Спикер Нұрлан Нығматуллиннің төрағалық етуімен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың таныстыруымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бірінші оқылымда талқыланды.
Заң жобасы Мемлекет басшысының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында, сондай-ақ бірыңғай электрондық еңбек биржасын толық ауқымды енгізуге қатысты Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында берген тапсырмаларына сәйкес әзірленген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова заң жобасына үш өзгеріс енгізуді ұсынды. Бірінші, халықты жұмыспен қамту құралдарын жетілдіру қажет. Осыған сай, жұмыссыз азамат өзіне ұсынылған қызметке келісіп, келіспейтіндігі жөніндегі мәліметті ұялы телефон немесе электронды пошта арқылы үш күн ішінде хабарлай алады.
«Заң жобасында үш кодекске, бес заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Жұмыспен қамтуға жүгіну рәсімдері жеңілдетіледі. Жұмыс іздеушілер енді жұмыспен қамту орталықтарына «электрондық үкімет» веб-порталымен ғана емес, сонымен ХҚКО-лар арқылы жүгіне алады», деді М.Әбілқасымова.
Ведомство басшысының деректеріне сүйенсек, жаңа заң жобасы аясында мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясындағы құрылатын бос жұмыс орындарына мониторинг жүргізу құзыреті орталық және жергілікті атқарушы органдарға берілмек. Еңбек министрлігінің құзыреті бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсыну мен оған мониторинг жүргізу қағидасын бекітумен толықтырылады.
Сонымен қатар студенттер мен жоғарғы сынып оқушылары жазғы демалыс кезінде ғана емес, оқудан тыс уақытта қоғамдық жұмыстарға атсалысуға мүмкіндік туады. Министр қолданыстағы ережелерге сәйкес, қоғамдық жұмыстарға баруға ниеттілер санаулы анықтама ұсынуы тиіс екенін атап өтті.
Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін заң жобасында жұмыспен қамту орталықтарын реформалау және барлық бос жұмыс орындары мен барша елді мекендер бойынша бірыңғай онлайн алаң құру көзделген. Соған сәйкес, еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын құрайтын «электронды еңбек биржасы» жасалатынын да атап өтті.
Үшінші, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес көші-қон саласындағы функцияларды бөлу көзделеді. Ұжымдық шарттардың мерзімін жаңа ұжымдық шарт қабылдағанша, бір жылға дейін ұзарту, медицина қызметкерлерінің қоса жұмыс атқаруына және оралман мәртебесінің мерзімін үш айға ұзартуға рұқсат беру, студенттер мен жоғары сыныптар оқушыларының қоғамдық жұмыстарға қатысу құқықтарын кеңейту сияқты әлеуметтік тұрғыдан маңызды нормалар бар.
Отырыста депутаттар арасында Заң жобасында жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қаржыландыру тетіктері және бөлінген бюджет қаражатын игерудің тиімділігін бақылау туралы мәселе туындады. Бұған байланысты сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған мемлекет қаржысы тиімді жұмсалуы керектігіне назар аударды.
Бұдан кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды.
Заң жобасы туралы Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Берік Оспанов баяндама жасады. Оның сөзіне сүйенсек, жарғылық капиталында шетелдіктердің не шетелдік заңды тұлғалардың үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беруге мораторийдің қолданылуы кеңейтіледі. Осыған сәйкес, енді жер шетелдіктерге жалға берілмейді.
«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін шетелдіктерге жалға берілмейді және барлық жеке және заңды тұлғалардың жеке меншігіне өтпейді. Тиісінше республикамыздың азаматтарына және шетелдіктер қатыспайтын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер уақытша жер пайдалану құқығымен ғана ұсынылады», деді Б.Оспанов.
Сонымен қатар заң жобасы ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу институтын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Ол үшін жалға беру тәртібін конкурстық негізде егжей-тегжейлі регламенттейтін нормалар енгізіліп отыр. Конкурстарды өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жер комиссиясының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерінен бөлек, қоғам қайраткерлері де кіреді.
«Тұрақты мониторинг енгізу арқылы ауыл шаруашылығы жерлерінің қолданылуын бақылауды күшейту көзделген. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді әрі ұтымды пайдалануға, бос жатқан жерлерді уақтылы анықтауға және оларды шаруашылыққа тартуға, оны реттеуде қоғамдық бақылау рөлін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, тұрақты мониторинг жүргізу жауаптылық деңгейін де арттырады», деді депутат.
Жерге қатысты заң бір ауыздан мақұлданып, Сенатқа жолданды. Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары бірқатар орталық мемлекеттік орган басшыларының атына депутаттық сауалдар жолдады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»