• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Ақпан, 2018

Қазақстан және Түркия – цифрлы дәуірдегі инвестициялық мүмкіндіктер

249 рет
көрсетілді

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова 2018 жылғы 15-16 ақпанда қазақстандық делегацияны бастап, Түркия Премьер-министрінің орынбасары Х.Чавушоглуның шақыруы бойынша Түрік Республикасына жұмыс сапарымен барып қайтты.

Өткен аптада ресми Анкара Қазақстан мен Түркия іскер әйел­дерінің ірі саммитінің қайнаған орталығына айналды. Анкара – Кіші Азияның біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда бой көтерген, грек тілінде А́нгира немесе А́нкира (Ἄγκυρα, «зәкір») деп аталған көне қаласының бірі. Шаһар сауда жолдары тоғысында орналасып, Еуропа мен Азияны жалғап жатқандықтан осындай атау иеленген. 1923 жылғы 13 қа­занда Анкара астана болып жария­ланды. Онда қазір 5 млн-ға жуық адам өмір сүріп жатыр.

Түркия қазіргі заман көшбас­шыларының бірі екені мәлім. Ол 1961 жылдың өзінде әлемнің қуатты елдерінің ірі ұйымы – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының құрамына кірді. Оның бай тарихы, бірегей мәдениеті, интеллектуалдық және экономикалық әлеуеті, дәстүрлі қоғамның сәтімен зама­науи постиндустриялы мемле­кетке айналуы мамандар мен жұртшылықтың зор қызығу­шылығын тудырады. Түркия – Қазақстан тәуел­сіз­дігін әлемде алғаш таныған ел. Сол сәттен бері 25 жылдан ас­там уақыт бойы бауырлас мем­лекеттеріміз арасында шын мәнінде достық қарым-қатынас қалыптасты.

Қазақстандық делегация аталған екі елдің Іскер әйелдер бизнес-форумына қатысты. Оның құрамына Қазақстанның Іскер әйелдер кеңесінің, жергілікті атқару органдарының өкілдері, республиканың барлық өңіріндегі ша­ғын және орта бизнес жетек­шілері – шамамен 50 шақты іскер әйел енді.

Форумды Түркия сауда палатасы және тауар биржалары одағы (ТОВВ) және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) ұйым­дастырды. Форумға Түрік Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Хакан Чавушоглу, Түркияның Іскер әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары Рухсар Пекджан, Қазақстанның Іскер әйелдер кеңе­сінің төрайымы Ләззат Рамаза­нова, екі мемлекеттің меморгандары мен кәсіпкер әйелдер қоғамдастығы өкілдері қатысты. Барлық қатысушылар саны 180 кәсіпкер әйелден асты.

Іскер әйелдер кеңесі 2015 жы­лы Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан бизнестегі әйелдердің мобилизациясын күшейту мақсатымен құрылды. Бүгінде Кеңес құрамында 700-дей кәсіпкер әйел бар.

ТОВВ 1950 жылғы 8 наурызда құрылған. Ол заңды тұлға мәртебесі бар, әкімшілік, өкілді және консультативтік қызмет атқа­ра­тын кәсіби мемлекеттік ұйым бо­лып табылады. Қазіргі кезде одақ 61 сауда палатасының, 11 өнер­кәсіптік палатаның, 175 сауда-өнеркәсіп, 2 теңіз палатасы­ның және 110 сауда биржасының басын біріктіріп отыр. 

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде ел Президентінің табыс­ты навигацияға және Индус­трия 4.0 – жаңа әлемге бейім­делуге бағытталған «Төртінші өнер­кә­сіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына назар аударды. 

Биылғы Жолдау жаңғыру үдеріс­терінің қисынды жалғасы болып табылады және «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясымен, Ұлт жоспарымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштасып жатыр. Онда Қазақстанның бұдан әрі қарай дамуының басымдығы бар бағыттары айқындалған. Ол үшін кәсіпорындарды цифрландыруға бағытталған жаңа әдістер сынақтан өткізілмек. Бұл ретте әйелдердің кәсіпкерлік қоғамдастығы маңызды орын алады. Мәселен, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 40%-ын әйелдер қамтамасыз етеді, олардың ел бизнесін дамытуға қосып отырған үлесі жыл сайын өсіп келеді. 

Мемхатшы Қазақстанда әйелдердің мүмкіндіктерін арт­тыруға бағытталған мемлекеттік саясат жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінде әйелдердің 10,1%-ы (43 адам) саяси мемлекеттік қыз­метші болып табылады. Пар­ламентте 33 адам немесе депу­тат­тардың жалпы санының 22%-ы – әйелдер. Барлық шағын және орта бизнестің 43%-ын әйелдер басқарады, олар 31% жұмыс орнын (964 мың адамды) қамтамасыз етіп отыр. Дүниежүзілік эконо­микалық форумның Бәсекеге қабі­­леттіліктің жаһандық ин­­дексі бойынша, «әйелдердің эконо­ми­калық даму саласына қатысуы және мүмкіндіктері» көрсеткіші жөнінен Қазақстан 30-шы орын алды.

