Біздің білуімізше, Еуропа халқы жылқы етін аса жей қоймайды, осы себепті де ірі қараның етін табу да оңай емес. Қимылдаған қыр асады демекші, Сағынғали жылқы етін шарқ ұрып жарты жыл іздеген көрінеді. «Жылқы етін, онда да семізін табу өте қиын болды. Бельгияда тамақ өндірісінде жылқы ішегін пайдалануға тыйым салынған. Осының барлығын іздеп табу үшін ғана алты-жеті ай уақыт кетті. Жылқы соятын қасапхананы тауып келістім, қазір не керек барлығын тапсырыспен алдыртамын», дейді ол.
Қазы сатамын деген ой Сағынғалиға бұрын-соңды үш ұйықтаса түсіне кірмеген нәрсе. Алматыда туып-өскен ол қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде заңгер мамандығында оқып, білім алады. Кейін 2012 жылы Бельгияда бизнес саласында оқуын жалғастырып, жұмыс істеуге Брюссельде қалған.
– Өмірімде қазы айналдырамын, оны сатамын деп ешқашан ойламаппын. Жырақта жүріп елге деген сағыныштан қазы айналдырып кеттім. Әйтпесе кәдімгі қазақ отбасында тәрбие алған мен осыған дейін қазан-ошаққа араласып көрмегем. Сөйтсем қиын ештеңесі жоқ екен. Әжемнен бір, шешемнен бір сұрап жүріп, өз рецебімді жасап алдым,– деп еске алды ол.
Осыдан соң Сағидың үйінен дәм татқан таныс-білістері қазы айналдырып бер деп қолқаласа керек. Алдымен үй-ішіне, достарына тарту еткен, артынша ұзынқұлақтан естіген қазақтардан бөлек қырғыздар, өзбектер, ұйғырлар, орыстар тапсырыс бере бастаған. Бір сөзбен айтқанда Орталық Азияда туып-өсіп, елінен жырақта жүргендер Сағынғалидың қазысын жеп, сағынышын басатын болған.
– Бельгияға қарағанда Германиядағылар көп сұрап жатады. Былтыр Нюрнбергте Еуропа қазақтары Наурыз тойлағанда маған тапсырыс берген болатын. Биыл да солай наурызда екі жүзден астам адамға шақтап қазы айналдырдым. Екінші жұмысыма байланысты көбіне уақытым жете бермейді. Жақын арада жеткізіп беру қызметін бір жолға қоюым керек, – деген Сағынғали қазыны өз үйіндегі шағын ас бөлмесінде айналдыра береді.
Әйтсе де ол қазы сатуды тұрақты бизнеске айналдырудың нақты жоспарын құрып, іске асыруды бастап та кетіпті. Оның сөзінше, Бельгияның бизнес климаты қолайлы әрі экономикалық-индустриялық жағынан өте жақсы дамыған. Дегенмен жергілікті билік органдары бюджет саясатын жүргізуде сырттан келген өзге елдің азаматтарына қатқылдық танытатын болып шықты.
«Мен сияқты шетелдік жеке тұлғалар мен корпоративтік ұйымдарға салық көп мөлшерде салынады. Мысалы, мен көлікке салынатын, өзге де қосымша салықтарды есептемеген күннің өзінде табысымның 30 пайызын салыққа төлеймін», дейді. Сағидың айтуынша, Еуропада киіз үй өте танымал. Осы жазда Бельгиядағы Арденна қыратына 5-6 киіз үй тігіп, шағын демалыс аймағын ашуды көздеп отыр.
– Қазір киіз үйлер табылды, тек логистика мәселесі шешіліп кетсе болғаны. Голландия, Франция, әйтеуір қиырдағы қай қазақпен сөйлессеңіз, туып-өскен ортасын, мәдениетін сағынып тұрады. Осы кәсібім соншалықты үлкен табыс әкелмес те, бірақ елімнің кішкентай бөлшегін Еуропаның бір бұрышына орналастырып қойғым келеді, – дейді Сағынғали.
Қазір Сағынғали сияқты 5 миллионнан астам қандасымыз шет мемлекеттерде тұрып жатыр. Әрқайсысы өзінше тірлік кешуде. Елде жатып алып ет пен сорпаның қадірін бәлкім, біз біле бермеспіз. Бірақ қиырда жүріп елдің дәмін аңсаған Сағынғалидың сағыныштан туған бастамасына ішіміз жылып қалды. Қиырдағы қазақтың біреуі болсын түзу тұрмыс кешіп, жадырап жүрсе «алыстағы ағайын еді-ау» деп, әрдайым іштей тілекші болып отыратынымыз шындық.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»