• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2011

Елдің де, Елбасының да ерлігі

281 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының жал­пы оты­рысында Қазақстан Республи­ка­сы Мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жыл­ды­ғы декларациясы қабылданғаннан кейін Парламент Сенаты­ның депутаты Орал­бай ӘБДІКӘРІМОВКЕ жолығып, ат­алған құ­жат жайында әңгіме­лескен едік. – Оралбай Әбдікәрімұлы, Қазақ­стан Республикасы Мемлекеттік тәу­­елсіздігінің жиырма жылдығы дек­­ларациясының ерекшелігі қандай? – Еліміз тәуелсіздігін жариялап, Қазақстан Республикасының Мемле­кет­тік тәуелсіздігі декларациясын қа­былдағанына жиырма жыл толды. Содан бергі 20 жыл ішінде еліміздің қол жеткізген жетістіктерін қазақстандық­тарға тағы бір мәрте түсіндіріп, естеріне салу ешқашан артық болмайды. Ал Декларацияның маңызы неде дегенге келсек, ең алдымен Қазақстанның Тәу­елсіздігі жарияланған тарихи күн – 1991 жылдың 16 желтоқсаны көз алды­мызға келеді. Сол күні ата-бабалары­мыздың ғасырлар бойы армандаған, са­рыла ұзақ күткен арман-мақсаты орын­далған еді. Арада жарты сағаттай уақыт өт­кенде Қазақстанның Тәуелсіздігін бау­ыр­лас ел – Түркия мойындады. Көп кешікпей алыс-жақын шет мемлекеттер де мойындайтындықтарын жеделхаттар арқылы мәлімдеп жатты. Ал жаңа қабылданған Декларацияның ерекшелігі – өткен 20 жылда еліміз қандай жетістіктерге жетті, алғашқы Декларация қабылданған кезден бергі кезеңдерде тәуелсіз Қазақстан әлемдік қоғамдас­тық­қа қалай танылды деген мәселеде жатыр. Парламент Сенаты осыған бай­ланысты Декларация қабылдауды жөн деп тауып, Мемлекет басшысына ұсы­ныспен шыққан еді. Елбасы біздің ұсы­нысымызды қолдады. Құжат жобасын әзірлеуге сенаторлармен қатар, таны­мал ғалымдар, сарапшылар қатысты, сондай-ақ құжат жан-жақты сараптамадан өткізілді. Өткен кезеңдерге зер салатын бол­сақ, осы жылдар ішінде шынында да мақтауға, мақтануға тұратын аса ау­қым­ды істер атқарылғанына куә бола­мыз. Біріншіден, Мемлекет басшысы­ның бастапқы кезден-ақ ұстанған салмақты саясатының арқасында елімізде халық шаруашылығы салаларын реформалау қолға алынды. Бұл жолда көптеген қиындықтар мен проблемалар да кездесті. Бас біріктірудің, ұйымдас­тырудың нәтижесінде реформалар ой­дағыдай жүзеге асырылды. Оның жемісін бүгінде барша қазақстандық көріп отыр. Екіншіден, кез келген елдің егемендігін білдіретін мемлекеттік атрибутта­ры мен мемлекеттік құрылымдары бо­луы тиіс. Осыған байланысты Қорға­ныс министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, басқа да министрліктер құрыл­ды. Әрине, КСРО кезінде республи­ка­мызда осындай құрылымдар қызмет етті. Бірақ олар өз қыз­меттерін одақ­тық министрліктер арқылы жүргізетін, со­ларға бағы­ныш­ты болатын. Тәуел­сіз­дік алғаннан кейін Қазақстанның өз мем­лекеттік құ­ры­лымдары құры­лып, жұмыс істей бас­тады. Еліміз өзінің сырт­қы саясатын өзі белгілеп, жүзеге асыратын болды. Қазіргі кезде Қазақ­станда 60-тан астам мемлекеттің елшіліктері жұмыс істейді. Сондай-ақ біз­дің еліміздің шет елдерде 50-ге жуық елшілігі ашылған. Егемендігін алға­ны­на 20 жыл бол­ған мемлекет үшін бұл – үлкен жетістік. Сыртқы саясат­ты орнықты жүр­гі­зудің нәтижесінде Қазақстан 2010 жы­лы ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық етті, биыл­ғы жылы Ислам Ын­тымақтастығы Ұйы­­мына төр­аға­лық етіп отыр. Осының барлығы Тұңғыш Президент – Елба­сы Нұрсұлтан На­­зар­баевтың сали­қа­лы саясатының, халық­аралық деңгей­дегі абырой-беделінің арқасы. Егер біз сыртқы саясатымызды нақты айқындай алмасақ, экономи­ка­лық реформаларды табысты жүргізе ал­масақ, әлемдік қоғамдастық жоғарыда аталған беделді халықаралық ұйымдар-ға төрағалықты сеніп тапсырмас еді. – Өткен жылдың желтоқсанында Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті де өтті емес пе? – Қазақстан бүгінде ірі халық­аралық жиындар өткізілетін орталыққа айналды десек, қателеспейміз. Әріге бармай-ақ осы екі-үш жыл көлемінде Астанада өткен әлемдік деңгейдегі жи­ын­дарды алайық. Өткен жылы ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің президенттері мен үкіметтері басшыларының, ірі халық­аралық ұйымдар жетекшілерінің қаты­суымен Ұйымның Саммиті ойдағыдай өтті. Бұл Саммит араға 11 жылдай уақыт салып шақырылған еді. Оның қорытындысында Астана Деклара­ция­сы қабылданғанын бүкіл әлем жұрт­шы­лығы біледі. Осының алдында Алма­тыда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сырт­қы істер министрлерінің конфе­рен­циясы өткен еді. Ал биылғы жылы елордада Ислам экономикалық форумы да өз деңгейінде өтті. Бұл жиындар Қазақстан тарапының белсенді іс-қимылының нәтижесінде өз мақсат-міндеттерін толық орындап шықты. Мысал ретінде айтайын, жа­қында Литвада ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің конференциясы өткен еді. Екі күнді қамтыған бұл жиында министрлер қорытынды құжатқа қол қоя алмай тарқасты. Ал ЕҚЫҰ Саммитінің жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Астана Декларациясының қабылдануы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі мен табандылығының арқасы, сондай-ақ Қазақстан дипломатиясының жеңісі болып табылады. – Декларацияда еліміздің мемлекет құрылысындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың айрықша рөлі атап өтілген. Бұл Мемлекет басшысының жетекшілігімен табысты жүзеге асырыл­ған саяси, экономикалық және әлеу­меттік реформаларға берілген жоға­ры баға болса керек. – Президентіміздің елдің ішкі және сыртқы саясатын, әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық даму бағыттарын әуел бастан дұрыс таңдағанын жүріп өткен жиырма жыл анық дәлелдеді. Елбасының сая-са­тын, таңдауын қазақстандықтар қол­да­ды, Мемлекет басшысының соңынан ерді. Бұрын беймәлім болып келген нарықтық экономиканың ауыртпа­лық­та­рын бірге бөлісіп, оның қыр-сы­рын үйренді. Парламент бұған тиімді заңдар қабылдау арқылы ерекше үлес қосты. Сол алғашқы жылдары елімізде мардымды қаражат болма­ғандықтан, шетелдік инвесторларды тартуға тура келді. Қалталы инвесторлар қаржы салмас бұрын елдің тұрақтылығына, болашақтағы әлеуеті мен мүмкін­ді­гіне назар аударатыны белгілі. Сон­дықтан Парламент инвесторлардың Қазақстан экономикасына инвестиция салуына қажетті заңдар қабыл­дады. Арада бірнеше жыл өткенде ел экономикасына шетелдік инвесторлардан қаржы келе бастады. Бұл ел экономикасының тұрақтанып, өндіріс орындарының жұмыс істеуіне ықпал етті. Бұрындары еліміздің экономикасы шетел инвестициясына тәуелді болып келсе, бүгінде Қа­зақстан алыс-жақын шетелдерге өзі инвестор болып отыр. Қазіргі кезде елімізде жүзеге асы­рылған зейнетақы реформасын әлемнің бірқатар елі тәжірибе ретінде қолдана бастады. Әрине, ескі жүйеден жаңа жүйеге көшу мемлекет үшін оңайға соқпады. Бұл жолда көпшілік арасында, әсіресе, зейнеткерлер арасында түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізуге тура келді. Осылай­ша, жаңа зейнетақы саясаты жүзеге асырылып, жинақтаушы зейнетақы қорлары құрылды. Зейнеткерлікке шығу жасы ұзартылды. Экономи­ка­лық дамудың нәтижесінде зейнет­ақы мен жәрдемақы көлемі бұ­рынғыға қарағанда бірнеше есеге ұлғайды. Өткен кезеңдегі жетістіктеріміз­дің тағы бірі – Мемлекет басшы­сының бастамасымен қолға ал­ынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы дер едім. Бағдарлама аясында қазақ халқы үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Ұмыт бола бастаған тарихи-мәдени құнды­лық­тарымыз қайта жаңғыртылып, өт­кен тарихты жадымызға сіңіретін кітаптар басылып шықты. Бір сөзбен айтқанда, өшкеніміз жанды. Күлтегін ескерткішінің Моңғолия­дан Астана төріне әкелінуінің өзі неге тұрады?! – Еліміздегі ең басты құн­ды­лық­тардың бірі – этносаралық, конфессияаралық татулық екені белгілі. Аса өзекті бұл мәсе­ле­лерге байланысты Елбасы әлем жұртшылығына ортақ көптеген бастамалардың авторы ретінде танылып отыр. Енді осыған тоқталсаңыз. – Мемлекет басшысы тәуелсіз­дік­тің алғашқы жылдарында-ақ елімізде тұрып жатқан түрлі этнос­тардың ынтымақта, ауызбіршілікте болуына ерекше назар аударды. Өйт­кені, бір мемлекетте өмір сү­ретін этностар арасында достық қарым-қатынас жарасым тапқанда ғана береке болатыны анық. Президентіміз осыны жақсы білді. Асқан көрегендік таныта отырып, Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясын құрды. Қазіргі кезде осы бірегей институт еліміздегі барлық этностардың ба­сын біріктіретін құрылымға айна­лып отыр. Оның үстіне Ассамблеядан тоғыз депутат Парламент Мә­жілісіне сайланатын болды. Соны­мен қатар, Қазақстан Президентінің бастамасымен Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өтті. Бұрын-соңды түрлі діндер басылары бір шаңырақта бас қосып көрмеген еді. Жалпы, Мемлекет басшысының барлық баста­ма­лары әлемдік қоғамдастықтан қолдау тауып келеді. Қабылданған Декларацияда атап көрсетілгендей, Қазақстан мемле­кеттілігінің негізін қалаушы, елі-міз­дің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев – халқымызды этносаралық және конфессияаралық татулық пен келісім қағидаттары негізінде топ­тас­тырып, өзінің жасампаз баста­ма­ларымен бүкіл халықаралық қоғам­дастықтың құрметіне ие болған жаһандық деңгейдегі ерен тұлға. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.