• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік: Бірлік және ынтымақ

11453 рет
көрсетілді

Халқымызда «Елу жылда – ел жаңа» деген сөз бар. Ал біз елдің жа­ңаруына, адам танымастай тү­леп-өркендеуіне небәрі жиырма жыл ішінде қол жеткіздік. Біздің Ота­нымыз – әлемнің дуалы ауыз саясаткерлері, өркениет төріндегі мем­ле­кеттердің басшылары, көр­нек­ті қо­ғам қайраткерлері жиі-жиі бас қо­сатын сыйлы да беделді ша­ңы­раққа айналды. Мұның бәрі, ең алдымен, Ұлт көшбасшысы Н.­Ә.На­зар­баев ұс­танып отырған сындарлы сая­сат­тың нақты жемісі. Елбасымыз әлем­ді таңғалдырған ел жетістіктерінің астарын «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіз­дігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды» деп ашып берді. Тәуелсіздік бастауы – ерлік дәстүрі Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көте­ре­тін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Азаттық аңсаған елдің сан ғасырлық мақсаты орындалды. «Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды. Елдіктің, мемлекеттіліктің барлық нышандары, белгілері орнықты. Кейбір сарапшылар «тәуелсіздік бізге Алланың берген сыйы», «егемендік оңай уысқа түсті» дегенді айтып жатады. Иә, біз өткен ғасыр соңында Кеңес Одағы аумағында орын алған дағдарыс жағдайында тәуелсіздікке ие болдық. Алайда, оған жету үшін ғасырлар бойы қаншама күрестер жүрді. Сансыз қан төгілді. Елім деп еңіреген әрбір қазақ елдіктің жайын, ел болудың қамын ешқашан ұмыт­пады. Сондықтан, Тәуелсіздік халқымыз үшін тосыннан пайда бола қалған үлес те, сый да емес. Тәуелсіздік ғасырлар бойы толастамаған айқастың, елім деп еңіреген ерлердің қаны арқылы келген жеңіс. Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен келген тарихтан – өз жерін жау табанына бастырмау, ұлын құл, қызын күң етуге жол бермеу, батырлық ержүректік, жауына қаталдық, досына адалдық, ұлтымыздың жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен. Дегенмен, әлемнің тоғызыншы территориясын сақтап қалып отырған қазақтың бойындағы қандай күш? Әр кезеңде орын алған қиын-қыстаудан жол тауып шығуға қанат бітірген қандай құдірет деген сұрақтар туындайды. Ең алдымен, осының бәрі ұлттың асқақ рухы­ның арқасы! Рухы биік халық қиынға қайыспады, ауырға мойымады. Қазақ халқы үшін ежелден «Азаттық», «Бостандық» ұғымдарының маңызы тіптен бөлек. Талай соғыс, зұлмат, нәубет кезеңдер болды. Жүз жылға созылған Жоңғар шапқыншылығы кезінде Жәңгір, Тәуке, Абылай хандардың басшылығымен ат үстінде ұйықтауға мәжбүр болған қазақ батыр­лары соңғы демі қалғанша жаумен жұлқысты. Халқымыз «ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұла­ма» заманында да мойымады, болашаққа деген үмі­тін жоғалтпады. Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымының тері кеппеді. Бертін келе атасы Абылайдан қалған Ақ туды қолына алған қазақтың соңғы ханы Кенесары халқын бодандық қамытынан құтқару үшін атқа қонды. Бостан күндер бастан ауып, бодан күндер басқа түскен кер заманда да еркіндік пен елдіктен ешуақытта үмітін үзбеді. Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді. Ондаған жылдар бойы жау қолынан қаза тапқанша рухы асқақ есіл ер арыстандай арпалысты. «Ер қонысынан айырылса, ел ырысынан айры­лады» дейді дана халқымыз. Өткен ғасыр басында Ресейдің бодауына түсіп, санасы сарсылған, ерік-жігері жаншылған қазақ халқын дербес ел етуге ұмтылған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары басын бәйгеге тікті. Қазақтың басын біріктіріп ерікті ел болуын көксеп, бойларындағы бар қасиетін, ақыл-ойын, өнер-білімін, жігер-қайратын, бүкіл саналы өмірін қазақ халқы мен алашқа арнаған халқымыздың нар тұлғалары ақтық демі қалғанша тәуелсіздік үшін күресті, өздерінің жандарын ұлы күресте құрбан қылып, бүгінгі егемен елдің негізін қалауға өз үлестерін қосты. Олар келер ұрпаққа қиыннан қиып жол салып, еркіндіктің отын өшпестей тұтатып кетті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Алаштың» басты мақсаты – қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді… Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көте­руді табыстап кетті… Алаштың асыл амана­ты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қа­рапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақы­рады» деген сөзі Алаш арыстары атқарып кеткен еңбектің мән-мазмұнын айқын көрсетіп отыр. Халқын, өз ұлтын жан-тәнімен сүйген, елді еркіндікке жеткізем деп арпалысқан Алаш көсем­дерінің саналы ғұмыры бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтың ержүрек батырлары жауынгер бабаларымыздың даңқты жолын лайықты жалғастыра білді. Олар қазақтың қайсар мінезді, рухы биік батыр халық екенін дүние жүзіне дәлелдеп берді. Арын – байрақ, намысын найза еткен Нүркен, Талғат, Бауыржан сынды батырлар қазақ елінің қаһармандығын аңызға айнал­дырды. Қазақ оғландары Ұлы Жеңіске зор үлес қосты. Бабалардың бостандық аң­сап атқа қонған ұлы ерлігін Алматыда Алаштың өр мінезді ұл-қыздары Желтоқсан көтері­лісінде жаңғыртып, жаңа са­ты­ға көтерді. Желтоқсан көте­рі­лісі кеңестік империяның ша­ңырағын шайқалтып, керегесін күйретті. Ғылымда «Дәстүрлер са­бақ­тастығы» деген ұғым қа­лыптасқан. Сексен алтыншы жылғы көтеріліс кезінде көк түрктің қара шаңырағы бол­ған қазақ жерінде Алаш жас­тарының бойынан буырқанып шыққан бұла күш, бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныс ең алдымен, ер жігіттің бойына ананың ақ сүтімен таралған ерлік дәстүрінің арқасында жүзе­ге асты. Жүсіп Баласағұн бабамыздың: «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла. Өз пайдаң соның ішінде», деген сөзін басшылыққа алған Алаш жастары кеңестік санаға төңкеріс жасады. Желтоқсанның зары санамызға өкініш, көңілі­мізге қаяу ұялатқанмен, бастысы – ТӘУЕЛСІЗДІК, ЕЛДІК мұратын мәңгі мұра етіп қалдырған, бодан­дықтың өзегіне шабылған соңғы соққы болды. Ерлік пен Елдік қасиетіміздің өзара тығыз бірлігі ұрпаққа – ұран, ұлтымызға ұйытқы бола берері анық. Бізді бұл күнге дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар – ел мен жер үшін соғыстар, ұлт-азаттық көтерілістер, ерлеріміздің қандай да болмасын ауыртпашылықты көтере білген, жасымайтын асқақ жігерлі рухы, қайтпайтын табандылығы – бүгінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуға тиіс. Елдің тұтастығы мен тыныштығы – өмірін сарп еткен ерлер мен батырлардың өлшеусіз ерлігінің, асқақ рухының арқасында келді. Бұл қасиетті ерлік шежіресі – бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы.

  Тәуелсіздік және Елбасы

Алып Кеңес Одағы тарағаннан кейін оның орнында пайда болған мемлекеттердің барлығы ортақ дағдарысты басынан кешірді. Қалыптасқан орталықтандырылған жүйе ыдырады, зауыт-фабрикалар күйреді, балабақшалар мен мектептер, спорт ғимараттары мен мәдениет орталықтары жабылды. Экономика күрделі жағдайға тап болып, халық күйзеліске ұшырады. Жұрт бойында ертеңгі күнге деген сенімсіздік пайда болып, үрей биледі. Ел аумағында халық арасында бүлік салуға тырысқан түрлі ұйымдар бас көтере бастады. Осы бір «қарағай басын шортан шалған» кезеңде Елдікті, Егемендікті сақтап қалуды, алды­мен соны иеленуді, татулықты, бірлікті тегеурінді тірек ету – Отандық, мемлекеттік биік дәрежеде ұстап тұру Елбасы үшін сын болғаны баршаға мәлім. Елбасы Н.Назарбаев қиындыққа мойымады. Өзінің табиғи дарындылығы мен көрегенділігінің арқасында бар күш-жігерін жас мемлекеттің еңсесін көтеруге, даму көшін түзетуге бағыттады. Тарихта ұлы тұлғалар аса маңызды оқиға­лар мен өте күрделі бетбұрыс кезеңдерде айқын көрі­нетіні белгілі. Өйткені, олар белгілі бір тарихи дамулардағы ірі өзгерістерге белсене қаты­наса отырып, оқиғалардың даму барысының жетегінде кетпейді, керісінше, өзгерістердің оң бағытта дамуына бақылау жасап, оқиғалар барысына, өрбу бағытына өзіндік жеке, шешуші рөл қосады. Олардың қоғам дамуына қосқан үлесі неғұрлым ауқымды, неғұрлым терең болса, соғұрлым олардың есімі халықтың тарихи санасында өшпестей болып сіңіп, уақыт өте ұрпақтар алдында биікке көтеріле береді. Қазақ халқының тарихында осындай адамның бірі де бірегейі Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев екендігі даусыз. Қазақ тарихында маңызды рөл атқарған «Қа­сым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жо­лының» ізімен Елбасы, Тәуелсіз Қазақстан жағ­дайында «Нұрсұлтанның нұрлы жолының» негізін қалады. Бұл жол – ең алдымен қоғамдық тұрақ­тылыққа бағытталған жол. Бұл жол – азаматтар ара­сындағы ынтымақ пен татулыққа негізделген өне­гелі бастау. Бұл жол – әлемнің барлық түк­пірінде бейбітшілік пен келісім идеясын орнық­тыруға арналған қайнар көз. Бұл жол – Қазақ­станды болашақ өркендеу, қуатты ел ету сынды мақсатқа жетелеген бірден-бір тура, ең дұрыс жол. Аллаға шүкір, ата-баба арманы орындалды! Елі­міз бағытын түзеді,  бірлігін, ынтымағын арт­тырды, абыройын көтерді. «Қазақстан» атты алып кемені шайқалтпай басқарып, оны әлем төсімен нұрлы болашаққа, кемел келешекке, жарқын көкжиекке жетелеген Елбасы мен Тәуелсіздік егіз ұғымға айналды. Елбасының: «Енді біздің ел атқа қонды: дүйім дү­ниенің қандай дүбірлі додасына тайсалмай түсіп, кім-кіммен де жалтақсыз жарысатын бо­лады», деген сөзіне сәйкес байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты. Бүгін Қазақстан – өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын елге айналды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пікіріне әлем саясаткерлері ықылас қоятын болды. Тәуелсіздікке қол жеткізу де, оны ұстап тұру да оңай емес. Бұған үлкен қажыр-қайрат, сонымен қатар, кемел ақыл-парасат та қажет. Осыған ұйыт­қы болар тұлға қажет. Тәуелсіздікке тірек болар негізгі тұғырларды түгендей алатын нағыз ұлтжанды азамат қажет. Мемлекет тұтастығына, ел бірлігіне ұйытқы болар елім деп еңі­ре­ген ер қажет. Міне, тәуел­сіздік тұғырларын бекітуге ұмтылған, елге халқын өрге сүйрей алатын басшы керек болды. Тәжірибесі кемшін, даму жо­лының өнегесі болмаған жерде тәуелсіз мемлекет ор­на­туды қолға алу тоқсаныншы жыл­дардың биігінен қараған­да көзсіз ерлік болатын. Қалың елдің ішінен суырылып шы­ғып, жауапкершілікті мойнына алған, өз тағдырын елінің тағ­дырына, келешегіне арнаған, халықтың үзілуге шақ қалған үмітін жалғаған ардақты азамат – халқының біртуар перзенті Н. Назарбаев болды. Ел мен жер үшін шешуші сәт туғанда Елбасы даналы­ғымен, батылдығымен, пара­са­ттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білді. Халықтың басын қосып, ха­лық мүддесі жолында, табандылығын да, тап­қырлығын да таныта білген Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқының күшін тасытты, мәртебесін көтерді, қазақ елін іргелі елге айналдырды. Жиырма жылдық мерзім ішінде елімізде кең көлемді мемлекеттік түбегейлі өзгерістер орын алды. Жаңа мемлекеттік жүйе қалыптасты. Қуатты қарулы күштер пайда болды. Ұлы державалармен шекарамыз бекітілді. Тәуелсіздігімізді жариялаған­нан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Дүниежүзінде бірінші болып атомнан бас тарту, Арқа төсінде айшықты жаңа елорда салу, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету, ғаламда басы бірікпей келе жатқан әртүрлі дін өкілдерінің басқосуын ұйымдастыру, Қысқы Азия ойындарын өткізу және күллі Ислам ұйымы конференциясына төраға болу сынды белестер бүгінде елімізді әлемге танытты. Бұлардың бәрі – ең алдымен Елбасының көреген саясатының арқасы. Осы ретте мені жеке таң қалдыратын бір жағ­дайды айтып өткім келеді. Тәуелсіздікке ие болған жиырма жыл ішінде еліміз – Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жеткеніне қарамастан, әлем мойындаған жедел дамушы ел ретінде мойындалғанына қарамастан Елбасының ешқашан босаңсымауы, өзін-өзі жаныған тұлғалық ұмтылысы оған деген құрметті тек қана арттыра түседі. Елбасының: «Тәуелсіздік – тарихтың мәң­гіге берген еншісі емес, халықтардың мамыра­жай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал», деген сөзі барша­мызға қосымша күш беріп, ел дамуы жолындағы міндеттерді аянбай атқаруға бастайды. Нұрсұлтан Әбішұлының және бір ерекше қа­сиеті – оның жаңашылдығы, прагматизмі, көре­ген­дігі. Егемендіктің алғашқы жылдарында өзге Достастық елдері жағдайды қалай жақсартуды, экономиканы қалай көтеруді білмей отырғанда, Елбасы нарықтық реформаларды қолға алды. Бар­лық мемлекеттік нысандарды, ауылшаруашылық жерлерін жеке меншікке беріп, дағдарыстан шы­ғудың қамын қарастырды. Дамыған, өркениетті Батыс елдерін Қазақстан­ға инвестиция салуға шақырды. Елбасының жеке бе­делінің және жүргізіп отырған бейбіт саяса­ты­ның, Қазақстанда орныққан тұрақтылық пен ауыз­біршіліктің арқасында елімізге инвесторлар ағыл­ды. Өндіріс ошақтары қалпына келтірілді. Елбасы шетелдік тәжірибе мен білімнің пайдасын тез ұғып, талантты жастарды «Болашақ» бағдарламасымен шет мемлекеттерге аттандыруды қолға алды. Бүгінгі таңда сол жастар мемлекеттік маңызы бар компанияларда, мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, ел дамуына сүбелі үлес қосуда. Тоқсаныншы жылдардың басында Елбасы алғаш рет Еуразиялық кеңістік одағы туралы идея айтып, оның жалпыға пайдасын нақты негіздеп бергенде, бірқатар көрші елдер оған күмәнмен қараған еді. Қазір Ұлт көшбасшысының сол салиқалы бастамасы Достастық елдері аумағында күн тәртібінен түспей, көрші мемлекеттердің нақты мақсатына айналып отыр. Айта берсек, мұндай мысалдар жеке бір кітаптың әңгімесі. Осы ретте Елбасы туралы Ұлыбританияның экс премьер-министрі Маргарет Тэтчер ханымның: “Тәуелсіздік алған сәттен бастап Сіздің көре­гендік саясатыңыз елді бостандыққа апаратын жолға алып шықты. Пессимистер, бәлкім, сіздің еліңіздің этностық және діни әрқилылығы ұлттарды жанжалдастырмай қоймайды, сөйтіп, Қазақстанды әлсіретеді деп үміттенген болар. Алайда бәрі керісінше болып шықты. Қазақ­стан өзінің әралуандығының арқасында гүл­деніп келеді және өзінің әралуан дәстүрлер мен діни сенімдерге байлығының арқасында қуа­тына қуат қосуда. Сіздер басқаларға үлгі болдыңыздар”, деген сөзі Мемлекет басшысының жетістіктерін нақты көрсетеді.

  Бірлік пен ынтымақ – тәуелсіздік тұтқасы

  Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігін сақтау. Билікті қолына алған сәттен бастап осыны саясатының туы етіп ұстап келеді. Бізге ең алдымен ынтымақ, бірлік, елдің тыныштығы керек еді. Кикілжіңге, қақтығыстарға жол бермеу басты мақсат болатын. Әлемде дау-жанжалдан босамай, түрлі шиеленіс-қақтығыстар ошағына айналып отырған елдер де аз емес. Билікке таласып, өзге тыс күштердің ықпалы мен ынтымағы кері кеткен елдер де жеткілікті. Ал Елбасының да күні-түні ойлайтыны – халықтың, елдің тыныштығы, жердің бүтіндігі. Елбасының тікелей бастамасымен, еліміздегі береке мен бірліктің мекені Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Қазіргі таңда тегі әртүрлі, мақсаттары ортақ мыңдаған Қазақстан азаматтары Ассамблея қанатының астында ел алдына қойылған ортақ мақсаттарды қызу іске асыруда. Тағдыр әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін қазақтың дарқан даласына қоныс тепкізді. Аузын ашса жүрегі көрінетін кең пейілді қазақ халқының ыстық мейірімінің арқасында тағдыр тәлкегіне ұшыраған көптеген өзге ұлт өкілдері ұрпағын, қасиетті шаңырағын сақтап қалды. «Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыз­дықта» деп бекерге айтылмаса керек. Бірлігі жарасқан елдің босағасына береке ұялайтыны бесенеден белгілі. Елбасы Қазақстан халқын «...жұм­ған жұдырықтай бірліктің арқасында ал­май­тын асу, жеңбейтін кедергі болмайтынына» сендіріп, еліміздегі сан түрлі этнос өкілдерін қоғамдық ұйысуға, жарасты ынтымаққа бастады. Елбасы алғаш Ассамблеяны құру туралы Жар­лыққа қол қойған күннен бастап, аталған ұйым Қа­зақстанның қоғамдық-саяси өмірінің бел орта­сынан көрінді. Маңызды мемлекеттік шешімдер мен Елбасы бастамаларына қолдау көрсетіп, мемлекеттік мүдденің жүзеге асуын қамтамасыз етті. Егемендікке ие болған алғашқы жылдардағы елдің басты құжатының бірі «Қазақстан-2030» стра­тегиялық жоспарынан бастап кешегі, халық арасында қызу талқыға түскен Қазақстанның Ел бірлігі Доктринасы сияқты қоғамды алға сүйреуші маңызды құжаттар да Ассамблея сессиясында бекітілді. Еліміздің бүгінгі жетістіктері – Президенті­міз­дің жүргізіп отырған парасатты да көреген сая­сатының, көпэтносты Қазақстан халқының жарас­тығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыз­дың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық орта­сында іргелі елге айналуы бірліктен, ынты­мақ­тан бастау алады. Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің қоғамға қажеттілігін, ел дамуына ауқымды үлес қоса алатынын өз істерімен дәлелдеді. Елдіктің, бірегейлік пен тұтастық ұйымы екендігін танытты. Шетелдік белді де беделді мемлекеттер Қазақстан халқы Ассамблеясы идеясын адам баласының тарихын­дағы және әлемдік қауымдастық арасында адами тұрғыдан ең асқақ идея екендігін мойындады. Қазіргі таңда, Ассамблея «ұлт» ядросы, этнос­тық топтардың мәдени-рухани өзегі, елдік мүд­демізді қорғаудың, мемлекеттілігімізді нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қалыптасты. Қазақстан халқы Ассамблеясы жас ұрпақ бойын­дағы отансүйгіштік қасиеттерін дамыту, мемлекеттік тіл аясын кеңейту бағытында нақты іс-әрекеттер жасап, қоғам тұрақтылығын нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бейнелі сөзбен келтірсек, тәуелсіздік – киелі ұғым. Оны өмірдің соншалықты қымбат екенін түсінбеген, жығылып қайта тұрмаған, өкпесі тарылып жазира даласының жұпар ауасын аңсамаған, самал желге сағынышпен бетін тоспаған қазақ қана терең түсініп, қымбат бағалай алмайды. Олай болса, тәуелсіздігіміздің мерекесі қарсаңында атқарылар игі істер жас ұрпаққа төл тарихымызды таныта отырып тәрбие­леу болмақ», деп нақты айтқан болатын. Осыған орай, Ассамблеяның маңызды бағыттарының бірі, азаматтардың отансүйгіштік қасиеттерін дамытуға үлес қосатын негізгі фактордың бірі – мемлекеттік тіл болып табылады. Қазақстанда тұрып жатқан этностардың арасында мемлекеттік тілдің мәрте­бесі бүгінде еш күмән келтірмес негізгі қағида ретінде мойындалған. Қазіргі таңда, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос жастарының саны артып, қазақ тілді мектепке баласын оқытуға ниеттенген ата-аналар көбейіп отыр. Өзбек, ұйғыр, тәжік мектептерінің оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін қазақ мектебінің бағдарламасымен оқып жатыр. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында артқа көз тастасақ, көптеген жетістіктерге жеткенімізді байқаймыз. Алайда, ел азаматтарына, әсіресе жастарға айтар ой – біз ұлт ретінде оянып, интеллектуалдық серпіліс жасауымыз керек! Бұл – ұлттың алға қарыштап қадам басуының, серпіліп жаңа көкжиектерге ұмтылуының негізі мен кепілі. Тек қана жаһандық деңгейдегі ұлы міндеттер мен мақсаттарға ұмтылған ұлттар ғана жеңіске жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілеттілікке бет түзеу ұлт рухының ең маңызды міндетіне айналуы шарт. Қазақстанның әрбір азаматы мұны жақсылыққа, байлыққа, ақылдылыққа ұмтылыс деп танып, туған елінің гүлденуіне қолдан келгеннің бәрін істеу қажет деп сезінуі керек. Әрбір адам өз бойындағы осы қасиеттерді дамытуы шарт, олар жеңіс рухының өз ғұмырының, қоғам мен мемлекет өмірінің бір бөлшегіне айналуына бар күш-жігерін сарп етуі тиіс. Иә, бізге болашағымызды дұрыс болжап, әлеуетті елге айналу үшін тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабілет керек, ең бастысы – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен ауызбіршілік керек. Әлем тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Махатма Гандидің: «Дүниені өзгерту үшін өзіміз өзгеруіміз қажет», деген ойлы сөзі бар. Өрке­ниетті, көшбасшы елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатындағы іс-қимылды әр азамат өзінен бастауы қажет. Егер әрбір азамат мүддесі мемлекет мүддесімен ұштасып, ел бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етсе, Қазақстанның алмайтын асуы, бағындырмас биігі болмайтынына сенімдімін. Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары.