• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2011

Ұрпаққа ұлағат

609 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Сенатының қабырғасында дүниеге келген Декларация – аса маңызды құжаттардың бірі. Біз осы құжат­ты дайындау мен оның дүниеге келу тарихы туралы Парла­мент Сенаты аппаратының бас­шы­сы Талғат СӘРСЕНБАЕВҚА бірнеше сауал қойған едік. – Декларацияны қабылдау қажеттігі туралы идеяны кім көтерді және оның жо­басын әзірлеу жұмыстары қалай жүргізілді? – Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері 20 жыл өтті. Осы жылдар ішінде Қазақ­станның қол жеткізген жетістіктері ұшан-теңіз. Сол аталған жетістіктерді болашақ ұрпаққа аманаттау, біздің қо­ғам­­ға жеткізу үшін Парламент Сенаты Декла­рация қабылдау идеясын жария етті. Бұл бастамаға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қолдау білдірді. Одан әрі Сенат пен Мәжіліс депутаттарының арасынан Декларация­ның сая­си-құқықтық ма­ңызы мен маз­мұнын жетілдіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған Парламент де­путаттары мен арнаулы сарапшы мамандар тар­­тылды. Сөйтіп, Сенат Төр­ағасының жетекшілігімен құ­жат­тың құрылымы мен мән-ма­ғынасы барынша жетілдірілді. Дайындық жұмыс­тары жүр­гізіліп жатқанда, бірқатар мемлекеттік органдардан Деклара­ция­ны толықтыру жөнінде ұсы­ныстар да түсіп жатты. Олар­дың барлығы мұқият зерделеніп, ең маңыздылары құжатқа енгізілгенін де айту керек. Сон­дай-ақ, Декларация жобасы­ның дайындығы бойынша Қай­рат Әбді­ра­за­қ­ұлының төрағалы­ғы­мен бірнеше мәр­те отырыс өтті. Құжатты Парламент пала­тала­рының бірлескен отыры­сын­да қабылдау белгіленген бо­латын. Бірақ, бір топ депутат­тың ұсынысымен Парламент Мәжілісі таратылып, кезектен тыс сайлау 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленгендіктен, Қа­зақ­стан Республикасы Мемле­кет­тік тәуелсіз­дігінің 20 жыл­дығы де­кларациясы Сенаттың отыры­сында салтанатты түрде қабыл­данып отыр. – Осындай Декларация қа­былдаудың қан­ша­лықты қа­жеттілігі бар еді? – Тәуелсіз дамудың 20 жы­лында жеткен жетістіктер мен алған асуларды, толағай та­быс­тарды жинақтап, рәсімдеп қою – өмірдің талабы. Альпи­нистің әр бағындырған шыңына ту қада­ғаны секілді, әр істегі белгілі бір кезеңде қол жеткен нәтижелерді атап көрсеткен дұрыс. «Қазақ­стан Рес­публикасының Парла­менті және оның депу­татта­ры­ның мәртебесі туралы» Консти­ту­циялық заңның 13-бабында Парламент пен оның пала­талары өз құзіретіндегі мәселелер бо­йынша үн­деулер, декларациялар, мәлімдеме­лер және заң сипаты болмайтын өзге де актілер қабыл­дауға хақылы деп атап көрсетіл­ген. Сөйтіп, мемлекет өміріндегі маңызды кезең – жиырма жылғы табыстар осы Декларациямен мазмұнда­латын бол­ды. Бұл осы­дан жиырма жыл бұрынғы белгісіздік күндерінен бүгінге дейінгі жарқын істерді бір қорытын­дылау болып табылады. Парла­мент қа­былдаған Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік тәуелсіз­дігінің 20 жылдығы деклара­циясының осындай мәні бар. Жалпы алғанда, мем­­­­лекет өмі­рінде әртүрлі саяси-құқықтық ма­ңы­зы бар құжаттар қабыл­данып отырады. Бұл мерей­тойлық Декларация солардың бірі. Сонымен қатар, бұл Деклара­ция тәуелсіз Қазақстанның өмі­ріндегі жалғыз құжат болмай­тыны анық. Амандық болса, еліміздің 50, 100, 150, 200 жыл­дық мерейтойлары да осындай құжаттармен аталып өтілуі ғажап емес. Әр біткен істің нәтижесін айғақтау – алдағы жаңа жеңіс­терге жол бастайды, жаңа ба­ғытты нақтылайды, жаңа жол­дарға шақырады. Сон­дықтан біз төзімді әрі толерантты халық­тың еңбегін, Елбасының қа­жыр-қайратын, мемлеке­тіміздің мүмкіндіктері мен алған асу­ларын атап өткенді қалаймыз. – Декларацияға қандай сипаттама берер едіңіз? – Декларацияда біздің елі­міздің бүгінге дейінгі жеткен жетістіктері мен алған асулары, бағын­дырған биіктері көрініс тапқан. Бұл – тарихи маңызы бар мерейтойлық құжат. Құ­жаттау ар­қылы біз ортақ та­быстарымызды тасқа басып, күл­лі әлемге жария етіп отырмыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.