Мүдде, әсіресе, ел мүддесі бәрінен жоғары тұрады. Президент Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Индонезияда ресми сапармен жүрген Қ.Тоқаевтың діттегені де сол мемлекеттік мүдде. Неге Индонезия? Неліктен Елбасы бұл елге ерекше назар аударып отыр? Сенат Төрағасы өткізген жоғары деңгейдегі нәтижелі кездесулер туралы айтпастан бұрын, алдымен осы сұраққа жауап бере кетейік.
Қазақстан мен Индонезияның арасында ерекше атап өтуге тұрарлық жеті ұқсастық бар. Бірінші ұқсастық, екі ел де көп ұлтты. Қазақстанда негізгі ұлт – қазақ ұлтынан бөлек 130-ға жуық өзге ұлт өкілдері тұратын болса, Индонезияда 300-ден астам этностық топтар, соның ішінде явандықтар, сундылар, мадурлықтар, малайлықтар, қытайлар (шамамен 5 млн адам), Йеменнен және Үндістаннан келген адамдар бейбітқатар өмір сүруде.
Екіншісі – көп дінді. Халықтың 85 пайызы ислам дінін (суннит бағытын), 8,7 пайызы – христиан дінінің әр түрлі бағыттарын, 1,8 пайызы – индуизм, қалғандары – буддизм, конфуцианизм және анимизм діндерін ұстанады.
Үшіншісі – көп тілді. Халқының саны жағынан әлемдегі 4-ші орынды иеленетін, яғни 260 млн-нан астам адам өмір сүретін Индонезияда халық 700-ден астам тілдерде сөйлейді, алайда негізінен баршасы мемлекеттік тіл индонезия (бахаса) тілінде сөйлеседі, іс қағаздарын жүргізеді.
Төртінші – сол көпдінділігіне қарамастан, екеуі де мұсылман елдері қатарына жатады. Индонезия дүние жүзіндегі ең көп мұсылман халқы бар мемлекет.
Бесінші – екі ел де жерасты кеніне бай. Ұлттық даму жоспарының басты бағыттарының бірі – мұнай шығару көлемін арттыру. Барланған мұнай қоры 3,7 млрд баррельді шамалайды. Бүгінде Индонезия аумағында жалпы қуаты 1,1 млн баррель мұнайды өңдей алатын 6-8 мұнай өңдейтін зауыт жұмыс істеуде. Индонезия мұнайы мен мұнай өнімдерін Қытай, Германия, Франция, Ұлыбритания, Жапония, АҚШ, Сингапур, Аустралия, Малайзия, Оңтүстік Корея, Тайвань елдеріне сатады.
Алтыншы – екеуі де дамыған мемлекеттер қатарына енуге арналған стратегиялық жоспар құрған және сол жоспарды біртіндеп жүзеге асырып, қарыштап дамып келе жатқан мемлекеттер. Бұл орайда, Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан алдына әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына ену міндетін қойды. Өз кезегінде Индонезия экономика аясын ұлғайту және жедел дамыту жөніндегі бас жоспарын қабылдады. Бұл ел 2025 жылға қарай әлемдегі экономикасы ірі он елдің қатарына кіруді көздейді. Осылайша, екі ел өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі», – деген болатын.
Жетінші – және ең бастысы, екі ел де ұлтаралық, дінаралық ынтымаққа ерекше көңіл бөледі, ұлыстары айрандай ұйып өмір кешіп жатқан бейбіт елдер қатарынан саналады. Бұл екі елдің арасын экономикалық мүддеден бөлек, әлемдік діндер арасындағы ынтымақ пен бейбітшілік мәселесіндегі үндестік етене ете түседі.
Оның сыртында, Индонезия Қазақстан үшін үлкен нарық. Діни төзімділікке үндеуде және терроризммен күресте сенімді серіктес. Міне, осы жеті ұқсастық пен мүдделестік тағы бір үлкен, жоғары деңгейдегі кездесуге жол ашты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 наурызда Индонезияның Президенті Джоко Видодомен кездесті.
Алдымен Жоғарғы палата Төрағасы Индонезия басшысына Елбасының биылғы қазан айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне қатысуға шақыруын жеткізді.
Қ.Тоқаев Президент Джоко Видодомен әңгіме барысында Астанадағы дінаралық форум дін көшбасшыларымен қатар әлемдік деңгейдегі саясаткерлер де бір үстел басында бас қосатын үнқатысу алаңы ретінде мойындалғанын айтты. «Съезд жұмысына БҰҰ Бас хатшысы, көптеген мемлекеттердің басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Съездің діндер мен мәдениеттердің арасындағы жалпыға бірдей үнқатысуын ілгерілетуге қосқан үлесі БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарларында атап өтілді», – деген Сенат Төрағасы, – «Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші елдердің бірі – Индонезиямен жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан ерекше маңыз береді. Кейінгі жылдарда екіжақты қатынастардың барлық бағыттары бойынша, атап айтқанда, сауда-экономикалық, аймақаралық, мәдени-гуманитарлық және парламентаралық өзара іс-қимыл салаларында оң өзгерістер көрініс тауып отыр», – деді.
Исламдық қаржыландыру саласындағы Индонезияның мол тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан тарапы «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында Индонезия қаржы институттарын жұмысқа тартуға ықылас білдіріп отыр. Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде ислам қаржыландыруын атаған болатын.
Сенат басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске Индонезия өзінің қатысу деңгейін көтеретініне үміттенетінін жеткізді.
Джоко Видодо өз кезегінде Президент Н.Назарбаевтың Қазақстанға шақыруына орай алғыс айтты және саяси, экономикалық және мәдени екіжақты байланыстарды ұлғайту мақсатында барлық шараларды қабылдау жөніндегі ниетін білдірді. Сенат Төрағасы Индонезияға сапары барысында бұдан да басқа бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Қ.Тоқаевтың Индонезия Халық өкілдері кеңесінің Төрағасы Бамбанг Сусатиомен кездесуі өте әсерлі өтті. Әрине аталулары басқа болғанымен заң шығарушы әріптестер болған соң парламентаралық байланыстарды тереңдету мәселелері әңгіме өзегіне айналды. Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Индонезияның өзара ынтымақтастығын нығайтуда парламентаралық құрамның маңызды рөлін атап өтті. Қ.Тоқаев екі елдің заң шығару органдарында қызмет ететін депутаттық достық топтарының жұмысын өрістетуге шақырды. Өз кезегінде Бамбанг Сусатио Қ.Тоқаевты биыл қыркүйекте өтетін конференцияға шақырды.
Жалпы, бұл елде Қазақстанмен сауда-экономикалық, рухани-мәдени, ауыл шаруашылығы, басқа да көптеген салалар бойынша тиімді әріптестік байланыс орнатуға деген ықылас басым. Журналистер қауымы да біздің ел туралы көбірек білгісі келеді. Осыған орай, Индонезия Халық өкілдері кеңесінің Төрағасы Бамбанг Сусатиомен кездесуінен соң Қ.Тоқаев келіссөз қорытындысы бойынша баспасөз өкілдерінің алдында сөз сөйледі.
«Индонезия Халық өкілдері кеңесінің Төрағасы Бамбанго Сусатиомен іскерлік және достық тұрғысындағы келіссөздерде Қазақстан мен Индонезия ынтымақтастығының ауқымды әрі маңызды салалары бойынша егжей-тегжейлі әңгіме болды. Біз келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы парламентаралық үнқатысудың рөліне ерекше назар аудардық», – деді Төраға.
Индонезия Президенті Джоко Видодоға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысуға шақыруын табыс еткенін айтқан Сенат Төрағасы бұл форум жер жүзіндегі ең ірі барлық діни қауымдастықтардың өкілдерін біріктіретін ауқымды үнқатысу алаңы болып табылатынын, дәстүр бойынша ондағы пікірсайыстарға әлемдегі ықпалды саясаткерлер қатысып келе жатқанын, олардың ішінде БҰҰ Бас хатшысы, Иордания Королі, Финляндия Президенті және басқа да танымал тұлғалар болғанын жеткізді. «Біз әлемдегі мұсылман халқы көп елдердің бірі – Индонезия басшысының съезге қатысуы оның жұмысына жаңа серпін береді деп ойлаймыз», – деп атап өтті Төраға.
Қазақстан Сенатының Төрағасы мен Индонезия Халық кеңесшілері конгресінің Төрағасы Зулкифли Хасанмен әңгіменің тақырыбы парламентаралық байланыстарды нығайтудың келешегі туралы болды. Қ.Тоқаев Қазақстанның саяси жүйесінің ерекшеліктері туралы хабардар етіп, Парламент Жоғарғы палатасының конституциялық өкілеттіктері жайында әңгімелеп берді.
Бір қызығы, Халық кеңесшілері конгресінің мүшелері Төрағасы Зулкифли Хасанннан бастап кездесуге, галстуксыз, өздерінің ұлттық киімі – бати көйлегін киіп келіпті. «Біз мұны аса сыйлы қонақтарға құрмет көрсеткіміз келгенде киеміз», деді Төраға. Сондай-ақ әңгіме барысында Зулкифли Хасан «Сіздер Қытай мен Ресей сияқты алып елдермен шекараласасыздар. Жерлеріңіз үлкен, өздеріңіз тым аз екенсіздер, шекараны қалай сақтайсыздар?», деп таңдана сұрады. Бұл 260 миллионның 18 миллионға қойған сұрағы. Бұл сұраққа Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлемнің кемел ойлы саясатшылары қатарынан саналатын Қазақстан Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ шекараны шегендеуге ерекше күш салған болатын. Сөйтіп көрші мемлекеттермен қажетті құжаттар құнтталып, келісімдер түзілді, заңдастырылды. Біз нені болса да көршілерімізбен іскерлік, әріптестік жағдайда, заң аясында, бейбіт жолмен шешеміз. Көршіні таңдау мүмкін емес. Ал онымен тату өмір сүру – міндет», деп жауап берді.
Екі елдің белсенді экономикалық байланыстар орнатуына логистика, көлік мәселесінің кедергі болып отырғаны белгілі. Сол мәселе Сенат Төрағасының Индонезия Вице-президенті Юсуф Калламен кездесуінде тағы көтерілді. Қ.Тоқаев іске қосылатын жаңа көлік-логистика бағдарларының келешегіне, бірінші кезекте Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен ҚХР-дың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының ұштасу жоспарына байланысты жаңа мүмкіндіктерге тоқталды. Атап айтқанда, «Қазақстан – Ляньюньган порты (ҚХР) – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы теңіз порттары» көлік дәлізінің мүмкіндіктері сауда-экономикалық ынтымақтастығын тереңдетуге ықпал ететін болады.
Айтпақшы, Қазақстан мен Индонезия арасында тағы бір ұқсастық бар. Ол екі елде де ауыл шаруашылығы экономиканың басты саласы болып табылатындығы. Егер Индонезия халқының саны 260 миллион екенін ескерсек, экономикалық байланыстар күшейе түсіп, жүк тасымалы, транспорт, логистика мәселесі өз деңгейінде шешілсе, қазақстандық ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге 17 мың аралдан тұратын алып ел үлкен нарық екені анық.
Әділбек ҚАБА, журналист