• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Шілде, 2018

Гүл көмкерген елорда. Жыл сайын Астанада 8 миллион түп гүл егіледі

1423 рет
көрсетілді

Бүгінде Астана футу­рис­тік ғимараттары менмұн­далаған соны сәулетімен ғана емес, жайқалған жасыл желегімен де, көшелерін көмкерген гүлдерімен де көрікті шаһарға айнал­ды. Әр жылдың әрі мен әдемілігі жыл сайын егілетін қаланың жасыл жамыл­ғысынан да байқалады.

Бұған дейін бас қалада 16-17 гектар аумақта егілетін гүлдер әлемі көз тартса, 20 жылдықта бұл көлем 18-19 гектарға дейін ұлғайып отыр. Әлбетте, Арқа төсіндегі ауа райының өзгешелігіне орай осыдан 20 жыл бұрын бұл қа­ланы гүлқалаға айналады десе еш­кім де илана қоймаушы еді. Сон­дықтан бүгінгі елорданы гүлор­даға балауға болатыны таңдай қақтырарлық тамаша жетіс­тік, сонымен бірге тамшылап тө­гілген ащы тердің, ерекше шығар­машылық еңбектің де елеулі нәтижесі деуге боларлықтай.

Елордада гүл егу шаруа­шы­лы­ғында 70 жылға жуық жұмыс жүргізіп келе жатқан «Астана көгалдандыру құрылысы» меке­месімен бірге соңғы жылдары бұл нарыққа «Жусан», «Жасұлан флора» тәрізді жеке серіктестіктер де ене бастады. Бұл бас қаланы көріктендіруде бәсекелестік орта туғызып қана қоймай, аталған кәсіпорындардың өз қызметін мүлтіксіз атқаруына, тіпті шы­ғар­машылық тұрғыдан өзара жары­сып, елорданы ертегідегідей ерекше шаһарға айналдыруда үзеңгі қағысуына да жағдай жасап отыр. Соның нәтижесінде осы­ған дейін қаланың жасыл желе­гін толық жауапкершілігіне ал­ған мекемелерге біршама жеңіл­­дік туды. Қазіргі кезде қа­ла­ны жасылдандыру жұмы­сы­­ның 70 проценті «Астана көгал­­дан­дыру құрылысы» АҚ-ға тие­­сілі болса, қалған шаруа же­ке се­ріктестіктердің енші­­сінде. Мұның нәтижесін қала­­ның кез келген тұрғыны мен мей­­ма­ны бірден байқаса керек. Өйт­­кені өзгеше өң сыйлаған ланд­шафт­ты аумақтар қаланың әр мүйі­сінде, кез келген негізгі көше­­лерде кездеседі. Бұл ландшафт­ты гүл текшелерінің басым бөлі­гі қазақ халқының ою-өр­нек­тері мен ұлттық на­қыш­тарын әдіп­тейді. «Астана көгал­дан­дыру құрылысы» АҚ ландшафт ше­берлігі бөлімінің қызмет­кер­­лері қаладағы гүл арқылы бей­не­ленетін текшелердің негізгі дизай­нын қыркүйек айынан бас­тап алдын ала әзірлеп, қала әкім­дігімен бірге талқылап, пісіріп алған соң ғана қолға алады. 

Астана гүлдерінің 30 про­центін көпжылдық гүлдер құ­рай­ды. Яғни қатаң климатқа сәйкес қалада негізінен біржылдық өсім­діктер өсіріледі. Жалпы алған­да жыл сайын 8 миллион түп гүл егілетін болса, биыл да сол шамадағы гүл шаһар кө­ше­лерінде жұпарын шашып тұр. Астанада хош иісті гүл­дер­дің жергілікті табиғатқа жер­сінген 31 түрі өсіріледі. Оның ішін­де шы­рай­гүлдің (пету­ния) қызыл­ды-жа­сылды 11 түрі мен барқыт­гүл­дің (тагетес) 4 түрі ке­ңінен тара­ған. Бұл нағыз «аста­налық» гүл­дер. Бойы да, өсімі де біркелкі әрі суыққа да, ыстыққа да төзімді. Гүл­дің көп бөлігі Есіл ауданына тиесілі. Аталған ауданда Ақор­дадан «Хан Шатыр» кешеніне дейін созылған сулы-нулы желекжолда қала тұрғындары мен қонақтары бірнеше шақырымға созылған гүлдер тізбегін жағалай серуендеп тамашалауына болады. Сол сияқты Алматы, Сарыарқа аудандарында да кең даңғылдар мен көшелердің, мемлекеттік және кеңсе ғимараттарының, сая­бақ­тар мен скверлердің аумағын­да жұпар иісімен баурап, көңіл қо­­шыңызды көтеретін гүл мүйіс­­тері жетерлік. Бұл – қала сұлу­лы­ғы, шаһар эстетикасы, елорда мә­дениеті.

– Біз еліміздің бас қаласының мерейтой қарсаңында ғана емес, жыл сайын кез-келген маусымда көрікті болуын қамтамасыз етуге бар күшімізді жұмсаймыз. Былтыр ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көр­месін өткізу барысында қаланы өсімдіктер әлемімен бе­зен­діру жұмысының кешенді жүр­­гізілуі Астана қаласының би­ыл­ғы 20 жылдық мерейтойына үл­кен дайындық іспетті болды. Әри­не, жаз маусымы біраз ке­шеу­ілдеді. Санаулы күндерде өсім­дік­теріміз бой ала алмай, бүр жармай қалу қаупі болды. Де­ген­мен осы арада былтырғы ең­бек­тің нә­тижесін көрудеміз. Яғни көп­жыл­дық өсімдіктерді күтіп-бап­тау мен жанына қосымша гүл кө­шет­те­рін отырғызу биылғы мерекеге әзір болуға жол ашты, – дейді «Астана көгалдандыру құ­рылысы» АҚ директорының орынбасары Бибігүл Бектемісова.

Аталған кәсіпорын гүлдерді ар­на­йы жылыжайда өсіреді. Бір­жыл­­дық гүлдің орташа бағамы 70 теңге, ал көпжылдық гүл 1500-2000 теңге ара­лығында ба­ға­­ланады. Сон­дай-ақ гүл сауда­сын­да өзге өңір­лерге де тапсырыс береді. Кәсіп­орын­да сонымен бірге 320 гектарды құ­райтын тә­лімбақ бар. Онда 600 мың­нан аса түп ағаш өсіріледі. Бұл аумақта тал-те­ректердің 80 түрі бар. Жыл сай­­ын шамамен 20 мың түп ағаш кө­­шеті отырғызылады. Кәсіп­орын 2017-2018 жылдары жасыл желек кө­­ле­мін 2 есеге дейін артты­ру­ға мүм­­кіндік алды. Ал биыл Бо­та­­ни­­калық саябақ пайдалануға бе­ріл­­ді. 2013 жылы қолға алынған бұл саябақта 100 мың түп ағаш егіл­ген. Қала бойынша ағаштарды қатарлап егу жұмысы бүгінде аяқталып қалды. Енді сап түзеген ірі ағаштардың жа­нынан аласа бойлы ағаштарды отырғызу жұмыстары басталмақ. Бұл қаланы тал-терекпен қам­ту­д­ың екінші кезеңі деуге болады. Сондай-ақ жуырда Астана қала­сына өңірлердің тартуы ретінде бір­неше саябақ бой көтерді. Бұл да қалада мәдени демалыс орын­дары­ның арта түсуіне, гүл мен жасыл желектің көбеюіне септесуде. 

Қазіргі кезде қаланы көгал­дан­­дыру шаралары 2 мыңға жуық адам­ды жұмыспен қамтып отыр. «Астана көгалдандыру құ­ры­­лысы» ме­ке­месі қызмет­кер­лерінің басым бө­лігі елордаға жақын орна­ласқан Қарағанды және Ақмола облыс­тары ауыл­дарының тұрғын­дары. Кә­­сіп­орын қызметкерлеріне бір­қа­­­тар әлеу­меттік жеңілдік қа­р­а­с­­­­­ты­рыл­ған. Өн­діріс, шы­ғар­ма­­­шы­лық ма­мандары­нан бөлек соң­ғы кез­­де ғылыми әлеуетке де кө­ңіл бөліне бастады. Өйт­кені қала өсім­­дік­терінің де түрлі зиянкес­тері, ау­руы болмай тұр­майды. Оған соң­ғы жылдардағы ауа райы­ның құ­бы­луы да әсер ететі­нін ескеріңіз. Сон­дықтан бір қол­­дың саласындай бітік, түгел өсу үшін әр түп өсім­дікті аялап, дә­ру­менін дер уа­қытында беріп, ем­­деп отырудың ма­ңызы бар. Бұл – аса ауқымды әрі құрметке лайық еңбек.

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»