• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Маусым, 2018

Қант қызылшасы – табыстың қайнар көзі

11175 рет
көрсетілді

Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы барған сайын кеңейіп келеді. Оның ішінде отандық тұқым шаруашылығын оңтайландырып арттыруға да айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл жағынан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тарапынан тиісті орындарға жүктелген тапсырмалар ұшан-теңіз. Осы бағытта қант қызылшасына ерекше назар аударыла бастады. Енді осы бір мән-маңызы зор мәселені ғылыми тұрғыдан таразы талқысына салсақ, талай жайларға қаныға түсеміз.

Әлемдегі қант нарығына үңілер болсақ, қант негізінен қант құрағынан және қант қызылшасынан алынады. Қант құрағының өндірісі жылына 1,4 млрд тоннаны құрайды. Ал қант қызылшасының үлесі – 270 млн тонна. Ең ірі қант құрағынан өнім өндірушілер сапында Бразилия, Үндістан, Қытай, АҚШ сынды алпауыттар бар.

Енді Қазақстандағы қант қы­зылшасы өнеркәсібінде күрделі өзгерістер болды. Осы заманғы аграрлық қарым-қатынастағы елдердің даму барысына талдау жасау Қазақстанның агро­өнеркәсіп кешенінің ары қарай дамуы мемлекеттік қолдаудың тиім­ділігі және қант зауы­ты төңірегіне топтасқан коо­пе­ра­­тивтік бірлестіктерді құ­ру арқылы инновацияны ен­гізуге тең дәрежеде ың­ғай­лы жағ­дай жасай отырып, бә­секеге қабілеттілікті арт­тыруға жұ­мылдырылуы керек екендігін көр­­сетеді. Республикада қант қызылшасын өсірген жыл­дардағы егістік алқабының ең жоғарғы көлемі 80,8 мың гек­тарға жетіп, орташа өнімділік әр гектарына 270 центнерді құ­раған еді. Бұл ретте қызылша ауыспалы егістігі айналымын игеру үшін 213,5 мың гектар суармалы жер пайдаланылды. Осының арқасында өнімділік жөнінен ең жоғары нәтижеге 1972 жылы қол жеткізілді. Сол жылы 73,1 мың гектардың әр гектарынан 338 центнерден тәтті түбір жиналып, мемлекетке 2349,5 мың тонна қант қызылшасы өткізілді. 1976 жылы Талдықорған облысының Киров және Талдықорған аудандарынан тиісінше 366 және 375 центнерден өнім алынды. 2004-2014 жылдары елдегі қант қызылшасы алқабы 22,3 мыңнан 1,2 мың гектарға қысқарды. Ал қант қызылшасы – елімізде қант алуға арналған негізгі шикізат, оның өндірілу деңгейі елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне тіке­лей әсер етеді.

Қазақстанда қызылша өсі­руді қайта дамыту үшін үлкен мүм­кіндіктер бар. Табиғи-кли­маттық жағдай бұл дақылды Алматы облысының 10 ауданында (Алакөл, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қаратал, Көксу, Сарқанд, Талғар), Жам­был облысының 5 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қор­дай, Мерке) және Түркістан облысының 4 ауданында (Мақтарал, Отырар, Сарыағаш, Шардара) өсіруге мүмкіндік береді. Әрине бұл ретте өнімділіктің, өнімнің сапасы мен шығын көлемінің ай­тар­лықтай әртүрлі болары анық. Өткен жылдардағы қант қызылшасын өсірудің тәжі­рибесі республикада суармалы жердің әр гектарынан 400 центнерден, тәлімді жерден 200-250 центнерден тұрақты өнім алуға болатынын көрсетеді.

Қазіргі кезде Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдар­ламасы жүзеге асырылуда. Ол бойынша 2021 жылы қант қызылшасы алқабын 32 мың гектарға дейін жеткізу, өнім көлемін 1,0 млн тоннаға өсі­ру жоспарланып отыр. Осы ар­қылы ішкі нарықты отандық шикізаттан алынған қантпен толтыру, импорттық шикізатқа тәуел­ділікті төмендету, қант қы­зылшасын өндіретін шаруа­шылықтарға жұмысын алға бастыру үшін қолдау жасау белгіленгенін де атап айтуымыз керек. Елдегі жыл сайынғы қантқа сұраныс – 400 мың тонна. Сарапшылардың есебі бойынша Кедендік одақ елдерінде тәтті түбірдің жаңа жиналымынан 5,3 млн тонна қант өндірілген. Бұл Кедендік одақ елдерінің жыл ортасына дейінгі тұтыну талабын өтеуге, артылғанын экспортқа шығаруға жетеді.

Алматы облысында қант қызылшасын өсірудің қайта қар­қын алғаны қуантады. Облыста 2016 жылы оның егістігі 6,8 мың гектарға ұлғайды. Әр гектардың шығымдылығы орта есеппен 376 центнерден айналып, жалпы 250 мың тоннадан астам тәтті түбір алынған. 2017 жылы 380 центнерден алынды. 2021 жылға қарай облыста бұл дақылдың егіс­­тігін 15,0 мың гектарға жет­кізу көзделуде. Осы жылдары өнім дайындау көлемін 580 мың тоннаға дейін өсіруде жоспарланып отыр.

2016 жылдан бастап «Жеті­су» ӘКК-сі инвесторларды тарта отырып, он жылға жуық тұ­рып қалған «Ақсу» қант зауы­тын қайта қалыпқа келтіру жұмыс­тарын жүргізді. Оған 6 млрд теңгеден артық күрделі қаржы бөлініп, соның арқасында 2017 жылдың күзінде өндіріс іске қосылды. Зауыт 60 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, оны өңдеді.

Бүгінгі таңда қант қызыл­шасын өндіру технологиясының арнаулы ауылшаруашылық техникаларымен толық жарақ­тандырылмауы басты проблема болып тұр. Жоғары дәлдікті пневмо тұқым сепкіші, әмбебап компактор, тегістеуші, дәрі сеп­­кіш, егін оратын, жинайтын кешен жетіспейді. Ұсақ шаруа қожалықтарының лизинг арқылы техника алуға мүмкіндігі жоқ. Осы проблеманы шешу үшін Алматы облысында аудандар бойынша 22 арнайы агросервистік орталық құрылуда. Осы­лайша, әрбір сервистік орта­лық өздерінің 100 гектар қызыл­шасынан басқа, 300 гектар қант қызылшасы алқабына ие болады. Орталықтың қуат­тылығы 400 гектар қант қызыл­шасына есеп­телген және заманауи трак­торлармен және арнау­лы ауыл шаруашылығы ма­ши­наларымен толық жарақ­тандырылған. Орталықтар бел­гіленген баға бойынша, аймақ­тардың жерді пайдалануын дифференциалды түрде ескере отырып, басқа қызылша өсі­рілетін шаруашылықтарға да агро­техникалық қызмет көр­сетеді. Осындай мақсатпен 17 сервистік орталық өткен жылы 1060 гектарға өздері егіп, әр гек­тарынан орташа 510 центнерден өнім алды. Сонымен қатар жалпы 75 шаруашылықтың 3800 гектар алқабына сервистік қызмет көрсетілді.

Жамбыл облысындағы қант қызылшасы өндірісі жайлы ойы­мызды ортаға сала кететін болсақ, Жамбыл облысында өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап 42 мың гектардан астам жерге қант қызылшасы өсірілді. Әр гектардан орташа 300 центнерге дейін өнім алынып келгені белгілі. Алайда КСРО күйрегеннен кейін қызылша өсі­­рудің көптеген дәстүрі жоға­лып кетті. Бүгінде облыста осы дақылдың даңқын қайта жаң­ғыртуға, өсіру технологиясын қал­пына келтіруге, бұрынғы өнім көлеміне қол жеткізуге күш салынуда. Жамбыл об­лыс­тық ауыл шаруашылығы бас­­қармасының мәліметінше, 2017 жылы 9,5 мың гектарға қант қызылшасы егіліпті. Да­қыл­­дың орташа өнімділігі 220 центнерді құраған. 2015 жылы жергілікті шикізаттың үлесін көбейту есебінен Жамбыл облы­сындағы екі қант зауыты қант қызылшасын өңдеуге толық көшуі жоспарланған, бірақ Тараз қаласындағы зауытта қант құрағы шикізаты әлі де өнд­і­рістің негізгі көзі болып қалып отыр.

2016 жылы облыстық бюджеттен қант қызылшасын себе­тін шаруашылықтарға жалпы 420 млн теңге бөлінді. Оның 220 млн теңгесі тұқым сатып алуға, ал 200 млн теңгесі техника алуға бағытталған. 2017 жылы тәтті түбірді өсіру процесін, яғни тұ­қым себуден өнімді жинауға дейінгі жұмыстарды үйлестіру өкілеттілігі берілген арнаулы комиссия бақылап отырды.

Өкінішке қарай, тұқым өнді­рісі жөнінен біз елдің тұты­ну деңгейінен әлдеқайда артта қалдық. Тұқым нарығында импорттық тұқым 95% құраса, отандық өнімнің үлесі бар болғаны 5% ғана. Яғни, елімізде бұл дақыл тұқымының өндірісін мүлдем дерлік жоғалттық деуге болады. Бұған қоса көптеген аймақтарда, себілетін тұқым сапасына деген бақылаудың жоқ­тығынан, карантиндік зиянкес­тер мен аурулардың еніп кету қаупі туындауда. Қазақстанда қант қызылшасы тұқымын өңдеу, жетілдіру зауытының жоқ­­­­тығы және элиталық тұқым ша­руа­шылықтарының болмауы алынған қант қызылшасы тұ­қымын осы заманғы халық­ара­лық стандарттарға (сорттау, кеп­тіру және т.б.) сай себу кондиция­сына жеткізуге мүм­кіндік бермейді. Осыдан барып жыл­дағы 25-30 мың егіс бірлігі кө­леміндегі зауыт салудың қа­жет­­тілігі туын­дап отыр. Ол бізге жо­ға­ры сапалы тұқым алуға жә­не оны тө­мендетуге мүм­кіндік туғыз­бақ.

Қазіргі таңда Қазақстанда қант қызылшасының 30 буданы өндіріске пайдалануға жі­берілген, оның 23-і шетелдік өнім. Негізінен «Ардан Аван­таж», «Роксан», «Дануб», «Вене­ра», «Гримм», «Крокодил» (жә­не басқалары. Шетелден әке­лін­­ген тұқымдар арнайы зауыттарда өңделген сапалы, өсімтал. Олар тамыр шірігіне де төзімді келеді. Алайда олар Қазақстанда тамыртегі фузариозбен және кагат ауруымен жиі ауыруда. Шетелдік тұқымның егу бірлігінің бағасы 32000-45000 теңге аралығында. Ал отандық будандар бағасы 10000-15000 теңге көлемінде. Бұл шетел­дік будан­дардың бағасы өзіміз­дікімен салыстырғанда 2-3 есе артық деген сөз.

