• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Наурыз, 2018

Қайран Әбекем!..

819 рет
көрсетілді

Өмірді өрелі өнегесімен өрнектеп өткен сыйлас, сырлас, мінездес, қайран қимас досым Әбіш жайлы жан тебіренісімнен туған ой орамдары...

 

Н.Назарбаев: «Әбіш Кекілбаев – ұлттық саясаты­мыз­дың ұраншысы», дейді.

Әбіш Кекілбаев – тарихшы, шежіреші, жылнамашы, халық жазушысы, саясаткер, қоғам және мемлекет қайраткері, фи­ло­соф, ғұлама, абыз, ұлты­мыз­дың рухани ұстазы, адам­дық­тың, азаматтықтың символы.

Ол ешкімді де бөлмейтін, жар­майтын, алаламайтын, құла­ламайтын, бәрі де болсын, бәрі де оңсын дейтін, тәні де, қаны да, жаны да таза, ешкімге қыл­дай қиянат жасамаған, ешкімнің ала жібін аттамаған, ешкімге жел болып тимеген, ешкімнің кө­ңіліне көлеңке түсірмеген, тіп­тен, жерге де салмақ салмай жүретін, көпшіл, халықшыл, қа­зақ­шыл, мемлекетшіл жан еді.

Қазақтың кең даласындай маң­дайына іргелі ел сыйған­дай, таңдайынан маржан сөз, бал тамғандай, мейірімді, мерей­лі, жылы, жұмсақ жүзі­нен иман­ды­лықтың, инабат­ты­лық­тың, шапағаттың, шарапаттың нұры төгіліп тұрғандай періште пейіл­ді жан еді.

Ол қазақтың кең-байтақ дарқан даласының даналығын, қазақи қасиетіміздің, қазақи философияның қаймағын тәні­не, қанына, жанына молынан сіңірген тау тұлға.

Үлкендердің ортасында кіші емес, кішілердің ортасында үлкен емес ғажайып бір бетегеден биік, жусаннан аласа, сүттен ақ, судан таза болатын. Бұл дүниеден көргені де көп, тер­гені де көп, түйгені де көп, біл­гені де көп, ілгені де көп, жадының мықтылығы тасқа таң­ба басқандай, зерек еді, зер­делі еді.

Бір кездесудің өзі бір ға­ни­бет, салиқалы, салауат­ты, ки­елі кеңестің, мәнді мәс­ли­хаттың адамы. Кейде, шір­­кін-ай адамдардың бәрі осы Әбекең­дей болса, заман, қоғам, өміріміз қандай болар еді деп қиялдайсың, армандайсың. Өкінішке қарай, арман деген арман, қиял деген қиял, өмір деген өмір.

Періштең болмаса, пендең осындай-ақ болсын, ағайын.

Әбіш Кекілбайұлының қай­рат­керлік, саясаткерлік қасиет­те­­рі Жоғарғы Кеңестің депутаты, төрағасы болған кездерінде жал­­пақ жұртқа жарқырай көрі­н­­- ді. Мысалы сол заманда шеш­і- ­мі ең бір қиын болған мәсе­ле еге­менді еліміздің елтаң­басын қа­былдау болды.

«Аты несі, қанаты несі» – деп көптеген депутаттар оны тү­сінбей, бұра тартып, бас­та­рын ала қашып, сан-саққа жү­гіртті. Сондай бір мәселе әб­ден ушығып, тығырыққа тірел­ген сын сағатында Әбіш Кекіл­бай­ұлы: «Қазақ қазақ бол­ға­ны үшін мың өліп, мың тірі­ліп жүріп, қа­зақ болып қалғаны үшін ат­қа қарыздар. Қазақ аттың жа­лында, түйенің қомында жү­ріп, іргелі ел, қабырғалы ха­лық болған. Қазақты жылқы мінезді дейді. Жылқының еті де дәрі, сүті де дәрі. Қазақтың жылқысыз күні жоқ. Жылқы қасиетті, киелі Қамбар атаның түлігі. Өңіңде түгіл, түсіңде атқа мінсең бақытты боласың.

Қанатты ат – қазақтың қыр­ғи­дай қиялы, Алатаудай арманы. Қанатты ат – қазақтың жарқын болашағы, кемел келешегі. Қанатты ат – жақсылықтың нышаны, жаңалықтың жаршысы» – дегенде депутаттар сіл­ті­дей ты­нып, бұл жобаға бір ауыздан дауыс берді. Міне, да­ныш­пан­ның дуалы аузынан шыққан қасиетті, киелі сөздің құдіреті осындай болды.

Ол кезде Жоғарғы Кеңестің 362 депутаты халықтың қай­на­ған ортасынан шыққан, ха­лық сайлаған, халық сенген, әрқайсысы сен тұр, мен атайын дейтін, ауыздығымен алысқан, басы кез келген ноқ­таға сыя бермейтін, кез кел­ген­нің айтқанына көніп, ай­да­­­ғанына жүре қоймайтын, аяқ­тыға жол, ауыздыға сөз бер­мейтін, ешкімнің қасы мен қа­ба­ғын қарауылдамайтын, та­бал­дырығына табынбай­тын, ар мен намыстан жаралған ар­қа­лы, қабырғалы, омыртқалы азаматтар, олардың басым көп­ші­лігі халықшыл, мем­ле­кетшіл тұ­ғырлы тұлғалар болатын.

Олар: Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Шах­мар­дан Есенов, Сағадат Нұр­мағамбетов, Сұлтан Сартаев, Сау­ық Тәкежанов және Жоға­р- ғы Кеңеске төраға да, депутат та болған біздің кейіп­ке­ріміз Әбіш Кекілбаев сияқ­ты ғұламалар, дарабоздар, он то­ғыз облыстық партия ко­ми­­тет­терінің бірінші хатшы­ла­ры, об­лыстық атқару ко­ми­тет­те­рінің төрағалары, министрлер бо­латын.

Міне Әбіш Кекілбайұлы осының бәрінің басын бір шаңыраққа қосып, ұйытып, ұйымдастырып, ақылымен ар­қан­дап, шеберлігімен шегелеп, кісі­лігімен кісендеп, талантымен тағалап, тапқырлығымен тұ­саулап, көсемдігімен көн­ді­­ріп, шешендігімен сен­ді­ріп, дәлдігімен, дәйек­ті­лі­гі­мен дә­лелдеп, шай­танға тұ­зақ құ­­рар­лықтай сұң­ғыла сая­сат­керлігімен 362 депу­татты са­басына түсіріп, небір тари­хи, тағдырлы сын сағат­та­рын­да күрмеуі қиын, күрделі мә­селелерді майдан қыл суырған­дай етіп, өгіз өлтірмей, ар­ба сындырмай шешетін еді, жа­рық­тық Әбекең.

Әбекеңнің ел, жер, халық, отан­сүйгіштік қасиеттері бір төбе.

Әбіш Кекілбаев «Тәуелсіздік толғауы» атты мақаласында: «Ар-намыс қана тәуелсіздікке тірек бола алады. Ол біздің тіле­гі­міз­ді емес, біз оның тілегін тілеу­іміз қажет» деп бірліксіз ұлт­тың, түйсіксіз елдің болуы мүм­кін еместігін айқындап, қара бас­тың қамынан гөрі, ұлттық мүд­деден жанын аямаудың үл­гі­сін көрсетті. Тарихтың ащы са­бақтарын ұмытпауға ша­қы­рып, билік ауысу кезінде ел аға­л­арының арасындағы ба­қа­с- ­тық пен бақталастықтың тәу­ел­сіздігіміздің елең-алаңында қайталанбауы үшін жан-тәнімен күресті.

«Ұлт тек қана ұлттық ын­ты­мақ жағдайында ғана өз мүддесіне жете алады» деп сан жылдар бойы ха­лық­тық қа­сиетімізден айы­рып – то­быр­лан­дыруға, халық­ты бір­лі­гі­нен айырып – ұлт­сыз­дан­ды­ру­ға, та­рихынан айырып – рух­сыз­дан­дыруға бағытталған отар­шылдық дертінің емшісі бола білді.

Әбіш Кекілбаев: «20-шы ғасырда ұлттарды ұлы мұраттар жетелейді», «Бостандық ұлтты бодандықтан да қатты сынай­ды», «Мен үшін ең қымбат­ты туған жерім», «Мен Маң­ғыс­тауда тумасам, дәл осындай болмас едім», «Көзің бар­да, Маңғыстауды көріп қал», «Адамды адам еткен кітап, азамат еткен – кітапхана», «Менің ар­маным – қазақтың кең даласы қа­заққа толса екен» дейді.

Жақсы адамның өзі де, өмірі де, өлімі де жақсы. Кез келген мұ­сылман жасарын жасаған соң, асарын асаған соң, берерін бер­ге­н соң, аларын алып, парызын, қарызын, борышын орын­да­ға­н соң Алла аманатыңды (жа­нымды) қинамай, жан-жағы­ма салмақ салмай ала көр деп тілейді.

