Мұнда өнеркәсіптік кәсіпорындар саны жыл сайын өсіп келеді. Кез келген өндіріс орнының басты тұтқасы әрі басты тірегі – қарапайым жұмысшылар. Егер оларға өз уақытында мардымды жалақы төленбесе немесе ай сайын алып жүрген аздаған еңбекақысының мөлшері төмендеп кетсе кәсіпорында ешқандай береке болмайды. Бұл жағдай қалыпты өндіріс қарқыны мен ырғағының төмендеуіне де әсер етеді. Бір жақсысы, өнеркәсіпті өңірде жұмысшылардың жалақысын төмендету емес, керісінше, жыл сайын оның мөлшерін өсіру жөнінде кең ауқымды шаралар белгіленген.
Бұл жөнінде өткен 2017 жылдың мамыр айында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың шешіміне сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның басты мақсаты – өңір аумағындағы өнеркәсіптік кәсіпорындарда қызмет жасайтын жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жай-күйіне жан-жақты көңіл аудару, олардың шешілмеген түйіндерінің тінін тарқату болып отыр. Осының арқасында жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселелеріне басты басымдық берілген. Бұл ретте аталған жұмыс тобының өткен жылы атқарған жұмыс қорытындыларына тоқтала кетер болсақ, өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмысшылардың еңбекақысы 16,4 пайызға өскен екен.
Мұның өзі қазіргі күні орташа жалақы мөлшері 164 765 теңгені құрайды деген сөз. Енді кәсіпорындар мысалында кейбір нақты деректерге кезек берсек «Казхром» трансұлттық комӨпаниясы АҚ-да токарьдің жалақысы соңғы бір жылда 110 000-нан 126 000 теңгеге өссе, техник-технологтікі 185-тен 220 000, электр-механигінікі 135 000-нан 162 000 теңгеге ұлғайған. «Алтиес Петролеум Интернешнл БВ» компаниясы Ақтөбе филиалында монтажшының жалақысы 195-тен 230, ұңғымаларды зерттеу операторынікі 250-ден 294, слесарь-жөндеушінікі 180-нен 211 000 теңгеге жоғарылаған. Мұндай мысалдар жеткілікті. Айлығы өсіп, отбасы бюджетін одан әрі толықтыруға мүмкіндік алған «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ жұмысшысы Аманқос Қожин өз тілегін газет тілшісіне былайша жеткізді: зауытта еңбек етіп келе жатқаныма бес жылдан асты. Осы уақыт ішінде еңбекақыдан ешқандай кідіріс болған жоқ. Мұнда біз секілді қарапайым жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай туғызылған. Ең бастысы, айлық жалақымыз жыл сайын кем дегенде 10-15 пайыз төңірегінде өсіп келеді. Оның үстіне кәсіпорын басшылары мені жас отбасы ретінде жалдамалы пәтермен қамтамасыз етті.
Ақтөбе аймағында өнеркәсіп орындарында жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысына жүйелі түрде мониторингтік зерттеулер жүргізу тәртібі орныққан. Оның кейбір мысалдарына көз салсақ өткен 2017 жылдың басында аймақта жұмыс берушілердің жұмысшыларға жалақы төлеу ісіндегі қарызы табаны күректей 700 миллион теңгені құрапты. Сөз жоқ, мұның өзі өте жоғары сома. Сондықтан да облыстық әкімдік пен мемлекеттік кірістер департаменті еңбекақыға қарыздар кәсіпорындармен жұмыс жүргізе келіп, бірқатар жайттарды айқындады.
