• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Маусым, 2018

«Домбыра – қазақтың тарихын жазып шыққан аспап»

2023 рет
көрсетілді

Орал қаласында тұратын Едіге Нәбиев ағамыздың тағдыры «қызық». Ресейде дүниеге келген. Туған жерінде орыс мектебін, кейін Орал пединститутының денешынықтыру факультетін бітірген. Жеңіл атлетикадан Орал облысының чемпионы. Кезінде Алматыда көп жыл Қазақ КСР-інің Олимпиадалық резерв орталығында жаттықтырушы-әдіскер болып қызмет еткен. Е. Нәбиевпен арадағы әңгіме ...домбыра жайында өрбіді. Оның себебі де бар. 

– Ресейде туды дейсіңдер-ау, мен туған жер Астрахань өңірі әлі күнге дейін қалың қазақтың құт бесігі болып отыр. Әйгілі Дина Нұрпейісова Алматыға аттанғанға дейін тұрған жері Володар ауданындағы Диановка 

ауылында әлі күнге дейін бір орыс жоқ. Белгілі күйші Ерғали Есжановтың тұрып, қайтыс болған Камызяк (Құмөзек) ауданының Лебяжье (Аққулы) ауылында да ылғи қазақ отыр. Күй атасы Құрманғазы жатқан Алтынжар ауылы да осы өңірде. Динаның төл шәкірті, Құрманғазының домбырасын жеткізген Ыбыр Досалиевтің қабірі де Алтынжардан қашық емес, Корни деген селода жатыр. Мен 1949 жылы Харабали (Қарабайлы) ауданының Бас­ты деген ауылында тудым. Бұл – Алтын Орданың астанасы болған Сарай Бату шаһарының орны. Астраханьдағы Кремль осы шаһардың кірпішінен қа­лан­ған. Осы ауылымыздың өзінде Қарамұрат деген кісі болды, өзіне домбыра жасап алған, мықты домбырашы еді. Мақу де­ген домбырашы болды, бір ауылда тұр­дық. 1964 жылға дейін біз қазақ мек­те­бін­де оқыдық. Ол жақтағы өзен-көл­дердің, жер атауларының бәрі қазақ­ша. Сондықтан қазақылыққа, әсіресе домбыра, күй өнеріне уызымнан жарып өстім деп айта аламын, – дейді Едіге ағамыз. 

Шынымен де Едіге Нәбиевтің туып-өс­кен өңірі қазақ күйі, домбыра өнері ерекше дамыған, дәстүрі қалып­тас­қан ерекше аймақ болыпты. Оны жоға­ры­да айтылған күй өнерінің кори­фей­лерінің есімінен-ақ біле беріңіз. Айтпақшы, белгілі тентек күйші Сейтек Оразалыұлы да осы өңірден, қабірі Едіге ағаның ауылынан 60 шақырым көрші елді мекенде жатыр. Кейіпкеріміздің өз әкесі Қуанғали Нәбиев те мықты домбырашы, жыршы-термеші екен. Белгілі күйші «Тесік тамақ» Сабыр Мұқатовпен за­ман­дас, бірге өсіп, бірге жүрген, дос-жар болған. «Тесік тамақ» Сабыр кім?» десеңіз ол Орал облысының Жаңақала ауданы Новая Казанка (қазіргі Жаңақазан) ауылындағы жетімдер үйінде Шамғон Қажығалиев, Сұлтанғали Лұқпанов сияқты өнер тарландарына күй үйретіп, Азғырдағы Киров атындағы орталау мектепте домбыра үйірмесін ұйым­дастырған. Белгілі күйші Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина, сондай-ақ ақын Жұмекен Нәжімеденов дәл осы Сабыр Мұқатовтан сабақ алған екен. Міне, осындай майталмандар жүрген өлкеде, өнерлі шаңырақта туған Едіге Нәбиев қайдан осал болсын?!

– Кішкентайымнан домбыраға ерекше құмар болдым. Ол кезде домбыра қат, ерекше мүлік саналады. Әкем мықты домбырашы әрі жыршы еді. Ығылманның «Исатай-Махамбет» дас-

танын сан түрлі әуенге салып айтатын. «Сындырып тастайсың» деп домбыраны кішкене балаға бермейді, төрде ілулі тұрады. Сол кездері біздің үйде екі домбыра болды: бірі Қасайын деген жергілікті шебер ойып жасаған қайың домбыра, екіншісі 1949 жылы жасалған, мен туған жылы әкеме қарындасы сыйлаған құранды домбыра еді. Әкем Қуанғали домбыраны солақай тартатын, үлкен ағам Сыдиық та күйші, оңқай еді. Екі домбыра екі түрлі күйде тұратын. Бұл сол кездері үлкен байлық саналатын. Тым кішкене кезімде домбыраны бермесе, ауырып қалатынмын. Анамнан оқтау сұрап алып, күйдің әуенін «аузыммен орындап», сабалап отырады екенмін, – деп еске алады Едіге аға. 

Бір қызығы, домбыраның қаттығы, аспапқа мұқтаждық Едіге ағаның бо-

йында жаңа бір өнердің көзін ашыпты. Үлкендерден тығылып тартып жүрген домбыраны сындырып алып, қайта жөндеп, ауылдағы ақаулы аспаптарды қалпына келтіріп жүріп, кәдімгідей шеберге айналған. Көп жыл кейін домбыра жасаушылардың халықаралық «Үкілі домбыра» байқауында екі мәрте жүл­дегер болуы кейіпкеріміздің бұл салада да қара жаяу емес, айтулы маманға айналғанын көрсетпей ме?

4 сыныптан бастап ән айтып, күй тар­тып сахнаға шыққан Едіге Нәбиевтің өмірі 1966 жылы күрт өзгерді. Сол жы­лы мектеп бітірген жас түлек Алматы консерваториясына түсуге тал­пынған. Бірақ музыка мектебін бітір­ме­ген балалар бір жыл бойы дайындық кур­сын оқуы тиіс екен. Таныс, туысы жоқ алыс қалада оқу оқып әрі күн көру жас жігітке мүмкін болма­ды. Амал жоқ, жақын жердегі Орал қаласына, сол кезде жаңадан ашыл­ған спорт факультетіне құжат тап­сыр­ған. Сөйтіп Едіге Нәбиевтің өмірі мүлдем басқа арнаға түсіп кете барды... 

– Бірақ домбыра бір сәт те жанымнан қалмады. Батыс Украинада әскерде болған кезде де гитараның екі шегімен күй тарта беруші едім. Жұмысым, қыз­ме­тім, жүрген ортам өнерден алыс болса да, үйге келгенде қара домбырам қолымнан түспеді, – дейді Едіге аға. 

Әрбір істің бір қайыры бар ғой. Кейіпкеріміздің жақын досы, белгілі күйші Тұяқ Шәмелов: «Едіге, сенің консерватория оқымағаның қандай жақсы болды! Әйтпесе біз сияқты болып шығасың ғой. Сенде қазақтың дәстүрлі күй өнері сақталған, ешкімге еліктемейсің, сонымен мықтысың!» дейді екен. Шынымен де бүгінде өнер зерттеушілері, музыка мамандары ел ішіндегі қаймағы бұзылмаған дәстүрлі күйшілерді іздесе, оралдық Өтеген Жұмашев, Едіге Нәбиев, Ермек Қазиев­тер­ді алдымен ауызға алады. Едіге аға былтыр ғана Астана қаласында өткен халықаралық «Астана-Арқау» дәстүрлі түркі музыкасы фестиваліне арнайы шақырылып, өнер көрсетті. 

Жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленгені мәлім. Осы жаңалықты айтып Едіге ағамызбен қуанышымызды бөлістік.

– Қазақ үшін домбыраның орны бөлек қой. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деген рас сөз. Өз басым «Домбыра – қазақ тарихын жазып шыққан аспап» деп санаймын. Домбыра күйінде, жыр-термелерде қазақтың бүкіл тарихы бар. Қазақ пен домбыра – егіз. Мен қобызды онша ұната бермеймін, оның бақсылық қасиеті бар, қобызбен адамға жақсы да, жаман да әсер етуге болады. Ал домбыраның ды­бы­сынан адамға еш зиян келмейді, тек шипа береді. Домбырадай аспап жоқ! Домбыраны қалай насихаттасақ та ар­тық болмайды. Сондықтан жаңадан пай­да болған атаулы күнді қуанышпен қабылдадым, – дейді Едіге Нәбиев.

Едіге аға бүгінде домбыра жасаумен кәсіби түрде айналысады. Сонау 1960 жыл­дары жоқшылықтан басталған өнер бара-бара кәсіби құштарлыққа ауысқан. Ауылда жүріп дүкенде сатылатын қа­дімгі сызғыштардан құрап, алғашқы домбырасын өмірге әкелген ол кейін Алматыда қызмет ете жүріп, консерватория шеберханасындағы Мұса Әділов деген шеберден домбыра жасаудың техникасын кәсіби түрде меңгеріпті. Бағзы дәстүрлі күй өнерінің әуені құлағында қалған шебердің аспапқа деген талабы ерекше. Әр домбырасын асықпай, жанын салып жасайтын шебер домбыраны қарапайым жансыз бұйым деуге қарсы.

– Домбыра бала күнімнен серік болса да мен түсінбейтін жұмбақ сыры көп. Өз басым оны жаны бар, құпия сырлы серігім деп санаймын. Кейде көңіл күйім болмай, 2-3 күн ұстамай қалсам, үйдегі домбырам кәдімгідей «өкпелеп» қалады. Дауысы шықпай, күйі келмей әуре етеді. Ақырын сипап, мәпелеп отырып әрең тілін табамын. Біреу сенер, біреу сенбес, бірақ кө­зім жеткен анық нәрсе осы, – дейді домбырашы. 

Домбыраның түрлі қызығын кейіп­ке­ріміз айтып тауыса алмайды. Мысалы, бір ағаштан бірдей тәсілмен жасалған домбыра бір-біріне ұқсамай шығады. Әрқайсысының өз мінезі, өз ерекшелігі бар. Кейде ең таңдаулы, қымбат материал-

дан ғажап аспап жасауға тырысады-ау, бірақ ойлағандай шықпайды. Ал кейде қарапайым қарағайдан жасалған аспап­тың «сөйлеп тұратыны» бар. Аспап­тың қасиеті тапсырыс берушіге де байланыс­ты. Тапсырыс бере салып асықтыратын жан­дарды Едіге аға ұнатпайды. Ол бір дом­быраны 1,5-2 ай ішінде асықпай жасай­ды екен. «Осы кезге дейін қолымнан 150-200 домбыра шыққан шығар. Соның 50-60-ы ғана өз көңілімнен шықты, нағыз өнер туындысы деп айта аламын», дейді ол.

Шебер Едіге Нәбиевтің қолы­нан шыққан аспаптарды күйші Тұяқ Шәмелов жақ­сы көріпті. Бірнеше дом­бы­ра­сын ал­ған. Бүгінде бел­гі­лі дом­бы­рашылардың біразы Едіге­нің домбырасын ұстап жүр. Респуб­ли­калық күй сайыс­та­рында үш мәрте Гран-при бәй­гесін жеңіп алған домбырашы Жасұлан Зинеденовтің де қо­лын­да Едіге Нәбиев жасаған аспап жүр. 

– Көптен бері тек өзім жасаған домбырадан басқа аспапты ұстай алмаймын. Менің домбырамда ою-өрнек жоқ. Домбыраға өрнек емес, дыбыс керек. Қазіргі домбыра жасаушылардың көбі конвейерлік сипатқа көшті. Сапа емес, сан қуған жерде нағыз өнер аспабы тууы қиын ғой. Оның үстіне Қазақстанда сапа­лы ағаш та қат. Шетелден, қымбат бағаға сатып аламыз. Өз басым Дина ше­шейден жазып алынған күйлерді тың­дап, қазақы домбыраның баяғы қоңыр үнін іздеймін. Ондай дыбыс шығара ал­май жүрміз біз. Сол үшін түрлі экспериментке де бардық. Домбыраның дыбысы таза шығуы ішегіне де байланысты. Қазір баяғы қой мен ешкінің ішегі жоқ. Медициналық отаға пайдаланатын жгуттен салып көрдім. Бірақ оның жуандығы келмейді. Әке-шешем домбыраның ішегін үйден жасайтын. Әттең, сонда ішекті қалай өңдейтінін үйренбей қалыппын. Иіріп, керу, кептіру әдіс­терін білемін, өңдеуін үйренбей қал­дым. Енді сұрайтын да адам жоқ, – дейді шебер. 

Дегенмен Едіге аға Оралдағы ниеттес әріптестерімен бірге дәстүрлі қазақ дом­бырасының үлгісін жасауды жоспарлап жүр. Табиғи шикізат, қой мен ешкі ішегі тағылған, қақпағы лакпен сырланбаған, дыбысы ішінен шығатын аспап жасау – кейіпкеріміздің ендігі арманы.

– Қазір күйді түсініп тыңдайтын адам да азайды. Ақын Қайрат аға Жұмағалиев Өтеген Жұмашев екеумізді үйіне ша­қы­рып алып, сағаттап күй тарт­қы­затын. Жа­рықтық ара-арасында жылап алушы еді. Енді ондай тыңдаушы жоқ қой. Ор­та жоқ, өзім де бүгінде оңаша күй ке­шіп қалдым, – дейді кейіпкеріміз қоштасарда...

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»