Париждегі Бурбондар сарайында Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Ғалиевті «Қазақстан-Франция» парламентаралық достық тобының төрағасы Пьер Кабаре қабылдады.
Кездесуге Франция парламенті төменгі палатасының вице-спикері Кароль Бюро-Боннар, Сыртқы істер жөніндегі комитеттің мүшесі Анни Шапёлье, сонымен қатар достық топ хатшылығы мен Қазақстан елшілігінің қызметкерлері қатысты.
Халықаралық саясаттың көкейкесті мәселелері жөнінде барынша қызығушылық тудыратын, сонымен қатар 2018 жылғы маусымда 10 жылдығы аталып өткелі отырған Қазақстан мен Франция стратегиялық серіктестігінің болашағы мен жай-күйі туралы пікір алмасу болды. Тараптар орталықсыздандыру бойынша ынтымақтастық пен парламенттік дипломатиядағы өзара ықталдастықты сөз етті.
Француз депутаттары ұлттық стратегия мен даму бағдарламалары шеңберіндегі Қазақстан қоғамында болып жатқан динамикалық даму мен батыл реформаларды қуаттады. Соның ішінде еліміздің адам құқықтары мен демократия қағидаттарын нығайтудағы жетістіктеріне баса назар аударылды.
Өз кезегінде К.Бюро-Боннар мен А.Шапёлье Қазақстанның әлем бойынша бітімгершілік және ядролық қаруды сынауға тыйым салу мен жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау ісіндегі көшбасшылық рөліне жоғары баға берді. Сонымен қатар олар бұрынғы Семей полигоны мен Арал теңізі бассейніндегі техногендік зілзала аймағындағы экологияны қайта қалпына келтірудегі белсенді жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Франция парламентшілері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген міндеттерге ерекше қызығушылық танытты. Қазақстандық елші Жолдаудағы бағыттарды Францияның әртүрлі аймағында орналасқан ірі, орта және кіші кәсіпорындармен ынтымақтастықты орнату көзқарасы тұрғысынан түсіндіріп берді.
П.Кабаре қазақстандық әріптесі Омархан Өксікбаевтың шақыруы бойынша осы жылдың екінші жартысында достық топтың басшысы ретінде біздің елге бару ниетін растады. Оның ойынша, Қазақстан француздарға тек сенімді экономикалық және саяси серіктестік ретінде ғана емес, сондай-ақ туристік бағыт бойынша әлі ашыла қоймаған Ұлы Жібек жолы өтетін әр алуан мәдениетке бай ел қалпында қызықтырады.
Франция ұлттық Ассамблеясының депутаттары 2017 жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын көпшілік дауыспен қолдағанын еске саламыз. Биылғы 15 ақпанда аталған тарихи құжатқа Франция Сенат мүшелері де бірауыздан дауыс берген болатын. Алдағы уақытта заң елдің президентінің қол қоюымен бекітіледі деп күтілуде.
«Егемен-ақпарат»