• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2011

Жаңару жолы – Қазақстанның көпұлтты халқы үшін бірден-бір жол

322 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік шежіресі

«Егемен Қазақстан» 1993 жыл. Бейсенбі, 16 желтоқсан.

Осыдан 18 жыл бұрынғы газетіміздің мерекелік нөмірі Қаз ТАГ-тің осындай көлемді репортажымен ашылған. Онда желтоқсанның 15-сінде Алматыда жұрт­шы­лықтың Республика күніне арналған сал­танат­ты жиналысы болғандығы айтылады. «Біздің жас еліміз өзінің Тәуелсіздік алауы жылдығын екінші рет атап өтіп отыр, мемлекеттік егемендік Қазақ­станның ежелгі жеріне қиын кезде келгенімен, желтоқсанның 16-сы оның барлық азаматтары үшін қашан да ең басты және қуанышты мереке» делінеді. Салтанатты жиналыста Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеген. «Бірнеше жыл бұрын Қазақстан халқы саналы түрде Тәуелсіздік жо­лын таңдап, сол арқылы келер ұрпақ алдында өзіне аса зор жауапкершілік алды. Өркениетті дүниежүзілік қоғамдастыққа кіре отырып, біз өзіміздің мемлекеттік егемендік туралы Декларациямыз бен республи­ка­ның жаңа Конституциясында басым орын алатын жал­пыадамзаттық құндылықтарды жарияладық. Әлеу­меттік нарықты экономикалы құқықтық мемлекет құру, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сыртқы салада ашық болу, қоғамдағы топтасу, ұлтаралық және азаматтық келісім – жалпы халық таныған ба­сым­дыққа ие болды» деп бастаған екен Президент өз сөзін. Мұнан кейін Мемлекет басшысы өткен уақыттағы біздің күш-жігеріміз бұрынғысынша өзіміздің ұлттық валютамызды енгізгеннен кейін мүлдем жаңа мәнге ие болған экономикалық проблемаларды шешуге жұмылдырылғандығын, мұның өзі Қазақстан қоғамы өміріндегі көптеген құбылыстарға жаңа көзқараспен қарауды, мемлекеттік әрі таза адами мүдделерді де ескере отырып басталған реформаларды сапалы жаңа айқындамалар тұрғысынан тереңдетуді қам­тамасыз ету үшін біздің бағытымызды қайтадан ой елегінен өткізіп, белгілі бір түзетулер енгізуді талап еткендігіне тоқталған. «Алайда көптеген ағаттықтар мен кемшіліктерге қа­рамастан біз, әсіресе осы жолы бұл салада тұра­лап қалған орнымыздан алға жылжыдық. Республикада реформалау едәуір көзге көрінерлік нысанға ие болды. Мәселен, экономиканың мемлекеттік емес секторында бүгін 40 мыңнан астам, соның ішінде 13 мың жеке меншік кәсіпорын қызмет істейді. Мұнда 400 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жекелеген ай­мақ­тар мен салаларда жеке меншік қазірдің өзінде ба­сым жағдайға ие болып отыр. 8 мыңнан астам мемлекеттік кәсіпорындар жекешелендірілді, бұл олар­дың жалпы санының 22 проценті. Биыл біз шара­лар­дың жаңа жүйесін жасап, бұл процесті 3 бағытқа бөл­дік. Олардың әрқайсысының өз тұтқасы, шарттары мен тәртібі бар. Келер жылы белгіленген жоспар­лар­ды жүзеге асыру жөнінде неғұрлым белсенді де мақсаткерлік жұмысты кеңінен жүргізу қажет» деп атап көрсетіпті. Мұнан кейін Президент экономиканы басқару жүйесін жетілдіру жекешелендіруді өткізу мен үзілмес байланыста жүргізілуі керегін ескерткен. Қазақстан­ның басқа елдермен сыртқы экономикалық байла­ныс­тары елеулі түрде   кеңігендігін, соның нәти­же­сінде бірнеше несие желісі ашылып отырғандығын, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 1,7 миллиард АҚШ доллары болатын келісімдерге қол қойылғандығын, біздің республикамызға 160 фирма мен шетелдік банктің өкілдіктері орналасқандығын, 1100-ден астам бірлескен кәсіпорындар тіркелгендігін айтқан. «Қазақстанның ядролық қаруды таратпауы тура­лы шартқа қосылуы оның халықаралық айқын­дама­ларының нығаюына қызмет ететіндігі сөзсіз. Шет елдерден түсіп жатқан пікірлер бұл шешімді дүние­жүзінің құптап отырғандығын көрсетіп отыр» депті. Сонымен қатар осы жылы сыртқы саясат бойынша қол қойылған   барлық құжаттарда біздің еліміздің тұ­тастығы мен қауіпсіздігін құрайтын басты мәселелер: егемендікті құрметтеу, қазіргі шекаралардың және аумақтық тұтастықтың мызғымастығы көрінісін тауып, баянды етілгендігін жеткізіпті. Президент республиканың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен өзара қарым-қатынас пробле­маларына тоқталып өткен. «Біздің эк­о­но­ми­ка­лық, қоғамдық-саяси, мәдени өміріміз тығыз ин­те­гра­ция­ланған, өзара тәуелді және бұдан былай да солай бола береді» деп мәлімдеген. Ұлттық ва­лю­таны енгізуге байланысты қиындықтар, осыған байланысты уа­қытша алшақтау, ақыр аяғында біз­дің бір-бірін құр­меттейтін сенімді әріптестігімізді қалыптастырып шығуы тиіс екендігін, болашақ ынтымақтасты­ғымыз­дың келешегі қолайлы болған жағдайда мемле­кетт­ердің ортақ рыногын құру мә­селесіне сенімділікпен қарауға болатындығын айт­қан. «Бұл біздің елде­ріміздің әрқайсысы үшін эко­номикалық дағдарысты барынша жеңуге, шаруа­шы­лық байланыстарын жолға қоюға көмектесетін Экономикалық одақ туралы шартты жүзеге асыруға үлкен мүмкіндіктер ашады» депті. (Егер мәселеге дәл қазіргі, яғни Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қар­саңындағы жағдай тұрғысынан келсек, Елба­сы­ның 18 жыл бұрынғы осы болжамының дәл шық­қандығын көреміз – Ред.). Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев барлық қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, оларға Отанның гүлденуі жолында шын жүректен жаңа табыстар тілеген. Мемлекет басшысының сөзінен кейін Қырғыз­станның халық жазушысы Шыңғыс Айтматовқа, Ресей Федерациясы Астрахань облысының әкімі Анатолий Гуждинге, Қазақстан Ұлттық ғылым академия­сының академигі Салық Зимановқа Президенттің 1993 жылғы Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығын беру туралы қаулысы оқылып, осы наградалар тапсырылыпты. Бетті әзірлеген  Сұңғат ӘЛІПБАЙ.