Әбубәкір Қайран ақын інімнің от жүректі отыздардағы кезі. Өлең оқыған кездегі ақындық алапаты керемет-тін. Әлі де солай. Бірақ жас кездегі жалыны мен жарасымы мүлдем бөлек. Ақынмен бірге тыңдаушы да бір сырлы да шуақты әлемге еніп жүре береді, ғажайып күйге бөленеді. Жұрт жиыла қалған жерде Әбубәкір өршіл өлеңдерін дүрілдетіп оқып ала жөнелді. Жатқа оқиды. Шашы жалбырап, арқаланып, аруақтанып, көзінен от шашқан шалқар да дарқан шабытпен буырқанып, көмейінен лақылдатып селдете, тау өзеніндей күрілдеп тасып оқиды.
«Аңсар» мен «Ағын», «Қиял» мен «Метафора», «Қараңғыда» мен «Екі сәт» оқылады. «Әбіш, енді «Қасқырды» оқы, «Аспанды» оқышы!» деген дауыстар шығады... Сонда деймін-ау, тыңдап отырғандар да қатарлас құрбы, «менмін» деген мықты-мықты ақындар. Бірақ нақ өлең оқыған кезде Әбубәкірдің әуселесі озып, мысы басып кетеді. Бәрі бірауыздан ылғалсыз ақ жүрекпен Әбубәкірді мойындайды, жақсы көреді.
«Көкбөрі деген бөлек ұғым ғой, ал кәдімгі, «Болса дағы қаталдықтың, қаскөйліктің бейнесі», қасқыр болып ойланған да толғанған қазақтың тұңғыш ақыны осы біздің Әбубәкір. Адамның құрған қақпанына түсіп, сирағын қақпан кесіп өлгелі жатқан қасқырдың зары сай-сүйегіңді сырқыратады, адамдарға айтқан өсиет-сыры жаныңды толқытады.
Ата жолын жалғастырдым бұрынғы,
Адал болдым өз ісіме болаттай.
Қасқыр арын қастерледім,
Атыма кір жолатпай.
Қатал адам қақпан құрды,
Қулық қылды,
Қуаламай, оқ атпай.
Ой-хой шіркін,
Өз жолы үшін күйіп кеткен бір пенде
Бар ма екен мен секілді молақтай?!
...Әлде біз де қоямыз ба адал
асты асауды,
Адамдардан оқимыз ба
қулық-сұмдық жасауды?
...Қор болады-ау қасқырлығым,
қайратым,
Қайда сыйып жүрер екен айбатым.
Көріп өлген жолбарыстың уысын,
Бақытты екен менің Көкжал туысым.
Мен – бақытсыз!
Сен не дейсің жарық Ай?
Халім бітті... Көрінесің...
Көрінесің тарыдай.
Міне, осындай әсерлі, аянышты әрі дәл сурет жалын жүрекпен оқылғанда сенің де жаның шығып кетердей шырқырайды. Қасқырға жаның ашиды, адамдардың қаталдығына беттен басып қынжыласың, налисың. Одан әрі:
Соңғы тілек –
Қасқырларым қасқырлыққа
құнықсын,
Ал адамдар қасқырлықты ұмытсын.
Мен де жедім Адам жеген тәтті асты,
Неге олар меніменен қастасты?
Айт оларға,
Қақпандарын... Қақпандарын әкетсін.
Адамдығын өздеріне бас етсін,
Адалдығын қасқырларға паш етсін!
Былай қарағанда аса қарапайым, бірақ ішкі қуаты ересен осынау жыр қасқырлардың ғана емес, адамдық пен адалдықтың да гимні болғандай. Қасқыр қасқырлығымен, адам адамдығымен қасиетті деген ойды аңғартады.
Әбубәкірдің қасиет пен киенің, тектіліктің тереңіне бойлаған жырлары аса тағдырлы жырлар болғандығына өмір куә. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақтың бір топ жас ақын-жазушылары Мәскеуге бүкілодақтық кеңеске барды. Жиыннан жақсы мерейленіп қайтып келген соң қазіргі белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек айтады: Сонда орыс, әзербайжан, армян, грузин, басқа да ұлттардың жас ақын-жазушылары сөзін, мағынасын ұқпаса да, Әбубәкірдің өлең оқығанын қызықтап тыңдауға қайта-қайта келіп, ақынның арқалы шабытына таңғалып сүйсінді, дейді. Мақамына, сарынына, жырдың құйылысына, тау құлатардай сарқыраған екпін-ағынына, ақын жігіттің біресе күздей күрсінген, біресе көктем боп күлімдеген құбылысына қатты әсерленеді. Иә, шынайы ақындық құдірет осындай болса керек.
Әбубәкірдің біраз өлеңдері өзін тудырған ақыннан бөлек, өз бетінше өмір сүре бастады. Олай дейтініміз, ана бір жылы қазіргі көпшілікке танымал өнерпаз Нұрлан Әлімжанов Өскемендегі көркемсөз оқу сайысында Әбубәкір ағасының «Қасқырын» оқып, халықты қарық қылады, өзі қанжығасына бас бәйгені бөктереді. Көпшілік мазмұнды, мағыналы өлеңге де, оны келістіріп оқыған дарынды шеберге де разы. Залда отырған сол кездегі облыс прокуроры, генерал, ел ағасы Хакім Көшқалиев риза болғандығы сондай, сол арада өз атынан жеке марапат тағайындап, Нұрланға «Қасқырды» қайтадан оқытып, керемет қасқыр терісін сыйға тартқан еді. Бұл күнде әлеуметтік желіге жүктелген «Қасқырды» тәнті болып оқушылар саны он мыңға жетті. Жаркенттен, Көкшетаудан, басқа жерлерден ақын Әбубәкір Қайранның «Қасқырын» ерекше іңкәр-ынтызарлықпен оқып, өнер додаларында бәйге алушы жеткіншектердің жаңа легі шыға бастағанын естіп қуанулымыз.
Әбубәкірдің сонау сексенінші-тоқсаныншы жылдардағы алау шабытының серт семсеріндей, ғажайып өмір гимні сияқты өлеңдерін жыр сүйетіндердің білмейтіні кемде-кем-ді. Солардың дені өзекке шоқ түсіретін, жанам деген жүрекке от түсіретін ойлы да сойлы, нұрлы да сырлы, ақынның әмбе азаматтың темірқазық асқақ мақсатын айқындаған мұратты һәм миятты жырлар болатын.
Ағын. Ағын.
Өмірдің бәрі де ағын.
Осы ағындар қалдырар жазып әнін.
Осы ағындар от өзен секілденіп,
Ошағыңның орайды жалындарын.
Осы ағындар озған ат, жеңген ердің
Мәңгі қорғап қалады ар-ұжданын.
Ағын. Ағын.
Ақынның жаны да ағын.
Қара сөзбен қалдырар қазына мың.
Ағын емей немене ағылған тіл,
Уын сыртқа шығарар бар ызаның,
Ағындардың ішінде ақбас толқын –
Ақындардың ішінде табынарым.
Ағындардың ішінде ақкөйлек қыз –
Арулардың ішінде сағынарым.
Ағындарды аралап бара жатыр
Өз жүрегім, өзімнің жаным-арым.
Біздің Әбубәкірдің де шабытты шағындағы жан сезімі – толассыз ағындардың арпалысы. Оның поэзиясы мимырттықтан, мәймөңкеден, көлгірліктен, жылтырлықтан ада, жөңкілген жойқын ағылыс. Өмірде де осылай ағыл-тегіл болып жүреді. Кешегі Қасымдарға, Мұқағалиларға тән нағыз ақындық болмыс пен батырлық мінез де Әбубәкірдің бойынан молынан табылады. Жаңағы айтқан сексенінші-тоқсаныншы жылдарда Алматыда пәтерден- пәтерге көшіп жүргеннің өзінде оның үйі бейне жас ақындардың әдеби салоны іспеттес болатын. Жұматай Жақыпбаевтың әйгілі поэзия қағанатының иықтарын жұлып жеген сен тұр, мен атайын нояндарының бәрі осында да жиі-жиі жиналып бас қосушы еді. Өлеңдерін оқып, пікір таластырып, мәре-сәре қызыққа батушы еді. Жұмағаң шерткен күйлерді, дәмдеп айтқан әңгімелерді тыңдаушы еді. Өз басым күні кеше дүниеден озған дүлдүл қаламгер Рақымжан Отарбаевпен, Семейдегі пырақ ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлымен әм басқаларының біразымен «провинциядан» келе сала осы Әбубәкірдің «әдеби салонында» танысып, талай-талай ғанибетке кенелгенімді әсте ұмытармын ба.
Белгілі ақын Бауыржан Жақып сол шақты кейінірек: «Қасқыр» мен «Аспанды» оқып біздің Әбіш, қарсы келген жауын да құлататын» деп еске алса, сонысы нағыз шындық болатын. Бұл күнде Маңғыстауда жатқан, ол кезде Алматыда еркіндеп жүрген бөлекше дарын Светқали Нұржан да осы пікірді қуаттап, Мұқағали қарғып тұрып сұраса, жыр-ғұмырыңды жалғастырған Әбубәкірің бар деп айтармын деп толғаныпты. Ал бүгінде Астананы жайлаған батыр мінезді Баянғали ағасы сол жалынды жырларды, жайлау күндерді сағынышпен еске алып, жүрегін былайша бүлкілдетеді: «Ақ қағазға түспегенмен дастан боп, Таңғажайып сәттер өтті бастан көп. Әбубәкір ақын інім екеуміз Түнгі бақты кезуші едік мастау боп. Аппақ қарға аунап жата кетуші ек, Өлең оқып «Аспан! Аспан! Аспан!» деп». Жыр құдіреті, поэзиядағы ағыл-тегіл сезімдердің ағыны жүректерді, міне, осылай елжіретеді.
Тегінде, Әбубәкір өлеңдеріндегі көкбөрілік рухымызды ардақ тұтатын арда мінез өмірден көрген өнегелерінен тамыр тартады, балалық шағындағы қайнары мөлдір, қайрағы қатты болғанын аңғартады. Ол мінезді дарытқан – «көкпаршы мен атбегінің әулеті», «киелерге – түйелерге иегер, қабағынан қар бораған қара шал». Иә, қисық кеткен кездеріндегі осы қара шалдың қамшымен тартып жіберер шақтарын сағынары да бар. Бұл – тілге ұста, ділде нұсқа әкесі Рахметолла. Түйебазы, құтырынған буралардың арасында жүрегі шайлықпас, түйе қомы, ат жалын жолдас етіп, Тарбағатайдың тарғыл тасындай қайратты болып өскен өжет бала осы Әбубәкір еді.
«Шегірткелі, шеңгелді, шұбар шилі, Жерімді аңсап жүрегім сыңарсиды. Өзегімді өртесе өткен күндер, Өн бойымнан өлең мен мұң аңқиды» деп өзі айтқандай, Әбубәкірдің жан-жүрегі тек өлеңнен ғана балқытып құйып жаратқандай боп көрінеді. Жырларындағы табиғилық пен шынайылық, тұнық тазалық пен алғаусыз адалдық тәнті етеді. «Қара жерден үзілсе қайран табан, Тікенегін жерімнің қайдан табам?!» деп ағынан жарылуы қапысыз сендіреді.
Кейінірек өзі «Өнерге жер көп өте бай, өтері сенен жоқ бірақ» деп жырлағандай, ақын жырларының бір алтын бесігі – студенттік албырт шағы өткен Семей. Әбубәкірдің «бауырсақтай бауырмал» жүрегі «Терек діңін кісі екен деп, Жапырағын құс екен деп қалатын» лүпілдеген ағынды, аңсарлы шақтары да осы. Әдебиеттанушы абыз ағалар Қайым Мұхаметханов, Төкен Ибрагимовтар болашағынан үміт күтіп, талай тағылым дәрістерін тыңдатушы еді. Ағалар алдында Әбубәкір жасындай жарқылдап, жосылта жыр оқушы еді. Әсіресе Алаш арыстары Ахмет, Міржақып, Мағжандар жайында сол 19-дағы өрім шағында алғаш Қайымдай қайраткер ағаның аузынан естіп еді.
Осы әз ағалар ақ батасын беріп, асқақ ақын болсын деп Әбубәкірді астанаға аттандырған-ды. Әдеби ортаға қалтқысыз араласты. Өлеңін алғаш тыңдағанда-ақ Ғафу, Қадыр ақындар «Бәрекелді!» дескен. Бұған дейін прозамен көбірек әуестеніңкіреп жүрген талапкер өлеңге осыдан соң шындап кірісіп, жырұйыққа біржола бойлады. «Жан баспаған жасыл бар, мен табамын!» деп сертті сөзін айтып, ақындықтың мият жайқынына құлаш ұрды.
Жан баспаған жасылды Әбубәкір тапты. Ол өзгеге ұқсамайтын өзінің ерекше, ақындық салқар әлемін жасады. Өмірін өлеңінен, өлеңін өмірден әсте бөлектемейтін Әбубәкір жырларындағы асқақ рух, мөлдіреген мейірім, қазақы қуақылық, шыншылдық пен шынайылық қазақ поэзиясының әр кезеңіндегі ең бір жарқын беттерді еске салатындай. Асылы, ол Қасым, Мұқағали, Төлеген, Жұмекен, Жұматай ақындардың жұлдызды шоғырымен үндес, рухтас, жалғас. Қазағын риясыз сүйген ақынның Абай хакім атасы сияқты кей сәттердегі шымбайға батырар сыншылдығы да адал ниеттен туып, азамат ақынның шын шамырқанысын аңдатады, «улы сия, ащы тіл, не жазып кетсе жайы солдың» қиясын меңзейді. Жүректің ызасын, көңілдің назасын да күлбілтелеп, жасырып-жауып, айтпай бұғып қалатындардың сойынан емес. Ақын жүрегінің айнымас темірқазығы парасат пен ақиқат нысанасынан әсте адастырмайды. Шабытты шақтарында «Әлемнің бүкіл ақ нұрын бойына жиып, ғарыштан келген сияқты ғажайыптанады». Көлгірсуге жаны қас. Поэзияға дәл Әбубәкірдей адал ақын сирек. Оның поэзиясының өн бойында «Ойсылқара жарықтықтар заңғардай, теңселеді тым зиялы жандардай». Оның өлеңдерінің аңсары биік, алауы – ақ жалын, шабыты – сәулелі сезімдердің жөңкілген ағыны. Қазақтың Әбубәкір ақыны «сәукеледен сығалаған сәулелі ойға» сүйінеді, ал «әйел тұрмақ, еркек біткен сыбырлап» кетсе, күйінеді. Кей-кейде «ең тәтті дәм – өмірдің уы ғана!» деп ащы айтып, ақиқатқа жүгінеді. Жан-жүректің осы күйзелістерін «Ұл боп туып қатынынан қазақтың, Құл болуға тиісті едің сен неге?» деген шырқыраған жанайқайға жеткізеді.
Иә, шынымен-ақ, ақынның өмірде тау- сылмас мұңы да, сарқылмас ғажабы да – қазағы. Сол үшін Қаракерей Қабанбай батыр бабасының рухына шағынып, Махамбеттің қоржында кеткен зарлық басын жоқтайды. Желтоқсан көтерілісінен кейін іле-шала Албан Ұзақ батырдың өлер алдындағы ақырғы сөзін айтып, «Орыстың ұлығындай пасық бар ма, Қанымды ұрттап ішіп қасықтарда!» деп шамырқанады. Желтоқсаннан кейінгі сүргін-сойқанда қаладан қашқан қазақ жігіттің зары болып төгіледі өлеңі. Сонымен бірге «Қазақ деген азап көрген арыстан, Есіркей көр жарық таң!» деп болашақтан үміт етеді. Әбубәкірше толғасақ: «Халықтың орны өлшенсе болашақпенен, Шын қазақ болып қалуға жарасақ дер ем».
Заман мен қоғамның, адам мен табиғаттың қалтарыстағы талай сырларын қапысыз жырлаған, еңселі, есті дүниелерге толы «Маңдайдағы жазулар» атты жыр жинағы үшін Әбубәкір Қайран 2004 жылы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Осы тамаша жыр жинағын жаны жәннаттан жай тапқыр жақсы ағамыз, қазақтың көрнекті ақыны Сәкен Иманасовтың «Жыл кітабы» деп бағалауы біраз жайды білдірсе керек-ті. Одан кейінгі жылдарда бірінен бірі өткен «Ерасыл», «Жасыл жаңбыр», «Наркескен» атты толымды жыр кітаптарын тудырған Әбубәкірдің ақындық ағыны бір сәт те бәсеңдеген емес.
Қазақ поэзиясындағы баллада мен поэ- ма жанрларын көркейтудегі көрнекті бір үлес Әбубәкір Қайранға тиесілі дер едік. Қабанбай батырдың жастық жырлаған «Ерасыл» жеткіншектер үшін таптырмас хрестоматиялық поэма. Ал қазақтың ең жақсы жүз поэмасының қатарына қосылған «Кенесары» тарихи дастаны осынау көкжал тұлғаның қасіретін, замана сипатын кеңінен толғап, ақынның эпикалық қуатын айқын танытты. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мүшәйрада бәйгелі болған тағы бір тарихи дастаны «Низам» Тәуке ханның «Жеті жарғысының» дүниеге келуі орайындағы ауыр тақырыпты әдемі бипаздап алып шықты. «Мұрын ана – Жүзей қыз» толғауы да Әбубәкірдің тарихи тақырыпқа шаппайкерлігін тағы бір айғақтады. Ал Желтоқсан көтерілісіне қатысушы жігіттің трагедиясын толайым шабытпен шебер бейнелеген, «Жұлдыз» журналында жарияланған соңғы дүниесі – «Ол» қисса-хикаяты өлең мен қара сөздің қорытылған құймасындай, мазмұн мен форма тұрғысынан алғанда да тың соныға бастап, ақынның жаңа, тұғырлы биігін нұсқайды.
Алпыс жасының асқарында «Мен ғашықпын ғаламға» деп жар салған ақын жаны мазасыз. Алашын алғаусыз аймалаған ақын жырлары күллі адамзатты да айқарып құшағына алады. «Мен – жерлікпін!» деп айтуға да ерлігі мен кеңдігі, пейілі мен мейірімі жетеді. Халқын қалтқысыз сүйген ақынның жан тебіренісіне біз де қосылып:
Елдік пен ерлік байқалар әлі,
Шайқалар әлі талай көк.
Кеткенін халқым қайта алар әлі,
«Алла!» деп... Сонсоң «Абай!» деп – Әбубәкірге ілесе қайталағымыз келеді. Арқыраған ағыннан байсал ағысқа көшкен, тамырында «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» бүлкілдеген осынау сабат поэзия қазақтың өлең сүйер қауымына дәйім қуаныш сыйлай берсін.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»