• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2018

Қолдан жасалған қасірет

1170 рет
көрсетілді

Жылда мамырдың соңындағы Аза тұту күні жақындаған сайын мен қазақпын деген әрбір адамның жүрегі қарс айрылмауы, 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің, ғаламат ашаршылықтың құрбандарын еске алып күңіренбеуі мүмкін емес дер едік. 

Қазақстандық белгілі қаламгер Валерий Михайлов өзінің 1990 жылы шыққан «Ұлы жұт жазбалары» атты кітабында бас-аяғы 10-15 жылдың ішінде (1919-1933) қазақ­тар өз қауым-жұртының тең жартысынан айырылғанын атап көрсетеді. Кезінде өзіміз алғашқы рецензенттерінің бірі болған осынау аса құнды деректі жазбаларда мұндай ауқымдағы қызыл табан қырғынды әлемдік тарихтың білмейтіні айтыла келе, әрбір қазақтың осы қасіретті есте сақ­тауға міндетті екендігі меңзеледі.

Осыған орайлас ойды кеңес уақтысында ашаршылық ақиқатын алғашқылардың бірі болып батыл айтқан белгілі демограф ғалым Мақаш Тәтімов былайша білдірген-ді: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Кейде осы қазақтың байымай жүргені де сол аруақ сыйламаудан ба деп қаламын. Ана жылы Парижге барғанымда француздардың өлгендер рухына деген шексіз құрметін көріп таң-тамаша қалдым. Нотрдам шіркеуіне жақын тұста Сена өзенінің жарқабақ жағалауындағы саңғырлаған үңгірдің іші жыпыр-жыпыр самсаған шамдар. Бұл шырағдандар неміс-фашист басқыншыларынан Францияны қорғап қаза тапқан 200 мыңдай боздақтың рухына бағышталыпты. Әрбір боздаққа бір-бір шырағдан жағылған! 

Француздармен салыстырғанда қазақтар­дың 1932 мешін жылындағы адам шығыны, оның қайғы мен қасірет салмағы ондаған, жүздеген есе ауыр-ау. Сол алыстап бара жатқан, осыдан 80-90 жыл бұрынғы халыққа қарсы жасалған зұлымдық қылмыстың беті ашылып, ашаршылықтың әдейі, қасақана, қолдан ұйымдастырылғаны барған сайын бұлтартпас айғақтармен әшкере болуда. Тіптен, большевиктердің әр деңгейдегі көсем-сымақтары мынадай арсыз қисын ұсынған. Мұстафа Шоқай қатты күйініп, зәһәрлі сынға алған сол қисынға құлақ салсақ, қазақ сияқты жабайы, надан халық социализм қарқынына қатар жүріп ілесе алмайды-мыс, сондықтан олардың қырылып құрып бітуі, жер бетінен жойылып жоғалуы объективті заңдылық, тарихи қажеттілік. Демек, ашыққан қазақтарға көмек беру, азық-түлік босату бос әурешілік. Одан да қаржыны елді индустрияландыру қажеттеріне жұмсаған абзал... Міне, осындай қараниетті, зұлым ойлы сандырақтар белгілі дәрежеде Кеңес үкіметінің қазақ халқы тарабындағы мемлекеттік, қитұрқы саясатының негізіне алынғаны даусыз. 

Голощекиннің Қазақстанда «Кіші Октябрь» жасау даңғазасы Троцкийдің үздік­сіз перманенттік революция жөніндегі қияли теория-сымағының тура іс жүзіндегі көрінісі болды. Ол теория-сымақ бойынша революция өрттей қаулап, дүниені шарлап жайыла беруі керек екен. Құрбандық неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы. Революция жеңісі үшін бүкіл қазақ халқын құрбан етуге әзір екенін мәлімдеген бірді-екілі жандайшап өз ішімізден де шыққаны бұл күнде ішіңді удай өртейді.

Ашаршылықты қолдан жасап, алаш жұр­тын қасапқа салудың басты мақсаты – қазақ даласын қазақтардан босату, империяның іргетасы болып отырған славян тектес халық­тарды қоныстандыру үшін орын сайлау болғандығы қазір аян. Отызыншы жылдардың басында-ақ ОГПУ ішкі Ресейден, Украинадан халқы жоспарлы түрде қырылуға тиісті жерлерге көшіп баратын отбасылардың, жеке адамдардың құпия тізімін жасаған. Яғни олар таяудағы бірер жылда «социализм қарқынына ілесе алмайтын жабайы қазақтардың» қырғын табатынын алдын ала біліп отырған.

Қазақты қайткенде де ажал құрығына түсіру үшін зұлымдық, зорлықтың небір түрі жасалды. Егін екпейтін елге астық салығы салынды. Оны төлеу үшін қазақ шаруасы қолдағы күнкөріс – жалғыз қарасынан айырылды. Семей, Кереку қалаларында қойма-қойма, вагон-вагон етті шіріткен, бірақ ашыққандарға бермеген... Ұлытау маңында бір табын жылқыны сайға қамап, төрт жақтан төрт пулемет құрып қойып атқылап қырған... Ресейден Қазақстанға азық-түлік өткізбеген... Алматы төңірегінде тәркіленген киіз үй, жасау-жиһаз, мүлік, кілем, алаша, текемет, сырмақтар бес қабатты үйдің биіктігіне жеткізіле үйіліп, сол қалпы шірітілген. 

Иә, ашаршылық қолдан жасалды. Ал осы ашаршылық қияметі халық санасынан өшпеуі, өлшеусіз қасірет ұмытылмауы тиіс. Рас, алапат нәубет жайында айтылып та, жазылып та келеді. Талай шаралар да белгіленуде. Бірақ біздің ойымыз: халқымыздың басынан өткен осы трагедияға әлде де болса әлем жұртшылығының назарын аудару керек. Парламентіміз бен партияларымыз «Рухани жаңғыру» аясында нақ осы Мешін жылының ұлы қасіретін қолдан ұйымдастырған қарабеттердің, мейлі ол Кеңес өкіметі ме, Коммунистік партия ма, аттарын атап, мойындарына халық қарғысының қарғыбаулы қара таңбасын ілуі қажет деп білеміз. Құрбандық көлеміне сай, ел зиярат етерлік, тек ашаршылық құрбандарына ғана арналған атаулы мемориалдық кешен тұрғызу да ендігі жерде кезек күттірмегені дұрыс. Бұл қазақ халқының, тәуелсіз еліміздің болашағы үшін де, қазіргі және келер ұрпақ үшін де, енді қайтып ондай зобалаңға килікпеуі үшін де үлкен өмір тағылымы болмақ.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»