Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Тұрсын Қабдолданов және аталған комитеттің биологиялық қауіпсіздік басқармасының жетекшісі Салтанат Әбілқасымованың қатысуымен ветеринарлық қауіпсіздік тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Биыл 28 аса қауіпті жұқпалы мал ауруына қарсы 74 млн диагностикалық тексеру және 142,4 млн мал мен құсты егу жоспарланып отыр. Сібір жарасына қарсы мал басын 100 пайыз қамту, аусылға қарсы 5 облыстың мал басын толығымен қамту және туберкуллезге аллергиялық бойынша тексеру жүргізіледі. Жалпы, ветеринарлық қауіпсіздік пен тамақ қауіпсіздігі бір-бірімен тығыз байланысты. Төл алынғаннан кейін төлдің құлағына салынған сырға, малды егу шаралары, тексеру жұмыстары және тасымалдануы, өсірілуі Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырында болса, өнім алынғаннан кейінгі мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында. Бүгінгі таңда осы мәселені бір мекеменің құзырына беру қарастырылуда. Өйткені өнім тасымалданған кезде кемшіліктер шығатын болса, оның өндірілген орнын білу құзыреті Денсаулық сақтау министрлігінде жоқ. Бұл мәселе Ауыл шаруашылығының қарауында. Барлық атқарылатын жұмыс бір ғана ведомствоның, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырында болғаны жөн деп санаймыз», деді Тұрсын Қабдолданов.
Сонымен қатар ол бруцеллез ауруына да тоқталды.
«Бруцеллез ауруы әлемде 1930 жылдан бастап орын алып келеді. Бұл созылмалы індет. Елімізде сауын сиырлар екі рет, күзде және көктемде, ал бұқалар әр тоқсан сайын төрт рет тексеріледі. Біз жылына 7 миллиондай мал тексереміз, 24 миллион қойдың қанын тексереміз. Соның ішінен жылына 20-21 мыңдай мал бруцеллезге ұшырайды», деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»