• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 04 Сәуір, 2018

Аутизм ауыртпалығын жеңе аламыз ба?

1378 рет
көрсетілді

Бүгінде аутизм диагнозы бар әр бала мектепте лайықты деңгейде білім алуға қауқарлы деген ұстаным алға озған. Оған аутизм диагнозымен-ақ алты құрлықтың алдын орап, өнер, білім мен ғылым, спорт сияқты сан қырлы салада есімін ерекше шегендеген тұғырлы тұлғалар дәлел. Тарихтың тереңіне үңілмей-ақ, күні кеше ғана Олимпиаданың бірнеше дүркін чемпионы атанып, жиырмадан астам алтын медальмен АҚШ қоржынын толтырған атақты Майкл Фелпстің өзі бала күнінен осы назар жеткіліксіздігі және гипербелсенділік синдромымен күресіп келген.

Барлығымыз білетіндей, 2007 жылғы қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы 2 сәуір – бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні деп жариялады. Бұл әлемнің барлық өңірлерінде аутизмі бар балалардың саны мен жоғары үлес салмағына және кейінгі даму мәселелеріне терең алаңдаушылық білдіруден туындаған болатын. Әлемдік статистикаға сүйенсек, шамамен жер бетіндегі 10 млн адам осы дертке душар болған. Бұл – әлемдегі әрбір 76-шы бала аутизммен ауырады деген сөз. Ал бұдан он жыл бұрын әрбір 150-ші баладан ғана аталған синдром байқалатын еді. Мамандардың болжауы бойынша, енді он жылда планетаның әрбір 30-шы тұрғынының аутист болу қаупі бар. Одан кейінгі он жылдықта әрбір екінші адамнан аутизмнің диагноздары кездесуі мүмкін.

Бұған дейін аутизммен ауыратын бала­ларды тек арнайы мектептер, орта­лықтарда ғана бейімдейтін. Алайда бүгінгі әлемдік тәжірибеге сәйкес, аутизм белгісі анықталған баланы оқшаулаудың қате екені айтылуда. Сол себепті аутизмі бар балаларға барлық бала секілді орта мектептерде білім алуына жағдай жасауға арналған шаралар қолға алынды. Бұл үрдіс елімізде де ерекше қарқынмен жүзеге асырылуда. Соның өзінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша Қазақстанда аутизммен ауыратын 35 мың бала бар. Оны балалардың осы мәселесімен түбегейлі айналысып жүрген «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова да растайды. Әр бала бақытты өмір сүруге лайықты. Қатарласынан қалмай заманауи білім алуы тиіс. Балдәурен балалықтың бақытты шағын татуға әрбір сәби құқылы. Жалпы, сананың ауытқу­шылығына байланысты инклю­зивті қоғамды қалыптастыру және қажеттілігі ерекше адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасауда «Болашақ» корпоративтік қоры сияқты ұйымдар елімізге көптеп керек. Байқағанымыздай, қордың жыл сайын өткізіп келе жатқан «Әр бала – мектепке лайықты» жобасы аясында аутизм дертіне шалдыққан бүлдіршіндерге жәр­дем берудің жай-жапсары анық көрінеді.

Игілікті істі ізгілікке ұштастырып жүр­ген қордың құрылғанына жеті жыл толды. Олардың айтуынша, жоба басталғалы бері «Болашақ» қорына аутизмге ұшыраған балаларды білім алуда кемсітуге байла­ныс­ты 700-ден астам өтініш түскен. Осы­ған байланысты жоба аясында еліміздің әртүрлі қалаларының 10 мектебінде инк­люзивті қолдау бөлім­дері ашылған. Бүгінде бұл көмек 120-дан астам баланы қамтиды. Сондай-ақ қор Астана қаласында психологиялық-педагогикалық түзетудің екі бөлімшесін ашқан. Астана, Алматы қалаларында жыл сайын 400-ден астам бала ем алу үстінде екен.

Аңғарғанымыздай, «Әрбір бала – мектепке лайық» сияқты акциялар еліміздегі мұқтаж балаларға сапалы білім алу үшін жағдай жасауға зор мүмкіндік береді. Айталық Астана қала­сындағы «Керуен» ойын-сауық орталығында «Болашақ» қоры «Коконың құпиясы» мультфильмін алғаш рет адаптивті көрсетіліммен қазақ және орыс тілдерінде бүлдіршіндерге тамашалатты. Оған елордадағы аутизмі бар балалардың біразы келді. Науқанды қолдау үшін арнайы келген Жанна Мерсағатова есімді ата-ананың айтуынша, дамуында ерекшеліктері бар балалар да барлық бала сияқты кино мен мультфильмді жақсы көреді. Бірақ кинотеатр залында фильм көру үшін ерекше жағдай жасалу керек, себебі олар жарық пен дыбысқа аса сезімтал келеді. Жай дыбыстың өзі балаларға тарсылдап естіліп, әр жаңа жағдай бала үшін үрей болуы мүмкін. Сондықтан адаптивті көрсетілім кезінде сыртқы жағымсыз әсерді барынша азайту керек. Кинокөрсетілім кезінде дыбыс бәсеңдетіліп, ал жарық толық өшіріл­мейді. Бұл шаралар балалардың залда жайлы отыруы үшін жасалған, дейді ол.

Мұндай залдарда сенсорлы түсіру аймағы ұйымдастырылған, сондай-ақ көрермен демалғысы келсе фильмді жатып тамашалай алатын жұмсақ жас­тықтар да қарастырылуы шарт.

«Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова да мұндай игі бастаманың берері мол екендігін айтады. Шара барысында мультфильм тамашалаудан бөлек, балалар салған суреттерді 1 мың теңгеге сатып алуға болатын қайырымдылық шарасы да қоса жүргізілді. Барлық түскен қаражат «Болашақ» корпоративтік қорының «Әр бала – мектепке лайықты» жобасын іске асыруына бағытталады. Ел тұрғындарына аутизм проблемасы туралы ақпаратты барынша беру тиімді әрі қажетті әрекет. Өз кезегінде қор директоры «Демалыс күндері сауда орталықтарына адамдар көп келгендіктен, «Keruen» сияқты үлкен алаңдарда бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату шешімі қолайлы әрі қажет. Сондықтан бүгінгі түрлі шығармашылық әрі ойын түріндегі шаралар арқылы қоғамның назарын аударуды жөн көрдік. Атап айтқанда, аутизм диагнозы бар балалар барлығымен бірдей білім алуға қауқарлы, қоғамдық ортада лайықты деңгейде бейімделе алады. Бұл балаларға тек қолдау жасау керек», дейді Д.Шайжүнісова.

Маманның айтуынша, еліміздегі мектептер аутизмі бар балаларды қабыл­даудан жиі бас тартады. Инклю­зивті сыныптарды ашудағы басты мақсаттардың бірі де осы мәселеден туындайды. Бұл ретте «Болашақ» қоры ашқан сынып­тардың еңбегін бағалай білген жөн. Олардың оқытушылар құрамына шетел­дік мамандарды тарту арқылы қоғамға қолайлы жағдай туғызуының өзі шын мәнінде сауапты іс дерлік.

Жалпы, аутизмнің пайда болу салдарын әлі ешқандай ғылым дәлелдей алмаған. Оған қоршаған ортаның лас­тануы да, тұқым қуалаушылық та әсер етуі мүмкін. Оның алдын алу шараларына келер болсақ, баланы ерте бастан жиі тексерістен өткізіп, аталған диаг­ноз белгілері білінген жағдайда нәрес­тені жастайынан қоғамға бейімдеу жұмыс­тарымен тұрақты айналысқан дұрыс. Егер шындыққа тура қарайтын болсақ, аутизммен ауырған адам өмір бойы бұл диагноздан құтылмақ емес. Сондықтан, оларға жиі назар аудару қажет.

«Менің балам осы бағдарлама бо­йынша бірінші сыныпта білім алып жатыр. Сәйкесінше, жасалған қолдаудың арқасында баламның оқуында айтар­лықтай ілгерілеу бар. Сондықтан ата-аналар, мамандар «Болашақ» корпоратив­тік қоры өкілдері бір команда ретінде жұмыс істеп жатырмыз», дейді Жанна Мерсағатова.

Көрсетілімнен шыққан балалар­дың ата-аналарының көбісі де осыны айтады. Аутистік спектр ауытқулары бар балалар үшін әлеуметтік дағды қалып­тастыру өте маңызды. Киноға бару олар үшін терапияның бір бөлігі іспеттес. Адаптивті көрсетілім өткізу қабылдауы ерекше сезімтал адамдарға қолжетімді қоғамдық ортаны құруға бағытталған. Адаптивті көрсетілімді кинотеатр бағдарламаларына қосу және «достастық» кинозалдарын қалып­тастыру дамыған елдерде күнделікті тәжі­ри­беге айналған. Тіпті АҚШ, Ұлы­бри­тания және Скандинавия елдерінде арнайы «Autism friendly» кинозалдары мен қоғамдық орындар құрылған. Ресейде бұл қозғалыс «Аутизм. Тату орта» деген атқа ие болған.

Жалпы, әлемде жыл сайын осы күні көк шарлар ұшырылады. Көк түс – ол Autism Speaks атты үлкен қоғамдық ұйымның фирмалық белгісі. Оның негізі 2005 жылы қаланған. Сондықтан сол күні ұйымдастырылатын шаралар көк түспен безендіріледі.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутер­риш өз сөзінде атап көрсеткендей, «дүниежүзілік ақпараттану күнінде біз де аутизмге қатысты көзқарасты өзгертуге және олар да өз құқықтарын азаматтар ретінде қорғауға және шешімдер қабылдауға құқылы».

Осы күн қарсаңында аталған акция­ның қолдау мақсатында елімізде жыл сайын «Болашақ» корпоративтік қорынан бөлек «Ашық әлем» аутизмі бар балаларды қолдау қоры да өз шараларын ұйымдастырып келеді.

Ел ертеңі білімді ұрпақ деумен шек­телмей, оны іс жүзінде дәлелдеп келе жатқан «Болашақ» корпоративтік қоры­ ел алғысына бөлене бермек. Ұйым­дас­тырушылар келешекте атқарар жұмыс­тарының жос­парларымен де бөлі­су­де. Сапалы білім алу үшін алдымен ден­сау­лық қажет емес пе? Себебі сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»