Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Әнұран және Ту арнайы заңмен қорғалған. Бәрімізге де аян, 2011 жылы Эквадордың «Масош» фирмасы Қазақстан Елтаңбасындағы қанатты пырақтарды плагиаттық жолмен пайдаланып, оның соңы үлкен дауға айналған еді.
Осы шулы даудан соң Қылмыстық кодекстің 372-бабында қамтылған рәміздерді қорғайтын арнайы норма қабылдады. Сондай-ақ Ата Заңымыздың 34-бабында да рәміздер туралы: «Әркім Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» делінген. Бұл туралы неліктен сөз қозғап отырмыз? 2017 жылы арнайы заңмен қорғалған қасиетті рәміздеріміздің нышандарын пайдаланып, тіпті ондағы «Қазақстан» жазуын алып тастап, орнына «Семей қаласы» деп жазып қойған төлтаңбаға (логотип) тап болдық. Бұл төлтаңбаны Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің жанынан құрылған «Жастар орталығы» 2013-2017 жылдар аралығында пайдаланып келген екен. Тіпті 2016 жылы орталықтың атауына «ресурстық» деген сөз тіркеледі. Бірақ сонда да ешкім байқамаған көрінеді. Әрине бұл жерде жастарды кінәлаудан аулақпыз, баршамыз да жас болдық, білгенімізден білмейтініміз көп болды. Бірақ өңірдегі Елтаңбаның қолданылу ережесіне жауапты ішкі саясат бөлімі, әлеуметтік салаға жауапты лауазымды тұлғалар бар ғой. Ал жауапты адамдардың, қала әкімі мен орынбасарларының Елтаңбаны қорғамақ түгілі қорлауға жол беріп, оның астында суретке түсуін қалай ұғуға болады? Бұл саяси сауатсыздық па?
Осы мәселе жөнінде «Туған қалам – Семейім!» қоғамдық қорының жетекшісі Айдын Ырысбекұлына хабарласып, оның өрескел заң бұзушылық екенін жеткіздім. Ол қала әкімдігіне хабарласып, негізгі парақшадағы аватарынан алғызып тастауға себепкер болды. Әрине олар осымен жауапкершіліктен құтылды деген сөз емес. Өйткені заңға қайшы әрекет жасалды. Орын алған әрекет жөнінде «Туған қалам – Семейім!» қоғамдық қоры атынан тиісті орталық және облыстық құзырлы мекемелерге хат жазылды. Десе де әлі күнге дейін еш шара қолданылмады. Сонда «Елтаңбаны қорғау» дегеніміз жай ғана сөз болып қалды ма?! Бұл туралы жауап берген Мәдениет және спорт министрлігі «оның нормативтік-құқықтық актісі жоқ, тек жоба ретінде дайындалғанын» баяндап, жауап беріпті.
Мемлекеттік рәміздер төрт жыл қатарынан пайдаланып, қылмысың әшкереленгенде алып тастап жауапкершіліктен құтыла салатын қарапайым дүние ме? Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков: «Елтаңбаны мен емес, мемлекет қорғауы керек» дейді. Ал мемлекеттің жергілікті жердегі өкілдерінің рәмізге қатысты көзқарасын қалай түсінеміз? Бүгін Семейде болған келеңсіз жағдайдың ертең басқа өңірлерде де орын алмасына кім кепіл?!
Ерлан ШАЯХМЕТҰЛЫ
СЕМЕЙ