мен жүрек-қан айналымы ауруларынан қайтыс бо­латындардың санын азайтуға үлес қосу. Жүрек ауруы бойынша бүгінде облыста 8 мыңнан астам адам есепте тұр. Статистикалық мәліметтер бо­йынша, еліміздің оңтүстік айма­ғы, оның ішінде Жамбыл облы­сының тұрғындары арасында жүрек дертіне шалдыққандар саны көп. Ол шамамен 100 000 тұрғынға шақ­қанда 222,4 адамнан келеді екен. А.­Н.Сыз­ғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры Жеткерген Арзықұлов­тың айтуынша, оңтүстік халқына жылына 7,5 мың адамға жүрек ақауы бойынша түрлі оталар жаса­лады. Әсіресе, балалар арасында асқындап отырған туабітті жүрек-қолқа кемістігі ауруына ұшы­рай­тындарға хирургиялық кө­мек­тер аса көп қажет. Себебі, дүниеге келі­сімен-ақ күрделі жүрек ақауы байқал­ған балалардың 80 пайызы 1 жасқа жетпей осы дерттен көз жұмады. Осыған байланысты жүрек дертінен болатын аурулардың алдын алу, емдеу жұмыстарын жандан­дыру үшін кедергі болып отырған мәсе­ле­лерді шешуге көмектесу және ақыл-кеңес беріп, облыс дәрі­герлерін алдағы уақытта бұл бағыт­та атқа­рылар жұ­мыстардың жоспа­рымен таныстырып, олармен өзара тәжі­рибе бөлісуге келген білікті мамандар Байзақ, Жамбыл аудан­дарында болып, мұқтаж науқас­тарға тексеру жұмыстарын жүр­гізді. Квота арқылы ұлттық ғылы­ми-зерттеу институт­тарына барып емделу жө­нінде бір­қатар науқас­тарға жолдамалар беру туралы ұсы­ныстар жасады. Жүрек-қан тамыр­лары аурулары бо­йынша респуб­ликадағы үздік сана­латын ғылыми орталықтың білікті маман­дары аймақ дәрігерлерімен жұ­мыс тәжі­ри­белері бойынша пікір алма­сып, шеберлік сыныбын өткізді. Соны­мен қатар, жүрек ауруынан болатын өлім санын азайту үшін мекемелерді ангиографиямен қамта­масыз етіп, аортографиялық жалғау шунт­тары тәрізді жолдармен емдеу жүр­гізетін кадрларды резидентурада оқы­тып, оларға жаңа инно­вациялық тех­нологияларды кеңінен қолдануды үйрету қажет екендігін түсіндірді. Облыста биыл жүрек аурулары бойынша науқастарға арналған 25 орынға арналған кардиодиспансер ашылған болатын. Сондай-ақ, облыс­тық ауруханадағы шет мемлекеттерде біліктілігін арттырып келген арнайы кардиолог-мамандармен жасақталған кардиохирургия бөлім­шесінің де жұмыс істеп жатқанына 2 жыл болды. Бөлімшені басқа­ратын Талып Ашировтің айтуын­ша, бөлімде аптасына 10-15 күрделі оталар жасалады және олардың барлығы сәтті аяқталуда. Операциядан кейін науқастар тез арада айығып кетуде. Тек дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгін­бей, дерті асқынғанда ғана ақ халат­ты­лардан жәрдем сұрайтындар да бар. – Сондықтан, тұрғындар алдын ала дәрігерге көрініп, тиісті ем қабылдаса, жүрек-қан тамырлары аурулары азай­ған болар еді, – дейді Т.Аширов. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.