Форум аясында мынадай па­нельдік сессиялар өтті: «Қазақ­стан – инвесторлар үшін цифрлан­д­ыру дәуіріндегі дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақ­стан мен Түркиядағы әйелдер кәсіп­керлігін дамыту перспекти­ва­лары». Қазақстанның инвести­циялық мүмкіндіктері, өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту перспективалары, Қазақстанда туризмді дамыту перспективалары және т.б. тақырыптар талқылаудың басты арқауына айналды. 

Біздің ел тарапынан Қазақ­станның Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы хатшылығының басшысы Ләззат Рамазанова, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ-тың өңірлерді және экономикалық аймақтарды дамыту мәселелері жөніндегі басқарушы директоры Еркежан Әмірханова, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Майя Егімбаева және республиканың өзге де іскер әйелдері модераторлық етті. 

Түркия тарапынан ТОВВ кәсіп­кер әйелдер атқару комите­тінің мүшесі Зухал Акюзлю, ТОВВ секторлар және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Озан Аджар, Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі кеңестің директорлар кеңесінің мүшесі Берна Илтер, «Think Online» компаниясының негізін салушысы Джансу Нергиз модератор қызметін атқарды. Олар «Түркия экономикасы», «Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі кеңестің таныстырылымы», «Электронды сауда» тәрізді тақырыптарды көпшілік талқылауына ұсынды.

Қызу пікірталастар нәти­же­сінде екі мемлекеттің кәсіп­кер әйелдері арасындағы ынты­мақ­тас­тықтың қазіргі жағдайы талқы­ланып, шағын және орта биз­несті цифрландыруға баса көңіл бөлінген перспективалы инно­вациялық жобалар айқындалды. Тағы бір маңызды нәтиже іскер әйелдер арасындағы байланыс аясын кеңейту жайы болды, ең бастысы уағдаластықтарға қол жеткізіліп, кәсіби қарым-қатынас орнатылды. 

Форум қорытындысы бо­йынша түрік кәсіпкер әйелдерінің бизнес әлеміндегі рөлін арттыру мақсатымен ТОВВ жаны­нан құрылған Кәсіпкерлік жө­нін­дегі әйелдер кеңесі мен ҚР «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

Қол қойылған меморандумға сәйкес, тараптар сауда, өнеркәсіп, ин­вес­тициялар, технологиялар алмасу, қызмет көрсету және эконо­миканың өзге де секторларын­да кәсіпкерлікті дамыту ісіне көмек көрсету бағытындағы қызметті жүзеге асыру үшін Түркия-Қазақстан іскер әйелдері кеңесін құру туралы келісімге келді.

В2В екіжақты кездесулері қорытындысы бойынша екі ел кәсіпкерлері тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде уағдаласты. Мәселен, осы жылдың сәуірінде Павлодар облысында түрік бизнесмендері шақырылатын Іскерлік кеңес форумын өткізу жоспарланып отыр.

Өз тарапынан Түркия іскер әйелдері кеңесі Маңғыстау облы­сын­дағы ҚР «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасымен қол­өнер жөніндегі бірлескен жоба­ны ілгерілету үшін ынтымақ­тасуға ниетті. Сондай-ақ «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-пен арада ту­ризм саласындағы өзара ын­ты­мақ­тастық туралы уағда­ластыққа қол жеткізілгенін айта кеткен жөн. 

Форум аясында Қазақстаннан келген делегация ТОВВ универ­ситетінде болып, оқу орны­ның ректорымен кездесті. Уни­вер­ситет әкімшілігі жалпы таныс­тырылым ұйымдастырып, оқу ордасы бойынша таныстыру турын дайындапты. Сонымен қатар делегаттар Технологиялар орталығында, Қызмет көрсету орталығында, «Serdar Plastik» және «Park Kent» фабрикаларында, Индустриялық аймақтың техникалық колледжінде болды.  Форум аясында Г.Әб­ді­қалықова Түркия Парламентінің және мемлекеттік органдарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. 

Түркия Парламентінің спи­кері Исмаил Кахраман Мем­лекет басшысының биылғы Жолдауының негізгі қағи­дат­тарымен, тәуелсіздік жылдар­ын­дағы Қазақстанның әлеуметтік-эко­но­микалық са­ладағы жетістік­терімен, сон­дай-ақ елдің кеңінен мойын­далған халықаралық баста­маларымен танысты. Мемлекеттік хатшы қазіргі кезде Қазақстан жүйелі жаңарулар кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтты. Елде экономиканың жаңа моделін қалыптастыруға, саяси реформалауға және қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған Үшінші жаңғыру жүзеге асырылуда. Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу мақсатымен инновациялық индус­трияландыру жалғастырылуда. Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақ­ты емес мүшесіміз. Таяуда ғана Қауіпсіздік Кеңесінің тақы­рып­тық брифингінде сөйлеген сөзінде ел Президенті Н.Назарбаев ха­лық­аралық өмірдегі саяси өзара сенім мен жүйелі диалогтың ма­ңыз­дылығына баса назар аударды.

Гүлшара Әбдіқалықова биыл Қазақстанда айрықша мерейтой – Астананың 20 жылдығын атап өтетіндігін айтты. Астана – Тәу­ел­сіздіктің символы, Президент идеясының іске асуы және барша қазақстандықтардың еңбегінің жемісі. Түрік тарапы осынау тамаша мейрамды мерекелеуге шақырылды. Кездесуде Қазақстан-Түркия өзара қарым-қатынасын одан әрі дамыту жайы талқыланды. 

Мемхатшы екіжақты қарым-қатынаста биыл Қазақстан Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың Түркияға ресми сапары маңызды белес болғалы тұрғанын айтты.

Түркия Премьер-министрі­нің орынбасары Хакан Чаву­шог­лумен әңгімелесу кезінде тарап­тар Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының жоғары қарқы­нына қанағаттанатынын білдірді. Сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты одан әрі дамыту­дың өзекті мәселелері талқы­ланды. Мәселен, 2017 жылғы қаң­тар-қараша кезеңінде тауар айна­лымы 1,69 млрд АҚШ долларын құрады. Тараптар өзара тиімді серіктестікті бұдан әрі дамыту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті.

Әңгіме барысында тараптар әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, өндірісті цифрландырудағы озық тәжірибені енгізу ісіне жүйелі қолдау көрсетуге уағдаласты. Жалпы, екі елдің әйелдер қоғам­дас­тықтары арасындағы ынты­мақ­тастықты одан әрі жалғастыру перспективалары белгіленді.  Түркияның Отбасы істері және әлеуметтік саясат жөнін­дегі министрі Фатма Бетюль Сайын Каямен кездесуде Мемхат­шы әйелдердің құқығы мен мүм­кін­діктерін іске асыру мәселесіне ден қоя отырып, әлеуметтік сая­саттың өзекті жайттарын және отбасылық-демографиялық саясатты талқылады. 

Ол Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­да гендерлік теңдік саласында институттық негіз қалып­тас­тырылғанын атап өтті. Елде гендерлік мәселесіне арналған 2 заң – «Тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» және «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктеріне берілетін мемлекеттік кепілдіктер туралы» заңдар қолданылады. 2016 жылдан бері Қазақстан Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақ­стан Республикасының 2030 жыл­ға дейінгі Отбасылық және ген­дерлік саясатының тұжырым­дамасы табысты жүзеге асыры­луда. Құжаттың негізгі мақсат­тары – отбасын қолдау, нығай­ту және қорғау, отбасының және оның мүшелерінің тәни, интел­лек­туалдық, рухани, ізгілік тұр­ғысынан дамуына септігін ти­гі­зетін қажетті жағдайларды жасау, ананы, әкені және баланы қорғау, ерлер мен әйелдердің қоғам өмірі­нің барлық саласындағы бірдей құқықтарына, пайдаларына, мін­деттемелері мен мүмкін­дік­теріне қол жеткізу, жыныстық ерек­ше­лігіне қатысты кемсітудің барлық түрі мен көріністерін еңсеру.

Бүгінде Қазақстанда қажетті әлеуметтік саясат жүргізіліп отыр. Әлемдік экономикадағы дағдарыс құбылыстарына қарамастан, рес­публикалық бюджеттің әлеу­меттік салаға жұмсалатын шы­ғы­сы жыл өткен сайын өсіп келеді. Мәселен, 2018 жылы жалпы шығыстың 44,6%-ы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет пен спорт салаларына бағытталады. Тұтастай алғанда, қолданылып отырған шаралар Адам дамуының индексі (АДИ) рейтингі бойынша 2016 жылы Қазақстанның 56-шы орын алуына мүмкіндік берді. 

Кездесулер қорытындысында түрік тарапы отбасылық-демо­­графиялық саясат мәселе­лері бо­йынша екіжақты ынтымақ­тас­тықты жалғастыру үшін ме­мо­рандум бекіту мүмкіндігін тал­қылау жө­нінде ұсыныс жасады.

Мемлекеттік хатшының жұ­мыс сапары одан соң Түркия­ның тағы бір ірі қаласы Ыстан­бұлда жалғасты. Ол елдің басты сауда, өнеркәсіп және мәдениет орталығы болып саналады. Қала жағалауында орналасқан Босфор бұғазы оны еуропалық және азиялық бөлікке бөліп жатыр. Бүгінде бұл шаһарда 18 млн-ға жуық тұрғын өмір сүреді.

Ыстанбұлда Гүлшара Әбді­қалықова қазақ диаспорасының және қазақстандық студенттер қоғамдастығының өкілдерімен кездесті. 

Сарапшылардың мәліметі бойынша, өткен ғасырдың 50-жылдарының басында түрік үкіметінің қолдауымен 2 мыңға жуық қазақ Қытайдан Анатолияға өткен. Бүгінде Түркиядағы қазақ диаспорасының саны 10 мың адамға таяу. Олар қазақ-түрік мәдени бірлестіктерін құрып, қоғамда және екі ел арасындағы мәдени байланыстарды дамыту ісінде белсенді ұстаным көрсетіп келеді. 

Мәселен, Ыстанбұлдағы Зейтинбурн ауданында жергілікті қазақтар біздің ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатқан, сондай-ақ мектепке және көшеге оның атын берген.

Кездесу Мемлекет басшы­сының биылғы Жолдауының негізгі қағидаттарын талқылауға арналды. Мемхатшы бүгінде Қазақстан Республикасының табысты заманауи мемлекет екенін атап өтті. Бұл – Елбасының ха­лық­тың әл-ауқатын жан-жақ­ты арт­тыруға бағытталған стра­тегия­лық бағдарын іске асыру нәти­жесінде мүмкін болған жетістік. 2017 жылдың қоры­тын­дысы бойын­ша ІЖӨ өсімі – 4%, инфляция деңгейі – 7,1%, жұмыссыздық деңгейі – 5%. 

Жолдауда Президент өмі­рі­мізге жаңа технологиялық тәртіп элементтерін кеңінен енгізу жө­нінде басты міндет қойды. Бұл үшін ол азаматтарымыздың өмі­рі­нің сапасын арттыруға бағыт­тал­ған 10 міндетті айқындап берді.

Құжаттың маңызды жаңа­лы­ғының бірі – 7-ші міндет – «Ада­ми капитал – жаңғыру негізі». Онда алға қойылған мақсат: «Ұлт­­тың әлеуетін арттыру үшін мәде­ниетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту». Қазақстан қоға­мы идеалының айқын анық­та­масы берілген – ол тарихы­мызды, мәдениетімізді, ана тілі­мізді білетін, сондай-ақ бір шет тілін ер­кін меңгерген, әр мәселеге қатыс­ты озық әрі жаһандық көз­қарасы бар қазақстандық азамат.

Гүлшара Әбдіқалықова былтырдан бері елде үшінші жаңғыру жүзеге асырылып жатқанын айтты. Оның негізгі өзегі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы.

Аталған бағдарлама аясында былтыр жыл бойы «Туған жер», «Қазақстанның киелі география­сы», «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстан мәдениеті», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», қазақ жазуын латын қарпіне көшіру жобалары жүзеге асырылды. 

Мемхатшы Жолдауда қо­йыл­ған басты міндетті атап өтті, ол: «Жаңа заманға сай бола білу, біздің алдымызда Төр­тін­ші өнер­кә­сіптік революция жағ­дай­ын­дағы тарихи өрлеу алдындағы бір­­тұтас ұлт болып жұмылу мұ­раты тұр».

Қазақ диаспорасы атынан кез­де­суде Мимар Синан универ­си­тетінің профессоры Әбдіуақап Қара, «Білім беру, ғылым жә­не зертеулер қазақ-түрік қоға­мының» жетекшісі Серкан Динч­турк сөйледі. Олар өз сөздерінде бей­біт­шілікті, келісімді сақтаудағы, халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы Қазақстан Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың үлесін айрықша атап өтті. 

Кездесу соңында қазақ диас­порасы өкілдері өз күштерімен шағын «Ән шашу» концертін ұйымдастырды.

Г.Әбдіқалықова жылы шыраймен қарсы алғандары үшін кездесуге қатысушылардың баршасына алғыс айтып, мықты денсаулық, зор табыс тіледі, тарихи отандарымен байланысты арттыра берулеріне ниеттестігін білдірді.

Жалпы, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықованың Түркияға жұмыс сапары өз мақсатына жетті, екіжақты байланыстар аясы кеңейе түсті, озық инновациялар мен цифрлы технологияларды енгізу бағытында жаңа жобалар белгіленді. 

Осылайша тиімді ынты­мақ­тастық үшін жақсы негіз қаланып, екі елдің әйелдер бизнес-қоғам­дастықтары арасындағы кәсіп­кер­лікті дамытудың жаңа көк­жиектері мен перспективалары айқындалды. 

Майраш Көзжанова,  Мемлекеттік хатшы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары

Астана – Анкара – ЫстаНбұл – Астана