Еліміздің бас басылымындағы журналист Қарашаш Тоқсанбайдың «Көрінбейтін көршілер» атты мақаласында бүгінгі күннің түйінді мәселелері, тұрғындарды ойландыратын маңызды жайттар дөп айтылған.
Расында, көршісінің жақсы болуын кім қаламайды дейсің? Былайша ойлап қарасаң, өміріңнің мәнді де сәнді өтуі бір жағынан көршіңе де тікелей байланысты. Көршің жақсы болса, емін-еркін араласып, қуаныш-жұбаныштарды бірге бөлісесің. Ал көршің нашар болса, көңілің орнықты болмай, бір нәрсе жетіспегендей елегізіп отырасың. Қазақтан сөз қалған ба, «Жақсы көрші – төрің, жаман көрші – көрің», «Отты шұқысаң өшеді, көршіні шұқысаң көшеді», «Көрші ақысы – Құдай хақысы» деген мақалдар бекерден-бекер айтылмаған. Олай дейтініміз, сенің бүкіл жақсылығың мен кемшілігіңді ең алдымен көршің көріп-естиді. Сыйласа білген жақсы көрші қуаныш-қызықшылығыңмен бөлісіп, кемшіліктер бола қалса көрші ақысы ретінде толықтырып отырады.
Мен өзім Сарысу ауданында 40 жыл еңбек еткен кезімде, қызмет бабымен бірнеше рет көшуге тура келді. Соңғы тұрақтанғанымыз Саудакент ауылындағы М.Әуезов көшесі болды. Осы көше бойындағы үйде 20 жылдай тұрғанда, көршілермен өте тату-тәтті араластық. Барлық мерекелерді, той-думандарды бірге өткізетінбіз. Расын айту керек, сол қуаныштардың, іс-шаралардың бастамашысы, ұйытқысы бола білдік. Оған көршілеріміз ризашылығын білдіріп жататын. Біз Тараз қаласына қоныс аударарда көршінің баласы: «Біз енді кіммен араласамыз?» деп қимастықпен көзіне жас алғанда, менің де көңілім қатты босап, толқып кеткенім әлі есімде.
Мәселен мен өзім көршілерге дән ризамын. 2011 жылдан бері «Жансая» шағын ауданында Тәуке хан көшесіндегі төрт қабатты үйде тұрамыз. Осындағы 16 отбасы бір есіктен кіріп-шығамыз. Мерекелерде бір-бірімізді құттықтау қалыптасқан жайға айналған. Наурыз мейрамында көршілер шақырысып, айт күндері бірігіп айттап, мәре-сәре болып қаламыз. Нәрестелер дүниеге келгенде шілдехана жасалып, игі тілектерімізді білдіріп жатамыз. Үйдің кіреберісі кезекпенен жуылып, тазартылып тұрады. Есіктің алдында тал-дарақтар, гүлдер жайқалып өсуде. Оны да кезектесіп суарып, баптап отырамыз.
Өткен жылы көршілер бірігіп, аулаға кең дастарқан жайып, Наурыз мейрамын есте қаларлықтай өткіздік. Үш балдырғанның тұсауы кесілді. Балалар арасында ұлттық ойындар – асық ату, қазақ күресінен, сондай-ақ қысқа қашықтыққа жүгіру, қол күресінен жарыс ұйымдастырылды. Біздің бұл мерекемізге Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің басшылығы қатысты. Арнайы келген «Қазақстан-Тараз» телеарнасы өткізілген іс-шараны көпшілікке көрсетті.
Сондай-ақ Құрбан айт күндерінде де бірлігі жарасқан көршілер бір-біріміздің үйімізде болып, құран бағыштап, ізгі тілектер білдіріп отырамыз. «Көршің қолайлы болса, қораң кең» дегендей, көршілермен сол татулықтың арқасы болар, бізде бейсауат жүрген адамдар көрінбейді, тұрған үйімізде тәртіпсіздік, келеңсіз көріністер белең алған жоқ. Бұған біз, тұрғындар тарапынан шүкіршілік етеміз.
Газет бетінде көтеріліп отырған маңызды мәселені жауып-жасырмай турасын айтатын болсақ, бір-бірімен тату-тәтті араласып тұру, әуелі көршілердің өздеріне тікелей байланысты. Сол ортадағы жасы келген кісілер болса, үлкендігін білдіріп, ауызбіршілікке шақырып, бәрін біріктіріп жүрсе, қандай ғанибет болар еді!
Алдаберді МАҚАШЕВ, еңбек ардагері
Тараз