• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2011

Жемісті жеті белес

333 рет
көрсетілді

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің қорытынды отырысы өтті. Бірқатар министрліктер мен ведомстволардың басшылары, Парламент Сенатының депу­тат­тары, ғылым, мәдениет және өнер салаларының белгілі қайрат­керлері қатысқан отырыста ұлттық жоба бойынша жеті жылдағы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, түйінделді. Қоғамдық кеңестің отырысын Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев кіріспе сөз сөйлеп ашты. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарса­ңында Елбасының осыдан сегіз жыл бұрынғы бастамасымен іске асырыла бастаған «Мәдени мұра» бағдарламасының қорытынды оты­­рысын өткізуіміздің мәні зор деп білемін. Жаһандық қаржы дағдарысына, мемлекеттілікті қа­лып­тастыру жолындағы кедергілерге қарамастан халықтың рухани дамуы мен тарихи санасын жаңғырту ісі Елбасының қай кезде де назарында болып келді. Сондықтан тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көш­­басшылығымен тәуелсіз Қа­зақ­­станның қол жеткізген әлеу­меттік-экономикалық, мәдени-гу­манитарлық және қоғамдық-саяси дамуындағы табыстармен қатар, халықтың мәдени өрлеуі мен рухани жаңғыруындағы жетістіктер шын мәнінде мақтан тұтуға ла­йық, – деп атап көрсеткен Қанат Бекмырзаұлы 2004-2011 жылдары жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының жекелеген салалар бойынша жетістіктеріне тоқталып өтті. Басқа республикалар экономикалық қиындықтар­дан зардап шегіп жатқанда, Қа­зақстан өзінің сан ғасырлар бойы тасада қалып келген асыл мұ­расын жер-жерден жинастырып, «Мәдени мұра» стратегиялық ұлт­­тық бағдарламасы бойынша  көл-көсір іс атқаруы өзгелерге өнеге боларлық бастамаға айнал­ды. Осынау жобаны іске асыру Қа­зақ елі тарихындағы шын мә­нін­де теңдесі жоқ, аса жемісті акция болғаны, отандық мәдениет пен ғылымды әлемдік деңгейге көтеруге мүмкіндік туғызатын құнды тәжірибелер қалыптасқаны еліміздің тарихи-мәдени ескерт­кіш­терін қайта қалпына келтіру жо­лында қыруар жұмыстар атқа­ры­лып, өткен ғасыр тылсымынан ба­ға жетпес байлықтар оралғаны ал­ға тартылды. Иә, ұлттық мә­де­ниет пен жазудың сан ғасырдан бер­гі тәжірибесін қорыту, әлемдік ғы­лыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттің үздік үлгілері негізінде гуманитарлық білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қо­рын құруға ұмтылыстың өзі не тұрады. Талай жылдар аяқасты болып келген қазақ тілі қайта бой тіктеп, ол басқа халықтардың да басын біріктіретін басты құралға ай­налды деген Қ.Саудабаев мұн­да да көп­теген шаралардың «Мә­дени мұра» бағдарламасы негізінде жүзеге асқанын еске салып, бұл отырыс­тың мемлекеттің ұлы мерекесімен тұстас келіп отыру себебін түсін­дірді. Мемлекеттік хатшы: «Тәуел­сіздік біздің ең асыл құндылы­ғымыз, ол арқылы жеткен табыс­тардың бәрін бүгінде ауыз толты­рып айтуға болады. Мұндай ау­қым­ды ұлттық жоба ешбір елде болған емес», деп жеті жылдық белестің жұмысын қо­рытындылап, алдағы атқарыла­тын міндеттерді таразылау үшін ал­ғашқы сөзді Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке берді. Менің әлі күнге дейін есімде, Елбасымыз 2003 жылғы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында Қазақстан экономикасы тәуелсіздік алған 12 жылдың ішінде үлкен даму жолдарынан өтті, экономикамыз қарқындап өсті, жақсы қор жинадық, енді біз ұлттық мәдениетке де көңіл бө­луіміз керек. Сол үшін қазақ жеріндегі және одан тысқары жердегі ұлтымыздың тарихына, мә­дениетіне, өнеріне қатысты бар­лық жәдігерлерді жинап, ұлт­тық тарихымызды түгендеп, ата тари­хымызды ақтаңдақтардан арыл­тып, ұлт мәдениетін жаңа биікке көтеретіндей керемет бағдарлама жасау керек. Ол бағдарламаның аты «Мәдени мұра» болуы керек және Үкімет бір айдың ішінде осы бағдарламаны жасап, оны ресми түрде бекітуі керек деп тапсырма берген болатын. Міне, содан бері арада біраз жылдар өтті. Елбасының тапсырмасынан кейін осы қоғамдық кеңестің мүшелерінен әр ғылымның сала­сы бойынша жеке-жеке арнайы топ құрылды. Сөз жоқ, «Мәдени мұра» бағдарламасы ел мәдение­тін дамытуға үлкен серпін берді. Ол мәдениеттің қай саласында болсын тамаша көрініс тауып, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде арнайы көрсетіліп, көптеген ел­дердің осындай бағдарлама жаса­у­ына мұрындық болды. Еліміздің туристік инфрақұрылымдар шоғыр­ланған өңірлерінде 105 тарихи және мәдени ескерткіштер түгелдей қам­тылып және шетелдердегі қазақ тарихына, мәдениетіне қа­тысы бар нысандарға да жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады. Екінші жұмыс­тың үлкен бір саласы – ұлттық-та­рихи мұраны шетелдерден әкелуге көңіл бөлінді. Шетелдердегі жалпы қазақ тарихына қатысты құжаттар­ды жинауда көп жұмыстар атқа­рылды. Осы уақытқа дейін біз тарихымызды орыс мұрағаттарын­да­ғы деректер негізінде жазып келсек, «Мәдени мұра­ның» арқасында Қытай, Иран, араб елдеріндегі архивтерде ағылшын, неміс, француз, италиян тілдерінде жазылған 5 мың­­­­­­­­нан астам тың деректер Қазақ­станға алдырылды. Қазақ­стан­ның тарихы, этно­гра­фиясы, мәдениеті жөніндегі де­ректердің барлығы жү­йеленіп, зерттеліп, ғылыми айна­лым­ға қосы­луда. Ұлы дәстүрлік орындаушы­лық музыканттардың да­уыстары жазылған таспаларды қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асты. Әде­биет пен өнер институты қазақ музы­касының көне заманнан бү­гінгі күнге дейінгі тарихын, қазақ әдебиетінің көне заманнан бүгінге дейінгі он томдық тарихын және басқа да осындай бірқатар іргелі ғылыми зерттеулерді қосты. Сон­дай-ақ, ең мықты орындаушы­ла­рымыздың қатысуымен және мұра­ғаттағы дауыстарды қосып есептегенде «Қазақтың 1000 әні» бірегей жобасы дүниеге келді. Сонымен қатар «Қазақтың 1000 күйі» атты ұлттық жобаның орны бір бөлек. Осының бәрі қазақ музыкасы зерттеулеріне үлкен үлес болып қосылды. Қазақстан аумағындағы 37 қала­шықтар мен қоныстарда, қорған­дарда археологиялық зерттеулер жүргізілді. Кеңес дәуірінде Қазақ­станның бренді ретінде Есіктен табылған сақ жауынгерінің ескерткіші ғана айтылып келсе, бүгінде оның қатары Қазақстанның баты­сындағы сармат жауынгерінің, Шілікті қорға­нынан табылған қазақ ханзадасының алтын бейнелерімен толығып, ал бұйырса, келесі жылы Қарағандының Қарқаралы маңынан табылған Алтын адамның бейнесімен танылатын болады. «Мәдени мұраны» насихат­таудың нәтиже­сінде бірінші рет Қазақстан тари­хын­да ел аумағында орналасқан екі мәдени ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Таңбалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұрасы­ның тізіміне енгізілді. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» кино­студиясы тарихи-мәдени мұра­лар­дың сақталу, қайта қалпына келтірілуі және бүгінге жетуі жөнінде отыздан астам фильм түсіруге кіріссе, бүгінде соның 21-і жарық көрді. Қазақстанның тарихы, археология­сы, этнографиясы мен мәдениеті бо­йынша 600-ге жуық кітап атауы, 1,5 миллионнан астам басылым жа­рық көрді. Мәдени игіліктің инфрақұ­рылымы кеңейіп, тек соңғы үш жылдың ішінде Алматы облысында «Есік» жаңа қорық музейі және Шығыс Қазақстан облысында «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қо­рық-мұражайлары басынан аяғына дейін жаңадан салынып, халықтың игілігіне берілді. Тарихи мұраға заманауи фор­маттағы қолжетімділікті қамта­масыз ету мақсатында «Мәдени мұра», «Қазақстанның электронды кітапханасы» және «Ұлттық мұра» веб-порталдары құрылды. Бұл жұ­мыстарды атқаруда Білім және ғы­лым министрлігі, барлық зерттеу институттары және онда істейтін ғалымдар түгелдей атсалысты. Оған Қазақстан баспаларының ба­сым көп­шілігі қатысты. 1,5 миллион кітапты шығаруға Байланыс және ақпарат министрлігі құры­лымдары да ба­рын­ша үлес қосты дей келіп, ұлт мәдениетін кө­те­рудегі ұлан-ғайыр жұ­мыстар алда­ғы уақытта да жал­ғасын таба беретініне сенім білдірген. Мәдениет министрі М.Құл-Мұ­хаммедтің сө­зін  Ә.Марғұлан атын­дағы археология институтының директоры Ба­уыржан Байтанаевтың ойы ұш­тастырды. Оның айтуы бо­йынша, 23 тарихи ескерткішке қазба жұмыстары жүргізілген болса, оның ішінде тұрақтардан – Май­бұлақ, қоныстардан – Тоқтауыл, Талдысай, Айбас-Дарасы, Кент, қорымдардан – Қырық-Оба, Берел, Шілікті, Бөріжар, Беғазы, қала­лар­дан – Шірік Рабат, Бұланды, Жанкент, Сауран, Сидақ, Түркістан, Оты­рар, Қаялық, Талғар, Жуантөбе, қазақ хандығы кезіндегі қалалардан – Аркук, Әулиекөл, Хан ордасы сияқты көне орындарды атап кетуге болады. 2011 жылғы қаржы­лан­дыру көлемі 78 млн. 500 мың теңгені құрапты десек, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Са­рыарқа, Шығыс Қазақстан, Шірік Рабат, Түркістан, т.б. археоло­гия­лық экспедицияларының асыл мұ­раны ғылыми айналымға түсірудегі еңбегі айрықша көрінеді. Негізгі жұмыстар төрт бағытқа жүйелен­ген. Ерте темір дәуірінің прото­қалашық некропольдері мен ғибадат орындарына архео­логиялық зерттеулер жүргізілгенде, ол кезеңнің тұрғындары ежелгі мәдениеттің қайталанбас туынды­ларын – ат әбзелдері мен қару-жарақтарын, обалар мен ғибадат орындарын қалдырса, қола дәуірінің археоло­гиясы Талдысай, Кент, Түр­ген, Тоқсанбай, Айбас-Дарасы, Беғазы, Бұғылы ескерткіштерін ел мұра­сына қосуымен еленеді. Қазақ­стан жеріндегі ежелгі және орта ғасыр мемлекеттерінің орталықта­рын зерттеу нәтижесінде де көне астаналар – Шірік Рабат, Бұланды қалалары тарих бетінен жарқырай танылады. Ұлы Жібек жолында орна­ласқан қалаларға археология­лық зерттеу жұмыстарын жүргізу нәти­жесінде қала орталықтарының пайда болу үрдістері, олардың даму себептері, атқаратын қызметтері анық­талып, палеоэкономикалық, та­рихи-географиялық орналасуы бойынша көкейкесті мәселелерді шешу сияқты бірқатар сұрақтарға жауап табуға болатынын сөз етті. Биылғы жылғы тың жаңалықтар қатарына Сауран қаласына қазба жұмысын жүргізу кезінде ашылған теңге сарайының та­былуын жатқы­зуға болатынын айт­ты. Сауран археологиялық экспеди­циясы зерттеген нысаннан кең аулалы, бұрыш­тары мен кіреберістері сегіз қырлы күмбезді болып келетін залдан және күмбезді жайлар мен тастан қаланған ұзын кіреберіс дәлізден тұратын архитектуралық кешеннің табылуы да жоба бойынша қолға алынған істердің нәтижесі дерлік. Құрылыстың солтүстік бөлігінің қабырғалары жақсы сақталған және биіктігі 2,5-3,0 м.-ді құрайтын атал­мыш архитектуралық кешен ірі ғимарат ретінде әрқилы кезеңде мешіт қызметін атқарғанын аңғар­тады. Материалдарды тазалау және бақы­лау барысында бұл орыннан мыс пен қола өңдейтін және құя­тын «карханалар» орналасқан деген болжамдар алға тартылуда. Ғалым­дар мұнда мыстан жасалған бақыр тиындар шығарылған болуы керек деп бол­жайды. Өте бай, әртүрлі мыс тең­гелер коллекциясы ерте ғасырлар үлесінде қалып қойған тылсым сырларға батыра түседі. Орталық Азия археологиясын­дағы теңге ше­берханасын зерттеудегі алғашқы тамаша жаңалықты отандық ғылым­ның тағы бір табысты жемісіне жатқызуға бо­ла­ды. Тарих ғылымда­рының кан­дидаты «Археологиялық экспер­тиза» ЖШС директоры Дмитрий Воякин Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан тарихи-мә­дени ес­керт­кіштердің қазіргі хал-жайы мен келешекте оларды сақ­тап, қорғаудың маңыздылығына тоқ­­талса, Байланыс және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Қайрат Әбсаттаров «Мәдени мұ­ра» бағдарламасын жүзеге асыру бары­сында жаңа технологиялар жетістіктері пайдаланылғанын айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар ал­дағы уақытта да жалғасын тауып, әрқайсысы 100 томдық «Бабалар сөзі», «Әлем әдебиетінің кітап­ханасы», «Библиотека казахской литературы» кітап дестелерін әзір­­­леу, бастыру істері отандық баспагерлерге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Бағдарлама нәти­желерін насихаттауда арнайы теле-радио хабарларын, телеви­зия­лық фильмдерді, кітаптар мен альбомдар шығаруды қарастыра­тын тиісті жоспар құру тап­сырылды. Білім және ғылым министрімен бірлесіп, «Мәдени мұра» бағдарламасының басты нәти­желеріне арналған шетел тілдерінде энциклопедиялық басы­лымдар әзірленетін болып шешілді. «Қазқайтажаңғырту» меке­ме­­сінің директоры Қанат Тұ­яқбаев рухани құндылықтарды әлемге танытудың жолдары мен осы мақсатта жүзеге асырылуы тиіс міндеттер туралы айтса, археолог-ғалым Карл Байпақов, Р.Сүлей­менов атындағы Шығыс­тану инс­титутының директоры Меруерт Әбусейітова ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылы отандық ғы­лымның айтар­лықтай табыста­ры­мен ерекшеленетінін тілге тиек етті. Ал Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаев тарихи тұлғалар мен ескерткіштерге ар­налған фильм­дер туралы нақты деректер келтірді. М.Әуе­зов атын­дағы Әдебиет және өнер инсти­тутының директоры Сейіт Қасқа­басов өзі жұмыс істеген сек­цияның жеті жылдағы та­быс­тарын сөз етті. Осы жылдары 124 кітап басып шы­ғарылған. «Бабалар сөзінің» 80 то­мы жарық көр­ген. «Қазақ музыка­сының анто­ло­­гиясы» да халық қазына­сы­на қосылған үлкен еңбек­тің бірі са­налады. Жарамазан, сыңсу, қош­тасу, жар-жар сияқты, т.б. көне музыкалық інжу-маржан­дар­дың ғылыми жүйеленіп, топ­тастыры­луы да осы бағдарлама негізінде іске асып отыр. Қазақ әдебиеті мен фольклорының та­ри­хын жасау ісі үлкен зерттеу­лер­дің жиын­тығы екенін аңғар­тады. Ға­лым жаңадан жарық көрген «Қазақ өнерінің тарихы», хрестоматиялар туралы да жан-жақты әңгіме қозғады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғы қарсаңында түйінделген «Мә­дени мұра» бағдарламасының қо­рытындысында әр министрлікке алдағы атқарылатын міндеттер жүктелді. «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында табылған мұра­ларды жинау, елордада салынып жатқан Қазақстан тарихы музе­йінің экспозициясына орналас­тыру, тарихи орындар мен мұ­ралар туралы деректі фильмдер жасау, «Мәдени мұра» веб-пор­талын дамыту, Сирияның Дамаск қаласында салынып жатқан Әл-Фарабидің тарихи-мәдени орта­лы­ғы­ның құрылысы, бағдарлама аясында табылған материалдарды өңдеу, зерделеу, зерттеу нәти­желерін жоо және орта білім оқу бағдарламаларына енгізу, оқу орындарында бағдарламаға арнал­ған факультативтік курстар енгізу, материалдарды әйгілеу, насихаттау мақсатында жүргізілетін жұ­мыстарды үйлестіретін «Мәдени мұра» институтын құру, туризм ісін дамыту мақсатында магис­тралды көлік жолында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерін республикалық және халық­аралық туристік маршруттар жү­йесіне қосу, т.б. сол сияқты түрлі салаларға бекітілген істер жүзеге асып жатса, Қазақ елінің рухани жетістігінен өзгелердің үлгі ала­тын күні де алыс емес. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.