• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік тұлғасына жиырма жазба

943 рет
көрсетілді

Тәуелсіз мемлекетін құру біздің халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы болып келді, бұған қол жеткізу жолында сансыз құрбандықтар да болды. Тәуелсіздікке ие болу және оның алғашқы азат күндерін көру бақыты біздің ұрпақтың ғана маңдайына жазылыпты. Осы тұрғыдан келгенде, жаңа, тәуелсіз мемлекеттің дүниеге келгенін жария еткен 1991 жылдың 16 желтоқсаны бәріміз үшін де барлық баянды қайнарларымыздың бастауы болып табылады. Егеменділіктің ең алғашқы бастау жылдарында Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың қатарына толыққанды мүше ретінде қосылып, тамаша тарихи табыстарымен өзін сенімді түрде әлемге әйгілей білді. Бұл тұлғалы табыстарымыз қазақстандықтардың еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төңірегіне тығыз топтасып, зерделеп, байыптап, елеп, екшелген стратегиялық бағдарсыз мүмкін болмас та еді. Тарих бұралаңының толқынды тұсында өз тағдырын сеніп тапсырған халықтың әрі жанашыры әрі қамқоры бола білген Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде «қазақстандық идея», «қазақстандық жол», «табыстың қазақстандық формуласы» деген атаулардың бәріне де айрықша сипат, айқын мазмұн беріп, жаңа тұрпатты жасампаз ел қалыптастырды. Тәуелсіздік тұлғасын қалыптастыру тұрғысында өзі де тарихи Тұлғаға айналып, қилы кезеңдерден халқын жарқын жолға бастап, жаңылмай із ашқан Елбасының емен-жарқын бейнесін, әр қилы сәтін ашатын жиырма жазбаны оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Алғашқы жолдың ақ батасы

1991 жылдың 17 желтоқсанында Республика алаңында Қазақстан Рес­пуб­лика­сы­ның мемлекеттік тәуелсіз­ді­гінің жария­лануына және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының 5 жыл­дығына арналған митинг болды. Алаң­ға жиналғандар ал­дында Қазақстан Президенті Н.Ә.На­зар­баев сөз сөйледі. «Тәуелсіздікке ие болу және дербес мемлекет құру қазақ халқының көп жыл­ғы арманы еді. Міне, сол көптен күткен күн келіп жетті. Осынау жан тебірентер сәтте Отанымыздың абы­ройы, бостан­дығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен­дердің барлығын, солар­дың ішінде осы жарқын күнге жетпей кеткен, өздерінің туған Қазақстаны қа­лай тәуелсіз мемлекет болғанын көр­мей кеткен Желтоқсан оқиғаларының қаһармандарын да еске алуды өзіміздің қасиетті борышымыз деп есептейміз», – деп еді ол туған халқының алдында толқып тұрып. Аз-кем үнсіздіктен кейін Президент сөзін былай деп жалғастырды: «Тәуел­сіз­дік біздің баршамызға айрықша зор жауапкершілік жүктейді. Біздің мемлекеттік-саяси дамуымыз, экономикалық өркен­деуіміз бен әлеуметтік әлеуетіміз бұдан былай өз қолымызда, бәрі де тек қана өзімізге байланысты. Тарих жолы ұзақ. Асыққанымыз жөн, бірақ аптығуымызға болмайды. Қазақ­стан­ның көп ұлтты халқы барлық сынақ­тардан абыроймен өтіп, алдағы кезде де тарихтың лайықты биігінде болатынына, ал туған еліміздің берекелі өмір сүріп, өсіп-өркендейтініне кә­міл сенемін. Жақсылыққа үміт артайық, достар! Сол үмітіміз ақталсын». Тұңғыш Президент өмірге жаңа келген мемлекетке ұзақ та бақытты ғұмыр тілеп, ақ батасын осылай берген еді. Осы митингіде Президентіміз Қа­зақ­стан­ның тәуелсіздігін бірінші болып туыс­қан түрік елі танығанын, оның ас­танасы Анкарада Ұлы Ұлттық Мәжілістің отырысында бұл мәселе күн тәртібіне кезектен тыс қойылып, депутаттардың бі­рауыздан қолдағанын жария етті. Ал 1991 жылдың соңына дейінгі санаулы күн­дерде Қазақ­стан­ның тәуелсіздігін тағы да 18 ел таныды. Батамен ер де көгерер, ел де көге­рер деген осы болар.

Атажұрттың арнайы шақыруы

Бүгінде бұл ұмытылған жайт. Алайда Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы апталарда елдің ұлттық қайта өрлеуінің басты қайнарларының біріне айналған оқиға болып еді. 1991 жылғы 31 желтоқ­санда Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ радиосы ар­қылы шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне арнап сөз сөйлеп, былай деп мәлімдеді: «Біз, қазақтар – ежелден еркіндік аңсаған ха­лықпыз. Дербес мемлекет құру әрдайым біздің баба­ларымыздың асқақ арманы болып келді. Құдайдың көмегімен бүгін билік біздің өз қолымызға тиді. Бұдан былай Қазақстан Республикасы тәуелсіз, де­мо­кратиялық мемлекеттердің қатарына жатады. Өз аумағымыздағы мемлекеттік биліктің барлық тізгінін біз өз қо­лымызға алдық. Өзіміздің ішкі және сыртқы сая­са­тымызды біз ешкімнің нұсқауларын күт­пей, өз бетімізше, өз еркімізбен жүр­гіземіз, бұдан былай қалай өмір сүретінімізді өзіміз шешеміз». Содан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы радиоқабылдағыштарға құлақтарын то­­­сып, жауабын тағатсыздана күтіп отыр­­ған адамдар сұрағына, негізгі мә­селеге көшті. «Қымбатты бауырлар! Өз Ота­ны­нан қол үзген сіздерді: «Ата мекенімізге оралуға бола ма, бұл қалай жүзеге аса­ды және бұл қашан мүмкін бола­ды?» деген сұрақтар мазалайтынын жақсы білемін. Адам үшін «туған жер­дің түтіні де тәтті екен...» деп бекер ай­тылмаған... Өз қан­дастарымыздың тарихи отанына ора­луына ықпал етуді мақсат тұтып және осы орайда адам құқығы туралы халық­аралық актілерді басшылыққа ала оты­рып, Қазақстан Үкіметі басқа республикалар мен шет мемлекеттер азаматтары­ның қатарынан ауылдық жерлерде жұмыс істегісі келетін жергілікті ұлт өкілдерін Қазақ­станға қоныстандырудың шарттары мен тәртібі туралы арнайы қаулы қабыл­дағанын сіздерге хабарлауға асықпын. Демек, Ота­ны­на оралғысы келетін бауыр­ларымыз үшін есігіміз бен құшағымыз ашық. Жол­да­рыңыз оң болсын, сіздерді баба­ла­ры­мыздың әруағы желеп-жебеп жүр­сін!». Президенттің бұл шақыруы жауап­сыз қалмай, осынау орынды сөз қазақ диас­­порасының жүректері мен көңіл­де­ріне тікелей жол тапты. Көп ұзамай қазақ тари­хындағы ұлы көш басталды: шетелдегі отандастарымыздың мың­да­ған отбасы­лары Қазақстанға, атажұрт­қа қоныс аудара бастады. Келесі, 1992 жылдың күзінде, Алматыда Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы ша­қы­рылып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Жаңа қауым­дастықтың Төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан сайланды. Осылайша, сол кезеңдегі елдегі әлеу­­меттік жағдайдың қиын болуына, ұзаққа созылған экономикалық дағда­рысқа қара­мастан, Қазақстан этностық диаспора өкіл­дерін ерікті түрде қайтарып алу сая­сатын жалаң сөз емес, іс жүзінде жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асырған әлемнің үш елінің бірі ретінде (Израиль және Германия) бауырласта­рын бауырына тартқан тарихи қадам жасады. Батадан басталған баянды көш елге ел қосты, ерге ер қосты. Ұлы көштің ұраншысы болған ұлағатты Ел­басы осынау қарасы үзілмес қазыналы көштің де қозғаушысы болды.

Ажал аранына тосқауыл

Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент қызметіндегі аса абыройлы істе­рінің бірі Семей ядролық сынақ ала­ңының жабы­луы болды. Оның бұл шешімі әсте кез­дейсоқтық немесе кеу­демсоқтық емес еді. Себебі, КСРО ха­лық депутаттары І съезінің мінберінің өзінен-ақ оның саяси тұғырнама­сын­дағы 12 ұстанымның бірі Арал және Семей өңірлерінің экология­лық күй­реуіне байланысты ядролық, әскери және бактериологиялық полигондар мен зертханалардың зиянды әсерін жоюға арналған еді. Бұл проблемаларды шешу үшін «Невада – Семей» ядролық сынақ­тар­ға қарсы қозғалысына өзінің ең қай­раткер өкілде­рін аттандырғанмен әлі де көп ұлтты Қазақстанның зия­лы­ла­рының күші анық жеткіліксіз болатын. Бұл жерде тек жұрт­шылықтың ғана емес, пәрменді пайымын төрдегілердің өзі төбе бидей құрмет­тейтін, стратегия мен тактикада тісқақ­қан, саяси майдандағы «ауыр салмақ­тылардың» да күш салуы қажет болатын. Ол кезде мұндай жан іс жүзінде, тек Нұрсұлтан Әбішұлы ғана болатын. Бұл жолда Н.Ә.Назарбаев орталық партаппарат қызметкерлері, әскери-өнер­кәсіптік кешен, одақтық министрліктер мен ведомстволар жетекшілері тарапы­нан белсенді әрі өте қуатты одақтық өктем­дікке толы қарсылыққа тап болды. Өзіне тиімді мәртебесін сақтап қа­лу­ға мүдделі, қасаң қағидаға бой ұрған пи­ғылы одан кем емес және саны едәуір көп пенделер Қазақстанның өзінде де бар еді. Олар Мәскеуге тікелей бағы­на­тын қорғаныс кәсіпорындарының, түрлі ғылыми-зерттеу және жобалау инсти­туттарының қызметкерлері болатын. Қа­зақ­станда жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан олар еңбекақы, әлеуметтік же­ңіл­діктер, халық көп тұтынатын тауарлармен қамтамасыз етілу, медициналық қызмет көрсету деңгейі жөнінен артық­шылық жағ­дайға ие болып, бейнебір басқа әлем­дегідей өмір сүрді де, соған сәйкес, рес­пуб­ликаның проблемаларын сезінбек түгілі, жергілікті билікті мүм­кіндігінше елей де қоймайтын. Мұнда жақсы мек­тептердің, ауруханалардың, мәдени және тұрмыстық ошақтардың, т.б. іс жүзінде жоқ­тығына олардың басы ауыра қоймайтын. Әйгілі «ядролық тепе-теңдік» деген жаттанды ұғымды бетперде тұта оты­рып, бұл ажал аждаһалары халық пен та­би­ғатқа қарсы тағылық сынақтар жа­сады, олардың зардаптары әлі күнге дейін сезілуде. Нұрсұлтан Назарбаев поли­гонды жапқан кезде, ол өзін халықтық Президент ретінде ғана емес, сонымен бірге «сем­серден соқа соққан саясаткер» ата­­нып, бүкіл әлем қол соққан дүние­жүзілік деңгейдегі басшы ретінде де көрсете білді. «Ел болса ер туғызбай тұра алмай­ды» деген халық сөзінде қапы жоқ.

Ұлт абыройының ұраншысы

1989 жылғы 22 маусымда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Компар­тия­сы Орталық Комитетінің бірінші хат­шысы қызметіне сайланды. Республика­ның бірінші басшысы ретіндегі оның жаңа қызметінің басталуы 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары мен содан кейін республикамызда өрескел өріс алған саяси қуғын-сүргіндерге байланысты қа­лып­­тасқан күрделі моральдық-психоло­гия­лық ахуал жағдайында өтіп жатты. КОКП Орталық Комитетінің 1987 жыл­ғы ар­найы қаулысында қазақ халқы әді­летсіз әрі негізсіз ұлтшыл ретінде айып­талды да, жеке пікіріне жол берген­дердің бәрі­нің, сондай-ақ, кей жағдайда жергілікті емес ұлт өкілдерінің де соңы­нан нағыз шырақ алып түсу қолдан ұйымдас­тырыл­ды. Мұндай жағдайда көп ұлтты республикада оның азамат­тары­ның арасында өзара сенімді қайта орнықтырмайынша, істің табысты болуы мүмкін емес еді. Ұлт мәселесін адал және ашық шешуге деген бағдарды тұрақты жүзеге асыра отырып, Н.Ә.Назарбаев алғашқы кезектегі істердің қатарына аталған қау­лыны жоюға қол жеткізу мақсатын қой­ды. 1989 жылғы 19 қыркүйекте Мәскеу­де болған КОКП ОК Пленумында сөз сөйлеген ол: «В нем допущены не только необосно­ванные, но и оскорбительные для народа формулировки. Например, фигурирует такое понятие, как «казахский национализм». Но может ли в прин­ципе какой-либо народ в целом стать носителем этой антигуманной черты? Глубоко уверен, что нет. Вы­ражая мнение коммунистов и общественности республики, прошу ЦК пересмотреть эти ошибочные положения пос­тановления, наносящие ущерб чести и достоинству нашего народа, бросившие тень на его интернациональную сущность». Табанды пікір, тұжырымды дәлелдердің арқасында ұлт намысын қорлайтын қарау қаулы жойылды. Осымен бір мезгілде Желтоқсан оқи­ға­ларынан кейін зардап шеккен азамат­тарды ақтау үрдісі басталды. Олардың көбінің бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, қалыпты қарапайым өмірге оралды. Сол алғашқы кезеңнің басты қорытындыларын Нұрсұлтан Әбішұлы кейінірек 1998 жылғы 16 қаңтарда «Казахстанская правдада» жарық көрген «Хранить память, крепить согласие» деп аталатын өзінің белгілі мақаласында бы­лайша қорытындылады: «Политики тех лет как заклинание повторяли затертые штампы типа «дружба народов не пострадала», «советский интернационализм вы­держал испытание на прочность». Но людям было ясно, что дружба дала трещину: в отношениях между представителями разных национальностей появилась напряженность, стала проявляться тенденция к взаимной обособленности. Все это усугублялось неуклюжими действиями партийных и государственных органов, которые, в «лучших традициях бюрократизма», вместо политической и целенаправленной работы стали составлять беско­неч­ные «планы мероприятий», не подкреп­ленные ни материально, ни организационно... И только с обретением независимости в нашей стране начался духовный ренессанс, основанный на подлинном возрождении языка, обычаев и традиций казахского народа. С притеснениями ос­корбительного и униженного тоталитаризмом народа, как, впрочем, и других населяющих Казахстан народов, было покончено. Верю, что навсегда». «Ұлтына сүйенген ұтылмас» деген сөзге мысал осы шығар.

Айқай-шудан – ашық пікір алысуға

1989-1990 жылдар КСРО-да ырың-жырың әңгіме көбейіп, Кремльдің қо­лындағы биліктің сусып шығып бара жа­туымен ерекшеленді. Этностық те­ке­тірестердің жарылғыш күштері әлеу­меттік-экономикалық ахуалдары ауыр шеткі аймақтарда пісіп-жетіліп, сол кө­ңіл-күй қалалар мен астаналарға қарай лықсыды. Мәскеудің кикілжің жағ­дай­лар­ды болжап, алдын алуға қабілет­сіздігі қоғамда өктемдік пен сенім­сіз­дік­тің орын алуына жол ашып, адамдарды экстремистік пен «парти­заншылдықтың» иіріміне итермеледі. Стихиялық оқиға­лар өріс алды: ұлтара­лық қатынас­тардағы теріс үрдістер кез келген сәтте қоғамның оң ниеттегі күштерінің бақылауынан шығып кетуі мүмкін жағдайлар қалыптасты. Қазақстанда тауар тапшылығы мен шерулік шуларға А.Солженицыннің «Как нам обустроить Россию?» деген шовинистік өсиет хаты қоздырған сепаратистік бұра тартушылық та қосыл­ды. Бұл ұлтаралық қатынастарды анық асқындыру қаупін төндірді. Сондықтан да Президент Н.Ә.Назарбаев 1990 жыл­ғы 29 қыркүйекте Қазақстанның 40-тан астам өз бастамаларымен құ­ралған қо­ғамдық-саяси қозғалыс­тар­дың өкіл­дері­мен кездесіп, олармен саяси тұрақ­сыз­дықтың асқынуының проб­лемаларын талқылады. Осының арқа­сында 1991 жылдың 1 қазанына дейін шерулер мен бой көрсетулер өткізуге уақытша тоқтам салуға қол жеткізілді. Бұл Қазақстанды қатерлі текетірес сценарийінен арашалап қалған амал­сыз, бірақ ақылды қадам еді. Сонымен бірге ол бізді бүгінгі жарқын жетістіктерге жеткізген, демократиямызды дамы­тып, сыннан өткізіп, шыңдаған билік пен қоғамның үздіксіз үндесуінің бастауы болды. «Айқай ақылға қаратпас, ақыл асығыстықты жаратпас» деген осы.

Танктер тоқтатылған күн

Одақтық шарттың жобасын әзірлеу мен келісу процесі аяғына жақындап келе жатты. Оған қол қою 1991 жыл­дың соңына межеленген болатын. Алай­да 1991 жылдың 19-21 тамызында КСРО-да барлық жоспарлардың быт-шытын шы­ғар­ған, тарихқа «тамыз бү­лігі» деген атпен енген оқыс оқиғалар өріс алды. КСРО-да Төтенше жағдай­лар жөніндегі мемлекеттік комитет (ТЖМК) бүкіл билікті өз қолдарына алатынын мәлім­деді. КОКП мен одақтық басшылық бас­шы­ла­ры­ның жат пиғылды бөлігі ұйымдас­тыр­ған бұл мемлекеттік төңке­ріс әрекеті одақ­тық орталық пен бір­тұтас держава­ны сақтап қалудың саяси келешегінің күмәнді екенін анық айқындап берді. Қазақ КСР-інің Президенті Н.Ә.На­зарбаев Қазақстан халқына жедел үн­деу жолдап, Одақ жұртшылығына мә­лімдеме жасады. Онда ол бүлікші­лер­дің іс-әрекеттерін батыл айтыптап, өзі­нің реформалар бағыты мен демо­кра­тияны жақтайтынын айтты. Осымен бір мезгілде Н.Ә.Назарбаев өзінің КОКП қатары­нан шығатынын да мәлімдеді. Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылдың 19-21 тамызында жүргізген күнделік жазбалары бар. Бүгінде маңызды тарихи құжат болған қойын дәптердің бес парағында Қазақстан Президенті сол бір сындарлы күндердегі өзінің іс-әре­кеттерін күнделікті тәртіппен жазып отырған. Тұжырымды сөздермен мейлінше сығымдалып жазылған сол жолдардан біздің көшбасшымыздың ел тағдыры үшін шынайы жанашырлығы мен күйзе­лісін, оның ерік күші жеткенше қолынан келетіннің бәрін жасағысы келетін батылдығын сезінбеу мүмкін емес. Ол жолдар сол кезде қоғамда белең алған, әр сәтте жарылуға шақ тұрған ширыққан ахуалды өте дәл береді. «Совместное заседание Президиума ВС (Верховный Совет – автор ескертпесі) и КМ (Кабинет Министров – автор ескертпесі) КазССР. Ситуация. Об­ра­щение. Текст заяления согласо­вывается (отговаривали и т.д.). Сказал, что я беру на себя и буду отвечать», – деп жазады Президент 19 тамызда (14.00 сағатта) өз күнделігінде. Мәскеуден РСФСР Жоғарғы Кеңе­сінің ғимаратына шабуыл жасауға әзірлік жасалып жатқаны жөнінде үрейлі хабарлар келіп жеткенде, Президент сол арада-ақ Крючковпен, Ельцинмен, Янаевпен, Язовпен күрделі келіссөздерге кірісті. Қауіп толықтай сейілгенше, тамыздың 20-сынан 21-іне қараған түні бойы осылай болды. «Қауіп күшейе берді, – деп еске алды кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы. – 20 тамыз күні кешке маған Жоғарғы Ке­ңеске шабуыл жасалғаны туралы ақ­парат түсті. Мен сол сәтте-ақ Крючковпен байланыс­қа шықтым. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төр­ағасы ешқандай шабуыл болмайды деп ант су ішті. Оған сенуге болмайтынын түсініп, сол сәтте Жоғарғы Кеңестің ғимаратында жұмыс істеп тұрған жалғыз телефон арқылы Б.Н.Ельцинмен бірнеше рет сөйлестім... Ельцин үрейлі ақпарат­ты растады. Мен Борис Николаевичке өзімнің қолдау көрсететінімді айтып, содан кейін бірден Янаевқа телефон шал­дым да, оған үзілді-кесілді қарсылығым­ды білдірдім және РСФСР Жоғарғы Кеңесіне қарсы күш қолданудың қандай ауыр зардаптары болуы мүмкін екендігін қатаң түрде ескерттім. Содан кейін Язовқа телефон шалдым, онымен әңгіме 21 тамыз күні таңға жуық болды. Мен оған былай дедім: «Сіз – солдатсыз, соғысты көрдіңіз. Қолыңызды өз ба­лаларыңыздың қанына мал­маңыз. Онда тек жастар тұр. Әскер­лерді тез алып кетуді талап еттім. Сірә, осы сөзім оларға әсер еткен болуы керек...». Бүлік басылғаннан кейін бірден ша­қырылған Федерация Кеңесінің отыры­сына қатысып, Мәскеуден оралғаннан соң Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ КСР-і Жоғар­ғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында сөз сөйлеп, бүліктің ең алғашқы сағат­тарында не болғанын әңгімелеп берді. ТЖМК мүшелерінің іс-әрекеттері о бас­тан-ақ арандатушылық сипатқа ие еді. Қа­зақстан Президентіне ең алғашқы болып В.А.Крючков телефон шалды. Әңгімені дөрекі түрде жүргізе отырып, ол осылай­ша Қазақстан басшысын ық­ты­рып, оны ТЖМК-ға бұлтартпай ба­ғындырғысы келді. Ал КСРО Прези­денті­нің міндетін атқарушы Г.И.Янаев болса өзге республикалар ТЖМК-ны қол­дады деп алдағысы келді. Янаев осы өтірігін баспасөз кон­ференциясында да қайталап үлгерді. Қыс­қасы, тамыз бүлігі азамат соғысына ұла­сып кете жаздады, оның жойқын өрті кез келген ұшқыннан тұтанып кетуі мүмкін еді. Жаңа одақтық шартқа қол қоюдың дәл қарсаңында өріс алған ТЖМК-нің анти­конституциялық бүлігі төңірегіндегі оқиғалар Коммунистік партияның беделін құрдымға кетіріп, КСРО-ның та­рауын жеделдетті. КОКП мен кеңестік алпауыт державаның тағдырына нүкте осылайша қойылған еді. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақы­лың екі жақтап» деп ұлы Абай айтқан қағида осындай оқиғалар кезінде туғандай болады.

Әділеттілік – ардың ісі

Үлкен істе де, шағын істе де үлкен мақ­саттарға қызмет ету – Нұрсұлтан Назар­баевтың оның билік басында жүр­ген кезіндегі көптеген тарихи оқиғалар­мен толыға түскен саяси портретінің аса жарқын әрі анық көрініп тұратын си­паттарының бірі. Мына үш қана эпизод­тың өзі солардың қатарынан. 1991 жылдың қазанында Президент ты­нымсыз дайындық жұмыстарының нә­ти­жесінде тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқ­тар Әубәкіровті жұлдызды сапарға аттан­дырды. Басқасын былай қойғанда, бұл адамзаттың алғашқы ғарыш айлағы – Байқоңыр космодромының отаны болған Қазақстан халқына көрсетілген заңды құр­мет болды. Бұған дейін 30 жыл бойы Кеңес Одағы ғарышқа сан алуан ұлт­тардың өкілдерін аттандырып жатты, ал осы даланың тұрғындары – қазақтар, неге екені белгісіз, мұндай құрметке ие бола алмады. Даңқты қолбасшы, жауынгер жазу­шы Бауыржан Момышұлы от пен судан өтіп, Отаны үшін қанын төккен мем­лекетінің тарапынан көзі тірісінде лайық­ты құрмет көре алмады. Тек Нұр­сұлтан Әбішұлы­ның күш салуымен ғана халқымыздың даңқ­ты ұлы кешігіп болса да Кеңес Ода­ғының Батыры атағына ие болды. Осы­лайша халқымыздың батыр­лық тарихы­ның жаңа беттерін жазуға Елбасымыз ерен үлес қосты. КСРО-дағы соңғы Социалистік Еңбек Ері наградасын М.С.Горбачев Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа беруге дайындап еді, бірақ ол бұған «қазақ бұл­бұлы» атанған әнші, халық артисі Бибігүл Төле­генованы ұсынып, бұл атақтан бас тарт­ты. Бұл да Президентіміздің рухани өмір­дегі елге үлгі болар азаматтық әрекеті болды. «Арлының жолы алысқа барады» дейді мұндайда халқымыз.

Туған елдің тыныштығы

Солдаттың міндеті – Отанды қорғау. Бірақ 1990 жылдардың басында, КСРО тараған кезеңде, Кеңес Армиясының көп­теген офицерлері мен солдаттары біртұ­тас қуатты отанын күтпеген жерден жо­ғалтып, жауынгерлік ұйымшылдығы­нан айрылып, моральдық тұрғыдан әлсі­реді: жаңа мемлекеттік шекаралармен бөлініп қалған олар енді кімге қызмет етіп, кімді қорғауды білмей қалды. Экономикалық дағдарысқа байланысты әскердегі тәртіп те мүлде құлдырап сала берді. Сондықтан да Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы күндерінен бастап Қарулы Күш­тер проблемасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың назарындағы бірінші кезектегі мәселеге айналды. 1992 жылдың 10 қазанында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы ТМД шеңберінде бірың­ғай Қарулы Күштерді сақтап қалу ту­ра­лы әскери тұжырымдама әзірлеу жө­нін­де бастама көтеріп, ұсынып, барлық бөлім­дер мен құрамалардағы әскери техникаға, қару-жараққа, оқ дәрі мен әскери мүлік­терді түгендеп, тізімдеу жүргізуді тапсыр­ды, көп салалы жоғары әскери оқу орын­дары мен бұрынғы суворовтыққа ұқсас училище құруды ұсынды. Республикалық Ұлан туралы заң жобасын әзірлетіп, Ішкі әскерлер туралы Жарлыққа қол қойды. Ол сол күні республика аумағына орналасқан бөлімдер мен құрамалардың қолбасшылық құрамымен кездесіп, олар­ға: «Армия өз проблемаларымен жеке қалмайды. Менің тапсырмам бойынша әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау туралы жарлық әзірленіп жатыр» деп мәлімдеді. «Әскери органдарды басқаруды қо­жы­­ра­тып алуға, қарулы күштерді қалып­тас­тыру процесінде жүріп жатқан берекесіздік пен келеңсіздіктерге жол беруге бол­майды», дейтін өз көзқарасын Нұр­сұл­тан Әбішұлы ТМД Біріккен қарулы күш­терінің қолбасшысы Е.­И.Ша­пош­ни­ковпен және Түркістан әскери округінің колбас­шылығымен 12 қаңтарда болған кездесуде нақтылай түсті. Ал 13 қаңтарда рес­публикамыздың қорғаныс кәсіпорында­рының басшыларымен кездесті, онда тағы да қорғаныс саласына қол­дау көрсе­ту, оның нарық жағ­дай­ындағы дамуы туралы әңгіме болды. Қа­зақстан басшысы осы проблематиканы офицерлердің бүкіл әскерлік кеңесіне қатысу үшін 16 қаңтарда Мәскеуге барғанда да сөз етті. Мемлекет басшысының 1992 жыл­дың қысы мен көктеміндегі жұмсаған осын­дай күш-жігері әскер мен әскери қызмет­шілердің тағдырының айқында­луына әсер етті, ең бастысы – әскери техника­ның талан-тараж болуының және қару­лар­дың, соның ішінде ядролық, хи­мия­лық және бактериологиялық қару­лар­ды да қылмыскерлер қолына түсір­меудің алдын алды. Бұған дейін айтылғандай, Н.­Ә.На­зар­­баев о бастан-ақ, Достастық шеңберінде бірыңғай Әскери Күштердің сақталып қалуын жақтады, олардың қызметінің ха­лықаралық-құқықтық алаңы сол күндері Қазақстан мен Ресейдің бастама­сы бойын­ша әзірленіп жатқан Ұжымдық қауіпсіз­дік туралы шартта негізделуі тиіс еді. Алайда бұрынғы КСРО-ның ішіндегі кертартпа күштер әлдірек болып шықты. 7 мамырда Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс жө­ніндегі мемлекеттік комитетін Қорға­ныс министрлігі етіп өзгерту туралы Жар­лыққа қол қойып, С.­Қ.Нұр­­ма­ғам­­бе­товті министр етіп тағайындады. 8 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күш­терін құру туралы Жарлық шықты, ол бойынша Қазақстан Респуб­ликасының аумағына орналасқан ТМД Біріккен Қарулы Күштерінің әскери бірлестіктері, құрамалары, бөлімдері, мекемелері, ұйымдары, полигондары, арсе­нал­дары, сақтау базалары, қоймалары, жылжитын және жылжымайтын мү­ліктері Қазақстан Республикасының заңдық иелігіне беріліп, Қазақстан Республикасының құрамы­на енгізілді. Жарлық Үкіметтің келісімінсіз оларды ел аумағынан қоныс аударуға және әскери мүліктерді елден алып шығуға тыйым салды. Осы кезден бастап Қарулы Күштерге басшылықты Қазақ­стан Республикасының Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы жүзеге асырады, ал тікелей басқару Қорғаныс министріне жүктелді. Осылайша, болжап болмайтын сол бір қатерлі күндерде Тұңғыш Прези­денттің тікелей басшылығымен тәуелсіз, бейбітшіл Қазақстанның Қарулы Күш­терін құру басталған болатын. Белгілі бір әнде айтылғандай: «Жау­ын­герлер әнге салғанда, сәбилер бейқам ұйықтап жатады», деген сөзді осындай кезде сеніммен айтуға болар.

Абай жылының абыройы

1993 жылғы 4 мамырда Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Алматы қалалық «Абай» қоры­ның ашылуына қатысты. Өз сөзінде ол алда келе жатқан Абайдың 150 жылдығы тек ел өміріндегі үлкен мәдени оқиға бо­лып қана қалмай, Қазақстанның егемен­дігінің одан әрі қалыптасуына, оның ха­лықаралық аренадағы беделінің артуына ықпал ететіндігін атап өтті. Қазақстан ЮНЕСКО-ға 1995 жылды Дүниежүзілік Абай жылы деп атап өту туралы ұсыныс­пен шықты. Мемлекет басшысы «Абай» қорына шет елдерде жарық көрген кітаптары үшін қаламақы ретінде алынған 100 мың АҚШ доллары мөлшеріндегі алғашқы жарнаны құйып, бұл қаржы ұлы ақын шығармаларының ағылшын тіліндегі аудармаларының әзірленуіне жұмсалсын деген тілек-ұсынысын білдірді. Және осылай болды да. 1995 жылы Абайдың мерейтойы ЮНЕСКО аясында табысты өткізілді. Бірақ ол үшін Нұр­сұл­тан Әбішұлы мен Қазақстан Үкіме­тінің қаншалықты күш-жігер жұмсауына тура келгенін көп адам біле де бермес. 2006 жылы, Желтоқсан оқиғалары­ның 20 жылдығы қарсаңында Алматы­ның ортасынан «Тәуелсіздік таңы» ме­мориа­лы салтанатты түрде ашылған бо­латын. Қазақстандықтардың барлығы бұл ша­раны аса маңызды тарихи оқиға әрі оның белгілі және белгісіз қаһарман­дарына көрсетілген терең құрмет пен еске алу деп қабыл алды. Бұл мүсіндік ансамбль Қазақстан Респуб­ликасы Тұңғыш Президенті Қорының қаржысына тұр­ғызылып еді. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі­нің тарапынан және Тұңғыш Президент қорының желісі бойынша, әсіресе мәде­ниет мекемелеріне, балалар үйлеріне, оқу орындары мен тұрмысы төмен отба­сы­ларына көрсетілген мұндай қаржылық қолдаулары аз емес.

Тәуелсіз елдің теңгесі

Ұлттық валютаны енгізудің тарихы көптеген кітаптарда суреттеліп, жазы­лып, романтикалық сипатқа ие болды. Бірақ сол бір аса қиын әрі шырғалаңы мол жылдардың жағдайында Мемлекет бас­шы­сының романтиканы ойлауға мұршасы бола қоймап еді. 1993 жылдың күзінде Ресей Федера­циясы ресейлік рубльді енгізісімен, сол заматта-ақ Қазақстанды рубль аймағы­нан шығарып жіберді де, біздің респуб­ликамыз жазықсыз жазаланған адамның кейпінде қалды. Бір кезде мықты болған кеңестік ақша 1 долларға 2445 рубль айы­рым белгісінде әлсіз халде өмір сүруін тоқтатып, күзде солған жапырақ­тар үймесі сияқты болып қалды. Адамдар бір бірлерін «топан ақшаның миллионерлері» болуларымен ызалана құт­тық­тап, құн­сызданған ақшаны қоржындап алып жүр­ді, ал жинаған ақшасынан айрылған азаматтар тілдерінің жеткенінше билікті қарғап-сілеп жатты. Осының алдында, 1992 жылы бүкіл рубль аймағын, соның ішінде Қазақ­станды да қамтыған Ресей жүргізген «тө­тенше сауықтыру» болып өтті. Нарыққа және реформаларды жеделдетуге деген игі мақсатпен өріс алған бұл сауықтыру, шын мәнінде, біртұтас халық шаруашы­лығы мен технологиялық кешеннің бүлі­нуіне, өндірістің жаппай құлдырауына және өнімнің көптеген түрлерін, соның ішінде азық-түлік пен күнделікті қажетті­лікке тұтынатын тауар­ларды шығарудың қысқаруына алып келді. Бұл адамдардың тұрмыс жағдайының күрт нашарлауына әсер етпей қоймайтын, олардың көбі өмір сүрудің ауыр шегіне жеткізілді. «Реформаларды жүргізу керек, бірақ оған халықты әзірлеу керек» – Н.Ә.На­зарбаев ресейліктерден бағаны бо­сатуды кешеуілдетуді өтінгенде алға тартқан басты ұстанымы осы болды. Бірақ шығыршық шыр айналып кетіп еді. Сондықтан 1992 жылдың 3 қаңтарында Н.Ә.Назарбаев «Бағаларды ырықтан­дыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Сол бойынша, республикадағы әлеумет­тік-экономикалық жағдайды тұ­рақтан­дыру мақсатында 6 қаңтардан бастап өндірістік-техникалық мақсатта­ғы өнімге, халық тұтынатын тауарларға, жұ­мыстар мен қызмет көрсетуге еркін (нарықтық) баға қолдану жүзеге асы­рылды. Мұндай әрекетке жүгінуге тура келді, олай бол­маған жағдайда, онсыз да аз шикізат, тауарлар мен азық-түлік қорын көршілеріміз түк қалдырмай тиеп алып кететін еді. 1992 жылдың 14 қаңтарында Нұрсұл­тан Әбішұлы бағаларды ырықтандыруға байланысты Қазақстан халқына Үндеу жолдады, онда ол бұл Қазақстан Ресейден кейін барған амалсыз шара екенін тү­сіндірді. «Республика басшылығы нарық­қа балама жоқ екенін біледі, бірақ Ресей Федерациясы қабылдаған іс-шаралар оңтайлы әзірленбеген және өз мерзімінде жасалмаған деп есептейді. Қазақстан бағаларды ырықтандыруды 1992 жылдың 1 шілдесіне дейін тежей тұруды ұсынды, бірақ ол пікір ескерілмеді. Соның нәти­же­сінде, ырықтан­дырудан кейінгі баға­лар­дың жоғары секірісі көптеген қара­пайым адамдар үшін өте ауыр соқты. Ха­лық, әсіресе, оның тұрмысы төмен бөлігі кедейшіліктің қыс­пағында қалды. Сон­дық­тан мен «Ба­ғаларды ырықтандыру жағдайында ха­лық­ты әлеуметтік қорғау жөніндегі қосымша шаралар туралы» және «Азық-түлік тауарларымен сауданы коммер­цияландыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым», деді ол. Азаматтардың мүдделерін қорғай оты­рып, Президент жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпорындар мен ұйым­дардың басшыларынан халықты қосым­ша әлеуметтік қолдау және республи­каның тұтыну нарығын қорғау жөніндегі осы және бұдан бұрын қабылданған басқа да жарлықтар мен қаулыларды практикалық іске асыру жөнінде барлық іс-шараларды қабылдауды талап етті. Қабылдап қана қойған жоқ, күнделікті бақылауда ұстап та отырды. Құтырынған посткеңестік дағда­рыс­ты бұрынғы кеңестік республикалардың келісіп істелмеген бірқатар іс-әрекеттері те­реңдете түсті. Осындай жағдайда Нұрсұл­тан Әбішұлы ұлттық валютамыз – теңгені ұстамды қалпын сақтай оты­рып енгізуге әзірленді де, оны оңтайлы сәтте жүзеге асырды. Теңгенің пайда болуы осылайша Қазақстанның Ресейге тәуелді­лігінен құтқарды, ауыр эко­номикалық жағдайды түзетуге, жекешелендіруді жүр­гізуге және шет ел ин­вестицияларын тартуға жағдай жасалды. Әрине, өз валютамыз проблемалардың барлық кешенін бір сәтте шеше алмайтын еді, бірақ еліміздің шынайы тәуелсіздігінің шын бастауы осы кезден басталды. Ақшаның құны кейде ар-намыспен де өлшенеді.

Болашаққа бет алған «Болашақ»

Посткеңестік дағдарыстың дендеп тұр­ған шағында, көп қазақстандықтар үшін жағымсыз әрі көңілсіз болған 1993 жылдың қысында, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашақ» халықара­лық стипендиясын белгілеу туралы 1993 жыл­ғы 5 қарашадағы №1394 Жарлығын жа­риялады. Ол бойынша талантты жас­тарға мемлекет есебінен шет елде жоғары білім алу мүмкіндігі жасалды. Балалық шағы мен жасөспірімдік шағы қиын-қыстау мезгілмен сәйкес келген сол кездің ұл-қыздары үшін бұл жағдай түнекте жарқ еткен шұғыладай еді. Дарынды жастарды шет елге оқуға жіберу туралы жағдайды олар бұған дейін орыс императоры ұлы Петр Бірінші туралы кітаптар бойынша ғана білген болар. Ұстанған мақсаты жөнінен таңға­жайып және ТМД-дағы алғашқы бастама болған бұл білім беру бағдарламасы, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, өзінің өмір­шеңдігін бірден-ақ дәлелдеді. Себебі, ол жоғары әлеуметтік мәртебенің көр­сет­кіші болып қана қоймай, ең алдымен оның түлектерінің өздерін кәсіби тұрғы­дан көрсетуінің және табысты қызметтік өрлеуінің кепілі де болды. Көптеген «бо­лашақтықтар» бүгінде мемлекеттік бас­қару органдарында, ұлттық компанияларда, халықаралық ұйымдарда, партия­лық және қоғамдық қызметтерде табысты еңбек етуде. Жүзеге асыра бастау сәтінен бергі алғашқы онжылдықта (1994-2004 жыл­дары) бағдарлама бойынша әлемнің 13 елінде 700 стипендиат оқыды, олардың саны жыл санап өсуде. Географиясы да (30-дан астам ел), мамандықтар тізбесі де ұлғайды: егер 1997 жылға дейін стипендия негізінен экономикалық және гума­нитарлық факультеттердің студенттеріне беріліп келсе, 2000 жылдан бастап тех­никалық, инженерлік және ме­дициналық мамандықтарға баса көңіл бөлінді. 2005 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан хал­қына Жолдауында стипендиаттар санын жылына 3 мыңға жеткізу жөніндегі шешімін жариялады. Мемлекет пен қоғам «Болашақ» сти­пендиаттарына да, сондай-ақ бүкіл жас­та­рымызға да үлкен сенім артты. Нұр­сұл­тан Әбішұлы бұл үмітінің мәнін 2008 жылғы қаңтарда «болашақтық­тармен» болған кездесуінде мұның мәнін жан-жақты түсіндіріп берді: «Сіздер алған білімдеріңізді өздеріңіздің жас тәуелсіз мемлекеттеріңіздің қаз тұруына үлес қосуға берілген тамаша мүмкіндік деп бағалауға тиіссіздер. Мұндай мүмкіндік әркімге берілмейді. Осыған лайық бо­лыңыздар. Сіздердің әрқайсыңыз халық­тың үлкен сенім несиесін алдыңыздар, ол оны өз еңбегімен қайтаруға тиіс. Сіздерді мәртебелі университеттерге жіберу үшін халықтың ақшасы жұмсалғанын есте ұстаңыздар. Бүгінде қоғам да, Мемлекет басшысы ретінде мен де сіздерден Отан игілігі жолында беріле еңбек етуді талап етуге құқымыз бар. Мен «Болашақ» – бәсе­кеге қабілетті ұлтты қалыптастыруға бағы­тталған аса маңызды серпінді жоба­лардың» бірі екенін тағы да атап айтқым келеді». «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деген сөзге жете мән берген халықпыз ғой.

Ұстамдылық – ұлағат

Қандай жағдайда да ұстамдылық та­ныту мен шындықты адамның бетіне айту – Нұрсұлтан Назарбаевтың және бір құнды қасиеті. 1993 жылғы 21 желтоқсанда Нұрсұл­тан Назарбаев жұмыс сапарымен Павло­дарға барды. Кездесулердің бірінде оған қос азаматтықты енгізу мүмкіндігі тура­лы сұрақ қойылды. Соған жауап бере отырып, Мемлекет басшысы көп ұлтты республика мен ТМД елдері шекарала­рының ашықтығы жағдайында мұның мүмкін еместігін мәлімдеді. Осы орайда ол былай деді: «...мұндай проблема сөз болуға тиіс емес, себебі, ондай проблема жоқ: ТМД-ның ішкі шекаралары ашық та мөлдір, бұл мемлекеттердің аза­мат­тары еркін жүріп-тұрады және тұрақты мекен-жайын таңдауға толық құқылы. Қазақ­станда тіл проблемасы да жоқ, себебі, біреулер жағдайды өңін айнал­дырып көрсетіп, бұл мәселені саудаға салғысы келгенімен, орыс тілінің қол­данылу аясы және ұлтаралық қаты­настың танылған құралы ретінде оның позициясы дәстүрлі түрде мықты». Со­нымен бірге, 130-дан астам ұлттың өкілдері тұратын Қазақ­станның өзіндік ерекшелігін айта оты­рып, ол мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кезең-кезеңімен ұлғая беретінін, ал азаматтар оны тек қана өз еріктерімен оқып үйренетінін қадап айтты. Сонымен қатар этностық диаспоралардың тілдері­нің еркін әрі толыққанды дамуы үшін бар­лық жағдайлар жасалады». Президент осылайша қолдан жа­сал­ған бұл пікірталастарда барлық күмәнді мәселелердің басын нақты әрі айқын ашып берді. «Сабыр түбі – сары алтын» деген салиқалы сөзге салмақ салудың да өз шеберлігі бар.

Ерен елдің Елордасы

Еліміздің алғашқы онжылдығының бас­ты салтанатты мақтанышы және тәуел­­сіз Қазақстанның ең табысты ұлт­тық жобасы деп, заңды түрде, елор­даның Ақмолаға ауыстырылуы мен тарихи аса қысқа мерзім ішінде жаңа үлгідегі заманауи мегаполис – ару Астананың са­лынуын айтуға болады. Президенттің бұл «перзентінің» де қиял кезеңінің өзінде-ақ бірсыпыра ауыр проблемаларды бастан өткеруіне тура келді, олардың ең бастысы – бұл жобаны кейде қасақана түсінбеу мен оның жүзеге асатынына көзапара сенбеушілік еді. Бәрі дұрыс: көшіру жоспары жа­рияланып, ол елдегі аса күрделі эконо­микалық жағдай жылдарында жүзеге аса бастады, жаңа астананы жақтайтын уәждер елдің ішінен де, сыртынан да көп жағдайда сынға ұшырап жатты. Ал жанға жайлы Алма­тыны қалдырып кеткен мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің қиыр­дағы Ақмола­да құрқол қалу тәуекелі де басым болатын. Бүгінде бұрынғы барлық үрей мен қауіпті өмірдің өзі оңтайлы шешкен, ал Астана біздің жас мемлекетіміздің та­быс­­тарының нағыз рәмізі мен айқын көрсет­кішіне айналды. Барлық қазақ­стандық­тар, әсіресе, жастар өз астанасын мақта­ныш етеді, оны сүйеді, оған келуге тыры­сады, ал мұнда келген шетелдік қонақтар мен серіктестер оған таң-тамаша қалады. Осының бәрінің ту сыртында қазақстан­дықтардың талант­ты, тегеурінді еңбегі мен болашаққа өршіл мақсатты ұстанған жаңа астана тұрғызу үшін соңына халық­ты ерте білген Тұңғыш Президентіміздің қайрат­керлік ер