• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2018

Жамбыл облысында «Бродкастинг» залы ашылды

331 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда оқырмандар сұранысын қанағаттандыру және құнды кітаптардың көпшілікке қолжетімділігін арттыру мақ­сатында кітапханалар жүйесін цифр­лан­дыру­дың маңызы ерекше. 

Жаңа техно­ло­гия­ларға қажеттілік артқан сайын ғылым әлемін­дегі жетістіктер алға шығып, ақ­парат­тық жүйенің оқырман сұранысына сай жұмыс істейтіні заңдылық. «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы мен об­лыстық мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасы арасында жасалған ме­мо­рандум негізінде Ш.Уәлиханов атын­­дағы облыстық ғылыми-әмбебап кітап­ха­насында 30 адамға арналған «Бродкастинг» залы ашылды. Сонымен қатар 10-ға жуық компьютер мен 6 моноблок қойылған электронды зал да заман талабына сай жасақталған.

«Бродкастинг» залының тұсаукесер рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ер­қанат Манжуов қатысып, жаңа ақпарат­тық технологиялармен жабдықталған залдар­мен танысты. Мұнда кітапхана қызмет­кер­лерінің жұмысын бір жүйеге түсіруге түрлі мүмкіндіктер де қарастырылған екен. Мәселен, А4 форматындағы 3D принтерлер, моноблоктар және жоғары жыл­дамдықты интернет желісі бар. Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев Елбасының тапсырмасына сәйкес қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында партияның 10 стратегиялық жоба белгілегенін айтты.

– Соның ішіндегі ең маңызды мәсе­лелердің бірі – цифрландыруға көшу, сондай-ақ жастарға ақысыз ІТ-сынып­тарын ашу, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды ақпараттық технологиялар орталығында оқыту қолға алынуда. Ал «Бродкастинг» залы Қазақстанның заманауи кітапханалары жобасы аясында ашылды. Бұл бастама кітапханалар жүйесін цифрландыруды көздейді, – деді ол.

Жаңа ашылған «Бродкастинг» залында бейнеконференциялар өткізуге мүмкін­діктер бар және облыс аудандарындағы 10 кітапхана да онлайн жүйеге қосылған. Сонымен қатар Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада құнды кітаптар сериясына енгізілген 5539 кітаптың электронды нұсқасы жасалған екен. Кітапхана директоры Эльмира Абдинованың айтуынша, мұнда жергілікті ақын-жазушылармен келісіліп 100 кітап цифрландырылған. Және бүгінде 5639 туындыны оқырманның электронды форматта оқуға мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда өлкетану кітаптарын цифрлы жүйе­ге көшіруге дайындық жұмыстары жү­ргізіліп келеді. Аталған жүйе арқылы респуб­лика­лық және орталық кітапханалар арасын­дағы байланыс артып, кітапханалар өзара электронды түрде әдеби шығармалар алмасатын болады.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы