• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2011

Қасиетті қазына

409 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылғы шілде айында Пар­ламент Сенатының депутаттары Қа­зақ­стан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы Декларациясын қабылдау туралы бастама көтерді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Деклара­ция­ға «біздің қоғамымызды топтас­тыру­дың маңызды құжаты» деп баға берді. Ол Қазақ­станның егемендік жолындағы барлық жетістіктері көрініс тапқан аса маңызды саяси-заңдық құжат болып табылады. Осы орайда 2011 жылғы 10 желтоқсан Тәуел­сіз Қа­зақстанның жасампаз тарихының жарқын па­рақ­тарының бірі болып қалары ақиқат. Декларацияда Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы Нұр­­сұлтан Назарбаевтың жаңа мемлекет – Тәуел­сіз Қазақ­станды құрудағы, мемлекеттілігін қалып­тас­ты­рып, егемендігін нығайтудағы теңдессіз рөлі атап көрсетілген. Бұл құжатта демократиялық, за­йыр­лы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қа­рыштап дамып келе жатқан Қазақстанның әрбір қадамы кезеңді көрініс тапқан. Оның мәтініндегі әрбір жолда еліміздің әлеуметтік-саяси, экономи­ка­лық, қоғамдық өсу және жарқын болашағы бағы­тын­дағы соқпағы сайрап жатыр. Жаһандық катаклизмдерге ұрынбай, әлемдік дағдарыстан шаршап-шалдықпай шығып, керісінше, қарышты даму жолына түсу үшін бүкіл ел болып жұмылу керек еді, Елбасының кез келген жасампаз бастамасын қолдап отырған халқымыз тас-түйін жұмыла білді. Ұлы Шәкәрімнің: «Құ­был­ған әлем жарысы – ақылды жанның табы­сы», деп айтқан қағидасын қазақстандықтар шынайы түрде жүзеге асыра білді. Үлкен көрегендікпен қа­былданған «Қазақстан-2030» Стратегиясы халық­тың ауқатты тұрмысын қалыптастыруға, сырттан келетін ауыртпалықтарға сенімді тойтарыс беруге, сөйтіп, экономикалық реформалардан оң нәти­же­лер алуға жағдай жасады. Тәуелсіздік жыл­дарын­да әлеуметтік сала бойынша көп деңгейлі жүйе құрылды. Соңғы он жылда зейнетақы 8 есе, соңғы үш жылда еңбекақы 2 есе артты. Бұл – индустриялық-инновациялық даму, әлеу­мет­тік жаңғыру, халықты жұмыспен қамту және басқа да мемлекеттік өміршең бағдарламаларды мер­­зімінде іске асыруға ұйытқы болған өкілді жә­не ат­қарушы биліктің жеңісі. Бұл – «жағаласқанға – жау көп, ағаласқанға тау көп», деп Ынтымақ пен Келі­сімді мұрат еткен барша қазақстандықтардың же­ңісі! Бұл – халқын адастырмай «қазақстандық да­му­дың» даңғыл жолына сала білген Елбасының жеңісі! * * * Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында сонау бала кезден санада сақталып, жылдар өтсе де жадымда жатталып қалған мына бір аңыз ойға орала берді. Ерте кезде сайын далада ұялас қас­қыр­лар мыңғырған киік табынын қаумалап, құз­дан құлатып, жемтік қылуға қуып келе жатады. Басын алға созып жіберіп, үрке қашқан киік легі алдындағы құз-ажал­ды сезбесе керек. Осы көрі­ністі тамашалап тұрған аңшылар кенеттен адам сен­бестей көрініске тап бо­ла­ды. Табынды иіріп алған құлжа-теке тебініп, әлгі көкжалдарға қарсы тұра қалады. Сүйір мүйізі күнге шағылысқан құл­жа еңсесін тіктеп, айбын­да­нып шы­ға келеді. Жа­лы күдірейген құлжаның омырауы есік­тей болып, тұла бойы айбат шашады. Мұндай жанкешті қар­сылықты күтпеген көкжалдар құйрық­тарын бауы­рына салып, кейін шегіне береді де бүлк-бүлк желіп, енді қайтып оралмастай қыр асады. Сайын даланың ерке жануары­ның мынадай қайраты мен қайсарлығына таң-тамаша қалған адамдардың санасында ешқандай сыртқы күшке бой алдырмайтын «РУХ» деп аталатын киелі ұғым сол кезде пайда болған екен. Осы оқиға аңыз сипатында болғанмен, Қазақ елінің тағ­ды­ры тәріздес болып көрінеді. Халқымыз небір алмағайып кезеңдерді бастан өткергенін, жаугершілік заманда жойы­лып кету қаупі де болғанын қайталап жату артық. Бірақ, қандай кесір заман болса да, халқымыздың рухы сөніп көрген жоқ. Басқа-басқа ал қазақ үшін тәуелсіздіктің қа­дыр-қасиеті де, мән-мазмұны да ерекше. Біз Бос­тан­дық, Азаттық, Теңдік жолында найза­мыз­ды қолдан түсір­меген халықпыз. Ашық күнде бейбітшілігіміз баян­ды болсын деп сол найзаға үкі таққан елміз. Біздің халқымыз бейбітшілік пен тыныш өмірдің бағасын жақсы ұғынады. Сон­дықтан қазіргі Қазақстандағы жағдайды «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманмен са­лыс­тыруға болады. Мұның бәрі де Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың көне дәуірдегі көк түркі­лер­дің қағандары секілді «күндіз отыр­май, түнде ұйықтамай» атқарған қызметінің ай­шықты айғағы. Ол елді қиындықтан шығарамын деп еді – шы­ғарды, дағдарысты жеңемін деп еді – жеңді, әлемге сөзімді жүргіземін деп еді – жүргізді. Өзгенің көрпесін жамылып, өмір кешкен кезіміз де болған. Тәубе, қазір тәуелсізбіз. Бірақ, бос­тан­дықта өмір сүре білу бодандықта өмір сүруден оңай емес екенін де естен шығармау керек. Ата-бабамыз армандаған бүгінгідей күнге жеткен соң Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев: «Біз бүгінгі тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын респуб­ли­ка­ның жер бетінде барлығы үшін тарихтың әр тұ­сын­да осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жан­дар­дың аруағының ал­дында қашан да қарыз­дармыз» деп айт­қа­нын­­дай, тәу еткен Тәуел­­сіз­­дігімізді қыз­ғыш­тай қорғап, сақтай білуіміз қажет. Міне, енді ғасыр­лар бойы арман-мұрат­қа ай­налған егемендікке қол жеткен дәуірде тәуел­сіз­­­дікпен бірге іштегі де, сырттағы да қазақ­тың рухы биіктей түс­ті. Қа­зір «Мен – қа­зақ­пын!», «Мен – қа­зақ­стан­дық­пын!» деп әлем ха­лық­тарының ара­­­сын­да мақ­та­ныш­пен ай­тып жү­ре­тін дә­ре­жеге жеттік. Түрлі кезеңдерде Ата­түрік пен Рузвельт, Шарль де Голль мен Ли Куан Ю, Дэн Сяопин сияқты өз ұлты­ның пер­зенттері өз мем­ле­кет­терін әлемнің өзге ел­дерінің көш басына шығарды. Аумалы-төк­пе­лі сәтке кез болғанда да тәуелсіздіктің тар жол тайғақ кешуінен тартынбай, мемлекет тізгінін қолға алған Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев та ұлт рухын төске өрлетті. Осы­дан жиырма жыл уақыт бұрын өзінің Тұңғыш Президентін сайлап алған ұлт мұ­ра­тына жетті. Үстіміздегі жылғы сәуірдегі Президент сайлауында да барша қазақстандықтар таңдауынан тапжылмады. Сол сияқты қазақстандық ғажайып даму­дың негізін қалаған Нұрсұлтан Назарбаев посткеңестік кеңістікте интеграциялық үрдіс­терді қалыптас­тыр­ды. Дезинтеграциялық үде­рістерге тойтарыс беріп, прагматикалық мұрат­тар­ды жүзеге асырды. Біздегі инновациялық-индус­т­рияландырудың жа­ңа бағытын басқа елдер тәжі­ри­беге ала бастады. Барша әлем Қазақстандағы президенттік инс­титутты – жүйелі реформа­лар­дың локомотиві, саяси транзит табысының негізі деп баға­ла­ды. Осындай табысқа жетудің, үздіксіз ілгері­леу­дің кілті, басты қозғаушы күші – Елба­сымыз Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел де кемеңгер басшылығы, көрегендігі мен дана­лы­ғы, ғажайып ерік-жігері мен сарабдал саясаткерлігі. Елімізде осыдан 20 жыл бұрын құрылған президенттік институт өзін ақтап келеді. Интеграциялану үдерісінің басты генераторы ретінде таныл­ған Елбасы мерейі мұхиттың арғы бетінде де үс­тем болып жүргенін ел біледі. Түркі әлемі Қаза­қ­станның Ұлт көшбасшысын барша бауыр ха­лық­тың рухани мұрагері деп таныды. Жақында мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми бастаған делегация құра­мын­да Түркияда болғанымда соған көзім жетті. 75 млн. халқы бар, әлемдегі алпауыт мемле­кет­тердің бірі саналатын осы елдің негізін көне заманда хеттер қалаған ежелгі Невшехир қаласының орталық көшелерінің бірі Нұрсұлтан Назар­баев­тың есімімен аталады. Анкарада Елбасына еңселі ескерткіш орнатылған. Осы сапарда Невшехирдің туристер көптеп келетін ауданында «Қазақстан» бульвары ашылып, соның тұсаукесеріне қатыстық. Сол күндерде Түрік мемлекетінің, оның халқының біздің елімізге, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа, барша қазақстандықтарға деген ыс­тық ілтипаты мен жүрекжарды жарқын ниеттерін айқын сезіндік. Елім деп еміреніп, халқым деп тебіреніп қызмет еткен Елбасың, оны қоштап, қол­­даған жұртың болса, ғаламшардың қай түк­пірінде де жүзің жарқын, айдарыңнан жел есіп жүретіні рас. Хакім Абай өзінің «Қара сөздерінде» бұрынғы ата-бабаларымыздың екі мінезін ашып көрсетеді. Біріншіден, «... ел басы мен топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүргізбек болмайды екен». «Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ ша­қы­рылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қа­ра­майды екен, жанын салады екен». Данышпан Абай осылайша, мемлекеттік ұлтты сақтау мен кү­шейтуге, қазір әлем таныған Тәуелсіз Қазақ­стан­ның абыройын асыруға барша жұртымызды жұмылдырудың жолын көрсетіп кеткен. ... Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел? Берекелі болса ел – Жағасы жайлау ол бір көл! – деп ұлы Абай айтқандай, көшбасшысын қолдаған халқымыз осыдан 20 жыл бұрын тәуекел тұлпарына аяқ артса, бүгінгі күні болашақтың сенім пырағын құрықтап, ерттеп мінді. Қазақ елі арғы-бергі заманда дәл бүгінгідей еңсе тіктей алмаған, дәл қазіргідей бағы жанбаған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы аралығында ғасырларда кеткен есемізді ең­сер­дік. Тәуелсіздіктің әр жылы өзінше ерекше, әр жыл­дың еншісі бір ғасырға татиды. Бұрын әлем Дешті қыпшақ даласын дана Әл-Фараби және даңқы жер жарған Атилламен таныған болса, енді сол қатарға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі қосылды. Соңғы бірер жылдың өзінде ғана аса беделді дүние­жүзілік ұйымдарға табысты төрағалық еткен елі­міздің, Елбасының әлемдік аренадағы абыройы мен беделі одан бетер асқақтай түсті. Жаңа Қа­зақстан Еуразия ке­ңіс­тігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың сим­во­лы­на айналды. Кеңестік империя ке­зінде ұзақ жылдар бо­йы адамзат өміріне қа­һарын төгіп, ажал шаш­қан Семейдегі ядролық сынақ алаңын жапқан Қазақ елі­нің бастама­сын дүние жүзіндегі бейбітқұмар мемлекеттер мен қауым­дас­тық­тар, аузы дуалы қайрат­керлер мен саясаткерлер қуана қол­да­ды. Бұ­рын-соңды ядро­лық қа­ру­дан өз бетінше бас тарту ешбір мемлекетте бол­маған жағдай. Сол Семей по­лигонын тұн­шықтырған 29 та­мыз – Біріккен Ұлт­тар Ұйы­мы­ның шешімімен Ядролық сынақтарға қар­сы іс-қимылдың ха­лық­ара­лық күні болып жарияланды. Елбасының осыдан он жеті жыл бұрын Мәс­кеуде көтерген еуразия­лық мұраты жақында ға­на Ресей астанасында жүзеге асты. Еуразиядағы ха­лықаралық және өңірлік интеграциялық бір­лес­тіктің өміршеңдігіне оған қатысушы мем­ле­кет­тердің көзі жетті. Жаңа жылдан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік жұмысын бастайды. Ол еуразиялық интегра­ция­ның моделін қалыптастыра отырып, мил­лион­даған қарапайым адамның мүд­десін көздейді. Өткен жылы ғана Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің белсенді іс-қимылының нәтижесінде құрылған Кеден одағы қарым-қатынастың ны­ғаюы­на жол ашып, орынсыз сенімсіздік пердесін түріп тастады. Мемлекетаралық және үкіме­т­ара­лық келісімдер жедел жүзеге асырыла бастады. Елімізде қоғамдық-саяси институт құрудың баға жетпес жемісі – Қазақстан халқы Ас­самб­лея­сы эт­нос­аралық өзара іс-қимылдың ең басты тетігі болып та­былады. Осы бағытта жұмыс жасап жатқан этно­мә­дени бірлестіктер, қауым­дас­тықтар – бәрі де тең тұрғыда өздерінің тілі мен ділі, мәдениеті мен салтындағы үздік пішіндерді мемлекетіміздегі бірлік саясатына жұмылдырып келеді. Бір мемлекеттің шаңырағының астында бірнеше ондаған ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті, тығыз араласып, ортақ Отанымыз – Қазақ­станның игілігі үшін жұмыла ең­бек етіп жатқанына алыс-жақын шет елдердегі көр­нек­ті қайраткерлер мен саясаткерлер ерекше қы­зы­ғып, өздеріне үлгі етіп ұсынуда. Міне, осындай праг­ма­тикалық іс-қи­мыл­дардың басында біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүр. Елбасының бастамасымен елорданы қарт Ала­­таудың баурайынан Сарыарқаның төсіне көші­ру елі­міздің геосаяси, әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық, мә­де­ни және рухани дамуына жаңа бет­бұ­рыстар әкел­ді. Таңғаларлық қысқа мерзім ішінде Еуразия кіндігінде, Есілдің сол жағалауында ертегідегідей, көз­дің жауын алған жаһұт қала еңсе көтерді. Әлемдік сәу­лет өнерінің інжу-мар­жан­дарын көркі мен келбетінде айшықтаған бүгінгі Астана тәуел­сіз еліміз­дің дамуы мен гүлденуінің айқын ны­шан­дарын көз ал­дымызға әкеледі. Елорда елі­міз­дің еңсесін, хал­қы­мыздың рухын көтерді. Елі­міз­дің түкпір-түкпірінен осы қалаға қоныс аударуға ниет білдірушілер кө­бе­йіп келеді. Қазақстанның Астана­сы­нан бастау алған ірі-ірі құрылыс кешендері қала­ларда, тіпті ауылдық жерлерде де көрініс тапты. Әл-Фараби бабамыз: «Мәртебесі, рухы биік шаһар – адамдарды бір-біріне жақсылық жасауға құштар, өздерінің тамаша қадір-қасиеттерін бағалап, өзге жұртты ынтызар ететін қала» деген екен. Елбасының Астананы 2030 жылға қарай әлемдегі ең озық отыз қаланың қатарына енгізу туралы алға қойған міндеті данышпан баба­мыз­дың осы ұлағатына жауап бергендей. Біздің ұр­па­ғымыз, бүгінгі жастар оған қол жеткізері сөзсіз. Елорданың әсем келбеті әрбір қазақтың да, әрбір қонақтың да жүрегіне шуақ, жанына жылылық құяды. Елбасы іргетасын қалаған, Асан баба желмаямен іздеген Жерұйығың осы емес пе?! Бұл – тағдырдың теңдесі жоқ сый-сия­па­ты. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ұлты­мыз­ға ұтымды, ұлысымызға ұлық­ты, бар­ша қа­зақ­стандықтарға құтты болғай! Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, Парламент Сенатының депутаты.