• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 01 Наурыз, 2018

Сенаттың жалпы отырысында бірқатар заң жобасы қабылданды

226 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Еуразиялық экономикалық одақтың жекелеген ережелеріне және кеме қатынасының қауіпсіздігіне қатысты заң жобалары талқыланып, қабылданды. 

 

Сенаторлар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық эко­но­микалық одақ жөніндегі шартқа Қырғыз Республикасының қосы­луы туралы 2014 жылғы 23 жел­тоқсанда қол қойылған шарттың жекелеген ережелерін қолдану туралы хаттаманы ратификациялады. 

Осы мәселеге байланысты Ұлт­тық экономика министрі Ти­мур Сүлейменов баяндама жасады. Ведомство басшысының ай­туынша, құжаттың негізгі мақсаты – ЕАЭО мемлекеттерінің баждарды бөлудегі бірдей тәсілін қамтамасыз ету және мүше елдер үшін кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін қайта қарау. 

«Хаттаманы іске асыру ке­ден­дік әкелу баж салығының сома­сын бөлу нормативін азай­тады. Болжам бойынша, респуб­ликалық бюджеттен кететін шартты шығынның сомасы 2018 жылы 1,9 миллиард, 2019 жылы екі миллиард теңгені құрайды. Хаттаманы ратификациялау бір­дей тәсілді және ЕАЭО мемле­кеттерінің бюджеттеріне баж­дарды тұрақты бөлу мен есеп­ке жатқызуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Т.Сү­лей­менов. Сенаторлар заң жобасындағы кейбір тұстарды нақтылау үшін министрге сұрақ қойды. Т.Сү­лейменов аталған мәселелерге қатысты жан-жақты жауап берді. Бұдан кейін Экономикалық сая­сат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Мұратбай Жолдасбаев қосымша баяндама жасап, заң жобасының маңыздылығына тоқталды. 

Ұлттық экономика министрі «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнер­кәсіптік тауарларға қатыс­ты өзіндік ерекшелікті субси­дияларды Еуразиялық эконо­микалық комиссияға ерікті ке­лісу және ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттердің өзіндік ерекшелікті суб­си­дия­­ларды бе­руіне байланысты тал­қы­лау­лар­ды ЕАЭК жүргізу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде де баяндама оқыды.  Министрдің сөзіне қарағанда, 2017 жылғы 26 мамырда Қазан қа­­ласында қол қойылған келісім Еу­разиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің эко­но­микасын тұрақты әрі тиімді да­мы­туды қамтамасыз етуге, Еу­ра­зиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ара­сында өзара сауда мен адал бәсе­кені қар­қындатуға арналған. 

Құжат Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа мүше мемле­кет­тердің және Еуразиялық эконо­микалық комиссия арасындағы өнеркәсіп тауарларына қатысты ерекшелігі бар субсидиялардың берілуіне байланысты құқық­тық тетіктердің өзара іс-қи­мы­лын реттейді. Еуразиялық экономикалық комиссияның өзіндік ерекшелігі бар субсидия­ларды мүше мемлекеттерге бері­луінің ерікті келісу тәртібі, сон­дай-ақ Комиссияның өзіндік ерек­шелікті субсидиялардың мүше мемлекеттерге берілуіне бай­ланысты талқылауларды жүр­гізу тәртібі түзілді. 

Келісім Комиссияның қа­был­данған шарттарға байланыс­ты ерекшелігі бар субсидияларға қол жеткізу немесе қол жеткізуге болмайтыны туралы шешімдерді қабылдау тәртібін бекітеді. Қол жеткізу шарттары Қазақстан Рес­публикасындағы қазіргі субсидиялау тәжірибесіне сай келеді. Комиссияның басқа мүше мемлекеттер берген ерекшелігі бар субсидиялардың ұлттық эко­номика саласына зияны туралы дәлел болған жағдайда, оған қа­тысты талқылау жүргізуге хақы бар. 

Бұл заң жобасына қатыс­ты Экономикалық саясат, инно­вациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Сәрсенбай Еңсегенов қосымша баяндама жасап, әріптестерін заң жобасын қолдауға шақырды. 

Бұдан кейін «Теңіз кеме қаты­насы қауiпсiздiгiне қарсы ба­ғыт­талған заңсыз iс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға 2005 жылғы хаттаманы ратификация­лау туралы» заң жобасы таныстырылды. Осы заң жобасы бойынша Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. 

Ведомство басшысының ай­туын­ша, хаттама теңіз кеме­леріне террорлық шабуыл­дар­дың жиілеуіне байланысты ха­лық­аралық террорлық актілер­дің алдын алу және болдыр­мау үшін халықаралық қоғам­дас­тықтың күш-жігерін күшейтуге шақырады. Құжат конвенцияға халықаралық теңіздегі кеме қаты­насында халықаралық террор актілерін болдырмауға және одан қорғалуына қатысты, сондай-ақ конвенцияның тиімділігін арт­тыруға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көз­дейді.

«Бүгінге дейін 40-тан ас­там мемлекет хаттаманың қа­ты­сушысы болып табылады. Олар­­дың ішінде Қара теңіз бен Балтық теңізі маңындағы барлық мем­лекет бар. Қазіргі таңда Қазақ­­станның сауда кемелері ашық теңіздердегі порттарға де­йін­гі бағыттарды белсенді түр­де игере бастады. 2017 жылы Ақ­тау портынан Түркия порттарына дейін 35 мың тонна негізгі жүктер тасымалданды. Биыл бұл тасымалдың көлемі үш есеге артады. Сонымен қатар биыл­дан бастап Қара теңіз бен Бал­тық теңізінен Теңізшевройл зауы­тының құрылысына қажетті көлемді емес жабдықтарды тасымалдау жоспарланып отыр», деді Ж.Қасымбек.

Теңіз кеме қатынасының қа­уiп­­сiздiгiне қарсы заңсыз iс-әре­­кет­термен күрес туралы 1988 жылғы негізгі конвенцияны Қа­зақстан 2003 жылы ратифи­­ка­циялаған болатын. 2005 жылы қазанда Лондонда Халық­аралық теңіз ұйымының заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы шарттарды қайта қарау жөніндегі конференциясында Теңіз кеме қатынасының қауіпсіздігіне қарсы заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенция хаттамасына қол қойылды. 

Сонымен қатар құжатта лауазымды және заңды тұл­ғалар­дың қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық жауапкер­шілігі, сондай-ақ қатысушы­ла­рдың ақпаратты беру сала­сындағы тығыз ынтымақтас­ты­ғын реттеу туралы ережелер бар. Осы заң жобасына қатысты Ха­лықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Нұржан Нұрсипатов қосымша баяндама жасады.

Отырыс барысында сенатор Дариға Назарбаева елі­міз­дің банк секторын мемле­кет тарапынан қолдау бағдар­ламасын іске асыруға қатысты мәселе көтерді. Сондай-ақ Мұ­рат Бақтиярұлы, Манап Көбе­нов, Аңсар Мұсаханов, Ғұмар Дүй­сембаев, Сәрсенбай Еңсегенов, Ерік Сұлтанов, Нұржан Нұр­си­патов, Бекмырза Еламанов және Нариман Төреғалиев өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»