Қазіргі кезде қант қызыл­шасы тұқымының фабрикалық репродукциясын шығарумен ешкім айналыспайды. Тұқымды өсіру бір жұмыс, оны әрі қарай өңдеп, сатылымға шығаруға жет­кізу керек қой. Мұндағы тағы бір мәселенің бірі – оларды егіске сапалы дайындау. Бұл тұ­қымның іріктелуіне, жақ­сы қорғалуына, дұрыс сақ­талуына қатысты болмақ. Тех­ни­калық мүмкіндіктің, яғни, тұқым­ды жетілдіретін зауыттың жоқтығынан біз ұтылып отырмыз. Қазіргі кезде тұқымды себуге әзірлеу қарабайыр тәсілмен жүргізілуде. Оны дайындау қарапайым әдіспен түрлі електерден өткізу және «ТМТД» пре­паратымен дәрілеу арқылы жасалып отыр. Осының салдарынан республикада әлі күнге дейін отандық селекция будандары өндірісте пайдалануға жібе­рілгендігіне қарамастан, тұқым дайындау халықаралық стандартқа сай келмегендіктен, айырықша сұранысқа ие емес немесе аз мөлшерде ғана қолда­нылады.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты – Қазақстандағы қант қы­зылшасы өндірісін ғы­лы­ми жағынан қамтамасыз ететін бір­ден-бір мекеме. Бұл рет­те өнімі сапалы, өнімділігі жо­ға­ры әрі ауруға төзімді жа­­­­ңа сорттар мен будандарды шы­ғаруға, бастапқы және элиталық тұқым әзірлеуді өз дең­гейінде жүргізуге, сондай-ақ, оны өндірудің технологиясын жетілдіруге ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз – қант қызылшасының элиталық тұқымы мен аудандастырылған будандарының бастапқы ком­поненттерін көбейту.

Мәселен, республикада жо­ғары репродукциялы қант қы­зыл­шасы тұқымын шы­ға­румен бүгінгі уақытта тек Ал­ма­ты облысындағы аттестат­тау­дан өткен екі элиталық-тұ­­қым­дық шаруашылық: «Қаз­Еж­ӨШҒЗИ» және «Қамқор­лық» ЖШС айналысады. Осы орайда институт жылдық мөл­шері 1,5 тоннадан 4 тоннаға дейін жететін өзіндік элиталық тұқым өндірсе, «Қамқорлық» ЖШС-да жыл сайын 7-ден 10 тоннаға дейін отандық будан тұқымын шығарады. Алдағы уақытта тұқым өндірудің осындай көлемі және оны қосымша ұйымдастырылатын тұқым ша­руашылықтары арқылы ұл­ғайту егістік алқабының жос­парланған деңгейіне қол жеткізер еді.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «Қамқорлық» ЖШС-пен және «Жылыбұлақ» ЖШС-пен бірлесе отырып, отандық тұқым­ға деген сұранысты 2020 жылға дейін 50 % өтеп, сапасы жоғары тұқыммен қамта­масыз етуді жоспарлап отыр. Ақсу, Айшолпан, Тараз, Ше­кер атты қазақстандық қант қызыл­шасы буданын, сондай-ақ қант қызылшасының жаңа бәсе­кеге қабілетті түрлерін өсіру жөніндегі ұсыныстарды респуб­ликада ғана емес, осын­дай табиғи-климаттық жағ­дайымен бұл бағалы дақылға сұранысы бар Қырғызстан мен Өзбекстанда да пайдалануға болады.

Қазақстан Республикасында өнім­ділігі, сапасы жоға­ры, қор­шаған ортаға бейім­ділі­гі жа­­ғынан шетелдік түрлерімен бәсе­кеге түсе алатын қант қы­зыл­­шасы будандарын енгізу арқылы, өнімділікті арттырып қант өңдеу инфрақұрылымының (қосымша жұмыс орындарын құру) дамуына, өнімнің өзіндік құнының кемуіне және қант қызылшасы саласының экономикалық тиімділігіне әке­леді деп толық сеніммен айта ала­мыз. Менің жеріне жет­кізе айтып, ортаға салып отыр­ған ойларым, пікірлерім, ұсы­ныстарым еліміздің ертеңі үшін екенін екінің бірі жақсы біледі. Осыларды жұдырықтай жұ­­мылып іске асыра білетін бол­сақ, дәулет пен берекенің берік не­гі­зін қалайтынымыз анық. Де­мек, сөз бен істің бірлігі үйле­сі­мін тапса, алмайтын асуымыз жоқ.

Серік КЕНЕНБАЕВ,

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғы­лы­ми-зерттеу институтының бас директоры