Бұл ретте Қазақстанның Орталық Азияда балалар арасындағы суицид жағдайын азайтуға бірінші болып қадам жасағанын айтуға болады. Нәтижесінде қанатқақты жоба бойынша Қызылорда өңірінде балалардың өзіне қол жұмсауы 3 жылда 4 есеге азайды. Осы жұмыстар аясында елорда әкімдігі алғаш рет ЮНИСЕФ-пен, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесімен «Балалармен тату қала» құруға құмбыл екенін білдіріп, меморандумға қол қойды.
«Балаға байқап сөйлесең ақылыңа көнер, байқамай шет сөйлесең көп ішінде өлер» демей ме бабалар?! Бұла шағында көңіліне қажыр, көзіне от, көкірегіне сес егер саумал қуанышын сарқып, сәби санасын сарсаңға салар сырқат тәрбие соңғы кезде қарқын алып тұрған сияқты ма, қалай?.. Яки балаларға күш көрсету неліктен тыйылмай отыр?
БҰҰ Балалар құқығы туралы конвенциясының 19-бабына сәйкес, балаларға күш көрсету дегеніміз – физикалық, психологиялық күштеу, мазақтау, қиянат жасау, қамқорлықтың жоқтығы, дөрекі қарым-қатынас, ата-ана, заңды қамқоршы немесе кез келген басқа тұлға тарапынан жасалған жыныстық қиянатты білдіреді. 2010-2016 жылдар аралығында БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге жүргізген зерттеуі бойынша, Қазақстанда балаларға күш қолдану үйде де, мектепте де, интернатта да орын алып жататыны анықталды. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, күш көрсетуді ересектердің 75 пайызға жуығы отбасында балалардың жүріс-тұрысын қадағалауда ұстау үшін жөн көрсе, ата-аналардың 67 пайызы бала тәрбиесінде қолай көреді. Бұл көрсеткішке зер салсаңыз, қазіргі қоғамдық көзқарастың ортақ белгісі іспетті. Оны әр кезде әр ақпарат көзінде жарияланып жататын жаға ұстатар жаңалықтар да жоққа шығармайды.
Әрине елімізде балаларға арналған екі бірдей қауырт желі («111» және «150») жұмыс істейді. Бұл желілер балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың түрлі сатысын тіркеп отырады. Дегенмен балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы хабарлау, тіркеу мен әрекетке көшу, істің анық-қанығына жету тетіктері әлі жеткілікті дами қойған жоқ. Былтыр ЮНИСЕФ ұйымы жаһандық балаларға қатысты есебінде әлем бойынша 2-4 жас аралығындағы балалардың төрттен үші (300 миллионға жуық) өз үйінде психологиялық қысымға, зерттеу жұмыстары жүргізілген 30-ға жуық елде бір жастағы 10 баланың алтауы күш қолдану жағдайына тап болатынын мәлімдеді.
Әлбетте қарым-қатынастың қатаңдығы немесе зорлық-зомбылық балалардың жан дүниесі мен денсаулығына кері әсер етпей қоймайды. Балалық шақта көрген қиянат ұмытылмайды. Тіпті есейгенде ол өзін іштей мүжіген сол бір зәбірді сәт сайын есіне алуы, кез келген оқиға ескі жарасын тырнауы мүмкін. Халықаралық ұйымдар ересектер арасындағы жүйке жүйесінің ауытқуы мен жүрек талмасы сияқты аурулардың балалық шақта бастан өткерген психологиялық жарақатпен тығыз байланысы бар екендігін анықтады. Бұл қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың арасына сына қаққанымен қоймай, белгілі бір уақытта қоғамның қызметіне жарауы тиіс адами капиталдың жоғалуына алып келеді. Сондай-ақ денсаулық саласына жұмсалатын шығындарды арттырып, экономикалық тұрғыдан да кері әсерін тигізеді. Сондықтан балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау озық елдердің баса мән беретін өзекті мәселесіне айналып отыр.
Осы орайда жыл басында БҰҰ Балалар қоры елімізде екі бірдей коммуникациялық науқанды бастаған болатын. Бұл балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмауға және заңға тартылған балаларға қолдау көрсетуге бағытталған. Үш жылға арналған жобаның алғашқы жылында Астана мен Алматы қалалары, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша іс-шаралар ұйымдастырылса, әрі қарай басқа өңірлер де қамтыла береді. Науқан аясында ЮНИСЕФ Адам құқығы жөніндегі уәкілмен, Балалар құқығы жөніндегі уәкілмен, Бас прокуратурамен, облыстық әкімдіктермен және басқа да мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, бизнес өкілдерімен әріптестік орнатпақ. Коммуникациялық науқан Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен жүзеге асырылады. «Бұған түрлі іс-шаралар, әлеуметтік роликтер, БАҚ және әлеуметтік желілердегі жұмыстар кіреді. Мақсатымыз – балаларға зиян келтіретін қатал іс-әрекеттерді әшкерелеу, халықты ақпараттандыру. Біз әлеуметтік талаптардың өзгеруіне ықпал етеміз, яғни балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа бейжай қарамауға, адамдардың балалармен ара қатынасында, тәрбиелеуінде жаңа дағдыларды дамытуына көмектесеміз», дейді ЮНИСЕФ Балалар қорының Қазақстандағы төрағасы Юрий Оксомитный.
Әрине қоғамда ұзақ уақыт бойы қалыптасқан жүріс-тұрыс, әдеттерді тез арада өзгерту мүмкін емес. Десе де, бұл іс-қимыл сәл де болса сеңге қозғау салмақ. Алғашқы науқан жас ата-аналардың хабардарлығын арттыру, сондай-ақ барлық қоғамдастықты балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелерінде зорлық-зомбылық әдістеріне жол бермеуге, бала тәрбиесіндегі әдістемелерді, талаптарды өзгертуге бағытталады. Ал екінші науқан заңға тартылған балаларды қолдауды қалыптастыруға арналған құқықтық жүйе мен балаларды қорғау саласының мамандарына бағытталады.
Статистика бойынша, соңғы онжылдықта елімізде балалардың құқық бұзушылығы 2006 жылғы 8799-дан 2016 жылғы 3343-ке дейін азайған екен. Яғни оң өзгерістер бар. Мәселен, 2016 жылы балалар жасаған қылмыстық істің 72 пайызы заңнама негізінде қаралып, тоқтатылды. Кәмелетке толмаған сотталушылардың орта есеппен 83 пайызы жазаның баламалы түрін алды. 2017 жылы кәмелетке толмағандардың ісі 3148-ді құрап, алдыңғы жылдан 5,8 пайызға азайды. 2017 жылы 3 мыңнан аса кәмелетке толмағандар қылмыс жасаған. Олардың қатысуымен жасалған қылмыс 2005 жылдан 2014 жылға дейін 22,7 пайызға өсті. Оның ішінде Қылмыстық кодекстің 120-бабымен қаралатын зорлау дерегі 120-дан 130-ға дейін немесе 5,3 пайызға көбейген. Қылмыстық кодекстің 121-бабымен қаралатын жыныстық сипаттағы күш көрсету әрекеттерінің өсімі 112-ден 124-ке дейін немесе 9,6 пайызға жетті. Қазіргі кезде түзеу орындарында жасы кәмелетке толмаған 49 қылмыскер болса, оның бірі – қыз бала. Бұл ретте олар түзеу мекемесінен түзеліп шыға ма, әлде бір-бірімен танысып, келешекте қоғам тыныштығына көлеңке түсіретін бұзақы топтардың бірігуіне қолдан жағдай жасаған боламыз ба? Яғни мамандардың айтуынша, мұндай бағыт тәрбиелеуді емес, жазаны өтеуді ғана сипаттайтын сияқты. Сол себепті заңға тартылған балаларды қайта тәрбиелеу, қоғамға бейімдеудің өзі күш қолданудың алдын алу болмақ. Яғни балаларды оңалту бағдарламасының жоқтығы олардың қайтадан қылмысқа бару қаупін туғызады. Сондықтан осы шара аясында сот төрелігінде балаларға қатысты оңалту мүмкіндігі бар баламалы әдістерді қолдануды қарастыру керек, дейді сарапшылар.
Қазіргі кезде балалардың құқығын қорғау мақсатындағы стратегиялық құжат түзілуде. Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиеваның айтуынша, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау және алдын алуға байланыс- ты түрлі салада 5 заң жобасы әзірленіп, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Сондай-ақ мәжілісмен БҰҰ Балалар құқығы жөніндегі комитеті халықаралық тәжірибелерді ескеріп, жасөспірімдерге арналған стратегиялық құжат жасауды ұсынғанын, ел Үкіметі ұсынысты толық қолдап отырғанын айтады. Барлық мән-жай қамтылатын бастаманы Жоғарғы сот та қуаттап отыр және Ішкі істер министрлігімен тиісті жұмыстар атқарылуда. Яғни әлемдік үрдістерге сай балаларға әділ сот болуы үшін жеткіншектер сотқа шақырылмайды, заңға тартылған балалармен жоғары білікті психологтар жұмыс істейді. Нақты айтқанда, тергеушілер, прокурорлар, басқа да сот ісіне қатысушылар балалардан жауап алуға араласпайды. Сот отырысында істі қарау барысында әрі қарай сақтауға берілетін аудиожазба қолданылады. Бұл қалыптасқан күрделі жағдайдың одан әрі ушығуының алдын алады. Өйткені соңғы жылдары ақыл тоқтатпаған балалардың өзіне қол жұмсау оқиғалары жиіледі. Осыған байланысты Қазақстанда былтыр 167 жағдай тіркелген. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысында суицид оқиғаларының көптеп тіркелуі байқалса, Маңғыстауда – 1, Қызылордада 5 оқиға тіркелді. Астана мен Алматы қалаларындағы жағдай тұрақты болғанымен, қайғылы оқиғалар ара-тұра орын алып тұрады. Бұл ретте Қазақстанның Орталық Азияда балалар арасындағы суи- цид жағдайын азайтуға бірінші болып қадам жасағанын айтуға болады. Нәтижесінде қанатқақты жоба бойынша Қызылорда өңірінде балалардың өзіне қол жұмсауы 3 жылда 4 есеге азайды. Осы жұмыстар аясында елорда әкімдігі алғаш рет ЮНИСЕФ-пен, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесімен «Балалармен тату қала» құруға құмбыл екенін білдіріп, меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта Астанадағы кәмелетке толмаған «қылмыскерлердің» бостандығын шектегенімен, оларға жеке ғимарат бөлініп, үй жағ- дайына жақын тәрбиемен оқуына, мамандық алуына жағдай жасау қарастырылып отыр. Тиісті заңнама аясында жүзеге асырылатын жоба бір жылға жоспарланған, қажет деп тапса әрі қарай жалғаса береді. Жобаны іске қосу көптеген мәселелердің шешімін табуға жәрдемдеседі. Соған сәйкес заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі. Қазақстанда 2016 жылдың 30 желтоқсанынан бастап «Пробация туралы» заң күшіне енгені белгілі. Негізгі мақсат – қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босаған күдіктінің немесе айыпталушының тәртібін түзеу жолында қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұлттық кеңсесінің жетекшісі Серік Оспанов былтыр бала құқығының бұзылуына байланысты 100-ден аса шағым түскенін, оның ішінде алимент берешектерін өтемеу, ата-аналарының ажырасуына байланысты балалардың тұрғылықты мекенжайының анықталмауы, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың білім алуы, мемлекеттік білім грантын бөлу сияқты мәселелер басым екенін айтады. Барлығы да тиісті органдардың араласуымен шешіліп отырды. Орталық қызметкерлері бөбекжайлар мен балалар үйіндегі, жабық мекемелердегі жағдайларды бақылауға алып, тиісті мониторинг жүргізіп тұрады.
Тағы бір қауіп – интернет. Ғаламтордың әрбір үшінші қолданушысы – балалар. БҰҰ Балалар қорының мәліметінше, күн сайын 175 мың бала бірінші рет интернетке кіреді және жарты секунд сайын олар онлайнда отырады. Әрине бұл бір жағынан балалардың жеке дамуына мүмкіндіктер бергенімен, екінші жағынан айтарлықтай қауіп те тудырады. Себебі Балалар қорының цифрлы әлемдегі балалардың жағдайына үңілген сараптамасы бойынша ересектердің өзі енді-енді түсініп келе жатқан, әлі шешімін таппаған түрлі тәуекелдерден балаларды қорғау қажеттігі байқалып отыр.
Таяуда Алматыда өткен басқосуға қатысқан ЮНИСЕФ-тің саясат пен зерттеулер жөніндегі директоры Лоуренс Чендидің пікірінше, интернеттің оң жағы да бар, мәселен сал ауруымен ауыратын балалар үшін өзінің тұрғыластарымен сөйлесуге мүмкіндік берсе, Конго сияқты дамушы елдердің жас блогері таза судың жоқтығы, санитарлық ахуалдың ушығуы және басқа да қоғамдық мәселелерді бүкіл әлемге жеткізе алады. Дегенмен ғаламтордың көлеңкелі жағы да жоқ емес. Оның ішінде жыныстық мазмұндағы теріс әрекеттерге итермелейтін, кибершабуылдарға баулитын контенттер, заңсыз іс-қимылдарға, адам саудасына апаратын қитұрқылықтар молынан кездеседі. Интернетті пайдалануды бақылау қоры АҚШ, Ресей, Канада, Франция, Нидерландтағы URL мекенжайлардың 92 пайызы балаларды жыныстық тұрғыдан қорлауға байланысты түзілетінін анықтады. Криптовалюта мен «көлеңкелі интернеттегі» жаңа технологиялар осы іспетті зиян- ды контенттерге балаларды көптеп тартуға ықпал етеді. Бұған көбінесе халықтың әлеуметтік тұрғыдан осалдау бөлігінің, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың балалары душар болып жатады. Сондай-ақ бұл зорлық-зомбылықтың кеңінен қанат жаю- ына, жүздеген мың балалардың келешегіне кері әсер ететін күшке ие. Нәсілдік, ұлттық тұрғыдағы араздықтарды бастап беруге де қабілетті виртуальды кеңістіктен бүгінде жастардың 29 пайызы ғана тыс қалып отыр. Африкалық жас- тарды қамтитын бұл топ 346 миллион адамды құрайды. З.Балиева осыған орай елімізде «Болашақ» қорымен бірге «ақ интернет» кеңістігін құру көзделіп отырғанын айтады. Яғни порнография мен құқыққа қайшы контенттерсіз 3 мың сайттың онлайн-парағы жасалды, қазақстандық провайдерлер тұтынушыларға таза өнім беруге дайын. Қазір Парламентте барлық білім беру мекемелеріне тек «ақ интернетке» қосылуға үндейтін заңнама қаралып жатыр. Бұл заң арқылы ата-аналар да балаларының интернет кеңістігін пайдалану қауіпсіздігін қадағалауға міндеттеледі.
«Егер біз сабырлы, саналы, дені сау, бәсекеге қабілетті ұлт болуды көздесек, балаларға кез келген физикалық, психикалық, моральдық, экономикалық күш қолдануға жол бермеуіміз қажет», дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл З.Балиева.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»