• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Наурыз, 2018

Ұлт әлеуетінің ұстыны

356 рет
көрсетілді

Адамзатқа керегінің өзі бей­біт өмірдегі шат тұрмыс, ақыл-санасы, қуаты бойында тұрғанда жо­ғары білім алып, ел алдындағы қыз­метін адал атқару ғой. Осы мін­деттерді жүзеге асыру мақса­тын­да Елбасымыз бастаған тәу­елсіз мемлекетіміз халық игі­лігі жолында ұлт әлеуетін арт­ты­ру, мәдениетімізді жаңа дең­гей­ге кө­терерлік дамуды іске асы­ру­­да­ғы ішкі-сыртқы саясатта ты­ным­­сыз жұмыс жүргізуде. Оның нәтижелі болғанына әлем халқы куә болып отыр.

Елбасы жаңа Жолдауда: «Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдадық. Ал­ды­­мызға озық дамыған отыз ел­дің қатарына кіру мақсатын қой­дық. «100 нақты қадам» – Ұлт жос­пары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орын­да­лып қойды. Қалғандары, не­гі­зі­нен, ұзақ мерзімге арналған жә­не жоспарлы түрде іске асыры­лу­да», деп алдымыздағы зор мін­деттерге назар аударды.

Оған біздің Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің де қосқан үлесі елеулі. Біздің түлектеріміз еліміздің әр түкпірінде, сондай-ақ, биыл 20 жылдығын атап өте­тін елорданың байлығын есе­леу­де әр сала бойынша табыс­ты қызметтер атқаруда. Уақыт тала­­бына сай үш тілде еркін сөй­лейтін, білім беру гранттары бойынша білім алған жас­та­рымыздың деңгейінің жоға­ры­лағаны түлектеріміздің тоқсан пайызы мекемелерде жұмысқа орналасқанынан аңғаруға болады.

Ұжым 2015 жылы қабыл­дан­ған университетіміздің «2016-2020 жылдарға арналған Стра­­тегиялық дамуында» елге қыз­­мет етудің маңызын терең тү­сіне отырып, алдағы межені де анық көрсеткен-ді. Онда бағ­дар­ламалық жұмыс барысында әрбір команда мүшесі ортақ іс­тің сапалы атқарылуына, білім са­пасының нәтижелі аяқталуына мүм­кіндік жасауы міндеттелген. Қол жеткен табысты дамытуға, кем­шін тұстарын дереу түзетуге іс-шара қолданады. Сондай-ақ елі­міздің ғана емес, шетелдік бі­лімнің де бәсекелестікке қа­тыс­ты тұстарына да мән беруге ерекше назар аударамыз.

Біздің жоғары оқу орны шет­елдік әріптестермен, ұйым­дар­мен және ғылыми-зерттеу инс­титуттарымен «Ғы­лым мен білім беру саласындағы ын­ты­­мақтастық туралы» 55 ке­лі­сім шарт­қа қол қойды. Шет­ел­дің беделді ға­лым­дарын ша­қыру, онлайн жүйесі ар­қы­­лы Но­бель сыйлығының иеге­р­ле­рін, елі­міздегі білікті басшы-ма­мандарды дәріс оқуға қаты­с­­тыру жұмысы да қарқынды жүр­гізілуде.

Өткен жазда Жапонияның «Global Media - The Japan Times» газетінің тілшісі Микель Зубири университетімізге арнайы келіп, университет басшысы ретінде менімен сұбхаттасуы – біздің елге, оның ішінде біздің жоғары оқу орынына оң ықылас білдіруі деп бағалаймын. Сондай-ақ білім беру жүйеміздегі жетіс­тік­­терді егжей-тегжейлі сұрас­ты­рып жазып әкетуі – біздің оқу орнымызға, яғни еңбегімізге деген зор құрметтің бірі болмақ. Естеріңізде болса, Астана қала­сы­ның бас жоспары жапон архи­тек­торы Кисе Курокаваның жоба­сы бойынша жүргізілуде десек, сол жапон халқы біздің елмен 1992 жылдан бері дипло­ма­тия­лық қатынас орнатып, ара қа­ты­на­сымыз нығайып келеді.

Университет өткен жылы 17-19 мамыр аралығында Гер­ма­нияның Бонн қаласынан кел­ген жоғары білім беру жүйе­сін­дегі сапа және аккредитация­лау жөніндегі Еуропалық же­тек­ші агенттік FIBAA-ның унив­ер­ситетіміздің жоғары және жо­ғар­ы оқу орнынан кейінгі бі­лім алу жүйесі бағдарламасы не­гі­зін­дегі экономикалық маман­дық­қа сәйкестігі еуропалық стандарт сапасына сай келуін бағалаған тексеруден ойдағыдай өтті.

Студенттер мен магистрант­тар­дың академиялық айрықша қа­бі­леттілігін жетілдіре түсу үшін соңғы жылдары универси­тет­ке дәріс оқуға отандық 35 тә­жі­ри­белі ғалым мамандар мен 25-те­н астам шетелдік профессор-оқы­тушылар шақыр­тылды, ал ө­зіміздің 21 оқытушымыз «Бо­ла­шақ» халықаралық бағ­дар­ла­ма­сы бойынша Швейцарияда, Ұлы­британияда, Оңтүстік Корея­да, Латвия, Ресей, Поль­ша, Қытай, Чехия, Италия, Гру­зия, Әзербайжан, Моңғолия, Армения, Кипр, Швейцария, БАӘ, т.б. елдерде халықаралық сы­нақ мен тәжірибеден өтіп келді. Сондай-ақ біздің жоғары оқу орнымызда бес мемлекет­тен: Ресей, Германия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстаннан 44 шетел азаматы оқып, білім алуда.

Университетіміздің негізінде жұмыс істейтін Халықаралық бизнес-мектебінің дипломы Қазақстандағы бірнеше беделді Еуропалық университеттердің халықаралық агенттіктерімен (IQA, CEEMAN, EduQua, QS Top MBA) халықаралық дең­гейде аккре­диттелгені танымал­ды­лы­ғын аңғартады. Одан да басқа көп­теген мүмкіндіктеріміз бар. Осын­дағы тағы бір қолайлы тұсы – дә­ріс алушылар өндірістен қол үз­бей оқу мүмкіндігіне ие.

Біздің басты мақсатымыз – на­рық­тық бәсекеге төтеп бе­ре алатын қабілетті, білімді, бі­­­лік­ті маман даярлау болса, оны абыройлы орындап ке­ле­­міз. Студенттеріміз екін­ші дең­­гей­лі банктерде іс-тә­жі­ри­беден өте­ді, мәселен, Қазақ­стан Рес­пуб­­ликасы Ұлттық эко­но­мика ми­нистрлігінде, т.б. бе­дел­ді ме­ке­мелерде бейілділігін шың­дай түседі.

Биылғы Елбасы Жолдауын­да­ғ­ы жетінші міндетте аталған «Адами капитал – жаңғыру не­гі­зі» талаптарына сай, білім бе­ру­дің жаңа сапасына іспен жауап берудің жаңаша әдіс-тәсілдері қарастырылып жатыр.

Осыған дейін елімізде сәл бо­саң­сып кеткен сала – матема­ти­ка және жаратылыстану ғылым­да­рын оқыту сапасына көңіл ауда­ру еді. Кейінгі жылдарға зер сал­саңыз, жастарымыз жаппай заң­гер, кеден қызметі, дизайн мамандықтарына басымдық беріп, жұрттың ықыласы соларға ауып кеткен-ді. Математика және жаратылыстану саласынан жырақ­тау­дың басымдық алуы қателік екеніне, оның жалпы ғылым саласының дамуына кері әсерін тигізіп, өркениеттің даму өрісін тарылуға бастайтынын енді ғана ұққандай бола бастады. Елбасы бұл мәселенің ауқымына басымдық беріп, «математиканың – ғылымның атасы» екенін қайталап еске салды. Мұны осы саланың маманы ретінде өте қолдаймын. Жалпы, қай сала болсын бір-бірінен қалыспай қатар дамуы қажеттігін ескеру керек. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық ка­федралар мен факультеттерді дамы­ту қажет. Білім берудің барлық дең­гейінде математика және жаратылыс­тану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа тех­нологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты», – деп баса айтқанын өте дұрыс деп санаймын. Отанын беріле сүйетін азамат ретінде жетіліп келе жатқан жастарды дұрыс тәрбиелеу үшін оларға білім беретін ұстаздардың да біліктілігін жоғарылатып, тұрмыс жағдайын, әлеуметтік жайына да зер салынуы керек.

Осы тұста мені ел Президенті көтер­ген рухани жаңғырудың екі ере­же­сі, яғни ұлттық код пен ұлттық мәдениет жай­лы ере­­же­лерді орындауда істің ба­йы­бы­на бармай ешқандай өрлеу мен дамудың болмайтынын ба­са айтқаны аса тебірентті. Екі ұғымның да астарында мемлекет пен ұлттың жаңғыру жо­лын­дағы кемшіліктерді түзету те­­тігінің алғышарттары тұр. Ал­ға жылжуда ұлттық дамуға кедергі келтіретін «өткеннің кер­тартпа» тұсынан арылу ке­рек­тігі ескертілді. Сондықтан «са­наның ашықтығы» әркімнің ұлт ұлы­лығын ұлықтауына жол аша­ры сөзсіз. Қаншама нәубеттік қа­сі­рет­тен білім беру жүйесі де тыс қал­мағаны аян. Демек, бүгінде әр құрылымындағы орын алған кедергілерден арылу қажет. «Математика – ғылымдардың жарық жұлдызы» екені рас. Дегенмен ол жалаң теорияға құрылмас үшін әлемдік және елі­міздің бетке ұстар ғалымдары, ұлы­лары жайлы да насихатты жол­ға қою қажет. Көптеген жас­тарымыз, тіпті ересектер де сол ірі ғалымдарымыздың ғылыми еңбектерін, өмір жолдарын, қанатты сөздерін білмейді.

Өткен ғасырдың басындағы қазақ топырағындағы тұңғыш математик ғана емес, халқының ұлттық мүддесі үшін күрескен қайраткер Әлімхан Ермековті, физика-математика ғылымдары бойынша қазақтан шыққан тұң­ғыш ғалым Сәдуақас Боқаев, осы заман­ғы математика ғылымының Қазақстанда дамуын, әлемдік аренаға шығуына еңбек сіңірген ака­демик-ғалым, Қазақстан Мем­­лекеттік сыйлығының ие­ге­рі Орынбек Жәутіков, Ұлт­тық ғылым академиясының ака­де­мигі Назарбай Қадырұлы, Мұх­тарбай Өтелбаев, Рысқұл Ойнаров, Тынысбек Қалменов, тағы басқа да дарын иелері халық аузында жатталып, мақтан тұтар тұлғаларымыз емес пе?! Мұн­дай қадірлі есім­дер әр салада бар, тек дәріптей білу, жас­тар са­на­сына сіңіру аздық ету­де, оны жаң­ғырту жастарымызды ұлт мақ­танышын бағалауға қалып­тас­ты­рады.

Әлбетте, өткеннің жақсы-жа­ма­нынан да тәлім алуға болады. Та­рихта «тоталитарлық жүйе» деген атпен қалған ке­ңес өкі­меті тұсындағы руха­ни дағ­да­рыс елді тұралатып кет­ке­нін жақ­сы білеміз.

Естеріңізде болар, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханның руханият туралы қанатты сөздерінің бірінде: «Рухани мәдениеттің бір белгісі – жұрт баласына жалпы оқу, газет, кітап оқып, ғылым жо­лын тану, қол жеткені ғылым жо­лында ізденіп адам баласына жақсылық жол ашу», деген еді. Қазір осының бәрі бар, білімге кең жол ашылды, тек ниет мол болсын.

Елбасы Жолдауындағы: «Өзі­нің тарихын, тілін, мәде­ни­етін білетін, сондай-ақ зама­ны­на лайық, шет тілдерін мең­гер­ген, озық әрі жаһандық көз­қа­расы бар қазақстандық біз­дің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» – деген сөз өзектілігін арттырып, кез келген уақытта маңызды болмақ.

Осының бәрін толғана келгенде, 2006-2008 жылдары Қазақстан-Қытай Конфуций инс­титутының Директорлар ке­ңе­сінің төрағасы болған тұсым­да Кон­фуцийдің: «Адамгершілігі барлар басқаларға тірек болады, бас­қаларға жетістікке жетуге кө­мектеседі, өзі де сол жетіс­тік­ке жетуді қалайды» деген сө­зі еріксіз ойлантатын. Бұл тұп-тура Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевқа арнап айтыл­ғандай көрінуші еді. Өйт­ке­ні ол ұдайы өзгелерге ті­рек бо­лады, жетістіктерге же­туіне кө­мектеседі, өзі сол же­тіс­­тік­ке жетудің жолын ойлас­ты­рып, орындалуын талап ете­тін да­рын­­ды басшы, іскер ұйым­дас­ты­рушы.

Табиғатынан ерекше жа­рал­ған Елбасының табан­ды жүргізген салиқалы сая­­сатының ар­қасында Қазақстан ха­лық­­аралық деңгейдегі аса ірі дау-шар­лар­ды шешуге қатысатын бед­елді мем­лекеттердің қатарына қосылды. Әлем­дік қағидатта отан­шылдық пен елшіл­діктің нақ­ты бір ұстанымы – дәс­түр мен көшбасшыны ардақтау. Қазақ елі қашанда осы қағидатқа адал болып ке­леді. Таласы жоқ тағы бір ақиқат: «Ел тари­хын тұлғалар жасайды. Тұлға – елдің тұ­ғыры, тұлға – елдің тұтқасы. Біздің Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – осындай тұлға! Елбасының «Тәу­елсіздік дәуірі» кітабын оқыған кез кел­ген жан осынау шындықты мойындайды.

Жас ұрпақ Елбасының кемең­гер бас­шылығымен тұралап қал­ған елден әлемнің озық дамыған отыз елінің қа­та­ры­на көтерілуге ұм­­­тылған қуатты мем­ле­кетке қа­лай айналғанын үлгі тұтуы керек.

Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,

Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор