• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2011

Қазақстан шетелдіктер көзімен

450 рет
көрсетілді

Мен даланы сүйіп кеттім Мен Қазақстанда 2006 жыл­дан 2010 жылға дейінгі ара­лықта үш жыл тұрып, елшілік қызмет ат­қардым. Бұл өңір мен үшін таңсық еді деп айта алмаймын. Кеңес өкіметінен кейін алдымен Түркі­менс­танда елші және 2005-2006 жыл­дары Тәжікстанда ЕҚЫҰ Миссиясы­ның басшысы болдым. Бірақ одан бұрын, 1979 жылы Мәс­кеудегі Франция Елші­лігінің бірінші хатшысы кезімде Алма­тыға саяхат жасап, барлық Орта­лық Азия республикаларын ара­лаған едім. Ол кездері Батыс елдерінің кейбір өкілдері ғана осы страте­гиялық өңірге аяқ басуға рұқсат алатын. Мәскеудегі француз дип­ломаттары бола тұрып, біз «ресми» тыңшы ретінде «интурист» деп қарастырылдық. Оның үс­тіне мен де, жұбайым да орыс тілінде сөй­лейтінбіз. Мұ­ның бәрі бізге ерекше назар ау­даруға мәж­бүр­лейтін. Яғни, міндетті түрде «Интурист» қонақ үйінде тұру, тұрақ­ты түрде дерлік түнгі кезде ұшу (фотоға түсіре алмау үшін), кеңес­тік республикаларда өздері қалай жақ­сы тұрып жатқандарын бізге әңгіме­лейтін жергілікті тұр­ғын­дармен кез­дейсоқ кездесулер сол тұста «жоспар­лы» жұмыстар еді... Қазақстанда біз тек Алма­тыны көре алдық. Қазақстан бізге әдемі, байтақ және күн шуа­ғына толы ел болып елестеді. Кеңестік кезеңнің үй шаруасы деген рефлексін бойына сіңірген менің зайы­бым мәскеулікпен салыстырғанда ал­ма­тылық дү­кен­дердегі жеміс-жидектер мен дақылдардың ағыл-тегіл екендігін бай­қап таңданғаны бар-ды. Қазақстаннан кетіп бара жа­тып, мен «30 жылдан кейін Фран­цияның елшісі ретінде мұн­да қайтып келемін» деп еш ойла­мап­пын да. 2006 жылы қа­рашада Душанбедегі миссиям­ды аяқтап, Қа­зақ­стандағы жұмысы­ма кірістім. Франция­ның Елшілігі әлі де болса Алматыда бола­тын. 1979 жылы көрген Алма­тыны тіптен танымай қалдым. Президент Н.Назар­баевқа Сенім грамотасын тапсыру үшін қысқа мерзімде жетуім керек болған Астананы мен ешқашан да көрме­ген едім. Өйткені, ол кеңестер уақытында шетел­дік­тер үшін жа­бық қала болатын. Алма­тыда мен елшілік Астанаға көшкенге дейін бір жыл тұрдым. Мен Алматыны өте жақсы көріп кеттім. Сағаттап қыдыруға болатын оның саябақтары қаланы таңға­жайып етіп жіберетін еді. Демалыс күндері 28 гвардияшы-панфилов­шылар паркі арқылы «Көк ба­зарға» дейін қыдырып барып, сосын Жібек жолы көше­сінде суреттерді қарауды және көшеде кәуап жеп, «Қарағанды» сырасын ішуді ұна­татынмын. Қаланы жо­ғарыдан тамашалау мақсатында жиі-жиі достарым­мен аспалы жол арқылы Көктө­беге көтерілуші едік. Сөйтіп, 2007 жылы мен үйре­ні­сіп қалған Алматыдан Қазақ­стан­ның жаңа астанасына көш­тім. Әуелде Астана қысы маған өте қатаң болып көрінді. Және тек қана мәшинемен жүруге тура келгендіктен, жаяу қыдырумен қоштасуға мәжбүр болдым. Алайда мен қазақтың шексіз дала­сында орналасқан осы бір ғажайып көрінген қалалық оазисті бірте-бірте ұна­та бас­тадым. Ол маған қазақтың жан-тәнін жақ­сы түсініп, ұғынуға көмектесті. Қа­ладан шыққан кезде тіпті «Сол­түстік полюске» дейін со­зылатын осы бір шетсіз-шексіз даланы көріп таңданатынмын. Бұл – француз үшін таңқаларлық әсер. Бізде орман, өзендер, тө­белер, көл мен теңіз жағалауы, қалалар мен қыстақтар әрбір 20 километр сайын бірін-бірі ауыс­тыра­ды. Мен Ресейде тұрған кезімде Батыс­тың көптеген өкілдерінен өзгеше бір айырмашылығым бол­ды. Ол Санкт-Пе­тер­бургке қарағанда Мәс­­­кеуді ұнату әдеті болатын. Өйткені, Мәскеу маған Нева бойындағы қалаға қара­ғанда на­ғыз орыс­тікі болып кө­рінетін. Дәл осындай сезім менде тағы бір қай­таланды. Яғни, еуро­палық тип­тес және сүйкімді Алма­ты қа­ла­сына қарағанда кли­маты қатаң, бірақ нағыз қазақтың Астанасын ұната­тын бол­дым. Әрине, мұндай әсерді оның сәулеті жасамайды, оның «климаты», аспаны мен қор­шаған ортасы жасайды. Қазақстанда мен үш жылым­ды өткіздім. Сол жылдары ба­қытқа кенелдім деп айта ала­мын. Өйт­кені, маған бұрын-соң­ды болма­ған француз-қазақ қа­ты­насын жаңғыртуға қатысу ба­қыты мен мәртебесі бұйырды. Астанаға Премьер-министрдің (2008 ж.) және Француз Респуб­ликасы Пре­зидентінің (2009 ж.) алғашқы ресми сапарлары жа­сал­ды. Сол кезеңдері Президент Н.Назарбаев Фран­цияға бірнеше рет келді. Бұл ретте 20 жыл дипломатиялық қа­ты­нас ішінде Фран­ция мен Қазақ­стан­ның ара­сындағы ынты­мақтастық дәл осындай жақсы деңгейде болған емес дер едім. Франция мен Қазақстан – Еуропа­ның қарама-қарсы шал­ғайын­да орна­лас­­қан, өте бір өзіндік болмысы бар бөлек­­ше ел­дер. Бірақ мен қашықтық олар­­ды бір-бірінен ешқашан да алыстата алмай­ды, керісінше, бір-бірін жақсылап түсі­нуге жә­не жақсы көруге бағытталған ни­ет­терін кү­шейтетініне сенімдімін дер едім. Ален КУАНОН, Францияның Қазақстандағы  бұрынғы елшісі.   Бизнес үшін берекелі мекен Қазақстан бизнес үшін әлем­дегі ең жайлы елдердің біріне айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлем жұртшы­лығы Қазақстанның қуаты мен мүм­кіндіктеріне күмәнмен қара­ғанын жасыра алмаймыз. Дегенмен, Пре­зидент Нұрсұлтан Назар­баев­тың сындарлы саясатының арқа­сында әлемдік ал­пауыттар Қазақ­стан экономикасына инвестиция құя бастады. Бүгінде елдің на­рықтық экономикасында шетелдік компаниялар көптеп сана­лады. Олар Қазақстанның эконо­мика­сының өсуіне, әлеуметтік жағда­йының түзелуіне қолда­рынан келгенше көмек етуде. Өйт­кені, олар Қазақстаннан пайда тауып, жайлы бизнеске қол жеткізіп отыр. Сондай компания­лардың бірі біздің «Қуат­Амлон­мұнай» бірлескен кәсіпорыны. «ҚуатАмлонмұнай» бірлескен кәсіпорны 1994 жылғы қазан айын­да қазақстандық «Қуат» және ағылшындық «Амлон ЛТД» ком­панияларының арасында құ­рыл­­ды. 1995 жылы Қоныс және Бектас мұнай-газ кеніштерін игеру мақсатында сол жерлерде барлау, игеру және пайдалану жұ­мыс­тарын бастады. Кәсіпорын құрыл­ғалы бері 5 080 435 тонна мұнай мен 834,701 миллион текше метр мұнайға ілеспе газ өндірілді. Қа­зіргі таңда жылдық мұнай өн­діру көрсеткіші 600 000 – 620 000 тон­наны құрап отыр. Өнді­рілген мұнай Қоныс кен орнындағы мұнайды дайындау және айдау цехында дайындалып, одан әрі «Қоныс-Құмкөл» магистральді құ­быры ар­қылы тасы­малданады. Ол «Атасу-Алашаңқай» құбырына беріліп, алыс-жақын шетелдерге жіберіліп жатыр. Мұнай өндіру мен өндірістің кеңеюіне байланысты кәсіпорында жұмыс жасайтын жұмысшылар мен қызметкерлердің саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда кәсіп­орында 600-ден аса адам еңбек етуде. Атап айтарлығы, жұмысқа тартылған адамдардың 95 пайызы жергілікті тұрғындар санатынан. Кәсіпорын құрылғалы бері бюджетке 81 млрд. 690 млн. 630 мыңнан аса теңге көлемінде салықтық тө­лемдер төленді. Қо­ғамдық ұйымдар мен мұқтаж адамдарға демеушілік көмек ретінде төленген төлем­дердің жалпы сомасы 833 млн. 876 мың теңгені құрады. Қалыптасқан үрдіс бо­йынша “Сейхун-КАМ” қыз­дар гандбол командасын қар­жы­лан­дыру жұмыстары жыл сайын жалғасып келеді. 2009 жылы компанияның акционерлері өзгеріп, компания­ның бас­ты мердігерлігі қы­тайлық «Дженхуа» корпорация­сының құ­зырына өтті. Компа­ния­ның қо­жайыны өзгергенімен, бас­ты мақ­сат мұнай өндіру ісі алға баспаса, кері кеткен жоқ. Жаңа техника мен технологиялар енгізудің ар­қасында мұнай өн­діру көлемін тек сақтап қана қой­май, сонымен қатар, оның көлемін жыл санап арттырып келеді. Бұрындары бо­лашағы бұ­лың­­ғыр деп саналған алаңдарда мұнай мен газды іздестіру жұ­мыстары дұрыс жолға қойылды. Соның арқасында мұ­най мен газ қорлары жыл санап еселеп өсіп отыр. Қазақстан Тәуел­сіздігінің 20 жыл­дығына орай компания жылдық мұнай өндіру көлемін бұрын-соңды бол­маған табыс­тарға қол жет­кізбек. Яғни, мұнай өндіру көлемін 620 000 тоннадан асырып, мұны еліміз тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына арнаймыз деп жоспарлап отыр. Біз берекелі де мерекелі елде жұмыс істеп жатырмыз. Кең қол­тық Қазақ елінде табысты еңбек етіп жатқанымызға қуанамыз. Тә­уелсіз Қазақстан жасампаздық жолын мәңгілікке жалғай берсін. Цзян МИН, «ҚуатАмлонмұнай» бірлескен кәсіпорнының бас директоры. Қызылорда облысы.   Қазақстан – нағыз еуразиялық көпір Міне, тәуелсіз Қазақстанға – 20 жыл. Тарихи өлшем­мен қысқа ғана уақыт болса да ол жас рес­публиканың даму қорытындысын шығаруға мүмкін­дік береді. Өйт­кені, жас республикаға «көлең­кеден шығып», халық­аралық қоғамдас­тықта жан-жағынан қандай көркем екендігін көрсету жолында орасан зор проблемалармен кезігуге тура келді. Біздің ойымызша, бірінші сынақ – тұрғын­дары аз, бірақ көпэтносты және көпконфессиялы Қазақ­стан­ды жеткілікті түрде мықты ел жасау үшін қазақстан­дық патриотизмді қалыптастыру қажет болды. Сондай-ақ, бүгінгідей тыныш­сыз әлемде Қазақстан этно­сара­лық және дінаралық келісімнің жақсы үлгісі болып табыла­ды деп айта аламыз. Бір саясаткер: «Демократияны қайта орнына келтіргеннен гөрі, оны орнату қиынырақ», деген екен. Сондықтан бұл Қазақстан үшін екінші міндет болды. 1995 жылы екі палаталы Парламенті және Консти­туциялық кеңесі бар жүйе құрылды. 20 жыл бойы болған түрлі және көптеген сайлау үдерістері Қазақ­стан­ның құқықтық мемлекетті нығайту үдерісіне енгендігін дәлелдеді. Үшінші сынақ – ол ашықтық критерийіне сайма-сай тіптен жаңа экономиканы құру болып отыр. Со­ның өзінде қатаң күйзелістерді айналып өте алды. Өйткені, 1998 жылғы «азиялық» деп аталатын дағдарыс және 2008 жылғы ғаламдық дағдарыс Қазақ­станның эконо­микасын құлдыра­тып жіберуі мүмкін еді. Алайда ел басшылығының жұмсаған орасан зор күш-жігерінің арқа­­сында Қазақстан әлемде экономикасы ең бір табыс­ты жолмен дамушы 50 елдің қатарына шықты. Қарапайым деуге келмейтін тағы бір проблема – Қазақстанның географиялық орналасуына байла­ныс­ты «құрлықтық оқшауда, яғни изоляцияда» қалуы болатын. Оны үзу керек болды. Бұл тұрғыда Қазақ­стан басқа елдермен, соның ішінде «қалаулы әріп­тес» шеңберіндегі Франциямен байланыс­тыратын көліктің барлық түр­лерін дамыту бойынша орасан зор күш-жігер жұмсауда. Тіпті, бүгіннің өзінде Қазақстанның нағыз еуразиялық көпір ретінде танылуға құқы бар. 20 жылда Қазақстан сыртқы әлемнің барлы­ғымен игі қатынастар орната білді. Әлемнің бар­лық ықпал­ды мемлекеттері Қазақстанмен жақ­сы қатынасқа түсті. Өйткені, ол модератор және бейбітшілік құру­шы ретінде, соның ішінде ШЫҰ, АӨСШК, ИЫҰ сияқты құры­лымдардың маңызды ойыншысы. Өзінің осындай күш-жігер жұмса­ғаны арқа­сында ол 2010 жылы ЕҚЫҰ-да төрағалық ету құқығын алды. Осы рөлді Астананың атқа­руы халықаралық қоғам­дастық тарапынан жоғары бағаланды. Осы бір мерейтой жылы Қазақстанға одан әрі қарқынды әлеуметтік-экономикалық гүлдену және Александр Дюма, Виктор Гюго, Луи Арагон ... елімен байла­ныстарды, соның ішінде мәдениет бойынша да ынтымақтастық қарым-қаты­настарды барлығы­мыз­дың игілігіміз жолында дамыта берсін деп тілеймін! Қазақстан, туған күніңмен! Альбер ФИШЛЕР, Қазақстан Республикасы Президентінің  Бейбітшілік және рухани келісім  сыйлығының лауреаты.