Сонау 1989 жылы Францияда өткен әлем чемпионатында Марат күллі әлемді мойындатқан-ды. Қазақ велоспортында өзіндік орны бар Марат Қуанбайұлымен әңгіме барысында спортшының басынан өткен қиындықтар мен қуанышты сәттері хақында біраз мағлұматқа қанық болдық.
– Ғаламтор сіз туралы мәліметке сараң екен. Тағы бір таңғаларлығы, сізді бірде қызылжарлық десе, бірде Қызылорданың тумасы деп жазады.
– Анығында Солтүстік Қазақстан облысы, Полудинск ауданы, Гаврино ауылында дүниеге келгенмін. Әкем Қуанбай әскери адам еді. Анам Зағипамен бірге сол кезде Петропавлда жұмыс істеген. Үш жасымда Қызылордаға қайта көштік.
– Қазір қайда жүрсіз?
– Спорттық карьерамды тәмамдағаннан кейін бапкер боламын деп ойлағанмын. Кейіннен айлығы шайлығынан артылмайтын жұмысқа бет бұрғым келмеді. 15 жылдай велосипедтен түспеген соң, шаршайды екенсің. Сондықтан бизнеске кеттім. Алғашында Қырғызстаннан 1 рубльден сатып алған ыдыс жууға арналған сұйықтықты Алматыда 10 рубльге дейін өткізіп жүрдім. Кейіннен Польшадан, Түркиядан көліктер тасыдым. Осылайша, кішігірім бизнесімді дөңгелеттім. Бірақ өзіңнің сүйікті спортыңнан алыстап кету қиын екен. 2015 жылдың қараша айынан бастап Қазақстан велоспорт федерациясы президентінің кеңесшісі қызметін атқарып жүрмін.
– Жалпы, велотрекке қалай келдіңіз?
– Бәрі аяқ астынан болды. Аулада ойнап жүргенімізде Талғат деген көрші үйдің баласы жаңа велосипед мініп келді. Барлығымыз оны қоршап, қызыға да, қызғана қарап, қайдан алғанын сұрастыра бастадық. Ол велосипед үйірмесіне қатысатынын, егер үйірмеге жазылсақ, бізге де велосипед беретінін айтты. Ондай мүмкіндікті кім жіберсін? Ертеңіне бес бала сол жерде тұрдық қой (күліп). Міне, 14 жасымда велосипедпен осылай тыңғылықты дайындала бастадым. Оның үстіне, отбасымыздың материалдық жағдайы төмендеу еді. Ал велоспортта ешқандай шығын шығармайсың. Ұнаса да, ұнамаса да мемлекет берген жейделер мен аяқкиімдерді киетін едік. Кейін ғой, халықаралық жарыстарға шыға бастағаннан соң, шетел киімдерін кие бастағанымыз...
– Қайда жаттықтыңыздар?
– Қаланың өзінде. Ал кәдімгідей айналма трек Қызылорда түгілі Қазақстанда 1980 жылға дейін болмаған. Мәскеу Олимпиадасынан кейін Алматыда ағаштан велотрек салынды. Мен сол төбесі ашық тректі 1982 жылы Қызылорда облысы құрамасымен барғанда бір-ақ көрдім. Салынғанына бір-екі жыл болса да, жаңбыр мен қардың астында қалған трек ағаштарының сапасы нашар-тұғын. Соған қарамастан тректе облыстың намысын қорғап, командалық есепте екінші орын алдық. Уақыт өте келе велотрек бетондалып, сол кезде тамаша жолдардың біріне айналды.
– Айтпақшы, алғашқы бапкеріңіз кім еді?
– Николай Иванович Лопатин. Өте керемет кісі.
– Әңгімемізді әлем чемпионатының арнасына бұрмай тұрып, оған дейінгі уақытқа көз жүгіртсек. Жалпы, КСРО құрамасына қалай қабылдандыңыз?
– 1985 жылы Латвияда өткен КСРО чемпионатында топтық жарыста жеңімпаз болып, құрама сапына қабылдандым. Сол жылдың қараша айында Литва спортшысымен бірге алғаш рет шетелге шыққаным есімде. Анау-мынау емес, Франция астанасы Париж қаласына. Кейіннен шетелге жиі шығатын болдық қой.
– Шетелге көбіне Одақтағы басты қарсыласыңыз Марат Ганеевпен бірге бардыңыз ғой?
– Солай десем де болады. 1985-1989 жылдары КСРО чемпионатының алтынын мен үш рет, ол екі рет жеңіп алды. Аттасыммен АҚШ-тың Колорадо штатында өткен әлем чемпионатында өнер көрсеттім. Мен құраманың бірінші, ал ол екінші нөмірлі велошабандозы. Содан бапкерлер 150 айналымнан тұратын (50 шақырым) командалық жарыста 75 айналымнан кейін қайсымыздың ұпайымыз көп болады, екіншісі соған жұмыс істеуі керек деп шешті. 75 айналымнан кейін менің ұпайым көп болды. Содан ол маған көмектесе бастады. Әйткенмен, бірінші нөмірлі болу үшін көп күш жұмсап қойғаннан кейін бе, екеуміз де әрі қарай жарытып өнер көрсете алмадық. Қорытындысында әлем чемпионатын төртінші орынмен аяқтадым.
– Ал келесі жылы жағдай қандай болды?
– 1987 жылы Ганеев КСРО чемпионы болды, мен күмісті місе тұттым. Колорадодағы жағдайдан кейін бапкерлер басқа тактика құрды. Ганеев Одақ жеңімпазы болғаннан соң, бұл жолы мен оған жарыстың басынан аяғына дейін көмектесетін болдым. Бірақ Ганеев әлем чемпионы бола қалса, берілген сыйақылардың барлығы теңдей екіге бөлінеді деп шешілді және КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атағы екеумізге де берілу керек. Сонымен, Аустрияда өткен әлем чемпионатында мен Марат Ганеевке көмек көрсетіп, ол КСРО-дан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Жүлдеміз 1,5 мың АҚШ доллары теңдей бөлінді. Ал атаққа келгенде басшылар сөзінде тұрмай, Марат Ганеевке ғана КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілді...
– Солақай саясат сізді де айналып өтпепті ғой...
– Барлық кезде де спорт функционерлері «ұлы халық» өкілдерін халықаралық аренаға шығаруға мүдделі болатын. Бізге шетелге шығу үшін қарсыластарымыздан екі есе мықты болуымыз керек еді. Тіпті кейбір кезде қарсыласыңнан әлдеқайда алда тұрсаң да, халықаралық жарыстарға алып бармайтын. Оның үстіне, КСРО біріншілігіне 15 республиканың чемпиондары қатысады. Сенесіз бе, маған әлем чемпионатынан гөрі, КСРО біріншілігін жеңіп алу қиынға соғушы еді.
– Сеул Олимпиадасынан не үшін тыс қалдыңыз?
– Әр республикадан Олимпиадаға тек бір ғана спортшы бару керек-тін. Сондықтан КСРО чемпионатында бәсекелестік өте күшті болды. Одақтас 15 елден жиналған 90 велошабандозды 3 топқа бөліп, әр топтан финалға 8 спортшы шығу керек. Барлығы – 24. Содан бірінші топтан Ганеев ойламаған жерден 9-орын алып қалды. Бапкерлер де, төрешілер де әбден састы. Себебі әр топтан үздік 8 спортшы финалға жолдама алады. Ал екінші топтан мен финалға шықтым. Сонымен не керек, төрешілер ақылдасуға кетті. Ұзақ әңгімелесудің нәтижесінде, бірінші топтан 8-орын алған велосипедші аяқ астынан жарақатына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартты. Бас тартқан жігіт Куйбышевтен еді, яғни Ганеевтің жерлесі...
– Сонымен, әрі қарай не болды?
– Не болушы еді, жартылай финалда көп күш жұмсап қойған мен жүлдегер болдым, ал Ганеев чемпион атанды. Нәтижесінде, ол Сеул Олимпиадасына қатысып, қола медальді мойынға тақты. Осылайша төрешілердің әділетсіздігінен Олимпиадаға бара алмадым. Әйтпегенде, менің Олимпиада чемпионы атануға толық мүмкіндігім жетер еді...
– Бірақ мықты екеніңізді келесі әлем чемпионатында дәлелдедіңіз емес пе?
– Әлем чемпионынан Олимпиаданың қола жүлдегері болу артық қой. Сол жылы бапкерлерге де, басшыларға да өкпем қара қазандай еді. 1989 жылы КСРО чемпионы ретінде әлем чемпионатына жерлесіміз алматылық Вадим Кравченкомен бірге бардым. Францияның Лион қаласы маңындағы Шембериде өткен байрақты бәсекеге 60 спортшы қатысты. Екі топқа бөлініп, әр топтан үздік 12 шабандоз финалға жолдама алды. Финалдық сынға Вадим екеуміз де қатыстық. Жеңіске жетуіме Вадим көп көмек көрсетті. Сол үшін оған мың алғыс айтамын. Нәтижесінде, әлем чемпионы атандым.
– Елге келгеннен кейін Қызылордадан да, Алматыдан да пәтер берілді ме?
– Қызылордадағы 3 бөлмелі пәтер маған КСРО жеңімпазы атанған кезде берілген. Қазір айтсам күлкілі ғой, ал сол кезде әлем чемпионы ретінде маған 1,5 мың АҚШ доллары берілді. Ол ақшаны Вадим екеуміз бөліп алдық. Сол уақытта Алматыдан жақсы пәтерді 3 мың долларға сатып алуға болатын. Көп кешікпей 1 бөлмелі пәтер берді. Өз бағасына 16 мың рубльге «Волга» көлігін сатып алдым.
– Барселона Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік болмады ма?
– Шыны керек, шаршадым. Қазақстан өз тәуелсіздігін алатынын білгенде, кішкене үзіліс алып, қайта трекке келуіме болатын ба еді?! Себебі мен спортпен 1991 жылы қоштастым ғой. Бірақ бизнесім алға жылжығаннан кейін спортқа қайта оралғым келмеді.
– Веложарыстарды қарап жүретін шығарсыз?
– Әрине, «Тур де Франс», «Джиро д Италия», «Вуэлта» көпкүндігінде «Астана» жігіттерінің жеңістеріне қуанып отырамын. Қазақстанда болып жатқан турнирлерге қонақ ретінде үнемі шақырып тұрады.
– Спорт сізге не берді?
– Жақсылық пен абыройға бөледі. Көп достар таптым. Спорт алдыма мақсат қоя білуді үйретті. Материалдық жағдайымды түзетті. Әлем чемпионы болғаным үшін мемлекет қаржылай демеу көрсетіп келеді.
– Сіздердің кездеріңізде трек пен қазіргі тректің айырмашылығы бар ма?
– Біздің кезімізде велосипед 10 килодан жоғары болатын. Доңғалақтары темірден жасалатын. Ал қазір велосипедтің салмағы бар-жоғы 6-7 килодан аспайды. Доңғалақтары пластмасса. Доңғалақтағы резіңкенің күші мәшиненікінен 10 есе жоғары. Сапасына сәйкес бұл велосипедтердің бағасы да қымбат. Қазақстан құрамасы велосипедтерінің құны шамамен 10-12 мың еуро тұрса, жапондар мініп жүрген велосипедтер 25-30 мың еуроға дейін барады. Сондықтан қазір спортшылар көп шаршамайды әрі оларда жылдамдық күшейді.
– Нені армандайсыз?
– Менің арманым велотректен алаштың бір оғланы әлемді, Олимпиаданы бағындырса деймін. Қазір міне, менің әлем чемпионы болғаныма отыз жылға жуықтапты. Әлі күнге дейін қазақ жігіті әлемде олжа сала алмай келеді. Мені осы мәселе көбірек алаңдатады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан»