• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Ақпан, 2018

Жақсылықтардың жалғасы, жаңалықтардың бастауы

217 рет
көрсетілді

Елбасымыздың әр жылғы Қазақстан халқына Жолдаулары туралы осылай деп нық сеніммен айтуға болады.

Алысқа бармай-ақ былтырғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталған Жолдауы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауының атаулары ғана емес мазмұндары да соншалықты қабысып, біріндегі іс-қимыл динамикасы екіншісінде жалғасып, жаңа мазмұн, міндеттермен байы­тылып, игілікке ұласуда екені зерделеген жанға қолға ұстатқандай көрініп тұр. Былтыр экономикалық-әлеуметтік дамудың алты басым бағыты бойынша жұдырықтай жұмыла жұмыс жасау лазым болса, биыл оларды сақтай отырып күш-жігерімізді негізгі он міндетті ойдағыдай жүзеге асы­рудың төңірегіне топтастырмақпыз. Мін­дет нақтылығы мен іс-қимыл бірлігі Елбасы­мыздың тұңғыш Жолдауынан бері елімізді өркениетті елдер көшіне ілесуге бастап, бүгінде оның бел ортасынан орын алып, таяу болашақта алғы лектегі отыздықтың қатарынан табылуды көздеп отырмыз.

Әңгіме қозғалыс, даму жайлы болғаннан кейін Маңғыстау облысы өңірінен бірер мысал келтірейін. Мәселен, біздің Маңғыстаудың күні кешеге дейін бір қиырда жатқан шет өлке саналып келгенін көнекөздер ұмыта қойған жоқ. Облыс қайта құрылған 1990 жылға дейін Ақтауға Атыраудан күніне бір пойыз, Алматы мен Ақтөбеден және Мәскеуден тіркемелі бір вагон қатынайтын. Ұшақтар саны да бір қолдың саусағындай еді... Ал бүгінде Астана мен Алматыдан, Ақтөбе мен Атыраудан, Бейнеуден күніне жолаушы пойызы келіп-кетіп жатады. Ел ішіндегі және халықаралық жолаушы ұшақтарын қабылдап, жөнелту жағынан Ақтау халықаралық әуежайы Астана мен Алматы әуежайларынан кейінгі үшінші орында тұр. Ал Елбасының алғашқы Жолдауында аты аталып, инвестиция тартылатын кәсіпорындар санатына енгізілген «Ақтау халықаралық теңіз-сауда портының» қайта құрылып жасақталуымен Маңғыстау ел экономикасы үшін ғана емес халықаралық деңгейдегі көлік-логистикалық орталыққа айналды. Шығыс пен Батыс, яғни ТРАСЕКА, Оңтүстік-Солтүстік көлік дәліздерінің ұрымтал тұсында тұрған Маңғыстаудың транзиттік қызметіне ділгерлер қатары жыл өткен сайын арта түсетіні сөзсіз.

Бейнеу – Жезқазған, «Өзен – Түрік­менстанмен мемлекеттік шекара» темір жол желісі де кезінде Елбасы жолдауларынан тін тартып, бүгінде елдің игілігіне айналды. Облысішілік және республикалық автожол­дарды жөндеу мен қайта салу, байланыс-коммуникация саласын осы заманғы технологияларға көшіру жөнінен де ұшан-теңіз жұмыстар атқарылуы да осы Елбасы жолдаулары арқылы арнасын тапқан игіліктер.

Жолдаулардың жақсылығын тек көлік-логистикалық саладан емес, әрбір саладан табуға, көруге болады. Соның бірі – мәдениет саласы. Демек, жолдау аясында тыныс-тіршілігін ұтымды үйлестіріп, даму жолына түскен Ақтаудағы театр жайын айтпай кетуге болмайды.

Нұрсұлтан Әбішұлының әр жылғы жолдауларының бірінде азырақ, бірінде көбірек, бірақ міндетті түрде мәдениет пен өнердің ұлтымыздың экономикалық, рухани-әлеуметтік әлеуетін арттырудағы орнына айрықша мән беріліп келеді. Бұл жолы да ұлттың әлеуеті мен мәдени дамуын сабақтастыра қарап, рухани жаңғырудың мән-маңызы да осында екендігін атап көрсетіпті.

Біздің Н.Жантөрин атындағы Маң­ғыс­тау облыстық музыкалық драма театры­ның ұжымы да былтырдан бері елімізде мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жат­қан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кәсіби міндеттерімізге сәйкес шығар­ма­шылықпен еңбек етуде. Осы тұрғыда былтырғы жылғы Н.Сауданбекұлының «Әли­ханның аманаты» реквиемі, Т.Теменовтің «Аққудың көз жасы» лирикалық драмасы, С.Адайдың «Үрей дерті» әпсанасы мен Д.Иса­бековтің «Ескі үйдегі кездесу» драмасы секілді сахналық қойылымдардың тұсау­ке­серлері көрермендердің зор қызығу­шылығын туғызып, қошеметіне ие болды.

Орыс труппасының жұмысы жанданып, М.Задорновтың «Продайте мужа» атты комедиясы аншлагпен жүруде.

Қазақ театр өнерінің жетістіктерін наси­хаттап, көршілес елдермен мәдени байла­ныстарды нығайту мақсатында өткізіл­ген Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әші­мовтің 80 жылдығына арналған Каспий жағалауы елдерінің Бірінші халықаралық фестивалі де мерейімізді өсіріп, рухани өрісімізді кеңейте түскен өрелі шара болды. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлесіп өткізген бұл фестивальға бес мемлекеттен алты театр қатысып, бес тілде өнер көрсетті. Сонымен бірге фестиваль аясында ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің мемлекеттік театр қайраткерлерінің басқосуы болып, театр өнерін дамытудың ортақ мәселелері талқыланып, міндеттер сараланды.

Түркияның Трабзон қаласында өткен Қара теңіз жағалауы елдері театрларының дәстүрлі фестиваліне арнайы шақырумен қатысып, біз ұсынған У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясына түрік көрермендері мен әріптестеріміз жоғары баға беріп, мара­пат­қа ие болдық. Халықаралық деңгейдегі мұн­дай аралас-құраластықтың кәсіби ше­бер­лікті шыңдауға да тигізер пайдасы мол.

Жаңа жылды нақты міндеттермен бастап отырмыз. Биыл театрымыздың құрылғанына 15 жыл толып, өзіміз атын абыроймен алып келе жатқан қазақ сахна өнері мен киносының саңлағы Н.Жантөриннің 80 жылдығына арналған республикалық театр фестивалін өткізбекпіз. Есепті гастрольдік сапарлармен Астанадан бастап еліміздің бірқатар облыстарында өнер көрсетіп, нау­рыз айында Беларусь республикасындағы театр фестиваліне қатысамыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде алдағы жылы өткізу жоспарланған Бірінші халықаралық «ӘБІШ ӘЛЕМІ» фестиваліне әзірлік жұмыстары да басталып кетті. Біздің бастамаларымызға әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан облыс әкімдігінің келісімімен Жаңаөзен қаласында облыстық театрдың филиалын ашуға жан-жақты дайындыққа кірістік. Жоспарлы премьералардың қамы өз алдына, көрермендермен байланыстарды жетілдіріп, арнасын кеңейту мақсатындағы жұмыстарға жаңаша серпін беруге тиіспіз. Елбасы Жолдауы, уақыт талабы бізді осыған міндеттейді.

Нұрнияз МҰХАНОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

Маңғыстау облысы