• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Сәуір, 2018

Жа­қыпбек Алтаев - санаткер

1409 рет
көрсетілді

Хәкім Абай «Адамның адамшылығы – ақыл, ғы­лым, жақсы ата, жақ­сы ана, жақсы құр­бы, жақсы ұстаздан болады» деген өзінің фи­ло­со­фиясындағы адам мә­се­лесіне қатысты ойын сабақтай келе «Адам бол» деп түйіндейді. Де­­мек адамның «адам болуы­на» ықпал ететін ата-ана тәрбиесінен өз­ге ұстаздың ұлағаты, бер­ген білімі болса керек.

 

Ұстаз қай заманда болсын парасаттылық пен көре­ген­дік­тің символы болған ұлы ұғым. Адамзатты адастырмай қи­ын­нан жол тауып, на­дан­дық­қа сәуле түсіретін, бі­лім мен ғылымға бағыт бе­­ретін де ұс­таз. Әлемнің бі­­рін­ші ұстазы Арис­то­тель, екін­ші ұстазы атанған әл-Фа­раби білім-ғылым жолы­мен ғана жүрмей, адамды адам ете­тін әділеттің ақ жолын да ұсын­ды. Ғылымның бастауында тұр­ған ғұламалар есі­міне ұстаз ұғымының қос­ы­лып айтылуы ұстаз бола бі­лудің ұлылығын ай­қын­даса ке­­рек. Ұстазды құр­меттеу, оның ғибратты жолымен жү­ру шәкірт үшін де үлкен сын тәрізді. 

Орыс халқының белгілі педагогы, Ресейдің ғылыми пе­да­­гогикасының негізін салу­шы Кон­стантин Ушин­с­­кий «Мұ­ға­лім ісі сырттай қа­ра­пайым бол­ған­ы­мен – та­ри­х­тағы ең ұлы істің бірі» деп ұстаз қызметіне жоғары ба­ға берген. Ұлы істі атқару, өз ісіңе өмір бойы беріліп, ғұ­мы­рыңды арнау да өнер. Де­мек ұстаздық мансап емес, ол – мақсат. Олай бо­ла­ты­ны ұс­таздың көздегені шә­кі­рті­нің өмірден орнын тауып, азамат атануына ықпал ету. Шәкіртке жол көрсетіп, бар білі­мі­мен, тәжірибесімен бө­лі­су, қажет болса білім-ғылым жолына өмірін арнау ұстаз үшін ізгілігі мол істің бірі деп ойлаймын.

Ұстаз ұлы мақсаттарды ал­ға қоятын биік парасат иесі. Олай болса, ел болудың түп қа­зығы білі­мі ұшқыр, көкірек кө­зі ояу, Отанын сүйетін ұр­пақ тәрбиелеу ұстаздың өмір­лік қағидасы. Яғни, ел болу үшін «бесікті түзеу» керек болса, «Мәңгілік Ел» болу үшін жастарға сапалы білім, мазмұнды тәрбие беру қажет. 

Бүгінде жастарға сапалы білім мен мазмұнды тәрбие беріп келе жатқан ғылыми ғана емес, рухани орданың біріне айналған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің Философия жә­не саясаттану факультеті десек асыра айтқандық болмас, сірә. Әрине аталған факультеттің жү­регі, керек десеңіз руха­ни қазығы ұстаздары, оқыту­шы­­лары мен профессорлары. Ұлт­тық университеттің фи­ло­со­фия факультетін тә­мам­дап шық­қалы да жиыр­ма жылға жуық­тапты. Қан­ша­ма ұстаздың тә­лі­мін, тәр­биесін бойға сіңірдік, оқы­­дық, оқығанды көңілге то­қы­­дық. Қара шаңырақтың қа­­бырғасында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен көрнекті ға­лымдар А.Қасымжанов, М.Орынбеков, Б.Нұржановтың дә­рістерін тыңдаудың және сұх­баттасудың біз үшін тағы­лым­дық және ғылыми маңызы жоғары болатын.

Қазіргі қазақ фило­со­фия­­­сы­ның көрнекті өкілдері А.Қасабек, Т.Ғабитов, Ж.Мо­л­­­дабеков және өзге де ай­­­ту­лы ұстаздар философия факультетін тәмамдаған бір­­­неше буынға мол білім мен тәр­­бие берді, әлі де талай жас бу­ынға дәрістері мен терең фило­со­фиялық ой толғамдары арқылы сана­ларына сәуле түсіріп, ақыл­да­рына ақыл қосатыны сөз­сіз. Сол ұстаздардың бірі – Жа­қыпбек Алтаев. Жақыпбек Ал­тайұлымен алғаш 1993 жы­лы таныстым. Өмір дейтін бұ­ра­лаңы көп жол­дың ой-шұ­қы­рын әлі толық көр­ме­ген, мек­­тептен жаңа келген сту­де­нт үшін философияның ғы­­лым ретіндегі мазмұнын то­лық­­тай түсіну қиынға соққа­ны шын­дық. 

Біз үшін ғылым докторымен сөйлесу, кафедраға кіріп әңгі­ме­сін тыңдау оңай шаруа көрін­бей­тін. Дегенмен философия фа­ку­льтетінде ерек­ше рухтың бары ай­қын сезілді. Ол рух ұстаз бен сту­де­нт арасындағы сабақтастық, шы­­найы қамқорлық пен құр­мет­ке негізделген болатын. Оны қа­лыптастырған да, сақтап ке­ле жат­қан да біз­дің ардақты ұстаз­да­рымыз. Ұс­таз бен студент арасында сабақ­тас­тық бар жерде шынайы құр­мет қашанда бола бермек. Бірінші курста оқып жүр­генде Жақыпбек Алтайұлы ал­ғаш аудиторияға дәріс оқуға кі­ріп келген сәттен-ақ, ашық әрі мей­ірімге толы жү­зі көңілге жы­лы ұшы­ра­ды. Қаталдық пен та­лап­­тың арасын анық ай­қын­дай бі­­ле­тін ұстаздың дәрісіне топ сту­­денттері толығымен жина­лып келуші едік. Еркін ой-пікір ал­масу, студенттің көз­қа­ра­сымен са­насу Жақыпбек Ал­тай­ұлының фи­лософ ретіндегі кел­бетін ай­қын­­д­ай түсетін. Ға­лымдық жо­­лы­мен қатар ұстаздық жолы бар Жақыпбек Алтайұлы ғылым са­­ласында, жеке өмірде ұстамы бе­рік, шәкірттеріне қоятын талабы мығым тұлға. 

Біздің студенттік өмірі­міз­дің алғашқы жылдары мем­лекетіміз тәуелсіздігіне ие болып, тарихын түгендеп, та­ри­хи тұлғаларының шы­ғар­­машылығы мен дүние­та­­нымын қайта зерделеп жат­қан ке­зеңмен тұспа-тұс кел­ді. Осы­ған орай қа­зақ фи­л­осо­фиясы ға­на емес, қа­зақ тарихының өзі те­рең­нен зе­рт­теуді қажет етті. Осы орай­да тәуелсіз елдің ға­лым­­­да­­ры­ның алдында үлкен бас­­та­малар тұрғаны анық болатын. Ұлт маңдайына біткен тұл­ғалардың дүниетанымы әде­бие­т, та­рих тұрғысынан ға­на зерт­­теліп, ай­тылды. Қазақ фи­­лософиясы деген ұғым­ның өзі қолданысқа еркін еніп, ға­лымдардың зерттеу объек­ті­сі ретінде бір жүйеге түспей жүр­ген кез еді.

Қазақ философиясы бұрын кеңінен зерттелмеген тақырып ре­тінде еліміздің философтарын қызықтырды. Нақтылы те­рең­нен зерттеуге кірісіп, оқу құ­рал­дары мен ғылыми еңбектер жа­зуға тал­пынған ғалымдардың қатары кө­бейе бастады. Осындай уа­қыт­та қазақ философиясы туралы ой қозғаған, зерттеу жүргізген фи­лософтардың қатарында Жақып­бек Алтайұлы да болды. 

Философия факультетінде 90-жылдары қазақ бөлімі жа­ңа­дан ашылды. Қазақ тіліндегі фи­лософия мамандарын даярлау ісі енді қолға алынған шақ­та оқулық тапшылығы ай­тар­лықтай сезілді. Әлемдік фи­лософия өкілдерінің ең­бек­тері қазақ тіліне аударыл­май жатты. Сондай ке­зеңде ал­ғашқылардың бірі болып «Фи­лософия және мәде­ни­ет­­тану», «Философия тарихы» оқу­­лықтарын қазақ тілінде жа­рық­қа шығарды. Жоғары оқу орындарында міндетті са­налатын философия пәнін оқытуда мамандарды қазақ тілінде даярлайтын бөлімдер үшін қажетті оқу құралдарына айналғаны да жасырын емес. 

Қазақ философиясы тың та­қырып болғандықтан оны зе­рт­теу, ғылыми негіздеу із­де­­ністі қа­жет етті. Біздің ку­рс­тың негізгі ба­ғыты да осы қа­зақ фило­со­фия­сының тарихы­на, әлеу­мет­тік тақырыптар мен антро­по­ло­гия, таным, экзистенция мә­се­лесіне бағытталды. 

Тақырып күрделі, әде­би­­­ет­те айтылып келген түр­кі ойшылдарын, қа­зақ ақын-жырауларын, Алаш­ор­да өкілдерін, жа­зу­шы­ла­рын философ, ойшыл тұр­ғы­сында көрсету, олар­дың шы­ғармалары мен дүние­та­ны­­мын философияға ойыс­ты­ру дәлелдеуді қажет етті. Фи­ло­софиялық категориялар ар­­қылы қазақ дүниетанымын зерде­леуге, батыстық мазмұн­да­ғы жүйелі философиямен ұш­тастыруға байланысты еңбек­тер болғанымен оны бір ғалымдар мойындаса, екін­ші­лері сынап жатты. Көш­пен­ділер үшін философия пән болған жоқ, өмір сүрудің бі­лімі болды деген де ойлар айтылып жатты.

Алайда уа­қыт пен кеңістік, өзгеріс, таным мен ақыл-ой мәселесі қазақ ақын-жырауларының, ой­шылдарының шығар­ма­шы­лығында қозғалып кел­­ге­ні ақиқат. Мәселе сол фи­ло­­софиялық ойкешулерді ашып көрсете білуде. Оны ғы­лы­ми негіздеуде әрі жүйе­ге кел­тіруде елі­міздің фи­ло­­­софтары ең­бек­тен­гені шын­­дық. Жақыпбек Ал­тай­­ұлы­ның «Қазақ фило­со­фия­­сы­ның тарихына кі­ріс­пе» ат­­ты еңбегінде қа­зақ дү­ни­е­та­­ны­мындағы фи­ло­­со­фия­лық ой кешудің ерек­ше­лігі айқын зер­деленді. 

Мұнымен қоса Жақыпбек Алтайұлының әлемге танымал Шығыс ойшылдарын зерт­­теудегі еңбектері өз алды­на бір бөлек арна болды. Шығыстың ғұламасы әл-Фа­рабиді зерттеуге, әлеу­мет­тік философия мен адам мә­селесіне талдау жа­сау­­ға сү­белі үлесін қосты. Сту­де­нттер мен әл-Фарабиді зерт­­теушілерге бағыт-бағдар ұсы­ну­ға мол еңбек сіңірді. әл-Фа­рабиді зерттеуде шетелдік ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, Қазақстанда бұрын-соңды жарияланбаған тың де­ректерді алуға ықпалын тигізіп жүрген бірден-бір ға­лым ұлттық ун­и­верситет жаны­нан әл-Фараби атын­дағы ғылыми орталықтың ашылуына мұрындық болды. Ғылыми орталық құрылған уақыттан бері халықаралық конференциялар ұйымдастырып, әл-Фа­раби шығармашылығын зерт­теуді жандандырып келе­ді. 

Жақыпбек Алтайұлының же­тек­шілігімен ғылым кандидатта­ры мен докторларының тұтас бір буыны шықты. Олар ғылыми мақалалар мен еңбек­те­рі арқылы ел руханиятына зор үлес қосуда.

«Ұстаздық еткен жалық­пас, үйретуден балаға» демек­ші, бірнеше буынға тәрбие бер­ген, білім нәрін сіңірген жет­пістің асқарына шығып отыр­ған ғалым Жақыпбек Ал­тайұлы бүгінде өзінің шы­ғар­машылық биігінде. Қазақ халқында еңбегімен зор бе­делге ие болған адамды санат­кер деп атайды. Жақыпбек Ал­тай­ұлы өз саласындағы таң­д­аулы, ал­дыңғы қатарлы са­наткер тұлға. Ғалымның әлі де ғылымға берері мол. Оның ұс­танған мақсаты – ұстаздық жол. 

Ғалымның бүгінгі шық­қан биігі ғылым жолына түс­кен өскелең ұрпақ пен шә­кірттеріне үлгі-өнеге.

Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ, философия ғылымдарының кандидаты