Елбасымыз қай кезде де халықтың қамын ойлап, тұрмыс жағдайларының, әлеуметтік мәселелерінің шешіліп отыруына қамқорлық жасауда. Жуырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында көтерілген әлеуметтік бастамаларының барлығы да әрбір қазақстандыққа жақын.
Елімізде тәуелсіздік алғаннан бері қаншама тұрғын үй салынуда. Дегенмен, халықтың тұрғын үйге деген сұранысы азаймай келеді. Осы мәселені шешуде Елбасымыз «7-20-25» деген бағдарламаны бастамашылықпен ұсынып отыр. Мұның мәнісі осы кезге дейінгі 14-16 % жылдық өсім мөлшерлемесін 7 %-ға дейін түсіруге негізделген. Егерде бүгін банктер алғашқы төлемнің үй бағасының кемінде 30-50 %-ын құрауын талап етсе, бұл бағдарлама бойынша алғашқы төлем 20 %-дан аспауы керек. Несиені жабу мерзімі де ұзартылмақ. Әрине, бұл үйлі болуды армандап жүргендердің үмітін күшейте түсті.
Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен білім сапасы да қоғам үшін өте маңызды екені анық. Елбасы ұсынған бастама бойынша жыл сайынғы 54 мың грантқа 20 мың грант қосылмақ. Оның ішінде 11 мың грант техникалық мамандықтарға бөлінуге тиіс. Соның арқасында экономикамыздың жаңа жағдайында – төртінші өнеркәсіптік революцияның талабына сай мыңдаған маман дайындалып шығады. Оған қоса студенттердің жағдайы болу үшін 25 мыңнан астам орынға арналған студенттік жатақхана салуды ұсынып отыр. Көріп отырғанымыздай, Үндеуде көтерілген мәселелердің жастар үшін берері мол. Баспанамен қамту мен білім алуға жағдай жасау, басқа да артықшылықтар болам деген баланың бағын ашатын игіліктер.
Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, қоғам қайраткері, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі
Қызылорда облысы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі қарапайым адамдардың көңіліне үлкен қозғау салуда. Өйткені мұнда айтылған жақсылықтардың барлығы нақ соларға арналып отыр.
Мәселен, біздің атқаратын жұмысымызға қатысы бар төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту» мәселесіне келейік. «Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады. 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде, шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіресе ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді», делінген онда.
Біздің «G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы» осы уақытқа дейін шетелдік әріптестермен іскерлік қарым-қатынастар қалыптастыра отырып, ауылды жердегі отбасылардың жағдайын тиімділікпен жақсартуға бағытталған бірқатар «жасыл экономика» технологияларын елімізге әкелді. Осылардың негізінде еліміздің өңірлерінде осы технологияларды тарату мақсатында құрылған жеті орталық жұмыс істеп тұр. Олардағы технологиялардың барлығы қуат көздері мен ресурстарды үнемдеу нәтижесінде отбасы бюджетіне елеулі табыс кіргізе алады. Мәселен, Астана маңайындағы Арнасай ауылындағы технологиялық орталықта 35 технология игерілген. Олар үйдің шатыры секілді жабық шағын орынжай ішінде арнаулы шамдар орнатып, оларды күн орнына пайдалана отырып, көкөністер өсіруге қол жеткізу, биогаздан қуат алу, күн, жел қондырғыларын орнату арқылы қуат өндіру әдістерін үйретеді. Қазіргі уақытта бұл технологиялар ауылдағы кооперативтер мен жеке тұрғындардың ықыласын оятып, қолданылу үстінде.
Сонымен былайша айтқанда, қазір біздің елімізде заман беріп отырған мүмкіндіктерге сай тиімді еңбек етіп, «жасыл» технологияларды игеру жолдары уақыт өткен сайын жетілдірілу үстінде. Ал мұның өзі қалаларда, әсіресе ауылды жерлерде отбасылардың шағын бюджетін нығайтуға едәуір серпін беретіндігі анық. Ауылды жерлерде отағасылар еңбек етіп жатса, отбасындағы әйелдер, көбінесе бала тәрбиесімен және үй шаруасымен шұғылданатыны белгілі. Біздің енгізіп отырған технологияларымыздың басым бөлігі отбасындағы әйелдерді тиімді еңбекке тартуға, сөйтіп отбасы бюджетіне жәрдемін тигізетіндей жағдайға жеткізуге бағытталған. Бұл технологияларды игеруге сондай бір үлкен шығын қажет емес. Енді, міне, Елбасының бес әлеуметтік бастамасы, әсіресе соның «Шағын несиелерді көбейту» бөлігі бойынша ауылды жерлерге бөлінетін жеңілдікті несие қаражаттары еселеп арттырылғалы отыр. Сонымен ауылда еңбек етіп, тұрмысты түзетудің тиімді тетіктері мен технологиялары қалыптасуда. Оларды үйретушілер қатары да артып келеді. Қаржы көлемі болса, биылғы жылдың өзінде ұлғайтылғалы отыр. Мен мұны ауылға келген жақсылық деп түсінемін.
Салтанат РАХЫМБЕКОВА, «G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы
Осы уақытқа дейін біз көбіне экономикалық өркендеуге ерекше назар аудардық. Ол түсінікті де, себебі өндірісі өркендеп, экономикасы қарышты дамымаған елде әлеуметтік мәселелерді шешу еш мүмкін емес. Елбасының осы жайға баса назар аударып, енді әлеуметтік реформалар жасау кезеңінің келіп жеткенін атап көрсеткені жайдан-жай емес.
Әрине, бұдан осы күнге дейін әлеуметтік салада реформалар қолға алынбады деген ой тумаса керек. Бірақ гүлденген Қазақ елі ең алдымен ертеңгі күніне берік сенім артқан адамдарымен қуатты екенін баса айтты Елбасы. Демек, ертеңіне сенімі нық елдің болашағы да жарқын. Әр адам осы елде өмір сүріп жатқанына мақтаныш сезіммен қарауы тиіс. Туған жеріне деген сүйіспеншілік те адамдарға өмір сүру жеңіл әрі жайлы болғанда ғана туындайды. Аш адамның саясатта еш шаруасы жоқ. Тоқ адам өзінің ғана емес, елінің болашағы үшін алаңдайды.
Елбасының айтып отырғаны да осы. Әлеуметтік реформалар негізінде жаңа бастамаларды жүзеге асыратын уақыт келіп жетті. Енді бұл мемлекеттің ғана емес, әр адамның өзінің бар күш-қуатын жұмсап, етене араласатын ісіне айналмақ. Бизнесі өркендеген кәсіпкер жүдеушілік тартқан адамға қол ұшын беріп, кедейшілік тауқыметін тартып жатқандар қатарын азайтуға барынша үлес қосқаны абзал.
Мемлекет енді әлеуметтік мәселелерді батыл шешуді қолға алады, бұған біз жан-жақты дайындықпен келдік, деді Президент өз сөзінде. Сондықтан бұл жаңа бастама қоғамды ортақ мүддеге ұйытуға, Қазақ елінің әлемдік өркениеттен берік орын алуына жан-жақты ықпал етеді деп сенеміз.
Бақыт СМАҒҰЛ, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары