• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 04 Сәуір, 2018

Сәби тілді тез меңгереді

671 рет
көрсетілді

Адам бала кезінен қалыптасады. Баланың болашақ тұлға, өз елінің азаматы ретінде негізі мектепке дейін-ақ қаланады. Сондықтан балабақша тәрбиешісінің алдында тұрған басты мақсаттың бірі – сәби бойында Отанға, туған елге, жерге, халқына деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу.

Үш тілге үйрету сабақтарын құру және оны оқыту мағынасын іріктеу кезінде бірқатар ұстанымды ескерту қажет. Басты ұстанымның бірі – тәрбие мен оқуды бірыңғай үрдіске біріктіру. Бұл «Тіл дамыту үш тілдік сабақтарының негізгі мақсаты ретінде ғана болады» дегенді білдіреді. Алайда сабақта шешілетін міндеттер бұл мақсатпен шектеліп қалмайды. Үш тілді сөздерді, сөйлемдерді, диалог, монолог үлгілерін механикалық қайталай беру жолын емес, жалпы белсенді түрде сөйлеу арқылы үйрету керек. Тіл үйренуде ойындардың пайдасы зор. Ойын балалардың тілді үйренуге деген сенімін оятады. Рөлдік ойындарда барлық балаға бірдей рөл тиеді де, міндетті түрде араласып сөйлеседі. Балалар белсенді жұмыс істеп, бір-біріне жәрдем беріп, жұмысын мұқият тыңдап, өздерін және қатарластарын бағалайды, тәрбиеші тек бағыттаушы болады.

Ал қазіргі балалардың қабілет-қа­рымы қалай? Өз басым балалардың бі­лімге қызығушылығы айрықша және шет тілдерін меңгеруге деген қабілеті басымырақ екеніне куә болып жүрмін. Қарапайым күнделікті сабақты үш тілде жүргізсе, бала бойында күнде қай­таланатын сөздер жаттанды сөзге айналып, санаға ерте жастан тоқыла береді. Жаһандық эволюцияға қадам басқан ХХІ ғасыр ғылым мен технологияның майын шағып, жілігін ішетін, адам емес, заттық құрылғылар басқаратын әлемде өмір сүруге жетелейді. Біз де бұл жаңалыққа бейімделіп, бәсекеге түсуіміз қажет. Ға­сыр қазанын қайнататын – біз, сорпасын ішетін – біздің ұрпағымыз. Сол себепті алдымен мықты қазан, өшпейтін отын, таусылмас су көзі керек. Мұндағы қазан – тәуелсіз жеріміз, өшпейтін отын дегеніміз – санадағы ақыл, білім, ал таусылмас су көзі дегеніміз – заман сұранысына сай жаңа технология. Яғни оны біз өндіріп, қызығын ұрпағымыз көруі абзал.

Осындай кемел жетістікке жетудің бірден-бір кілті – бірнеше тіл білу және оны ел игілігі үшін тиімді қолдану. Санадағы ақыл, қажырлы төзім мектепке дейінгі тәрбиеленушіден басталады. Елдің көптілділігі бүгінгі жас өреннен бастау алады. Соңғы жылдары «Балапан-2020» бағдарламасы жүзеге асырылып, Батыс Қазақстан облысында балалардың балабақша кезегінде тұруы еселеп азайды. Бүгінде өңірде балабақша кезегі жоққа жақындады десе де болады. Жыл сайын қала, аудан деңгейінде 200-ден астам орынға арналған балабақшалар қолдануға беріліп, мемлекетке мол үлес қосуда. Онда үш тілмен қаруланған жоғары оқу орын­дарының түлектері білім беріп, жаңа технологиямен жаңашылдыққа бет бұруда.

Осы топта өзім де бармын. Қазіргі таңда №49 «Ақниет» бөбекжайында тәрбиеленушілерге үш тілде жаңаша әдістерді қолданып жүрмін. Бір жыл бұрын шетелден алып келген білімімді ел игілігі үшін, жас өрендерге арнап жатқанымды мақтан етемін. Ағылшын тілі арқылы баланың тіл кемістігін түзеуге болатынын бүгінгі ғалымдар дәлелдеп отыр. Олардың қатарында өзім де тәжірибе жасап, балаларға тіл мүкістігінің алдын алу шарасын қолға алдым. Міне, шет тілін ерте білу бала бойындағы ақылдылық пен табандылыққа бір қадам жақындататын жол секілді. Бірнеше тіл білу – жаңаша көзқарас пен жаңаша ойлаудың алтын көпірі.

Аида ЖАНТӨРЕҚЫЗЫ,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің 4-курс студенті

ОРАЛ