Оңтүстік Қазақстанда өткен іс-шаралар елдің дамуы мен қалыптасуындағы Елбасының рөліне арналды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тәуелсіз еліміздің қалыптасуындағы шешуші рөлін жан-жақты көрсету мақсатындағы іс-шаралар Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ашылған «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі кешен көрмесінен басталды.
Көрмеге Елбасы кітапханасынан, мұрағат қорларынан алынған 800-ге тарта жәдігер қойылған. Олардың қатарында Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары, мемлекет басшылары мен отандық авторлардың қолтаңбасы бар кітаптар, сондай-ақ Мемлекет басшысының шетел тілдеріндегі еңбектері бар. Жәдігерлер төрт бөлімге жинақталған. «Көшбасшы жолы» деп аталатын алғашқы бөлім Елбасының өмір жолына арналған. Одан кейінгі «Көшбасшы феномені» бөлімінде Президенттің саяси бейнесі Семей ядролық полигонын жабу, Астананы ауыстыру секілді тарихи шешімдер арқылы суреттеледі. Көрменің ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы-Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков ел тарихындағы Елбасының жаһандық қызметіне, еліміздің халықаралық беделінің қалыптасуы мен нығаюындағы тұлғалық тарихи рөліне тоқталды. «Алғашқы рет мұндай көрме өткен жылдың аяғында тәуелсіздігіміздің тал бесігі, Отанымыздың екінші астанасы – Алматыда өткізілген болатын. Екі айдың ішінде 70 мыңнан астам алматылықтар тамашалаған көрме бүгін шырайлы Шымкент қаласында ашылып отыр. Әрине бұл кездейсоқ емес. Себебі Оңтүстік Қазақстанның еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуындағы рөлі аса зор. Екіншіден, бұл өңір – халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрінің кеніші, ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарымыздың қаймағы бұзылмаған ордасы. Шымкент баршамыз үшін әрі ыстық, әрі жүректерімізге жақын. Көрменің аясында киелі Түркістан қаласында және облыстың бірнеше оқу орындарында кездесулер, семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылатын болады. Ол шаралар облыстың мәдени және рухани өмірінде елеулі оқиға болады деп үміттенеміз», деді Махмұт Қасымбеков.
Оңтүстік өңірінде өз жұмысын бастаған көшпелі көрме жобасының маңыздылығын облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та атап өтті. «Көрмеден алар тағылым мол. Мемлекет басшысы ел тарихындағы шешуші кезеңдерді, еркіндік пен тәуелсіздікті аңсаған халқының арманын орындады, жүзеге асырды. Қысқа мерзім ішінде еліміз жүздеген жылдарға татитын ғажайып даму кезеңін артқа тастады. Еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыда айрықша өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты жақсарды. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында еліміз достық пен келісімнің мекеніне айналып, әлем елдеріне үлгі болды. Тәуелсіздік және Елбасы ажырамас ұғымдарға айналды. Елбасымыздың өмірі мен қызметінің тарихын, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ерен еңбегін, егеменді еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен әлемдік қоғамдастық мойындаған табыстарын айшықтайтын бұл көрмені оңтүстік жұртшылығы мақтан тұтып, жоғары бағалайтынына сенімдімін», деді Ж.Түймебаев.
Сондай-ақ көрменің ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған кітапхана жобасының маңыздылығына тоқталды.
Көрменің алғашқы көрермендері қор жинақтарындағы құжаттармен, Елбасымызға берілген 50-ден аса шетел мемлекеттерінің жоғары марапаттарымен, сондай-ақ қару топтамасының жәдігерлерімен, қолтаңба жазылған сый кітаптармен танысты. Айта кетелік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылатын жоба аясында мектеп оқытушыларына, кітапхана, архив, музей қызметкерлеріне арналған «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» аймақтық кәсіби сессия, шолу және тақырыптық экскурсиялар іспетті бірқатар іс-шаралар өтті. «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі мамыр айына дейін жалғасады.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде де жақсы іс жалғасын тапты. Мәртебелі қонақтар университеттегі Н.Назарбаев орталығында болып, оның бүгінгі жұмысы мен болашақтағы жоспары туралы ой бөлісті. Сонымен қатар университеттің спорт кешендерінде болып, 12 қабаттық Студенттер үйіндегі студенттердің тұрмысымен, «Қосымша мамандық» орталығындағы 14 студенттік үйірменің жұмысымен танысты.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Н.Назарбаев феномені: саяси ұстанымдар мен бастамалар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
АҚШ, Ресей, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен келген сарапшылар мен талдаушылар, ғалымдар, шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысқан конференция барысында «Елбасытану» ғылыми-әдістемелік орталығының тұсауы кесілді. Ғылыми-әдістемелік орталықта студенттің ізденісін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында барлық жағдай жасалған. Әрбір ізденушінің қажетті мағлұматтарды оңай тауып, білімін жетілдіре түсуіне мүмкіндіктер заманауи тұрғыда қаралған. Ғылыми-тәжірибелік конференция да жергілікті жастардың шетелдік замандастарының көзқарасын, Елбасы еңбегіне қатысты пікірлерін білуге мүмкіндік берді. Алдын ала айта кетелік, конференцияда АҚШ-тың Кентукки штатынан келген «Studens without borders» жастар ұйымының өкілі Бернет Джордж Травис, Еуразиялық комиссияның ынтымақтастық жөніндегі клубының жетекшісі, Бейбітшілікті дамыту Еуразиялық зерттеу институтының құрылтайшысы, ресейлік Марат Шафигуллин, Тәжікстан тау-кен, металлургия институтының 5 курс студенті Бокизодо Домулло, Қырғыз Республикасы Жастар бастамаларын қолдау қоры – YAF координаторы Лира Момуналиева сынды жастар Елбасы Н.Назарбаевтың саяси еңбектері мен әлемдік деңгейдегі баянды бастамалары, бағдарламалық мақалаларының қоғам өміріне әсері жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков оқып берді. Сондай-ақ М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Жұмахан Мырхалықов Елбасы еңбектерінің қоғам, оның ішінде жастар өмірінде алатын орны мен мән-маңызына тоқталып, оқу үдерісіне енгізіліп жатқан жаңашылдықтар жөнінде айтып өтті. Негізгі баяндаманы жасаған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов өз сөзінде тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Елбасы Н.Назарбаевтың жаһандық рөліне тоқталды. «Тәуелсіз Қазақстанның дамуы және қалыптасуының жаңа тарихында Президенттің саяси көшбасшылығының мәні мен рөлі сөзсіз маңызды екені белгілі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси батылдығы, стратегиялық дарыны, көздеген мақсатқа жетудегі табандылығы мен өзіне деген сенімділігі – бүгінде әлем қоғамдастығы мойындаған толағай табыстарымыз бен Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасуының негізіне айналды.
«Назарбаевтың саяси көшбасшылығы» және «Назарбаев феномені» ұғымдары саясаткер, сарапшы, саясаттану ғалымдары мен публицистердің сөздік қорына тұрақталып, басты назардағы зерттеу нысандарының біріне айналып отыр. Н.Назарбаевтың көшбасшылық феномені зерттеушілердің саяси көшбасшылықтың белгілі үш моделінің негізінде түсіндіріледі, олар – тұлғалық болмысы, лидерлік стилі, өзгермелі тарихи жағдаяттар. Міне, сондықтан «Назарбаев феноменін» ең алдымен, Елбасының болашаққа бағытталған саяси стилі, қоғаммен қарым-қатынас және стратегиялық басымдықтары арқылы қарастыру қажет. Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көшбасшылық жетістіктері мен халықаралық аренадағы теңдессіз биік беделіне жеке қасиеттері, соның ішінде өзіндік ұстанымына беріктігі, көзқарастарының нақтылығы, кедергі мен қиындықтарға төтеп беріп, алған бетінен қайтпай, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін табандылығы себепші болған. Нұрсұлтан Назарбаевқа тән барлық қасиеттер ең жоғары халықаралық деңгейдегі мемлекет қайраткеріне лайықты мықты көшбасшылық бастаманы таныту болып табылады», деді Әмірхан Мұратбекұлы. Конференция соңында баяндамалар талқыланып, жастарға берері мол осындай игі істердің басқа да оқу орындарында өткізілуі тиіс екендігі айтылды. Сондай-ақ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қонақтары жаңартылған, заманауи оқу залында студенттермен кездесті.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»