• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Маусым, 2018

Бал сатып, қаржысын қайырымдылыққа жұмсамақ

416 рет
көрсетілді

Біздің халықта өзі ештеңе бітірмесе де ақыл айтып, құлақты сарсытатындар көп қой. 

Бір кісі таңертеңгілік бес ешкісін ысқырып айдап, өріске шығарып келе жатып, өзеннен балық аулап отырған адамды көріп қалады. Таң атпай ерігіп балық аулап отыр­ған адамның қасына бар­ған «бес ешкілі бай» біраз ақыл айтып тастайды. Ақы­лын ұрысып бастайды ғой. Адам деген ең алдымен отбасының жағдайын ойлау керек. Бала-шағаңды аман-есен өсір. Оқыт, тоқыт, ұлды үйлендір, қыз ұзат. Үй-жай қыл, қыз­метін қамда. Дүниеден тарық­пау үшін кәсіпкерлікпен айна­лыс, бала-шағаңды соған баулы. Осының бәрін бітірсең қол бос, сосын балық аула.

Бұрқырап барып тоқтай­ды. Сөйтсе, балық аулап отыр­­­ған кісі күледі. «Ау, ақ­са­­қал, мен не істеп отырмын?! Сіз айт­қанның бәрін орын­дап қой­ға­нбыз» дейді. Бес ешкісі бар бай бұрылып қараса өзен жа­ға­сында пілдей машина тұр.

Зейнетке шыққанда бал ара­­сын өсірумен шұғыл­дану­ды бастаған Арал ауданы, Құм­­базар ауылының тұрғыны Се­рік Якудаевтың бүгінгі тір­­лігі балық аулап отырған адам­­­ғ­а көбірек ұқ­сайды. Бала­ла­ры­­­ның бәрі аяқтанған. Үй-ж­ай­­лары, өз­деріне жететін дәуле­ті бар.

Бал арасын өсіріп жатқан С.Якудаев осы кәсі­бі жанданып жатса, жетім-же­сір­лерге, мүгедек жан­дар­ға, мешітке, жағдайы төмен отбасыларға көмек көр­­сет­­­пек­ші. Өйткені Құран­дағы Ара сүре­сінде: «Арадан түс­кен пайд­аның он пайызын мұқ­таж жан­дарға, он пайызын туыс­қан­дарға көмек ретінде бер», делінген. «Базарға бара қалсақ, түрлі қоспамен жасалып келген сырттың өнімдерін аламыз. Осыны да ескеріп, аудан халқын табиғи таза өніммен қамтамасыз етемін», дейді ол.

Қызметінің дені ветеринария саласында өткен Серік Якудаев зейнетке шыққан соң қарап отыра алмаған. Өзіне ла­йық кәсіппен айналысқысы кел­генде бал арасын өсіруді қо­лай көрген. Содан соң Қызыл­орда қаласына барып, омарташылармен әңгіме­лес­кен, екі апталық курсын оқыған. Бизнес-жоспар жасап «Атамекен» кәсіпкерлер па­ла­та­сы­на барған. Жұмыс іс­тей­мін деп жоспарын белгілеп кел­ген адамға қаржы бар. Жоб­а­сы үздік деп танылған Яку­даев­қа «Даму» қоры қай­та­рым­сыз грант ұсынады. 1 млн 275 мың теңге грантты ұтып алған кәсіпкер 20 ұя «кар­пат» тұқымды ара мен бал алуға қажетті құрал-жаб­дық­­тар сатып алады. Ара жер­сіну үшін алғашқыда қол­дан шәрбат дайындаған кәсіп­кер кейін омартасын дария жаға­сы­на көшіреді. Қалың жы­ныс­та араға шырын көп. Осы­лай­ша жұмыс басталып кеткен.

Бір ұядан орташа есеппен алты-жеті келі бал алуға болады екен ал жиырма ұяшықтан бір маусымда екі жүз келіге дейін бал жиналады.

Кәсіпкердің әу бастағы ние­тін айттық. Өзінен артыл­ғанын қайырымдылық мақ­сатқа жұмсамақ. Бүгінде адам­д­ардан мейір қашып тұр­ған заманда Атымтай жомарттар елге керек.

Көп жастар жұмыс жоқ дегенді өзіне жақсы сылтау етіп, шөп басын сындырмайды. Тірлік жасауға құлықсыз бо­лып барады. Зейнетке шық­са да өзіне молшылық әкелер жа­ңа табыс көзін тауып алған қария осындай жігерсіз жігіт­терге үлгі болса, қанеки.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы