Ата Заңымыздың 1-ші бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деген сөздер жазылған. Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі. Әлеуметтік мемлекеттің әлеуеті Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы сөзінде тағы да тамаша таныла түсті. Елбасы өзінің халқынан ештеңені аяп қалмақ емес. Егер қандай да бір мәселелер қазірге дейін шешімін таппай жатса, оның себебі біреу ғана болуы мүмкін. Ол себеп – сол мәселелерді шешуге қазірге дейін шаманың жетпей келгендігі. Мемлекет мығымданып, экономика еңселене берген сайын, уақыты туған кезде бұған дейін түйткіл болып, көңілді күпті етіп келген түйіндердің бәрі бірінен кейін бірі тарқатыла береді, тарқатыла береді. Президент Назарбаевтың жаңа әлеуметтік бастамалары осының даусыз дәлелі.
Елбасының наурыздың бесінші жұлдызында жария етілген бес бастамасының бәріне де халық қояр баға «бестік» болатыны күмәнсіз. Алдымен айрықша айтатын жаңалық – «7 – 20 – 25» деп аталған ипотекалық несие бағдарламасы. Мұның мәнісі – біріншіден, ендігі жерде ипотекалық несиенің қазірге дейінгі 14-16 пайыздың орнына 7 пайыздан аспайтындығы, екіншіден, ендігі жерде үй құрылысына салынатын бастапқы үлестің қазірге дейінгі 30, ал кей жердегі 50 пайыздың орнына 20 пайыздан аспайтындығы, үшіншіден, ендігі жерде несиені төлеудің мерзімі қазірге дейінгі 10-15 жылдың орнына 25 жылға дейін ұзартылғаны. Бағалай білген адамға бұл үлкен жеңілдік. Ал салықтық жүктеменің азайтылуы тіпті таңданарлықтай. Тұрмыс деңгейі төмен адамдарға 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазірге дейінгі 10 пайыздың орнына небәрі 1 пайыз салық салынатын болып отыр. Бұл – Елбасының екінші бастамасы. Үшінші бастаманың көлемі де қайран қалдырарлықтай. Неге десеңіз, жоғары оқу орындарына бөлінетін қазіргі 54 мың грантқа тағы да тұтастай 20 мың грант қосылғалы отыр, оның 11 мыңы бакалавриаттағыларға, соның ішінде жаңа экономика қатты қажет ететін қат мамандықтарға бөлінбекші. Төртінші бастама бойынша шағын несие беруді көбейту көзделген. Бесінші бастама бойынша елді газдандыру жұмысы жаңаша қарқын алмақшы. Қызылорданың Қараөзегінен тартылатын газ құбыры Жезқазғанға, Қарағандыға, Теміртауға, одан Астанаға жеткізілмекші. Бұл жұмыс 2,7 миллион адам тұратын Арқа өңірін газбен қамтамасыз етіп, елдің экологиялық ахуалын жақсартпақшы. Тек Астананың өзінде ауаға тарайтын қауіпті шығарындының көлемі 6 есе азаймақшы.
Міне, ең сығымдап айтқанның өзінде бұл бес бастаманың елді жаңа белестерге шығаратын аса ауқымды шаруа екендігі айқын көрініп тұр.
Жақсылықтар жалғаса бергей!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты