• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2011

Қазақ елінің жарқын белесі

509 рет
көрсетілді

Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихи қалыптасу жылдары көз алдымызда. Менің түсінігімде азат­­тықтың бастауы – 1990 жылғы 25 қа­зандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы дек­ларация. Өзім сол кезде Жоғарғы Ке­ңестің ХІІ шақы­ры­лымының депутаты болып, осы тарихи ше­шім­нің қабылдануына атсалыстым. Сол Декларацияда Қазақ елінің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Осы қас­тер­лі құжатта ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ хал­қының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәс­түрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемле­кеттің аса маңызды міндеттерінің бірі екендігі түгел қамтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әре­кет­тері, ел аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қозды­ра­тын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Респуб­ли­ка­ның саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына бай­ланысты мәселелер ешкімнің арала­су­ынсыз дербес шешілетіні жарияланды. Президент – Республика басшысы, ең жоғары әкімшілік-атқарушылық билік­тің басқарушысы ретінде танылды. Сонымен қатар, жер, оның қой­науы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономи­ка­лық, ғылыми-техникалық әлеует республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болатыны көрсетілді. Декларациядағы бағдар­лама негізінде 1991 жылы 16 жел­тоқ­санда «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» Консти­ту­ция­лық заң қабылданды. Мемлекет басшысы Н.Ә. Н­а­зар­баевтың әрқашан сындарлы шешім қабылдай білетін сая­сатының арқа­сында егемендігімізге қантөгіссіз, аман-есен жеттік. Егемендік алу қол жеткізген бір белесіміз болса, одан әрі демократиялық құқықтық мемлекетті құру, оны саяси-экономикалық жағынан аяғынан тік тұрғызу – екінші бір күрделі мәселе. Және бұл өте қиын, әрбір қадам бой­ынша тарихи шешім қабылдауды талап ететін жол еді. 1991 жылы тәуелсіздігін жария­лаған жас мемлекеттердің алдында таңдау тұрды. Бірі экономиканы социалистік жоспарлы дамудың негізінде басты салаларды ұстап қалу, екіншісі – нарық экономикасына көшу. Кеңес Одағы тарауға жақындаған кезде оның экономикасында сапа емес, сан қуалаушылық болғаны байқалған еді. Қаржы шығыстарына алып келетін, үнемі дотация бөлуді қажет ететін салалар өте көп болды. Сол кездегі қиындықтарды айтпауға болмайды. Ха­лықтың тұрмысы нашар, көңілі алаңдаулы, жаны жүдеу еді. Осындай күрделі кезеңде елді ты­ғырықтан алып шығудың жолдары жедел қарастырылды. Жаңа кезеңге көшу үшін Қазақстанда барлық салада реформа жасау қажет болды. 1980-жыл­дардың аяғында КСРО көлемінде үл­кен беделге ие болған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін тезірек даңғыл жол­ға салу мақсатында әлемдік тәжі­ри­бе­лер­ді зерделеді, оны өз республи­ка­мыз­дың табиғаты мен халқының тұр­мыс-тіршілігіне сәйкес келетіндігі тұр­ғысында сараптаудан өткізді. Бұл іске танымал ғалымдар мен білікті саясаткерлерді тарта отырып, ең сын­дарлы шешімді Елбасының өзі қабылдады. Ол кезде «Кеңестік жоспарлы эк­о­номиканы жалғастырайық» дегендер де болды. Міне, еліміздің Тұңғыш Президенті сол тұста ескі жүйемен жүре берсек, біраз уақыт жақсы тұр­ғандай әсер­де болсақ та, кейін орны толмас қа­те­ліктерге ұрынатынымызды, мемлекеттік құрылымның негізін дұ­рыс қала­уы­мызға кедергі келтіретінін көрегенді­лікпен болжай білді. Сон­дықтан Ел­басы саяси-экономикалық, құқықтық және әлеуметтік салада жа­ңа реформа жүргізіп, жас мемлекеттің болашағын айқындап алуды бірден бастап кетті. Ең әуелі, Елбасы ескі жүйені жа­мап-жасқасаң да, ештеңе өнбейтініне көз жет­кізді. Сондықтан экономикалық қа­ты­настарды түбе­гей­лі өзгертуді ұй­ғар­ды. Бастапқы жыл­дары бұл ұстанымға қарсы болғандар да аз емес еді. Өйт­кені, социалистік жүйеде барлық сала тек қана мемлекет тарапынан қаржы­лан­дырылды. Ал нарықтық эконо­ми­каның бір ерек­ше­лігі – елдің әле­уетін арт­­тыруға мем­­лекетпен бірге жеке адамдар да, шетелдік инвесторлар да қатыса алатындығы. Қазақстанда егемендік алу жаңа қо­ғамдық құрылымға өтумен бірге жүзеге асты. Сондықтан біз­дің елдің Тұңғыш Пре­зидентінің ал­ды­н­­да осы екі ау­қым­ды күр­­делі мә­се­лені бір­­ге шешу міндеті тұрды. Одақ кезінде негізінен табиғи ши­кі­затты өндіруші ретінде қарастырылған Қа­зақстан сияқты ел­дер өте қиын жағ­дайға тап болды. Кеңес Одағы тараған тұста экономикалық, техно­ло­гия­лық бай­ла­ныстар үзіліп қал­ды. Әсіресе, біртұ­тас тех­ника құрас­ты­рылмайтын, белгілі бір бөлшектер жа­сауға бейімделген за­у­ыттар бірден тоқ­тады. Бір-біріне ты­ғыз бай­ланысты жү­йе­де берекесіздік ор­ын алды. Тіпті ком­му­никациялық жүйе­лер, электр желілері, газ бен мұ­­най құбырлары, темір жолдар бөлшектеніп қалды. Бұл салалар Одақ кезінде біртұ­тас болса, енді олар бө­лініп кетіп, істен шы­ғып жатты. Кә­сіп­орын­дар тоқ­­­­тап, электр, жылу беретін ком­пания­лар­ға қа­рызға бел­­­шеден батты, елде жұ­мыс­сыздық көбейді. Сол дағдарыс кезеңінде қоғамдық прогресті жеделдету мақсатында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке ерлігі, саяси даналығы, қайсар-жігері арқа­сында республикамызда түбегейлі реформалар басталып кетті. Қай қоғамда да адамның жеке меншігі туралы мәселе үнемі күн тәртібінде тұ­рады. Енді еркіндік алған еліміздің ал­дын­да Кеңес Одағы кезінде ортақ бол­ған меншікті халыққа таратып беру өзекті мәселе болды. Басты мәселенің бірі – жер меншігі. Егер жерге жеке меншік көз­қа­рас болмаса, нарық экономикасы туралы айту мүмкін емес. Атап айтқанда, бір ғи­ма­рат немесе ны­сан тұрған жер телімі жеке меншікте болуы керек деген заңдық негіз қабыл­данды. Жер реформасы ту­ра­лы Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Жерге жеке меншік – нарықтық эконо­ми­каның жұ­мыс істеуінің міндетті бір шарты», деп атап көрсетті. Қоғамда лайықты өмір сүру үшін адам­ның бірінші кезекте бас бостандығы, еңбек еркіндігі болуы тиіс. Сонымен қа­тар, тұрғын үйі болуы шарт. Халық өздері тұрып келген, мемлекет меншігіндегі пә­тер­лерді жекешелендіруге белсене кірісті. Осындай кезең-кезеңмен жүргізілген ау­қым­ды және түбегейлі реформалар 1990- жылдардың орта кезеңінен бастап-ақ өз нә­тижесін бере бастады. Қазіргі қазақ елінің ауқымды жетіс­тіктерінің негізі осы жыл­да­ры қаланып, бүгінгі күні одан әрі дамуда. Елдің ішкі дамуы сыртқы саясатпен тығыз байланысты. Қазақстан егемендігін алған кезден бастап көршілес елдерімен мәң­гілік достық қарым-қаты­нас орна­ту­ды, еш уақытта дау-жанжал тудыра­тын жағ­­дайларға жол бермеуді басты назарда ұс­тады. Осы орайда мемлекеттік шекаралар ай­қын­далды. Ішкі және сыртқы саясатта өте сақтық, талғам­паздығымен та­ныл­ған Қы­тай­мен, әлемдегі алпауыт ел­дің бірі болып табылатын Ресей Фе­де­рациясымен шек­ара­ларымыз­ды айқындап алдық. Сондай-ақ Қырғыз Респуб­ликасы, Өзбек­стан, Түркіменстанмен шекара сы­зық­та­рын белгіліп, ынты­мақ­тастық бай­ланы­сы­мызды өркениетті жолмен дамыта түстік. Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың жүргізіп келе жатқан сын­дарлы саясатының арқасында әлем таныған Қа­зақ мемлекетінің бүгінгі таң­дағы қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз. Соның ішін­де басты үш мәселеге ерекше тоқ­та­лып өткім келеді. Бірінші: адамзат игілігі үшін бейбітшілікті қор­ғау – жаһандық мәселе. Екінші: Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық ету мәр­тебесі, дүние жүзін алаңдатып отырған мәселелерді қамтыған ЕҚЫҰ кезеңі. Үшінші: елдің түбегейлі экономикалық, әлеуметтік жә­не мәдени-рухани жаңа­руы­ның бастауы – Аста­на­ның бой көтеруі. Шынымен де, Қазақстан және оның Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев ядро­лық қа­руға қарсы әлемдік саясат­тың көшбасшысына ай­налып отыр. Мың­да­ған ада­м­ның өмі­ріне зиянын, денсау­лы­ғына залалын тигізген Семей ядролық полигонын жау­ып, басқалар жете алмай жүр­ген қолда бар жойқын қа­рудан ерікті түрде бас тарт­қаны­мыз­ға әлем жұрт­шы­лы­ғы күні бү­гінге дейін таңғала тамсанып отыр. Осындай тарихта тең­десі жоқ ша­раларды іске асы­рып, мем­ле­кетіміздің бейбітшілік мекені ретінде танылуына Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың сіңірген еңбегі орасан зор. 2010 жылы 12-13 сәуірде Вашингтонда өткен жа­һан­дық саммитте Қазақстан Президен­тінің ха­лықаралық деңгейдегі қайрат­кер ретіндегі тұлғасы тағы да айқын­дала түсті. Елбасыға ядролық қа­русыз­дану және жалпы қауіпсіздік жо­лын­да­ғы қызметі үшін Шығыс-Батыс инсти­ту­ты­ның бейбітшілік және алдын алу дип­ломатиясы сыйлығының тапсы­рыл­ғаны – осы сөзі­міздің дәлелі. 2010 жыл Қа­зақ­стан үшін аса жау­апты істердің атқа­ры­луымен ерек­ше­лен­ді. Еліміз Еу­ропадағы қауіп­сіздік және ынтымақ­тас­тық ұйы­мына төр­аға­лық етіп, әлемдік маңызы зор мәселе­лердің жоғары де­ң­гейде шешілуіне атсалысты. Бұл миссия Қазақ елінің айбыны мен абыройын асырды. Сол жылы 1-2 желтоқсан күндері Ас­­­танада ЕҚЫҰ Саммиті табысты өтті. Осы бір тарихи сәтте әлемге үн тас­та­ған Қазақстанның Көшбасшысы Н.Ә. На­зарбаев: «Еуразияның жүрегін­де, байыр­ғы қазақ жерінде мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халық­тар­дың үнқатысуы басталды. Бұл біздің ха­лықтарымыздың қауіпсіздігі мен гүлде­ну ісіне қосылған үлкен үлес болар еді. Алып Еуразия құрлығын сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ кеңіс­тікке айналдыру өз қолымызда. Біздің Саммиттің тарихи маңызы мен атқарар жүгі де осында деп білемін», – деді. Саммиттің қорытындысы болған Астана Декларациясы аталған Ұйым­ның барлық мүшелері тарапынан қол­дау тауып, бірауыздан қабылданды және тарихи маңызды құжатқа айналды. Татулықтың тұтқасына, бірліктің бесігіне айналған мемлекетіміздің ішкі жә­не сыртқы саясатын мінсіз жүргізу Нұр­сұлтан Назарбаев сынды тарихи тұлға­лар­дың ғана қолынан келеді. 1994 жылы 6 шілде күні Алматы қала­сында Жоғарғы Кеңестің депутат­тары Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың батыл шеші­мі­нің куәсі болды. Ол астананы Алатау баурайы­нан Сарыарқа төріне көшіру идеясы еді. Президентіміз Астананың Бас архи­тек­торы да бола білді. Ол Президенттік мәдениет орталығының, Отан-Ана мо­нументінің, Бәйтеректің және басқа да ғажап ғимараттардың жобалық-нұс­қа­сын өзі сызды. 1998 жылы 6 мамыр күні Елбасының Жарлығымен жаңа елорданың атауы Астана болып өзгер­тілді. Сол жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бүгінгі таңда Отанымыздың жүрегі, тәуелсізді­гіміз­дің тірегі, жеріміздің кіндігі – Астана Қазақстанның жаңа бейнесі, жарқын келбеті, тәуелсіздік бесігіне айналды. Биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы. Бұл мерейлі күнге орай Парламентте Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Декла­ра­циясы қабылданды. Жаңа Декларация Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың басшылығы­мен елімізде жүзе­ге асырылған барлық ауқымды істердің маңыздылығын әрбір азаматтың сезінуіне мүмкіндік беретін болады. Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,  «Нұр Отан» ХДП мүшесі.