Бақсам бақа екен, дегендей сол кәсіпорындардың арасында банкроттың шегі мен жарқабағында тұрғандары да бар болып шықты. Олардың мүлкі дереу сатуға шығарылады. Сондай-ақ еңбекақыға қарыздар кәсіпорындардың бірқатарына айыппұлдар салынады. Әрине, айыппұл төлеттіру орын алған күрделі жағдайдан шығудың басты жолы емес екені белгілі. Сондықтан да бұл ретте бастамашы топтардың бірінші кезекте кәсіпорындарда орын алған проблемалар мен түйткілді тұстарды анықтау мен зерттеуге мән бергені қолдауға әбден лайықты. Осы арқылы өнім өткізу ісіндегі шешімін таппай жүрген мәселелер де айқындалып, оны реттеудің жолдары белгіленген. Айтып-айтпай не керек, бұл жұмыстардың қорытындысы нәтижесіз қалмайды. Соның арқасында жыл соңында жоғарыда аталған 700 миллион теңгенің тек небәрі 16 миллион теңгесі қалады.
Ақтөбе облысында өнеркәсіп орындарында жұмыс істейтін жұмысшыларға туғызылған қолдау мен қамқорлық аясының кеңеюіне үлкен септігін тигізіп жүрген басты бір фактор бар. Бұл – облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылары және кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктер арасында жасалған үш тармақты келісімдер. Мұнда еңбек қатынастарын реттеу мен жұмысшыларды әлеуметтік жағынан қамтамасыз етудің барлық мәселелері жан-жақты көрініс тапқан. Соның ішінде бүгінгі әңгімеміздің басты арқауына айналған жұмысшылардың жалақысын ұдайы көтеріп отыру ісі де – осы келісімдердің басты тармағын құрайды. Бүгінгі күні осындай сипаттағы келісімдер мен меморандумдар облыстағы ірі кәсіпорындардың 88 пайызын қамтығанын ескерсек, жұмысшы мәртебесі одан әрі өсе түсетініне ешқандай күмәніңіз қалмайды. Түйіп айтқанда, мұның өзі жалпы саны 50 мыңнан астам жұмысшысы бар компаниялар легі деген сөз. Ақтөбе аймағында қызмет ауқымы тікелей өнеркәсіп саласымен байланысты көптеген шетелдік және трансұлттық компаниялар жұмыс істейді. Соның ішінде ресейлік және қытайлық компаниялардың үлес салмағы көбірек. Ашығын айтқанда, олардың бәрі жергілікті жұмысшылардың жалақысын көтеруге ықыласты әрі құлықты бола бермейді. Айталық өңір басшысы аталған шетелдік компаниялардың жетекшілерімен кездесуі кезінде осы мәселені олардың назарына ұдайы салып отыруы да, белгілі бір деңгейде оң нәтиженің өрістеуіне әсерін тигізгеніне шек келтіру қиын. Тіпті бұған көп жағдайларда осы жолдар авторының да тікелей куә болып жүрген жайы бар. Бұл жай айтыла салған сөз емес. Мұндай кездесулердің қорытындысы екіжақты қол қойылған хаттамамен түйінделеді. Әрі соған сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Еңбек кодексі мен елімізде соңғы кезде енгізілген еңбек жөніндегі өзге де заңдық-құқықтық талаптар бойынша өндірістік кәсіпорындарда жұмысшыларға төленетін жалақы мөлшері инфляция деңгейінен кем болмауға тиіс. Осы орайда Ақтөбе аймағында қазіргі кезде инфляция деңгейі 7-8 пайыз екенін айтқан жөн. Осындай жағдайда өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмысшыларға төленетін еңбекақы инфляция деңгейінен екі есе жоғары екенін көреміз. Оның басты көрсеткіші соңғы екі жылдың ішінде жұмысшы жалақысының 12-15 пайызға дейін өскені болып отыр. Бұл ел өңірлері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Жоғарыда аталған облыстағы жұмыс тобы биылғы жылы да өз қызметін одан әрі жалғастырып келеді. Олардың басты назары ұжымдық келісімшартта көрсетілген міндеттемелердің орындалуы мен оңтайлы шешілуіне аударылған. Топ мүшелері бәз-баяғыша жұмысшылардың жалақысын көтеруге ықпал жасауға басымдық береді. Еңбекақы – әр жұмысшының көңіл күйінің басты индикаторы әрі басты айқындаушы тетігі деп есептейді олар. Несі бар, бұл әбден көңілге қонымды тұжырым.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы