• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2011

Әлеуметтік дамудың әлеуеті

355 рет
көрсетілді

1991 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланған тұс­­­тан бастап дүниеде алғаш рет қазақ ұлтының атымен аталатын жаңа, егемен мемлекет пайда болды. Әлемде қазақтардан халқының саны әлдеқай­­да басым, бірақ жеке мемлекеттілігі жоқ ұлттардың да бар екенін білеміз. Ендеше, егемен елдігіміз зор бақыт қана емес, сонымен қатар, бүгінгі және келер ұрпақтар алдындағы ғала­­­мат жауапкершілік. Мұны әрқайсы­мыз жан-жүрегімізбен сезінеміз және бұл мәңгі жасайтын ұғым болып қала береді. Кеңестік республикалар арасын­дағы бұрынғы сан-салалы байланыс­­­тар үзіліп, өтпелі кезеңнің болмай қоймайтын қиындықтары белең алған сол бір шақта абдыраған халықты жа­­­сампаздық істерге бастап, тәуелсіз­­діктің іргетасын нығайту оңай міндет емес еді. Сол кезде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бү­­кіл жауапкершілікті мойнына алып, көп ұлтты Қазақстан халқын өз со­­­ңынан ерте білді. Ол өзінің талантты басшылығы мен байыпты саясаты ар­қылы осынау тарих үшін тым қысқа мерзім саналатын жиырма жылдың ішінде бұрынғы экономикасы негізінен шикізат өндіруге бағытталған, аты әлемдік қоғамдастыққа белгісіз болып келген республиканы жоғары қарқынмен дамып отырған, бейбітшіл саясатымен дүние жүзіне танылып үлгерген мемлекетке айналдыра алды. Сөйтіп, ол Қазақстан халқының өзіне артқан зор сенімін үлкен абыроймен атқарып шықты және қазір де миссиясын табысты жалғастыруда. Елбасының сарабдал басшылығы­мен Қазақстан өз тәуелсіздігінің ал­­­ғашқы күндерінен бастап-ақ дамудың дұрыс моделін таңдай білді. Сол жол бізді бүгінгі өсу мен өркендеу кезе­ңіне алып келді. Қазақстан халқы, әсіресе тәуелсіз­дік­тің сонау алғашқы қиын-қыстау жыл­­­­дарында іс жүзінде өзінің сабыр­­­лы­­­лы­­­ғы мен төзімділігін, нағыз дана­­­лығын таны­та білді. Кейбір даурықпа саясат­кер­лердің арзан ұрандарына еріп кетпеді, өнбейтін егес пен берекесіздікке бастайтын бүліншілік жо­­­­лына түспеді. Оның орнына Мемлекет бас­­­шы­­­сының жүргізген байсалды саяса­­­тына қолдау танытып, жасампаз еңбек пен жемісті реформалар жолын таңдады. Осы жылдарда Қазақстан халқы өзінің бірлігі мықты ұлт екенін та­­­­ны­тып, ұлы істерді жүзеге асыруға қа­­­бі­­­­летті халық екенін дәлелдеді. Біз, кейбір саясатшылар осал тұсымыз деп санаған көп ұлттылығымызды өзі­­­міз­­­дің «кемістігімізден» артықшылығы­­­­мызға айналдыра алдық. Біз адамзат тари­хында қуаты жөнінен әлемде төр­­­тінші болып саналатын атом қаруы­­­­­­нан өз еркімізбен бас тартып, гуманистік үлгі көрсеткен тұңғыш ел атан­дық. Мұны Біріккен Ұлттар Ұйымы мен халықаралық қауымдастық жоға­­­ры бағалады. 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Қазақ­­­стан Республикасының Ата Заңы заман талабына және еліміздің көп ұлт­­­ты халқының мүдделеріне толықтай сай келетін мейлінше прогресшіл си­­­паттағы құжат еді. Содан бергі ара­­­­лықта өткен уақыт оның осындай си­­­па­тын айқын дәлелдеді. Біртұтас, де­­­мократиялық, құқықтық, әлеуметтік бағдарлы, зайыр­лы мемлекет болып табылатын Қазақстан осы жылдарда кездескен әлемдік қаржы дағдарыс­­­­та­рының салдарларына төтеп беріп, қалыпты қарқынмен дамып келеді. Президент ұсынған жоспарлы социалистік экономикадан нарықтық эко­­номикаға көшу, «Алдымен – эко­­­номика, сосын – саясат» деген ұста­­­ным, халықаралық сала бойынша жүргізілген көп векторлы белсенді саясат осы жылдар ішінде өзін толық ақтады. Нарықтық экономика әрбір азамат үшін қабілет-қарымын, күш-қуатын өзі қалаған еңбекке толықтай жұмсау еркіндігіне жол ашты. Мемлекетіміз өзінің конструктивті сыртқы саясатының арқасында алыс-жақын елдермен бейбіт әрі өзара мүдделі қарым-қатынас орнатты. Тәу­­­елсіз мемлекеттер достастығы, Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынты­­­­­­мақ­­­тастық ұйымы, басқа да ма­­­ңызды халықаралық құрылым­­­­дар­­­­дың өмірге келуінің негізгі бастамашысы болу арқылы жас тәуелсіз еліміздің әл­­­­емдік деңгейдегі беделі арта түсті. Мұның өзі елімізге шет­ел инвестициясының көптеп келуіне жол ашты. Бүгінде Қазақстан осы жылдар ішінде өзіне 150 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартқан мемлекет саналады. Орталық Азия елдеріне келген инвестицияның 80 пайызының Қазақстанның үлесіне тиетіні де көп жайтты аңғартса керек. Қоғамда саяси тұрақтылық, түрлі этнос өкілдері арасында өзара түсі­­­ніс­­­тік пен татулық бар жерде ел эконо­­­ми­­­­касына мол инвестицияның келуі заңды еді. Ондай елде халықтың әлеуметтік жағдайы да жедел оңала бастайды. Төл теңгеміз қолданысқа еніп, экономиканы басқаруға өз билігіміз жүре бастаған 1994 жылдың басынан бері Қазақ­­­­станның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 14 есеге өсіп, 700 доллардан 10 мың долларға жуықтады. Енді бірнеше жылда ол 15 мың дол­­­­ларды құрай­­­­ды. Алтын-ва­­­­люта қо­ры­­­­мыз­­­­дың кө­­­лемі 76 миллиард дол­­­лар­­дан асып отыр. Қа­­­зақ­­­стан­дағы ха­­­лық­­­­тың еңбек­­ақысы мен зей­­­нетақысының кө­­­­­­­­лемі ТМД мемлекеттері арасында ең жоғары деңгейлердің бірі болып та­­­былады. Зейнеткерлерге, мүгедектерге, көп балалы аналар мен студенттерге, сондай-ақ бюджеттік сала қызмет­­­­керлеріне төленетін зейнетақы, жәр­дем­­­ақы, стипендия мен еңбекақы кө­­­лемі ұдайы өсу үстінде. Соңғы жылдары денсаулық сақтау, білім мен ғылым, спорт саласына бө­лінетін қаржы мөлшері де еселеп артуда. Нә­ти­же­сінде елімізде техниканың соңғы жетістіктерімен жабдықталған оқу мен ғылым, ауруханалар мен емдеу және ха­лықаралық дәрежедегі спорт орталық­тары көбейе түсуде. Осындай әлеуметтік жаңғырту саясатын жүргізу нәтижесінде бүгінде халықтың орташа өмір сүру деңгейінің ұзара түскені байқалып отыр. Тәуелсіздік жылдарында мәдениет пен өнер саласын өркендетуде де көп жұмыстар атқарылды. Қазақстан эконо­­­микасы 2008-2010 жылдардағы ірі қар­­­жы дағдарысын табысты еңсерді. Бү­гін­­­­де елімізде экономикамызды шикізат өндіруге тәуелді болудан арылтуға ар­налған үдемелі индустриялық-инно­ва­ция­лық жоба жүзеге асырылуда. Оның алғашқы оң нәтижелері қазірдің өзінде байқалуда, ал келешегі тіпті зор екені күмән тудырмайды. Халқымызда «Елу жылда – ел жа­ңа» деген мәтел бар. Бірақ біз елімізді небәрі жиырма жылдың өзінде ғасырға бергісіз жолдан өткеріп, бір қоғамдық формациядан екінші қоғамдық форма­цияға көшіре алдық. Қазақ елі осы жыл­дарда әлемдегі ең беделді әрі ық­палды ұйымдардың бірі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­на табысты төрағалық етіп, оны­ң VII саммитін аса жоғары деңгейде өткізді. Біз өткен кезеңде өз Отанымызды Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының басын қосып, съездерін өт­кі­­зетін, сөйтіп, қазіргі күрделі заман­ның діни сенімге қатысты қиын мәселе­лер­дің шешімдерін бірлесе отырып іздестіретін маңызды пікір алмасу ала­ңына ай­налдыра алдық. Республикамыз тәуел­сіз­­дік жылдарында еліміздің шекара шебін бекемдеп алды. Ел тыныш­ты­ғының сенімді күзетінде тұрған ай­бын­­­ды өз әскери күштерімізді құрып, олар­­­ды заман талабына сай қару-жа­рақ­пен, білімді де білікті кадрлармен қамтамасыз еттік. Қазақстан Республикасының Парламенті ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы тұсында осындай ұлан-асыр өзгерістердің мән-мағынасына отандас­та­рымыздың назарын тағы бір рет аудару мақсатында мемлекеттілігіміздің жи­ырма жылдығына арнап Декларация қабылда­ғанды жөн санады. Бұл құжат қазақстандықтардың елімізде осы жыл­дар ішінде қоғам өмірінің түрлі сала­ларында болып жатқан оң өзгерістерді тағы бір рет ой елегінен өткізіп, оның қадір-қасиетін жете сезіне түсуіне ық­пал етеді деп ойлаймыз. Қоғамдағы саяси тұрақтылық, ұлт­ара­лық келісім мен дінаралық татулық, экономикалық және әлеуметтік салаларда қол жеткізілген жоғары нәти­же­лер – бүгінде көп ұлтты Қазақстан халқының орынды мақтаныш сезімін тудыруға лайықты өмір шындығы екені күмәнсіз. Сондықтан бұл Декларация­ны қабыл­дау­­­­дың тарихи актісі қоғам­дық санаға қуатты серпін береді деген үміттеміз. Әсіресе, Жер шарының түкпір-түк­пірінде миллиондаған жандар күн­де­лікті ішер ас пен киер киімге жарымай, бірқатар мемлекеттердің халқы діни экстремистердің лаңкестік әрекет­те­рі­нің құрбаны болып немесе азамат со­ғысы өртінің шарпуына ұшырап жатқан кезде Қазақстан халқының алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, білім алып, жасампаздық істермен айналысуы мерейімізді өсіріп, келешегімізге үл­кен сенімділікпен қарайтын аса қуа­нышты жағдай екені сөзсіз. Қазақстанда ұлттық мүдделер мен саяси дамудың әлемдік тенденция­лары ескерілген саяси модель жасал­ғандығы да осы аталған Декларацияда өзінің лайықты көрінісін тапқан. Декларацияда, сондай-ақ еліміздің адам құқығы саласында халықаралық және ұлттық стандарттарға қол жеткізуге ұмтылатындығы және оларды сақтайтындығы да айқын тұжырым­далған. Қазақстанда азаматтық қоғам институттары мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін қолайлы жағ­дайлар жасалып, қоғамдық бірлестік­тер­дің теңдігіне, олардың қызметіне араласпауға кепілдік берілетіні де осы құжатта нақты айтылған. Декларацияда көп ұлтты халқы­мыздың мүдделерін білдіретін таңға­жайып әрі маңызды институт ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының рө­ліне лайықты көңіл бөлінген. Ассам­­блеяның қызметі қазақстандық пат­­рио­­тизмнің, азаматтық және руха­ни-мәдени қоғамдастықтың негізінде рес­публикамызда тұратын барлық этнос­тардың өкілдерін топтастыру арқылы қоғамдық тұрақтылықты – ел бірлігін нығайтуды көздейтіндігі айтылған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­ді­гінің жиырма жылдығы Деклара­циясында мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқының барша отандас­тарымызды ұйыстырушы, топтас­ты­ру­­шы рөлі атап көрсетілген. Құжатта дербес даму жылдарында қазақ ті­лінің еңсесін тіктеп, одан әрі өрістей түскендігі және оның мемлекеттік тіл ретінде бүкіл халықтың бірігуінің аса маңызды факторына айналып отыр­ған­­дығы туралы айтылады. Сонымен қатар, біздің елімізде түрлі этностар өкілдерінің ұлттық мәдениеті мен тілдерін сақтап, дамытуына жан-жақты қолдау жасалып келеді. Декларацияда тәуелсіздік жылда­рында Тұңғыш Президентіміздің еура­­зиялық ықпалдастық идеясы да өз жемісін бергендігі атап өтілген. Тәу­­­елсіз Қазақстанның мақтанышы мен символы ретінде бүгінде еселі қар­қын­мен қанатын кеңге жайып отыр­ған Астана қаласының рөліне айрық­­ша мән берілген. Еліміздің бас шаһа­ры қазақстандықтарды біріктіріп, олардың өз бойындағы жасам­паз­дық күш-қуатына сенімін арттыра түсті. Бұл тарихи құжат ондаған жылдар бойы өздерінің маңдай терімен осы игіліктеріміздің іргетасын қалаған аға ұрпақтың, тәуелсіздіктің қиын-қыстау шағында қажырлы еңбегімен егемен­дігіміздің туын тіктеуге белсене атсалысқан бүгінгі ұрпақтың және қоғамымыздың лайықты мұрагерлері болуға тиісті жастарымыз бен келешек ұрпақтардың арасындағы рухани са­бақ­тастықты қамтамасыз етуде өзіндік елеулі рөл атқарады деп сенеміз. Декларация заманымыздың аса көрнекті қайраткері, еліміздің Тұң­­­­­ғыш Президенті – Елбасымыз Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың бас­шы­лығы­мен Қазақстанның тәуелсіз­дік жылда­рында қол жеткізген жетістіктерін айшықты көрсететін, со­ны­мен бірге халқымызды жаңа жасампаз істерге бастайтын байыпты тарихи құжат болатыны сөзсіз. Ақан БИЖАНОВ,  Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы.