• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2018

Зырян ауданында 129 үй су астында қалып отыр

585 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан жұртшылығының қарғын сумен арпалысып жатқанына бір айға жуықтапты. Дәл қазіргі уақытта әсіресе Зырян ауданына қиын соғып тұр. 

29-30 наурыз күндері ауданда тасқын салдарынан 414 үйді су басып, 811 адам қауіпсіз жерге көшірілген-ді. Бүгінде 474 адам үйлеріне оралса, 34 адам эвакуациялық бекеттерді, 303 адам туыстарын паналауда. Ең қиыны сол, ауданда 129 үй төрт-бес күннен бері су астында қалып отыр. Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов тікұшақпен Зырян ауданына арнайы барып, су басқан үйлерді көріп, эвакуациялық бекеттерге орналасқан тұрғындармен кездесіп, хал-жағдайларын біліп қайтты.

Аймақ басшысы әуелі Малеев ауылына кіре берістегі көпірдің жанында тұрғызылып жатқан бөгет құрылысымен танысты. Бұл жерде 1, 2, 3 сәуір күндері Бұқтырма өзенінің мұзын жару жұмыстары жүргізілген екен. Өзен жағасындағы үлкендігі 4-5 метрлік мұз кесектерінен-ақ мұнда тасқынның екпіні қаншалықты болғандығын аңғару қиын емес. Зырян ауданы әкімінің су тасқыны жөніндегі арнайы топ басшысы Амангелді Тымбаевтың айтуынша, 31 наурызда үш күн тоқтаусыз жауған жаңбырдан өзендегі су деңгейі 7 метрге дейін жетіп, көпірден асып, ауылға қауіп төнген. Қазіргі уақытта мұндағы су деңгейі 3 метрге дейін төмендеген.

Д.Ахметов Зырян қаласындағы 4-5 күннен бері су астында төбесі ғана қылтиып тұрған үйлерді де көрді. Бұл жерде қазіргі уақытта 74 үй су астында қалып отыр. Төтенше жағдай саласы мамандары мұндағы су деңгейі 2 метр шамасында болып тұрғанын, үш тәулікте су деңгейі 30 сантиметрге төмендегенін айтады. Облыс әкімі бір-екі күн көлемінде суды сору жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Қазіргі уақытта өңірде тасқыннан зардап шеккен қалалар мен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Жалпы, 9 наурыздан бергі аралықта аймақта 1371 үйді су басып, 3004 адам қауіпсіз жерлерге көшіріліпті. Оның 2212-сі үйлеріне оралса, 240 адам эвакуациялық бекеттерді паналауда. Қазір облыста мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпорын жұмысшылары мен студенттерден құралған 3492 адам, 603 кәсіби маман мен 488 техника апатты ауыздықтау, аула-үйлерді тазарту шараларына жұмылдырылған.

Бүгін Өскеменде өңірдегі тасқын жағдайына байланысты жиын өткізген Д.Ахметов облыс орталығында 11, Аягөзде 52, Глубокоеде 21, Шемонаихада 16, Катонқарағай ауданында 4 үй тұруға жарамсыз деп танылғанын, Семей мен Зырянда арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын, алдын ала есептеулер бойынша тасқыннан келген шығын көлемі 3,2 миллиард теңгені құрап отырғанын айтты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Суреттерді түсірген автор