Әбекең театрдан үйіне келіп, жұмсақ орындықта отырып, кешкі асын ішіп, төсекке бір күн де жатпай, өзінің қара ша­­­ңырағында, өзін де қина­май, өзгені де қинамай Алла­ның аманатын абыроймен тапсыр­ды.

Ақиқатында, Әбекең өзі айтқан «Ақыл-есі бүтінде жө­ні­мен жөнелу кез келгенге бұй­ы- ­ра бермейтін бақ емес пе?» де­ген ұлағатты өсиеті де, ті­легі де орындалған бақытты адам.

Тарихта Шоқанмен қатар шық­қан, императорлық орыс географиялық қоғамының мү­шесі болған екінші қазақ Мұхаммед Салық Қарауыл Қожа­ұлы Бабажановтың орны ерек­ше болған.

Ол өлгенде: «Салық өлді дегенше,

Алып өлді десейші,

Алып өлді дегенше,

Халық өлді десейші», деп бүкіл батыс өлкесінің хал­қы күңіренген екен. Бүгін ха­лық­тың осы бір зары, мұңы, жоқ­та­уы, іздеуі, сағынуы құдды бір Әбіштің рухына арналғандай.

Әбіштің рухы халқымен мәң­гілік бірге жасайды. Қазақ барда, Әбіш бар.

Қазақта: «Құданы құдай қо­сады, досты пайғамбар қо­са­ды», «Бір адал досы бар адам бақытты», «Бір дұшпан аз­д­ық қылмайды», «мың дос көп­тік қылмайды», «Жол-жөнекей қосылған екі достан», «Бір дос артық ежелден көңіл қосқан», «Сен досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айта­йын» – деген ат басындай аталы сөздер бар.

...Біздің Әбекеңмен бірінші кездесуімізге себепкер болған төмендегі жағдай еді.

Қызылордада көрнекті ға­лым, ауыл шаруашылығы ғы­­лы­­м­дарының докторы, профес­сор, ұлағатты ұстаз, елге та­ны­­мал абыройлы азамат Дүйсен Нұрымовтың жары Тілек­тес­пен тұратын. Тілектес – Әбіш Кекілбайұлының ту­ған қарындасы. Дүйсеннің әке­­сі Еген Нұрымов Шиелі ау­да­нындағы Жиделіарық ұжым­­ша­рының негізін қа­лау­шы тө­р- аға, облыс ауыл­ ша­руа­шы­лы­ғының алғашқы, ірі ұй­ым­дас­тырушыларының бірі бол­ған.

Әбекең туысқандық жолмен алдымен Қызылордаға, сосын Дүйсеннің анасы Бибісалға сәлем беру үшін Шиеліге келді. Мен сол кезде Шиелі аудандық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы болатынмын. Міне, осылайша 1984 жылы біз Әбекеңді бұрын сырттай білетін болсақ, енді бірінші рет кездестік, етене таныстық, білістік. «Адам сөйлескенше, ат кісінескенше» дегендей, егжей-тегжейлі сөй­лес­тік, сырластық, сыйлас­тық, түсіністік, болашақ досты­ғы­­мыздың алғашқы сәтті қада­мын жасадық.

Менің сол жылдары «Кез­дей­соқтық дегеніміздің өзі қа­жеттілік» деген қағиданың ақиқаттығына көзім жетті.

Осы кездесудің алдында ғана менің қолыма Әбекеңнің «Үркер» романы түсіп, үлкен бір қызығушылықпен, ынтамен, ықыласпен оқып, сау бетін қал­дырмай сызып, шимайлап, ең бір ұтымды, ұтқыр, тартым­ды, таңдаулы жерлерін арна­йы қойын дәптеріме көшіріп алғанмын. Сол роман, ондағы құдіретті, киелі сөздер, оралым­ды, ордалы ойлар, керемет кейіп­керлер, жантебірентерлік оқиғалар, жансеміртерлік жәйт­тер менің рухани жан дүниемде төңкеріс жасады. Қасиетті, құ­діретті, киелі сөзге, кітап­қа, әде­биетке, мәдениетке, өнер­ге деген сүйіспеншілігім мен қы­зығушылығымды, жа­ңа, жа­ғымды, жасампаз көз­қа­ра­сым­­ды қалыптастырды, ке­ле­шек­те өзім де қолыма қалам ала­тындай ынта-ықыласымды, құш­тарлығымды тудырды.

Құдірет-ай десеңізші, сол кезден бастап әрбір кезде­су­д­ен, әрбір шарадан, бас- п­а­­сөзден, телеарнадан, кітап­тан, тарихтан, халықтан, уа­қыт­­тан, оқиғалардан маржан сөз, дуалы сөз, пәтуәлі сөз із­­деп, тауып,теріп, «құм­нан тау тұрғызғандай», «ине­мен құ­дық қазғандай» тір­нек­теп, жи­нап, шексіз бүкіл­әлем­­дік, бү­кіладамзаттық құн­ды­лық­тар­дың шексіз ой орманын аралаумен келемін.

Әбекең тұлпарды шаппай тұ­рып тұяғынан танитын, сұң­қарды ұшпай тұрып қия­ғы­нан танитын, кісі болар баланы бе­сігінен танитын, көріпкел, да­­нагөй бабаларымыздың ұр­пағы, жарасымды жалғасы, сезім­тал, сергек, адамсүйгіш, адамсыйлағыш, адамтүсінгіш, адам­танығыш, не айтып отыр­ға­нын түгіл, не айтайын деп отырғаныңды, не ойлап отыр­ғаныңды қасың мен қаба­ғың­нан біліп қоятын психолог, адам жанының инженері еді ғой, шіркін.

Иә, ол сол жолы шимай­лан­ған кітапты, қойын дәптерімді кө­ріп, менің бар жан дүниемді, ру­хани тебіренісімді, рухани жаң­ғыруымды үшінші көзі – жүре­гімен сезініп, мені бірден жақ­сы көріп қалды.

Өйткені кімнің де болса жаз­ған кітабы оның саналы өмір жалғасындағы бауыр етінен жа­ралған баласы, өзі, өмірі, өмі­рінің жалғасы. Сондықтан әр­бір шығармашылық адамы өзінің өзегін жарып шық­қан дүниесін бағалаған, ұнат­қан, сыйлаған, мақтаған, мадақ­та­ған, жақтаған адамды жанындай жақсы көруі табиғи, заңды құбылыс.

Міне, Әбекең екеуміздің ара­мыз­дағы достығымыз осы­лай­ша басталып, Әбекең дүние­ден өткенше, дүниеден өткен соң да оның рухының алдында жарасымды жалғасын тауып келеді.

Біздің достығымыз жәй ғана, өткінші, кездейсоқ, «сырты бүтін, іші түтін», «сырты жылтырап тұрған, іші қал­тырап тұр­ған», жасанды, жалған, алау­лап, жалау­лап тұрған ба­қайесептің дос­тығы емес, шын, шынайы ішкі терең тү­сі­­ніс­тіктің, жан-жақ­ты, ру­ха­­ни сәйкестіктің, үндес­тік­­тің, үйлесімділіктің, уақ­ыт­­қа, оқи­ғаларға, заманға, қо­ғам­ға, та­рих­қа, халыққа деген көз­қа­ра­сымыз бен пікіріміздің бір­лігінің достығы еді.

Атам қазақ: «Жақсымен жолдас болсаң жетерсің мұрат­қа, жаманмен жолдас болсаң қа­ла­рсың ұятқа» деп қалай тауып айтқан, десеңізші. Менің Әбекеңмен алғашқы кездесуден алған керемет әсерімнің арқасында, оның шапағатымен, шарапатымен мен де кейінірек «ештен кеш жақсы» дегендей, қолыма қалам алдым. Әбекеңмен достығымның жа­ра­­сымды жалғасы ақ қағаз­бен, қа­ламмен өмірлік дос­ты­ғы­м­ның қалыптасуы болды. Нә­те­жиесінде, жеті кітап жаздым, қазір де жазып жатырмын, келешекте де ақыл-есім түгелде жаза беретін болармын.

Азды-көпті шығармашылық еңбегім еленіп, ескеріліп, баға­ла­нып, Қазақстан Респуб­ликасы Журналистер, Жазушылар ода­ғы­н­ың мүшесі болдым.

Менің «Парыз бен Парасат» атты алтыншы кітабымның ал­ғысөзін «Көркем ой мен көр­кемсөздің қайнары» атты ай­дар­­мен ардақты, асыл досым Әбіш Кекілбайұлы жазып еді.

Онда Әбіш Кекілбайұлы: «Сейілбек менің құрдасым, сыйласым, сырласым, мұңдасым, досым. Оның шығармайтын қылығы жоқ. Соңғы жылдары қа­ғаз бен қаламға әбден құны­ғып алды. Бұрынғы шұқы­на­тын­дарымыз жолда жайылып қал­­дық. Кітап үстінен кітап төгі­л- ­тіп, жазады да жатады. Елден естігендерім деп бір шығарады. Ел­ден көргендерім деп бір шы­ғарады. Бастан кешкендерім деп үш шығарады. Ойдан шы­ғарғандарым деп және шы­ғарады. Түпсіз шыңырау сияқты. Қанша қауғаласаң да, сарқи алмайсың! Қайсысын оқы­саңыз да, жаңбырдан соң, таза ауа жұтқандай көкірегің ашы­лып, көз шолаң кеңейіп сала береді. Ұзақ жыл тебірентіп, сан қайтара толғантқан жайттар сөз бо­лады. Көпті көріп, көпті түй­ген көшелі азаматтың ой соқ­па­ғына түсіп, серуенге шыққ­ан­дайсың.

Түсіне бересің, түсіне бере­сің, біле бересің! Бүгінгі жә­не бая­ғы дүниенің байқай қой­ма­ған, ести қоймаған, ескере қой­маған әдептерінің қыр-сыры­на қанығасың. Бәрінен де шұрайлы тілін айтсайшы. Бұн­дай да бейнелі, бұндай да дәле­лді, бұндай да дәйекті, бұндай да ұшқыр да ұтқыр жазуға, сөй­леу­ге болады екен-ау деп таң қа­ласың.

Шешендік пен көшелілік ай құшақ қауып аймаласқан бұндай кестелі сөзбен, келісті оймен әлі де талай ұшырасарымыз сөзсіз. Сондықтан да бүгін бәрін қам­тып, бәрін сарқып айтамыз деп, босқа әуре болмағанымыз дұ­рыс» дейді.

Дүниедегі ең қымбат нәрсе алтын да емес, ақша да емес – уақыт. Адам да, заман да, қоғам да, тарих та, тағдыр да сол уақыт­тың аясында өтеді, бәрі сол жоғары мәртебелі уақыттың ен­шісінде.

Бұрынғының адамдары «өтіп бара жатқан уақыт, менің өмірім» деп жылайды екен. Бүгінгінің адамдары бұған қуанарын да, қайғырарын да біл­мей дел-сал күй кешуде. Біреу­лер «еңбекақы, жәрдемақы, зей­нетақы алатын күн жақын» деп қуанады, баз біреулер несие төлейтін күн жақын» деп қай­ғырады.

Уақыт – әмірші, уақыт – сын­шы, уақыт – емші, уақыт – төреші.

Менің Әбекеңмен етене та­ныс­қ­аныма отыз жылдан ас­ып барады.

Осы жылдары не көрмедік, не білмедік, қаншама мыңдаған адамдармен кездестім, қаншама ірілі-ұсақты оқиғалар басымыздан өтті десеңізші. Қанша нәрсе ұмы­тылды. Кешегіні бүгін ұмы­татын жағдайға, жасқа жет­тік. Адамның басының да, миы­ның да, жадының да мүм­­кін­ді­лігі, сыйымдылығы, шең­бері, ше­гі болады ғой.

Мысалы бір ескерткіштің ба­сында тұрып-ақ, тарихты терең­нен қопарып, жүздеген адам­ның атын атап, түсін түс­тейтін, бәрін білетін ақылды, да­ныш­пан, жады тасқа таңба бас­­қандай Әбекеңнің өзінің үйі­нің,телефонының нөмірін біл­­меуі таңғажайып оқиға емес пе? Өйткені оның басын­да мұн­дай майда-шүйде мә­се­ле­лерге орын жоқ.

Сондықтан да қаншама адам­дардың, қаншама оқиға­лардың естен шығып қалуы та­биғи заңдылық. Сондай-ақ кісі­нің жадын, есін еншілеп алған, еш ­уақытта естен шықпайтын адамдардың да, оқиғалардың да болары сөзсіз.

Менің өмірімдегі сондай адамдардың бірі, бірегейі Әбіш Кекілбаев, ал сондай оқиға 1984 жылғы екеуміздің кездесуіміз, танысуымыз, табысуымыз, дос- тасуымыз.

Әбеке! Қазақта: «Өлік өлік емес, тірі өлік» деген сөз бар, сіз бәрін сезіп, бәрін біліп, бәрін естіп жатырсыз.

Осыған риза бол, қайран Әбекем!

Сейілбек ШАУХАМАНОВ